Киберқауіпсіздік – ұлттық әрі мемлекеттік өлшем

Бүгінгі күні киберқауіпсіздік күллі әлем үшін аса маңызды мәселеге айналып отыр. Себебі технология қарыштап дамыған сайын хакерлер жеке адамдардың деректеріне ғана емес, ірі компаниялар мен ресми органдардың сайттарына да шабуыл жасай бастады. Бұл ретте Қазақстан да киберқауіпсіздік мәселесіне ерекше назар салуда.

Киберқауіпсіздікті нығайту – ел тыныштығын сақтауда аса маңызды. Қорғаныс саласы, еңбек өнімділігі, өндіріс қуаты, үнем мүмкіндіктері киберқауіпсіздікпен тікелей байланысты. Сондықтан, бұл мәселеге алпауыт компаниялармен қатар шағын кәсіпорындар да жіті назар аударуы тиіс. Сала мамандары осы тақырып бойынша түрлі жиындар мен басқосулар өткізіп, міндеттерді нақтылауға атсалысуы керек. Мемлекет басшысы да биылғы Жолдауында киберқауіпсіздік мәселесіне баса назар аударып, цифрлық технологияларды енгізу барысында ақпараттық қауіпсіздік шараларын күшейтуге шақырды. Алдағы міндеттер аясында Елбасы киберқауіпсіздік шаралары Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік стратегиясында көрініс табуға тиіс екенін атап өтті.

Елімізде киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы Киберқауіпсіздік тұжырымдамасы бекітілген. Тұжырымдама мемлекеттік органдарды ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, «цифрлы» экономиканы дамыту және өнеркәсіптегі өндірістік процестерді технологиялық жаңғырту перспективалары, ақпараттық-коммуникациялық қызметтер көрсету аясын кеңейту саласындағы жағдайды бағалауға негізделген.

Қазіргі уақытта Қазақстан үкіметі хакерлермен күресті жіті бақылап отырады. Тіпті, Үкімет биыл мемлекеттік мекемелердің киберқауіпсіздігін сақтау үшін қазынадан 71 миллиард теңге бөліп отыр. «Бұл қаржы мемлекеттік мекемелерді қорғауға, «Киберқалқан» жүйесін құруға жұмсалады. Жаңадан мамандар шақырдық. Енді технологияны ретке келтіріп, мемлекеттік органдармен қарым-қатынас орнату керек. Қаржы осындай жұмыстар үшін қажет», – деген болатын Қорғаныс және аэроғарыш министрлігі Ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Руслан Әбдіқалықов. Айта кетейік, Руслан Әбдіқалықов атап өткен «Киберқалқан» жүйесін Ұлттық қауіпсіздік комитеті әзірлеген. Аталмыш жоба тек мемлекеттік жүйені бақылауға алу үшін жасалып отыр. Ал кәсіпкерлер, банктер мен ұлттық компаниялар хакерлерден өздері қорғануы керек. Егер азаматтардың компьютерлері қорғалмаған болса, мұндай шабуылдар тыйылмайтын түрі бар.

Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын іске асыру мақсатында, «Қазақстан-2050» Стратегиясының Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі бойынша тәсілдемелерін ескере отырып, Киберқауіпсіздік тұжырымдамасы, яғни «Қазақстанның Киберқалқаны» жобасын әзірледі.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жолдау­ын­да  киберқылмыспен кү­рес­тің­ өзектілігі барған сайын арта түсетіндігін айтқан болатын.  «Қауіп­сіз­дік ахуалы қуатты және әрекет ете ала­тын мемлекеттің өлшеміне айналып келеді. Қазіргі заманда адамзат тер­роризмнің белең алуымен бетпе-бет келіп отыр. Бұл ретте деструктивті күштерді қаржыландыратындарға, шетелдік террористік ұйымдармен байланыс жасайтындарға қарсы күрес жүргізу ісі негізгі мәселе болып саналады», – делінген Жолдауда.

Киберқауіпсіздік тұжырымдамасы, яғни «Қазақстанның киберқалқаны» жобасын әзірлеу кезінде  Малайзия, Сингапур, ұлы Великобритания, Германия, Чехия, Франция, Литва, Эстония, Финляндия, Швеция, Швейцария секілді елдердің халық­ара­лық тәжірибесі зерделенді. Тұжырымдаманың мақсаты жаһандық бәсекелестік жағдайларында Қазақстан Республикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін, электрондық ақпараттық ресурстардың, ақпараттық жүйелер мен ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның сыртқы және ішкі қауіптерден қорғалуына қол жеткізу және сол деңгейде ұстау болып табылады.

Тұжырымдаманы іске асыру мер­зімі екі кезеңнен тұрады. Айта кетейік, бірінші кезең – 2017-2018 жылдар, екінші кезең – 2019-2022 жылдар. Бірінші кезеңде ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы белгіленген талаптарды сақтаудың толық құқықтық қолдану практикасы қалыптасады. Сондай-ақ, білім беру бағдарламалары мен кәсіби стандарттарға ревизия жүргізіліп, ақпараттық қауіпсіздік саласында даярланатын мамандардың саны мен сапасы артады. Осы салада жұмыс істеп жүрген қазіргі қызметкерлердің біліктілігін арттыру қамтамасыз етіліп, отандық зерттемелер жасауда өнеркәсіп пен ғылым арасындағы өзара іс-қимыл мен кооперациялаудың тиімді схемасы бір жолға қойылады. Ал екінші кезеңде қазақстандық IT-компаниялардың ұлттық ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды ақпараттық қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етуге негізді түрде қатысуын, отандық электрондық өнеркәсіп кәсіпорындарын мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың ел аумағында телекоммуникациялық жабдық сатып алуына тапсырыстармен жүктеуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Киберқалқан» жүйесін Ұлттық қауіпсіздік комитеті дайындаған. Бұл жоба тек мемлекеттік жүйені бақылауға алатын болады. Ал банктер, компаниялар мен кәсіпкерлер кибершабуылдарға өздері тойтарыс беруі қажет екенін айттық. Статистика еліміздегі әрбір үшінші компьютерде вирус барын білдіріп отыр. Соған қарап, жақын уақытта киберқылмыстың бетін қайтару мүмкін еместігін болжау қиын емес. «Қазақстанның киберқалқаны» жобасының бірінші кезеңінде ақпараттық қамтамасыз ету саласындағы белгіленген талаптарды сақтаудың толық құқықтық тәжірибесі қалыптасып, білім беру бағдарламалары мен кәсіби стандарттарға ревизия жүргізіліп, киберқауіпсіздік саласында оқытылып жатқан мамандардың саны мен сапасы артуда.

Киберқауіпсіздік бағыты бойынша өткен жылдан бастап республиканың бүкіл университеттерінде барлық мамандықтардың студенттері 3 кредит көлемінде «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» пәнін оқи бастады. Сонымен қатар «Болашақ» арқылы IT бағыты бойынша мамандар дайындалады. Шамамен, 1000 студент оқуды аяқтады, бұл «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің 10 пайызын құрайды. Олардың барлығы Ұлыбритания, АҚШ, Малайзия, Канада, Сингапур және тағы басқа елдердің үздік университеттерінде білім алып, енді солардың көбі еліміздің мемлекеттік органдарында, IT-компанияларда, университеттерде жұмыс істейді.

Сонымен қатар, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де әлемге танымал «Касперский зертханасы» компаниясымен серіктестік аясында «Ақпараттық қауіпсіздік» орталығы ашылды. Білім ордасындағы бұл оқу орталығы ақпараттық қауіпсіздік саласындағы киберқауіп пен заманауи тренд туралы білімнің қайнар көзі болмақ. Сондай-ақ, ресурстарды жаһандық ғаламтор кеңістігіндегі кибершабуылдардан қорғаудың құрылымдық жүйесін құру жұмыстары да қолға алынуда. Аталған орталықта жоғары оқу орындарының студенттерімен қатар, мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың қызметкерлері де білімін жетілдіре алады. «Касперский зертханасы» білім беру бағдарламасының жетекшісі Дмитрий Постельниктің айтуынша, «Касперский зертханасының» жұмысы ақпараттық қауіп пен кибер қауіпсіздік туралы білім сапасын арттыруға бағытталған. Компания өнімдері сертификатталған және халықаралық нарыққа шығарылған. Білім беру саласы арқылы өз тәжірибемізбен бөлісуге және киберқорғаныс бойынша қазақстандық еңбек нарығындағы мамандар әлеуетін жоғары мамандандырылған қызметкерлермен толық қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Бүгінде ғаламдық ақпараттандыру қоғамға үлкен өзгерістер енгізуде. Мамандар ақпараттық технология саласындағы қауіп-қатердің алдын алу мақсатында заманға сай әрі озық технологиялар ұсынуда. Киберқауіпсіздік және білім беру саласы бойынша ресейлік зертханамен ынтымақтастық туралы келісім аясында Мәскеудегі «Касперский зертханасының» ең үздік сарапшылары ақпан айында Алматыға арнайы келіп, оқу орнының оқытушылары мен студенттеріне, сондай-ақ, мемлекеттік мекемелер мен компаниялардың өкілдеріне арналған семинарлар жүргізіп, дәрістер оқымақ.

Back to top button