Құрақ көрпе тіккен қалалықтар әлемдік рекорд орнатты

ҚР Тұңғыш Президенті саябағында ең ұзын құрақ көрпе тігіліп, Гиннестің  әлемдік рекордтар кітабына енді. Құрақ көрпе 10 900 метр ұзындықты  бойлай төселді.

Еске сала кетсек, ауқымды көрпені тігу көктемде – Наурыз мерекесінде басталған еді.

16 қыркүйек күні Алматы күні аталып өтіп, қала әкімі Бауыржан Байбек алматылықтарға өз лебізін білдірді. Ол жер асты өткелі жұмыстары қалалықтардың жоғары бағасын алғанын айтты.  «Құрметті алматылықтар, әлі де аяқталмаған шаруалар бар. Бірге бар күшіміз бен ынтамызды салып, Алматыны әрқайсысымыздың арманымыздағы қалаға айналдыра аламыз. Шын жүрегіммен қаламыздың көркеюіне тілеулестігімді білдіремін», – деді Бауыржан Байбек.

Сондай-ақ, Англиядан арнайы келген Джоанн Брент  қала әкіміне сертификат табыстады. Онда алматылық ісмерлердің шынымен де рекордқа кіргені туралы жазылған. Гиннесс рекордтар кітабының өкілдері өздерімен бірге геодезияшы мамандарды да ерте келіпті. Олар тігіліп біткен, сан түрлі әрі сәнді көрпенің нақты ұзындығын лазерлік құрылғымен өлшеді. «Сіздерді әлемдегі ең ұзын құрақ көрпе тігіп, Гиннестің рекордтар кітабына кірулеріңізбен құттықтаймын. Қазақстандық құрақ көрпені көру үшін арнайы келдік. Бұл шынымен де ерекше туынды екен. Бояуы қанық, пішімі де көз тартады. Дәл осындай туындыны алғаш рет көруім», – деді «Гиннесс рекордтар кітабы» Бас кеңсесінің өкілі Джоанн Брент.

Енді әлемдегі ең ұзын құрақ көрпенің отаны – Алматы. Осылайша, қазақстандық тігіншілер 2 жыл бұрын Малайзияда тіркелген рекордты жаңартты.

Қала күні аясында ҚР Тұңғыш Президенті саябағы, Панфилов, Жібек жолы көшелері, Almaty Arena, Абай мен «Астана» алаңында, Көктөбе мен Орталық мәдени және демалыс саябағында «Apple Fest» алма фестивалі өтіп, қала тұрғындарына 2 тонна 415 келі алма таратылды.

Back to top button