Таулар мен баулар тоғысқан қала

Таулар мен баулар тоғысқан қала

Таулар мен баулар тоғысқан қала
ашық дереккөзі
1080
Алматыдан алыс кеткен жан қаланың қайталанбас сұлулығын, көрген көзді қуантар табиғатын және тынымсыз тіршілігін сағынатыны анық. Бұл қала тамаша табиғаты, аспанмен таласқан заңғар тауларымен, сарқырап аққан өзен-суларымен, көк майса, жасыл желегімен, нарттай қызыл алмасымен ерекше. Ал жылдан жылға саны артып жатқан зәулім ғимараттардың құрылысы мен көркін сөзбен айтып жеткізу қиын. Әсем шаһар жыл мезгілінің қай кезінде де өзінің әсемдігін жоғалтқан емес. Жаз мезгілінде сан алуан гүлдер көмкерсе, ақ көбік қар басатын қысқы Алматының келбеті де ерекше. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивтеріне айналады», – деген болатын. Осы ретте еліміздің басты мегаполисі Алматы қаласында «Смарт сити» тұжырымдамасы бойынша табысты жұмыстар жүргізіліп келеді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Алматы – мәңгілік көктем қаласы, Орталық Азияның інжу-маржаны. Бұл мегаполис – Қазақстан тәуелсіздігінің алтын бесігі, республикамыздың жаңа тарихы басталған жер. Қала еліміздің мәдениет, қаржы және спорт орталығы болып саналады. Қаланың дамуы әрдайым менің жеке назарымда және мемлекеттің басымдығы болып саналады», – деген болатын. Расында да, Алматы – Қазақстанның мәдени-рухани һәм экономикалық орталығы. Сондықтан, бұл шаһардың ел дамуындағы орны ерек. Мемлекет басшысының өзі «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» деп айдар таққан шаһар бүгінде әлемдегі өмір сүруге қолайлы қалалардың қатарында. Мәдени-тарихи мұралары, әсем табиғаты бар қазіргі Алматы – Қазақстанның қарқынды дамуының көрінісі. Биыл Алматы жұртшылығы тарихы терең, көркіне көз тоймайтын сұлу шаһардың 1002 жылдығын тойлады. Осындай сұлу да сырлы қаланың көне тарихын Верный бекінісінен бері ғана қарастырып келген болжамдарды ғалымдар жоққа шығарды. Алматының көнекөз тұрғындары ертеде қала орнында қалған тарихи жәдігерлердің, елді-мекендердің дуалдан тұрғызылған қоршаулары болғанын, кейіннен жойылып кеткенін айтады. Тарихшылар анықтаған қола дәуірінен қалған көне жәдігерлер Верныйдан бұрын да мұнда адамдар тіршілік еткенін айғақтайды. Отандық ғалымдар: «Ежелгі Жібек жолының бір нүктесі болған шаһардың кемінде 1000 жылдық тарихы бар», – деген деректі бұрыннан айтып келеді. Оған археолог-ғалымдар тапқан керамикалық заттар мен ұсталардың ескі құрал-саймандары дәлел. Сондай-ақ, «Алмату» деген жазуы бар ХІІІ ғасырдағы тиынның табылуы ғалымдар пайымын нақтылай түсті. ЮНЕСКО-да ресми тіркету туралы келісім ұзаққа созылғанымен, нәтижесінде Алматының 1000 жылдығы әлемдік атаулы күндер қатарына енгізілді. Сөйтіп, осыдан 2 жыл бұрын өзінің көркімен әлемді тамсандырған Алатаудың бауырындағы әсем қала, Тәуелсіздіктің тал бесігіне айналған Алматы өзінің 1000 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өтті. Ал 1929-1997 жылдар аралығында тәуелсіз Қазақстанның астанасы ретінде өз тарихында республиканың бүкіл саяси, мәдени өмірін шоғырландырған алып шаһарда ұзақ жылдар бойы мемлекеттік басқару мекемелері жұмыс істеді. Ел Тәуелсіздігі Алматы қаласында жарияланып, азаттығымызды мойындаған мемлекеттердің алғашқы елшілері де осы шаһарға келді. Содан бері Алатаудың баурайындағы қалада талай маңызды шаралар өтіп, шаһардың келбеті өзгерді. Күн санап құбылып, дамып келе жатқан Алматының қазіргі көркі адам қызығарлықтай. Әлемдегі ерекше әрі сұлу қалалардың қатарына енетін Алматы әлі күнге дейін мәдениет пен өнердің ордасы, экономикалық орталық ретіндегі маңыздылығынан айныған емес.

Алматы – экономиканың драйвері

Еліміздегі ең ірі мегаполистің экономикалық орталық екенін Мемлекет басшысы да үнемі айтады. Осыдан бір жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласына келген сапары барысында: «Алматы ірі экономикалық орталық ретінде қалыптасып, еліміздің әлемдік деңгейдегі заманауи мегаполисіне айналды. Тәуелсіздік жылдарында қала экономикасы қарқынды түрде өсіп, жоғары көрсеткіштерге жетті. Маған ұсынылған мәліметтерге сәйкес, бүгінде Алматы экономикасының көлемі Грузияның ішкі жалпы өнімінен 2 есе, ал Қырғызстан мен Тәжікстаннан – 5 еседей артық. Бұл – тек қаланың ғана емес, жалпы еліміздің табысты дамуының көрсеткіші. Қазір Алматы республикалық бюджеттің доноры болып саналады. Ол республика бойынша шағын және орта бизнесті дамытудың үздік көрсеткіштеріне қол жеткізіп отыр», – деген болатын. Ел экономикасын арттыруға Алматыдай алып шаһардың айтулы үлес қосқанын айта кеткен абзал. Егемендікке қол жеткізген жылдары Алматыда экономикалық өсім 100 есе өсті. Қалалық тұрғын үй қоры – 2 есеге, жеке көлік саны – 10 есеге, жалақы – шамамен 20 есеге көбейді. Бүгінде Алматыға ел экономикасының бестен бір бөлігі, ал республикалық бюджеттің төртінші бөлігі тиесілі. Қала экономикасындағы мемлекеттің үлесі 5 пайыздан аспайды. Орта және шағын бизнес жалпы өңірлік өнімнің 34 пайызын құрайды. Яғни, бұл – мұнайлы емес тұрақты экономика. 10 адамның 7-уі шағын және орта бизнесте еңбек етеді. Шаһарда 60-тан астам халықаралық ұйымдар мен трансұлттық компаниялардың кеңселері, еліміздегі барлық бірлескен кәсіпорындардың 40 пайызы, Біріккен Ұлттар Ұйымының 14 арнайы құрылымы орналасқан. Алматыда 2018 жылғы жеті айдың қортындысы бойынша кіші және орта бизнес субъектілерінен бюджетке түскен салық түсімінің өсуі 37 млрд теңгеге белгіленді. Сонымен бірге, жалпы көлемнің үлесі 661,2 млрд теңгені құрай отырып, 8 ай ішінде 60 пайыздан асып түсті. Алматы – Қазақстандағы жалпы ішкі өнімнің 20,9 пайызын, барлық салық пен салықтық емес түсімнің 32 пайызын, барлық сауда операцияларының 41 пайызын иеленіп, республикадағы еңбекке жарамды халықтың 15 пайызын жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Міне, осы бір сандық деректердің өзі Алматының еліміз үшін маңызды экономикалық орталық екенін айғақтайды. «Алматының негізгі міндеті – қалалықтар үшін өмір сүрудің жоғары сапасын қамтамасыз ете отырып, алдағы уақытта да Қазақстанның экономикалық өсімінің негізгі драйверлерінің бірі болып қала беру. Алматы қаласы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясында алға қойған 2050 жылға таяу әлемнің айрықша бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына кіру жөніндегі ауқымды мақсаттарына қол жеткізудің өзекті факторы болуы тиіс», – деген болатын Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек шаһардың 1000 жылдық мерейтойы қарсаңында. Содан бері де бұл шаһар еліміздің экономикалық ахуалын арттыруға айтулы үлес қосып келеді.

Шаһардың бүгінгі келбеті

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек шаһардың жаңаша түрленуіне баса назар аударып отыр. Тамыз айында қоғамдық кеңесте баяндама жасаған шаһар басшысы Алматының келбеті бүгінгіден де сұлулана түсетінін мақтанышпен жеткізді. Расында да, қарасаң көзің тоятын қала көшелері күн санап көркейіп келеді. Айнала жасыл желекке көмкерілген, жаңа субұрқақтар қала тұрғындары мен қонақтарының көңіл-күйін көтереді. Түнде көше шамдары жарқырайды. Күрделі жөндеуден кейінгі бүгінгі Алматы көшелерінің көркі осындай. Қазір Алматы қаласының алдын ала әзірленген дизайн-кодының екінші кезеңі бойынша іргелі жұмыс жүруде. Қаланың сәулет және қала құрылысы басқармасының деректеріне жүгінсек, 2020 жылға дейін Алматы қаласының орталық бөлігінің барлық көшелері даниялық сәулетші Ян Гейлдің жобасына сәйкес қайта жаңартылмақ. Басқармада 15 көшенің және екі жағалаудың қайта қалпына келтірілуіне арналған жоба-сметалық құжаттамалары қаттаулы тұр. Мамандардың айтуынша, алдағы екі жылдың ішінде Алматы адам танымастай өзгереді. Жалпы, мегаполис бойынша ұзындығы 160 шақырымды құрайтын 150-ден астам көше жөнделді. Алматыда реконструкция аясында қаланың бірқатар даңғылдарында жаяу жүргінші кеңістігі кеңейіп, алматылықтарды ерекше қуантты. Асфальттың орнына кеспе тастар төселді. Диодты жарық көздері, жаңа бағдаршамдар орнатылып, жаңа субұрқақтар салынды. Ғимараттардың сырты мен кіреберістері жаңарды. Қазан айында жаңарған даңғылдарға жасыл желектер мен ағаштар отырғызылады. Алматыда тарихи және мәдени айрықша маңызы бар қаланың тарихи орталығын реконструкциялау және ғимараттарды жаңарту жалғасуда. Кешке қарай Республика сарайы, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы, Құрманғазы атындағы ұлттық консерватория мен Алматының бірқатар белгілі нысандары архитектуралық жарық көздерімен нұрлана түседі. Ал Орталық мәдениет және демалыс саябағы айналасына жаңадан 182 жарық діңгектері орнатылған, тротуарларға кеспе тастар төселіп, жасыл аймақ кеңейтілген. Саябақ аумағы бірнеше тақырыптық аймақтарға бөлінеді. Саябақ орталығында бұрын автокөлік тұрағы болған еді, қазір мұнда скейтодром мен роллердром, стрит-воркаут, теннис корты, баскетбол және балалар алаңдары жұмыс жасауда. Бұрыннан тұрған субұрқақтарды қалпына келтіру және жаңасын салу жұмыстарына ерекше назар аударылып отыр. Мысалы, 10 жылдан астам уақыт бойы текке тұрған субұрқақты қалпына келтіру жұмыстары аяқталуға жақын қалса, жазғы сахнаның шығыс жағына еуропалық қондырғыларды қолдана отырып құрғақ субұрқақ салынуда. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында цифрлы жүйеге ауысу, «ақылды» технологияларды қолдану, «ақылды қала» қалыптастыру мәселелеріне айрықша назар аударылған еді. Бұл ретте Алматы басшылығының Жолдауда көрсетілген міндеттерді мүлтіксіз орындап келе жатқанын айта кеткен абзал. 2015 жылы қала қозғалысын небәрі 64 бейнекамера бақыласа, қазіргі таңда оның саны 118-ге жеткен. Тек қана 2017 жылдың ішінде көшедегі бейне бақылаулардың арқасында 21,5 әкімшілік тәртіп бұзушылық анықталған. Барлығы 1218 қылмыс ізі суымай әшкереленген. Мұның сыртында жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау мақсатында автоматтандырылған ақпараттық жүйеге көшу үшін қосымша 15 миллиард теңге бөлініп отыр. Осыдан 3 жыл бұрынғы қаланың күллі инфрақұрылымы мен экономикалық ахуалына бүгінгі цифрлы және ақпараттық мәліметтер өлшем болмасы ақиқат. Дегенмен қала тұрғындарының жайлы өмірі мен тыныштығына кепіл болатын кезек күттірмес тұғырлы талаптар әрқашан шаһар басшысының назарында екенін айта кеткен жөн.

«Алатау» – әсем қаланың болашағы

Алып шаһар азаттық жылдарында өзінің аумағын кеңейтіп, аудандармен толыққанын қазақстандықтар жақсы біледі. Осыдан 10 жыл бұрын бой көтерген Алматы аудандарының бірі – Алатау. Елбасының бастамасымен құрылған бұл аудан қазақы ортаның қасиетті қонысына айналып үлгерді. Алмалы қаладағы жетінші ауданның Алатау атауын иемденуі де тегін емес. Өйткені қазақ үшін әу бастан Алатау мен Алматы егіз ұғым болатын. 2008 жылы құрылған аудан сол кездегі мегаполистің жаңа тынысын ашқандай болды. Осы уақыттан бастап жетінші ауданды құру және қаланы солтүстік – батыс бағытта дамытуға нақты шешім қабылданып, аудан құрылған 10 жылда қыруар шаруа тындырылды. Осындай мүмкіндік беріліп тұрған тұста алматылық тұрғындар да қарап қалған жоқ. Аз уақыт ішінде тақыр жерден қала тұрғызудың тағы бір үлгісін көрсетті. Он жыл ішінде ауданда «Ақкент», «Нұркент», «Ақбұлақ», «Саялы» сынды ықшамаудандар ашылды. Қазір мұнда тұрғындарға қажетті әлеуметтік нысандардың барлығы бар. Дүниежүзілік Универсиада қарсаңында бой көтерген халықаралық деңгейдегі «Алматы Арена» спорт кешені, Атлетикалық қалашық та осы Алатау ауданында орналасқан. Бұл нысандар дүбірлі додадан кейін тұрғындардың игілігіне берілгенін айта кетейік. Сондай-ақ, ауданда «Алатау» мәдениет сарайы бой көтеріп, «Дәстүрлі өнер театры» атанды. «Домиллион», «Метро», «Кеш энд Керри», «SCT», «Магнум», «Алатау» сауда орталықтары және «Санжар», «Мыңжылқы» супермаркеттерi ашылып, 20 мың адам жұмыс орындарымен қамтамасыз етiлдi. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы қаласында аталмыш ауданның құрылуына тікелей бастамашы болғаны белгілі. Бұл – Елбасының Алатау баурайындағы ару қалаға деген айрықша махаббатының көрінісі. Оны Елбасы да әр сапарында сөз қылатын. Президент Алатау баурайындағы қалаға келген сапарларының бірінде: «Алматының жағдайын үнемі ойлап жүретінімді өздеріңіз жақсы білесіздер. Алматының өсуі, өнуі ғылымға да, инновацияға да, технологияға да қажет. Бұл ретте Алатау ауданындағы 490 гектар аумақтағы индустриалды аймақты дамыту – бұл өндіріс пен инфрақұрылымның дамуына, болашағына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына, еңбек өнімділігінің артуына мүмкіндік береді. Алатау – Алматының болашағы», – деген болатын. Расында да, Алатау ауданы Алматының кең тыныс ашуына, құлаш сермеуіне ықпал етіп, шаһардың дамуына негіз болды. Айналдырған 10 жылдың ішінде Алатау ауданы 1000 жылдық тарихы бар алып шаһардың стратегиялық, индустриалды-инновациялық, мәдени-спорттық һәм әлеуметтік даму аймағына айналды. Бүгінде Алатау ауданы – Алматыдағы қазақи елді мекен. Аудан халқының рухани дүниесін, салт-дәстүрін жоғалтпай, тілін шұбарламай, ауызбірлікті сақтап отырғанын ерекше мақтанышпен айтып өту қажет.

Жасампаз жастар қаласы

Алматы – жастар қаласы. Қала әкімінің тікелей басшылығымен 2020 жылға дейінгі жастардың қалалық жол картасы жасалып, сырттан келген жастарды іскерлікке, түрлі кәсіптерге баулитын лофт-орталық ашылды. Орталықта қазірдің өзінде 7,8 мың адам жұмысқа тұрды, 2,5 мың адамға тегін кәсіби білім берілуде. Әрине жастарды баспанамен қамтамасыз ету күн тәртібінен түскен жоқ. Осы мақсатта қалада «Алматы жастары» атты тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асуда. Мұнда 35 жасқа дейінгі жастар жеке пәтер алу үшін банктен жеңілдетілген несие алады. Биыл «Алматы жастары» тұрғын үй бағдарламасы бойынша жергілікті бюджеттен 2 млрд теңге бөлінген. Қала басымдықтарының бірі – қолжетімді тұрғын үй құрылысы. Айта кетейік, соңғы жылы Алматыда тұрғын үй құрылысының қарқыны 4 есеге өсті, ал кезекте тұрған әрбір үшінші адам пәтер алды. 1,9 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 16,5 мың жаңа пәтерлер салынды. Жақын арада тағы 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 17 мыңнан аса пәтерлер салынатын болады. Биылғы жылы көктемде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бес әлеуметтік бастаманы» атай отырып, студенттерге арналған жатақхананың жетіспеушілік мәселесін шешуді тапсырған болатын. Алматыда шамамен 138 мың студент білім алады екен. Соның ішінде ауылдан әрі басқа қаладан келіп оқитындардың саны 80 мыңнан асады. Олардың баспана мәселесін шешуге қаладағы 30 мың орындық 94 жатақхананың қауқары жетпесі анық. Өз кезегінде еліміздегі барлық жоғарғы оқу орындарының үштен бірі орналасқан Алматыда 22 мыңнан астам студент жатақхананы қажет етеді екен. Бұл үшін соңғы үш жылда қалада 37 жаңа жатақхана салуды жоспарлап отыр. Бүгінде жеті жатақхананың құрылысы жүруде, төртеуі ағымдағы жылдың аяғына дейін пайдалануға берілмек. Тағы 12 жоғарғы оқу орнында 4,8 мың орындық жатақхана құрылысы үшін учаскені анықтап қойды. Сондай-ақ, қалада 19 жатақхана салу үшін жер беріліп отыр. Өткен айда шаһар басшысы Бауыржан Байбек жұмыс сапары барысында Бостандық ауданында салынған 400 орындық алты қабатты жаңа жатақхананы көріп шықты. Бүгінгі күні мұнда тұрғын және тұрмыстық бөлмелерді жиһазбен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жанындағы 600 орындық тоғыз қабатты жатақхана құрылысы аяқталуда. Қазіргі уақытта алаңы 11 мың шаршы болатын ғимараттың ішкі әрлеу және тиісті аумақтарды көріктендіру жұмыстары жүргізілуде.

Әлем таныған шаһар

Алматы – еліміздің айнасы. Әлем халқы Алматыны көріп, Қазақстанды таниды. Ұлы Жібек жолының торабында ірге тепкен Алматы сан ғасырлар бойы мәдени-экономикалық маңызға ие болып келді. Бүгінгі Алматы – Орталық Азиядағы аса ірі мегаполис. Ол – Еуразия континентінде орналасқан маңызды қалалардың қатарында. Алматының мәдени, ғылыми, туристік, қаржы және сауда орталығына айналуына әр кезең ұрпақтарының қосқан үлесі ұшан-теңіз. Қаланың 1000 жылда ғаламдық урбанистік орталыққа айналуы оның бүгінгі даму барысына жауап табуға талпыныс жасайды. Алматы әлемдегі өмір сүруге қолайлы қалалардың үздік жүздігіне кірді. Алматыда өткен алқалы бір жиында өңірдегі БҰҰ-ның өкілі А.Мунхтуя дүние жүзі бойынша ең мәртебелі 15 қаланың тізімі жасалу үстінде екендігін, оның қатарынан орын алуға Алматының мүмкіндігі бар екені туралы мәлімдегені есімізде. Демек, бұл Алматы мен шаһар басшылығына халықаралық дәрежеде сенім көрсетіліп отыр деген сөз. Алматы – Орта Азияның қаржы орталығы ғана емес, сансыз саяхатшылардың ағылатын бірден-бір аймағы. Бұған дәлел – алмалы шаһарға шетелдік саяхатшылардың келуі жыл сайын артуда. Туристерге арналған «Тһе Rough Guіde» басылымының 2014 жылғы рейтингі бойынша, тамашалауға лайықты әлем қалаларының ішінде Алматы жетінші орынға жайғасқан. Олардың айтуынша, туристерді Алматы қаласының орналасқан орны мен әсем таулары қызықтырады. Ал 2015 жылы Алматы қаласы ТМД елдері бойынша туристер үшін ең тартымды қалалардың бестігіне қосылды. Әлемде көптеген тау шаңғысы курорттары жұмыс істейді. Бұл сала тез дамып, тез қарқын алуда. Алматы қаласы да мұндай курорттардан кенде емес. Мәселен, «Медеу-Шымбұлақ» кешені тау шаңғы трассаларының күрделілігі бойынша әлемнің алдыңғы ондығына кіреді. Қазір Шымбұлақтың тау туризміндегі үлесі 86 пайызды құрайды. Бүгінде шаһарға Батыс Еуропа, Америка және Азия елдерінен келетін саяхатшылар саны артып келеді. Табиғатты тамашалау мен тынығудан бөлек, бизнесін дөңгелетуге келетіндердің қатары да ұлғайған. Алматыда туризм өте жақсы дамуда деуіміз содан. Халықаралық ірі басқосулар мен спорттық шараларға келген қала қонақтары Алматының сұлулығына, халқының қонақжай әрі мейірбандығына таңданыстарын жасырмайды. Ел дамуына ерекше үлес қосып отырған Алматыда атқарылған іс те көп, қолға алынар шаруа да шаш етектен.   «Ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивтеріне айналады. ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан

Серіктес жаңалықтары