Ұры-қары басынған қоғам

Қазақтар ғұмыр бойы ұрлықты ең үлкен күнә санаған. Бүгінгі қазақта «ұрлық түбі – қорлық» деген сөздің мәнісіне бойлайтындар қалмаған сыңайлы. Тіпті, ұрлықты «жеңіл-желпі қылмыс» санау әдетке айналып барады. Осының салдарынан болар, ел аумағында ұрлық-қарлық көбейген. Елімізде тіркелген қылмыстық деректердің 64 пайызы – ұрлық-қарлық. Әсіресе, пәтер мен көлік тонау деректері артып келеді. Құқық қорғау орындары қылмысқа қарсы күрес жұмыстарын жандандырғанымен, ұрыларға тосқауыл болу қиындау болып отыр.

Ұрлықтың көбейгені сенаторларды да қатты алаңдатқан сыңайлы. Сенаторлар ұсынған дерекке сәйкес, 6 ай ішінде елімізде 202 мыңнан астам қылмыс тіркелген. Бірінші кезекте пәтер тонау дерегі көбейген. Суық қолдар жыл басынан бері 23 мың адамның баспанасын тонап кеткен. Одан кейінгі орында – мал ұрлығы. Көшелер мен аулаларда тұрған көліктерді айдап кететін ұрылардың да қарасы қалың. Елімізде 7 айда 1 161 көлік ұрлығы тіркелсе, оның 374-­і ғана өз иесіне қайтарылған. Қалғаны ізім­-ғайым жоқ. Жалпы, соңғы 25 жылда Қазақстанда 2 миллионнан астам ұрлық фактісі тіркелсе, оның тең жартысынан астамы, яғни, 1,5 миллионы кімдердің қолымен жасалғаны құпия қалпында қалған. Сондай-ақ, жыл басынан бері елімізде автобөлшек ұрлаудың 4 278 дерегі тіркелген. Қалта телефонын ұрлайтын қарақшылар да қазір тайраңдап жүр. Биыл 26 мыңнан астам ұялы телефон қолды болған.

Алла үйінде адалдықтан аттағандар

«Бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін» жымқырып кететіндердің жазасы жеңіл болғандықтан ба, әйтеуір соңғы бірнеше жылда ұрлық-қарлықтың небір түрі тіркелуде. Тіпті, Құдайдан безген баукеспелер кейде мешіттерде де ұрлық жасауды күнә санамайды. Жайнамаз үстінде өтірік сәждеге бас иген боп, көзді ала бере мешітте ұрлық жасайтындар да жоқ емес. Арам пиғылдылардың кесірінен азаматтар мешітке аяғын аңдап басатын халге жетті. Мәселен, өткен аптада ғана Астана тұрғыны мешіттен 12 «Құран Кәрім» кітабын ұрлап кетті. Дәл сол күні бір баукеспе «Әл-Ғани» мешітінде ұялы телефонды қолды қылған. Жыл басында Астана қаласындағы мешіттердің бірінен 47 жастағы азамат намазға келгендердің бірінің күртесін ұрлап кеткені анықталған болатын. Мешіттегі киім ілетін орыннан жымқырған күртенің қалтасында құжаттар, әмиян, ұялы телефон және автокөліктің кілті болған. Қаскүнемнің бұған дейін де осындай ірілі-ұсақты ұрлыққа қатысы бар екені белгілі болды. Ол мешітке келушілердің күртесін алып, өзінікіндей киіп, оқиға орнынан жасырынып кетіп жүрген.

Ал көктемде Шымкент қаласында мешіттерде қалта ұрлығымен айналысып жүрген жергілікті тұрғын ұсталды. 27 жастағы қала тұрғыны мешітте намаз оқып жатқанда белгісіз біреу қалтасынан ұялы телефонын жымқырып кеткен. Шымкент қалалық Ішкі істер басқармасы полиция бөлімшесінің қызметкерлері жедел іздестіру шаралары арқылы күдіктіні қолға түсірді. Тергеу барысында әлгі адамның шамамен 20 шақты ұрлыққа қатысы бары анықталды. Сондай-ақ, өткен сейсенбіде Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешітіне тиесілі фотоаппаратты ұрлаған 45 және 33 жастағы күдіктілер ұсталды. Олар бұрын сотталған. Қазір осы оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің «Ұрлық» бабы бойынша іс қозғалып, күдіктілердің өзге қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталу үстінде.

Имамдардың айтуынша, мешіттегі ұрлық-қарлық көбіне жұма намазы секілді адам саны көп кезде орын алады екен. Кейбір әккілер камера тұрған орындарды бес саусағындай жаттап алған. Ол жерлерден жүзін көрсетпей өте шығады. Дегенмен мешіт қызметкерлері ұрлықшы ісін адамнан жасырғанмен, Алладан жасыра алмайтынын айтады. Жалпы, бүгінде бөтеннің мүлкін ұрлау қоғамдық кеселге айналған сияқты. Дегенмен адамды Алланың үйінде ұрлық жасауға не итермелейді? Мұндай сұғанақ қолдылардың жер бетіндегі ең қасиетті жерде де тайсалмауына не себеп? Осындай сәтте «Адам азды ма, заман азды ма?» деген сауал еріксіз иектейді кісіні.

Қалта ұрыларының «маусымы»

Бір кездері үлкен қалаларда қалта ұрыларынан аяқ алып жүру қиындап кеткен еді. Алайда соңғы уақыттарда қоғамдық көліктердегі мұндай сұғанақтар азайғандай көрінген. Бірақ қазір құқық қорғау қызметкерлері тұрғындарды қайтадан қоғамдық көліктерде, базарларда, қоғамдық орындарда абайлап жүруге шақыруда. Өйткені қалта ұрылары көбінесе жолаушылар тығыз қоғамдық көліктерде, кісі көп жүретін базарларда «жұмыс» істейді. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, оңай олжа тауып дағдыланған қалта ұрылары өздерінің арам пиғылын жүзеге асыру үшін бағыттық автобустарды таңдайды. Ондағы қарбалас пен адамның көптігі қарақшылар үшін оңтайлы жағдай туғызады.

Әсіресе, оқу жылы басталған қыркүйек айында қалта ұрыларының «жұмысы» жандана түседі. Мәселен, осы айдың басында Алматы қалалық ІІД Криминалды полиция басқармасының қызметкерлері қалта ұрыларын қолға түсірді. Тәртіп сақшылары қолға түсірген екі ұрының бірі – келіншек. Ол жанындағы сыбайласын сақтандыру үшін еріп жүрген. «135 бағдардағы автобуста О. есімді азаматшаның «Самсунг» маркалы ұялы телефоны ұрланған. Полицейлер күдіктілерді ізін суытпай тапты. Олар қоғамдық көлікке ұрлық жасау үшін отырған. Күдіктінің бірі – ер адам жолаушының қалтасына қол сұққан кезде, қасындағы әйел оны қалқалап, азаматшаны сөзбен алдаусыратып тұрған. Қазір ұсталғандардың бұрын қылмыстық іске қатысы бар-жоғын тексерудеміз. Олар өз айыптарын мойындап, заттай айғақтарды қайтарды», – дейді Алматы ІІД Криминалды полиция басқармасының басшысы Есен Ысқақов. Дәл осы уақытта басқа бағыттағы автобуста полиция тағы бір ұрыны қылмыс үстінде ұстады. Алғашқы тергеу жүргізу кезінде күдіктіден ұрланған телефон табылды. «Қалта ұрлығы әдеттегідей жолмен жасалған. Жәбірленуші басқа жаққа алаңдап тұрғанда қылмыскер оның сөмкесіне қол салады да, ақшалы әмиянды алады. Бұл оқиға 106 қалалық маршрутта болған. Қылмыстық іске байланысты ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша М.Әуезов және Жетісу аудандық ІІБ тергеушілері сотқа дейін тергеу жүргізуде», – деді Есен Ысқақов.

Қазір қалта ұрыларынан бөлек пәтер тонаушылар да жұрттың үрейін ұшырып отыр. Мәселен, Жамбыл облысының Қордай ауданында үйге шабуыл жасап, адамдарды өлімші етіп сабап, тонап кететіндер тайраңдап жүр. Тұрғындардың айтуынша, ұрылар екі аптаның ішінде 10 үйді тонап үлгерген. Ең бірінші қарақшылық дерегі 20 шілдеде тіркеліпті. Бетперде киген екі ұры ерлі-зайыпты зейнеткердің үйіне түскен. Екі кеште баспанаға баса-көктеп кірген бұзақылар екеуінің қол-аяғын матап, аяусыз азаптап, ақша мен бағалы заттарды беруін талап етіп, әбден тепкілепті. Қарттардың көрер жарығы бар екен. Олардың жанұшыра шыққан дауысын естіген көршісі дер кезінде келіп үлгерген. Дегенмен қарақшылар олжасыз емес, зейнеткерлердің 500 еуросы мен 100 мың теңгесін алып кеткен. Ал қариялардың өздері ауыр жарақат алған. Қабырғасы сынып, тістері түгел қағылған 68 жастағы Владимир Бойконың хәлі тіптен мүшкіл. Қазір әйелі Лидия екеуі Бішкектегі ауруханаға жатқызылған. Бұдан кейін ұрылар шабуылды тіптен үдеткен. Бас-аяғы 15 күнде онға жуық баспанаға түсіп, құнды заттарын түгел тонап кетті. Бұл ұрылардың бостандықта жүруі тұрғындардың мазасын қашырып отыр. Оның үстіне, жұртшылық тәртіп сақшыларының дәрменсіздігіне наразы.

Жазаның жеңіл болғаны жөн бе?

Еліміздің бұрынғы Бас прокуроры, қазіргі Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов ұрылар өздерінің қолға түспейтінін жақсы білетінін айтқан еді. «Құқық қорғау органдарына деген сенім азайып тұр. Ұрылар бізді, яғни құқық қорғау органдарын мазаққа айналдырды. Мысалы, 2016 жылы атыраулық тұрғын үйлердің бірінде 21 рет ұрлық тіркеліпті. 21 рет! Ал сол үйдің бірінші қабатында полиция бөлімшесі орналасқан. Бұл, мазақ емей, немене?! Бұлар бізді басынайын деді. Оларға қарсы ашық соғыс жариялау керек», – деген болатын Жақып Асанов еліміздің Бас прокуроры қызметінде болған тұста. Оның үстіне, қазір халық та құқық қорғау қызметкерлеріне онша сенбейді. Өйткені ұрлық қылмыстары көбінде ашылмай қалып жатады. Ішкі істер министрлігі өкілдерінің мәліметінше, 2017 жылы ұрлықтың 45 пайызы және тонау жағдайларының 55 пайызы ғана ашылған.

Расында да, бұл күнде құқық қорғаушылар ұрылардың қылмысын ашуда, оларды қолға түсіруде біраз бейқамдық танытатындай көрінеді. Соның кесірінен жұртшылық құқық қорғау органдарына шағым түсіруге де тырыспайтын болды. Бұған полиция қызметкерлерін де кінәлай алмайсың. Өйткені елімізде ұрыларға қатысты жаза жеңіл. Қазір ұрлық жасап, ұрланған заттарды сатқан адамдар тек жеңіл қылмыстық жазамен құтылады. Яғни, Қылмыстық кодекстің 192-бабына сай, олар не айыппұл төлейді, не әкімшілік жазаға тартылады. Қылмыстық кодексте көрсетілген жазаның әлсіздігінен полиция қызметкерлері қауқарсыздық танытып, ал ұрылар қатары көбейіп барады. Заңның солқылдақтығын білетін құқық қорғау қызметкерлерінің ұрылармен күресуге қайдан ынтасы болсын?!

Қазір ұры-қарылар зар қақсатқан елдің әрекетсіз полиция қызметкерлерінен көңілі әбден қалған. Қаншама ұрлықтың беті ашылмай, ұрылар тайраңдап жүр. Неге біздің елде ұрлықпен ұсталып, жазасы дәлелденген қылмыскер ауыр жазаға тартылмайды? Мәселен, қазіргі таңда Жапония – әлемдегі ең қауіпсіз елдердің бірі. Бұл елдің тұрғындары үйлерін, көліктерін кілттемей, сауда орындары да тауарларын қараусыз қалдыратын көрінеді. Ұрлық жасаған адамның қолын кесу жазасы Біріккен Араб Әмірліктерінде әлі бар. Бұл елде бірінші ұрлығы үшін ұрының бір саусағының жартысы кесіледі. Екінші рет қайталаса, бір саусағы, үшінші рет ұрлық жасаса, қолы кесіледі. Ұрылардың қолын кесу жазасы Қытайда да болған. Бірақ қазір ҚХР Қылмыстық Кодексіне сәйкес, ұрыларды жасаған қылмысының ауырлығына қарай 3-10 жылға бас бостандығынан айыру және айыппұл салу, өмір бойына түрмеге жабу, өлім жазасына кесу, мүлкін тәркілеу сияқты жаза түрлері тағайындалады. Ал Солтүстік Кореяда қылмыстың бірқатар түрі үшін өлім жазасы кесіледі, сол қылмыстардың арасында ұрлық бар. Ұры көпшіліктің алдында атылады. Ресей Федерациясының заңына сәйкес, қылмыстың ауырлығына қарай ұрыларды 5 жылға дейін мерзімге қоғамдық еңбекке жегу, айыппұл салу және 2-10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазалары бар. Ұрлық үшін қатаң жаза белгіленген елдерде қылмыстың бұл түрі сирек орын алады екен. Ендеше, Қазақстан неге бұдан үлгі алмайды? Бізде керісінше, жеңіл қылмыс жасағандарға жазаны жеңілдетуге барынша жағдай жасалуда. Өйткені сотталғандарды асырауға мемлекет қазынасынан қыруар қаржы бөлінеді. Түрмедегі бір адамды асырау үшін жылына 877 мың теңге жұмсалады екен.

Кейде қоғамда «ұрлық жасамағанда қайтсін, жоқшылық соған жеткізді» дейтін пікірлер де айтылып жатады. Шын мәнінде, ұрлық пен кедейліктің байланысы бар ма? Қазақ жазушысы Әзілхан Нұршайықов: «Адамшылықтың, адалдықтың, уәдешілдіктің, тұрақтылықтың, тазалықтың түп қазығы – ұят деп білемін. Ұяты жоқтан үміт күтпеймін. Ұры-қары, қарақшы, қаныпезерлер ұяты жоқтан шығады. Ұят – ең қымбат қасиет, ұяттыда иман бар», – дейді. Расында, ұрлық-қарлыққа ар-ұят пен адалдықтан аттағандар ғана барады. Сондықтан өзгенің ала жібін аттап, жиған-тергеніне қол сұғу – кедейшіліктен құтылудың жолы емес.

Back to top button