12 Қыркүйек, 22:25 416 0 Экология Аяулым САЛЫҚЖАНОВА

Еуропалық қол соқса, құбырдан су ағады

2020 жылға қарай Қазақстан тұрғындарының 98 пайызы сапалы және санитарлық нормаларға сай келетін таза ауыз суға қол жеткізуі тиіс. Бұл 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік «Ақ бұлақ» салалық бағдарламасында бекітілген талап. Аяқталуына 1,5 жыл қалған бағдарлама қаншалықты орындалып жатыр? Қазақстан бойынша ауыз су мәселесі толық шешілді ме?

Су – тіршілік көзі. Жалпы, адам ағзасындағы судың мөлшері 75 пайыз. Адам сусыз 18-20 градус орташа температурада жеті-сегіз күнге шыдаса, сусыз шақырайған күн астында үш-төрт күнде-ақ бақиға аттанады.

Тұщы сулардың 30 пайызы – жер астындағы сулар. Ал оның негізгі қоры тау бастарындағы мұздықтарда, Арктика мен Антарктида мұздарында – 97 пайыз. Мұзы ең қалың (4,8 шақырым) және дүниежүзі бойынша ең таза суы бар Уэддела теңізі Антарктидада тіркелген. Оның мөлдірлігі тазартылған сумен пара-пар. Жер шарындағы барлық өзендерден 650-700 жыл ішінде қанша су ақса, тау мұздарында да сонша су бар. Адамзаттың өз тіршілігіне пайдалана алатын судың мөлшері тек 3 пайыз (өзен, көл және су қоймаларының сулары).

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ескерткен сырттан төнер қатердің бірі – ауыз су тапшылығы. Ол қазірдің өзінде дүниежүзілік түйткілге айналып үлгерді. Бүгінде жер шары халқының үштен бірі судың жетімсіздігін сезінуде. Олардың басым бөлігі, дәлірек айтсақ, 40 пайызы Африкада және оңтүстік Сахарада тіршілік етеді. Бір ғажабы, дәл осы аумақтың тұрғындары жер шарындағы ең үлкен қарқынмен көбейіп келе жатқан ұлттар қатарында.

Ал ауыз суы тапшы басқа елдер бұл күрмеулі мәселені әрқалай шешуде. Мәселен, Голландия мен Жапония таза суды Норвегиядан әкеледі. Гонконгке танкерлермен тасымалданады. Америка Құрама Штаттарында суды тиімді пайдалану, яғни екі қайтара қолдану жолға қойылған. Ал бізде ше? Ең өкініштісі, ішерге су таппай отырған өңірлер де жеткілікті елімізде.

Тіпті, айтулы Астананы іргелей жайлаған ауылдардың кейбірінде ауыз су тапшы екен. Соның бірі – Қоянды ауылы. Бұл аймақта жер учаскелері 14 жыл бұрын беріле бастаған. Содан бері ауылдың тек үштен бірі ғана ауыз сумен қамтамасыз етіліпті. Ал жартысынан көбі, дәлірек айтқанда, 1550 үй әлі сусыз отыр. Өздері құдық қазып, алынған лай суды тұндырып барып қолданысқа жаратуда.

2011-2020 жылдарға арналған аймақтарды тазартылған ауыз сумен қамту «Ақ бұлақ» бағдарламасының орындалуына ел бюджетінен жалпы 1 трлн 300 млрд теңге қаражат бөлінген еді. Алайда Қоянды ауылының әкімі бұл бағдарламаға ауылдың ілікпей қалғанын айтқан. «Аспаннан шұға жауса, құлға ұлтарақтық тимейді» дегеннің кері осы шығар.

Ал Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан «Қазатком» ауылының тұрғындары, керісінше «ауыз су керек емес, жерді қаздырмаймыз» деп, ауылға жаңадан тартылатын ауызсу жүйесіне қарсылық танытып жүр. Ауылды сумен қамтамасыз етуге мемлекеттен 345 млн теңге бөлініп, ауыз сумен толық қамтылған бұл ауыл әлдебір себептермен 2015 жылы суы жоқ ауылдар қатарына қосылып кеткен. Содан бері ауыл тұрғындары аудан, облысқа хат жазып шаршаса керек. Тұрғындардың мақсаты – үкімет бөлген ақшаны бекер шашпау. Ауыл тұрғындары суға бөлінген қаржы одан да тоз-тозы шыққан мектеп пен медпунктке жұмсалса игі еді десе, округ әкімі орталықтанған ауыз су жүйесі керек, себебі болашақта ауыл үлкейеді дейді.

Өткен шілденің аптап ыстығында он күн ауыз сусыз қалған өңірдің бірі – Ақтөбе түбіндегі «Ақжар-2» елді мекені. Кранды қосқанда судың орнына ауаның дыбысы ғана шыққанымен, есептейтін құрылғы су беріп отырғандай айнала берген. Өңірдегі ауыз суға жауапты «Ақ бұлақ» мекемесі қоңырау шалған тұрғындардың өздеріне «бақша суарып, ауыз суды ысырап етіп отырсыздар» деп тарпа бас салған. Ал тұрғындар: «Бақша суарсақ, тегін суармаймыз. Ақысын төлеп отырмыз. Ақжарға бақша салайық, шаруашылықпен айналысайық деп көшіп келдік. Әйтпесе, орталықтағы тас үйде отыра берер едік», – деп назданған. Таяқтың екі ұшы бар демекші: «Жоспар бойынша, бұл елді мекенге ай сайын 20 мың текше метр су берілуі керек. Тұрғындар одан екі-үш есе көп тұтынып отыр. Сондықтан су қоймалары толып үлгермейді», – деп ақталды «Ақ бұлақ» мекемесінің вице-президенті Жұлдызбек Бисембин.

Сонымен қатар, осы жазда ауыз су тапшылығын тартқан өңір – Солтүстік Қазақ­стан облысындағы Тюменка ауылы. Ауыл тұрғындары ауыз суға жарымай, лас әрі борсыған су ішіп жүр. Себеп – су тартқыш 40 жылдан бері жөндеу көрмеген. 100 ғана тұрғыны бар ауылды таза ауыз сумен қамтамасыз ете алмаған билік өкілдері, тұрғындардың наразылығынан кейін биыл құбырды жаңартуға сөз берген. Ресми мәлімет бойынша, биыл облысты таза ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 7 млрд теңгеден астам қаржы бөлініпті. Өңірде 664 ауыл бар, соның тек 380-нен астамы ғана орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Ал қалған ауылдар суды ескі құдықтан не аудан орталығынан алып келеді.

Ауыз суды ойлы-қырлы жерлерден, алыс-алыс белдерден тасып ішетін ауылдар да бар. Ол – Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданындағы елу шақты ғана тұрғын тұратын Қауық ауылы. Жергілікті биліктің уәдесінен жалыққан тұрғындар су үшін талай шақырым жол жүруге мәжбүр. Ал аудандық әкімдік тұрғындары елуге жетпейтін ауыл көшірілуге тиіс дейді.

90-жылдардан бері ауыз су мәселесі шешілмей келе жатқан бір ауыл – Солтүстік Қазақстан облысы, Есіл ауданына қарасты Покровка ауылы. Бұл ауылға әлі күнге дейін ауыз су тартылмаған. Тұрғындар ішуге өзен суын, кір жууға қар суын пайдаланады. Айтуларынша, Покровкаға ауыз су аудан орталығынан аптасына бір-ақ рет келеді. Оның өзінде кейде су жетпейді, кейде су таситын көлік бұзылып қалады екен. Осы кезде өзен суын ішуден басқа амал қалмайды. Ауыл әкімінің сөзінше, 2018 жылы мемлекеттік бюджеттен ауыз сумен қамтамасыз етуге 1,4 млрд теңге қаражат бөлініпті. 2019 жылы бүкіл ауылда су болады деп сендіріп те қойған. Ал 2 мың тұрғыны бар ауыл аудан орталығынан 90 шақырым қашықтықта орналасқан. Жалпы, Есіл ауданындағы 56 елді мекеннің жартысы ғана орталық су жүйесіне қосылған.

Бұл су тапшылығын көріп отырған қазақ ауылдарының 2018 жылғы көктем-жаз айларындағы жағдайы. Жалпы, еліміз бойынша таза ауыз сумен қамтамасыз етілмеген осындай кішігірім ауылдар аз емес. Аталғандары осы, аталмағандары қаншама?! Отыз жылдан бері шешілмей келе жатқан су мәселесі «Ақ бұлақ» бағдарламасының соңғы кезеңінде шешіле қояр ма екен? Еуропалықтар су ағызуды дыбыстық жүйеге негіздеп, суды бір ғана шапалақ соғып қосып жүргенде, біздің жұрт су шығару үшін бас-басына күрек ұстап, әлі жер қазып жүргені нені білдіреді? Мемлекет адамды ойламайынша, мемлекетті ойлайтын адам болмайды. Себебі адамға ең алдымен өзінің жағдайы жақсы болғаны керек. Тісі сыздаған адамға сау тістен басқа ештеңе керек болмай қалады. Сол сияқты суға қолы жетпей отырған тұрғындардың қазіргі бар ойы «суға қалай қол жеткізсек» деген сауал ғана. Шаруасының берекесі кетіп, күні-түні құдықпен алысып, қар суына кір жуып жүрген жұртқа кешірімді де бұл. «Аш баланың тоқ баламен ойнамасы» анық. Халықтың жағдайы жақсы болғанда ғана ел қарқынды дамуға көше алады. Сондықтан алдымен халықтың тұрмыстық жағдайын жақсарту қажет.

Су мәселесі – әлем назар салып отырған түйткілдердің бірі. Үшінші дүниежүзілік соғыс су үшін болуы мүмкін деген де пікірлер бар жаһанда. Су мен бейбітшілік мәселесі жөніндегі Жаһандық топтың төрағасы Данила Тюрктің есебіне көз жүгіртсек, әлемде екі миллиардтай адам ішетін суға зәру. Соның ішінде әлемнің түрлі кикілжіңдер мен соғыстың кесірінен тұрақсыздық жайлаған аймақтарындағы ахуал тіпті нашар. Қарсыласушы жақтар су жүйелерінің нысандарын торуылдап, қарсыластарына қарсы қару ретінде пайдаланып жатқандары да бар.

Данила Тюрк бастаған аталмыш жаһандық топ 2015 жылы Швейцарияның бастамасымен құрылған. Қазір оның қатарына Қазақстаннан басқа Венгрия, Гана, Иордания, Испания, Камбоджа, Колумбия, Коста-Рика, Марокко, Оман, Сенегал, Словения, Швейцария, Франция және Эстония мемлекеттері енген. Бұл топ суға байланысты құқық пен трансшекаралық өзендер мәселесін қарастыру – аурудың алдын алумен тең әрекет екенін атап көрсетті.

Сарапшылардың бағалауы бойынша Қазақстан Еуразия құрлығындағы су ресурстарынан ішінара тапшылық көруші елдердің біріне жатады. Республиканың жер үсті суларының жартысына жуығы шекаралас мемлекеттердің аумағынан келеді. Соңғы 15 жылда жер үстілік судың табиғи ресурстарының азая бастағандығы да байқалуда. Соның ішінде 90 пайызы көршілес елдерден келетін ағынды суға жатады. Көршіміз Қытай елі де өзінің өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және өсіп келе жатқан қалаларының суға сұранысын толық қанағаттандыруға шамасы жетпей, Ертістің суын тежеп келеді. Ал бұл трансшекаралық өзендерді пайдалану бойынша БҰҰ Конвенциясының талабын бұзуға ішінара жол береді. Жалпы айтқанда, Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы аумағынан 24 трансшекаралық өзен ағады. Соның ішінде Ертіс, Іле, Текес және тағы басқа өзендердің ағын су көлемі мен сапасы бойынша екі мемлекет жасалған келісімшарттың негізінде ақпараттармен алмасып тұрады. Алайда Қытай тарапының өзендердің суын тоғандармен іркіп отыруы себебінен туындайтын түйткілдер көп. Міне, осындай мәселелерді халықаралық құқық шеңберінде шешуге Ғаламдық топ белсенді атсалыспақ.

Д.Тюрктің тобы жақында «Тірі қалу мәселесі» атты есепті еңбек жазып, оны ғаламдық деңгейде мемлекеттер басшылары мен көрнекті тұлғаларға таныстырды. «Бұл мәселені кешенді түрде, БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдардың араласуымен жаппай қатысып, шешуді қолға алуымыз керек. Дипломатия жүйесі бойынша халықаралық құқық негізінде жаңа институттар құрып, табиғаттың өзгерісін, қоршаған ортаны бақылау ісін дереу қолға алғанымыз жөн. Біздің тобымыз осы жұмыстарды іске асыру үшін нақты ұсыныстар дайындады. Су қатерінің алдын алу – бір елдің емес, жалпы ғаламшарлық мәселе, оны шешуге бәрі де атсалысуы керек», – деген Данила Тюрк өз есептерінің алғысөзінде.

2012 жылы Елбасы өзінің «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында болашақтың тоғыз сын-қатерін анықтап, төртінші сын-қатерге судың тапшылығын жатқызған болатын. Онда ол: «Әлемдік су ресурстары да қатты қысым көріп отыр. Соңғы 60 жылда жер шарында ауыз суды пайдалану 8 есе өсті. Осы жүзжылдықтың ортасына қарай көптеген елдер суды сырттан алдыруға мәжбүр болады.

Су – барынша шектеулі ресурс және оның көздерін иелену үшін күрес жер бетіндегі шиеленіс пен жанжалдар себептерінің бірі ретінде, қазірдің өзінде геосаясаттың аса маңызды факторына айналып отыр», – деді.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, сумен қамтамасыз ету бір бөлек те, суды үнемдеу мүлдем бөлек мәселе. Таза суды ысырап қылып, көп мөлшерде пайдаланғаны үшін де жауап берер кез келер. Тіпті, кір жуатын машинаның өзі бір жуғанда 40-60 литр суды құртады. Әлем ішегін тартып таңғалар, бірақ бізде кір жууға да таза су пайдаланылады. Сол себепті суды пайдалануда әр адам ұқыптылық танытса игі.

Жалпы, елімізде су мәселесінің үш түйткілі бар. Оның бірі – XXI ғасырда сусыз өмір сүріп жатқан өңірлер, екіншісі – су жүйесін дұрыс ұйымдастыра алмайтын өңірлік билік өкілдері, үшіншісі – суы бар, бірақ оның қадірін білмей, бос ысырап етіп отырған аймақтар.

Соңғы жаңалықтар