Жалған ақша жасағыш жылпостар

Жалған ақша жасағыш жылпостар

Жалған ақша жасағыш жылпостар
ашық дереккөзі
1489
Жайлы тұрмысқа әркімнің-ақ бар таласы. Алайда біреу оған адал еңбекпен, маңдай термен жетуді көздесе, енді біреу оңай олжаға батқысы келеді. Дәулетті өмірге ауырдың асты, жеңілдің үстімен жетуді көксейтіндердің бір «кәсібі» – жалған ақша жасау. Терлеп-тепшімей, табан тоздырып, жүйке шаршатпай-ақ, бір батырманы шертіп қап, мол ақшаға көміліп жүрген алаяқтардың қатары қазір артып келеді. Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегіне сүйенсек, елімізде көлеңкелі экономикадағы қылмыстар саны бойынша жалған ақша жасау фактілері алдыңғы орында. Жыл басынан бері республиканың түкпір-түкпірінде 8 миллион теңгеге жуық жасанды ақшалар айналымнан алынған.

7 айда – 7,9 млн теңге

Қаржы министрлігіндегілердің айтуынша, алаяқтар теңгені ғана емес, шетел валюталарын да қолдан жасауды жиілеткен. Биылғы жылдың 7 айында жалпы сомасы 7,9 млн теңгені құрайтын Қазақстанның ұлттық валютасы, сондай-ақ, 10 млн теңгеден астам соманың шетелдік валютасы айналымнан алынған. «Жасанды ақша қаражатының көп бөлігі Алматы қаласынан (776 дана немесе 53,4%), Қызылорда облысынан (190 немесе 13%), Астана қаласынан (134 немесе 9%), Қарағанды облысынан (109 немесе 7,5%) алынды. Фактілерге сүйенер болсақ, қолдан ең жиі жасалатыны – 10 000 (531 дана немесе 36,5%), 2 000 (527 дана немесе 36,3%), 1000 (89 дана немесе 6%), 5000 (72 дана немесе 4,9%) және 20 000 теңгелік (53 дана немесе 3,6%) валюталар», – дейді Мемлекеттік кірістер комитетінің өкілдері. Көп жағдайда анықтау мүмкіндігінің аздығына байланысты жалған ақшаның көп бөлігі дүкендерде және базарларда есеп айырысу ретінде немесе қоғамдық орындарда ақшаны ұсақтау түрінде айналымда болады. Мамандардың айтуынша, мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, заманауи технологиялар қарыштап дамыған бүгінгі уақытта қылмыстық топтар жалған ақша жасауды жоғары кәсіби деңгейге жеткізген. Тіс қаққан алаяқтар валютаның түсін, бедерін, сутаңбаны, қорғаныш жіптерін аса дәлдікпен қайталайды. Сол себепті шынайы ақшаны жалған ақшадан айыру қиынға соғады. Сатушылардың көпшілігінде тіпті күдік тумайды. Екіншіден, азаматтар банкноттың түпнұсқалылығын анықтауға мүмкіндік беретін қарапайым белгі-бедерлерді біле бермейді және сауда орындарында ақша қайтарымын жіті тексермейді. Жалған ақша қолына түскенін байқаған адамдардың санаулы бөлігі ғана полицияға немесе банкке жүгінеді. Құқық қорғаушылардың сөзіне сүйенсек, абайсызда жасанды ақшаға ие болғанын байқаған азаматтар әдетте мұндай ақшадан дәл сондай тәсілмен құтылуға тырысады, яғни сауда орындарына байқатпай өткізіп жібереді. Шеккен шығынның орнын толтырам деп өзі де қылмысқа барғанын аңдай бермейді. Мемлекеттік кірістер комитетінің Экономикалық тергеу қызметі жалған ақшаларды өткізушілерді ғана емес, сонымен қатар дайындаушыларды анықтау бойынша бірқатар жұмыстар жүргізген. Осы жылдың тек 8 айында жалған ақша дайындайтын 3 астыртын цех анықталды. Сонымен қатар, шетел валютасын, атап айтқанда, 32 700 АҚШ доллары болатын жалған ақша белгісін өткізгені үшін Алматы облысы, Қарасай аудандық сотының өкімімен Тәжікстанның 2 азаматы және Қазақстанның 2 азаматы 5 жыл бас бостандығынан айырылды. Жалған ақша жасау деректері Батыс Қазақстан облысында да азаймай тұр. Биылғы жылдың мамыр айында 20 мың теңгелік банкноттарды жасап шығарған қылмыстық топ қолға түсті. Оңай олжаны көксегендер Оралға былтырғы қаңтар айында Атыраудан көшіп келген. Мұнда пәтер жалдаған олар жалған ақша жасаудың тәсілін жатпай-тұрмай үйреніп, 20 мың теңгелік жалған банкноттарды жаппай шығара бастаған. Кейін қолдан жасалған ақшаға екі бірдей телефон сатып алады. Осылайша пысықайлар бір ай ішінде дүкендер мен сауда орталықтарында жарты миллион теңгеден асатын жалған ақша өткізіп үлгеріпті. Ал саудагерлердің жаппай шағымынан соң полицейлер оларды бейнебақылау камерасы арқылы анықтап, қолға түсірді. Сотта кінәларын толық мойындаған үш қылмыскердің әрқайсысы 5 жылға бас бостандықтарынан айырылды. ҚР Ұлттық банкінің Батыс Қазақстан облысы филиалының директоры Қозыбақ Құлбарақовтың айтуынша, қолдан жасалған банкноттарды бір қарағанда шынайы ақшадан айыру қиын. Алайда асықпай үңіліп, белгі-бедерлеріне зер салғанда олардың жалған екенін аңғаруға болады. «Біздің қызметкерлер алаяқтардың бұл жалған ақшаларды шын ақшадан айнымайтындай етіп жасағандарына таң қалып отыр. Алайда 20, 10 және 5 мыңдық банкноттарда жаңа элементтер бар», – дейді Қ.Құлбарақов. Бұл – Оралда тіркелген алғашқы жалған ақша тарату дерегі емес. Тәртіп сақшыларының айтуынша, соңғы уақытта қалада мұндай оқиғалар жиілеген. Мәселен, Қазақстанға бизнес серіктес іздеп келген адамның кейпін танытқан 1978 жылғы Камерун азаматы Оралда өтірік доллар таратқаны есте. Артынша өзі де, оған көмектескен оралдық әйел де ұсталды. Өткен жылы да оңай олжаға батқысы келген алаяқтар тәртіп сақшыларын аз әуреге салған жоқ. 2017 жылы жалпы сомасы 7,4 млн теңге болатын 2 511 жалған ұлттық валюта, сондай-ақ, сомасы 26 млн теңгеден астам жалпы саны 497 дана шетел валютасы ақша айналымынан алынды. Жалған ақша жасау ісі бойынша 214 қылмыс тіркелді. Мемлекеттік кірістер департаменті профилактикалық жұмыс және бақылау басқармасының өкілі Жұма Ерденнің сөзінше, өткен жылы жалған ақша белгісін әзірлейтін 4 жасырын цехтың жолы кесілген. Бұдан бөлек, 2017 жылы ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 58 қылмыстық іс тергеліп, оның 48-і аяқталды, сот санкциясы негізінде құны 2 млрд теңгеден асатын мүлікке тыйым салынды. Ведомство өкілінің мәліметіне қарағанда, өткен жылы залалды өндіру 46 пайыздан 74 пайызға артты.

Алаяққа алданғыңыз келмесе...

Оңай олжаға кенелудің сан түрлі әдісін меңгерген алаяқтарға жем болып, адал несібеден қағылмас үшін нағыз ақшаны жалған ақшадан айыратын белгі-бедерлерді білу қажеттілікке айналды. Нағыз ақшаның сериялық нөмірі, ерекше дизайны және сутаңбалары болатыны көпке мәлім. Бірақ мәселе мұнымен шектелмейді: технологияның дамуымен қатар жалған ақшадан қорғанудың мінсіз әдістері пайда болды. Шын банкнотты жалған банкноттан айыруға көмектесетін құпияларды кез келген валютада қолдануға болады. Солардың бірі – Омрон сақинасы деген атпен белгілі болған Еврион шоқжұлдызы. Бұл – көшіргіш техникада жалған ақшаны тануға мүмкіндік беретін, сақинадан тұратын қайталанатын шаблондар. Кейбір түрлі-түсті принтерлер мен көшіргіш құралдар мұндай сақинасы бар ақшалардың бейнесін көшірмей қояды: олар қағазды қап-қара етіп шығарады немесе бос шығарады, тіпті, мүлдем өшіп қалады. Омрон сақинасын америкалық және канадалық доллардан, евродан, британ фунтынан, иеннен және әлемің басқа валюталарынан көруге болады. Валюталарды қорғаудың тағы бір ерек тәсілі – микробаспа. Ол ақшаларға қолдан жазу өте қиын болатын майда мәтіндерді жазуға мүмкіндік береді. Өйткені оны жазу үшін ерекше құрылғы мен арнайы сия қолданылады. Егер осындай мәтіні бар ақшаны көшіргіш құрылғыдан өткізсе, онда оның көшірмесі оқылмайтындай бұлыңғыр болып шығады. Мұндай технология бүгінде долларды, фунтты, еуроны, ресей рубльін және көптеген басқа валюталарды дайындауда қолданылып жүр. Банкноттарды, әсіресе, жоғары номиналды банкноттарды, сондай-ақ визаларды, төлқұжаттарды және басқа да құжаттарды қорғаудың келесі бір кең тараған әдісі – бедерлеу. Бұл әдістің артықшылығы, оны көру қабілеті нашар жандар да пайдалана алады. Өйткені ақшадағы бедерді саусақпен сипау арқылы сезуге болады. 10 еуродағы «10» саны немесе 5 еуродағы арка бейнесі бедерлеудің жарқын мысалы бола алады. Ал канадалық долларда Брайль қарпіне ұқсас бедерлі нүктелер ақшаның номиналын да білдіреді. Ақша басып шығаратын қағаз біздің күнделікті пайдаланатын қағазымызға ұқсамайды. Оның құрамы өзгеше болады. Мысалы, америкалық доллардың ¾ бөлігі мақтадан және ¼ бөлігі зығырдан тұрады. Сондықтан ақша басып шығаратын қағазды «шүберек қағаз» (rag paper) деп атайды. Соңғы жылдары ылғалға және кірге төзімді және тез тозып кетпейтін полимерлі қағаздар пайда болды. Мұндай қағазды жасап шығару өте қиын. Тіпті, көзге шын сияқты көрінгенімен, оның жасанды нұсқасын қолмен ұстап-ақ анықтауға болады. Жалған ақшаны анықтаудың тағы бір әдісі – ақшаның бетіне құрамында йоды бар арнайы қарындашпен сызу. Целлюлоза қағазға түскен белгі көк түске айналып, жалған ақшаны бірден анықтап береді. Жалған ақша жасаудың жолын кесу үшін әлемдегі көптеген елдер түсі құбылмалы бояуды да кеңінен пайдаланады. Мұндай бояу жарықты ерекше түрде шағылыстырып, банкноттың көлбеу бұрышына қатысты түсін өзгертеді. Мысалы, өзіміздің 10 000 теңгелік ақшада көгершіннің түсі әртүрлі бұрыштан қараған кезде алтын түстен жасыл түске өзгереді. Ал 50 долларлық банкнотта «50» саны қызғылт түсті және ашық жасыл түсті болады. Мұндай ерекше белгіні көшіріп басу ілуде біреудің қолынан келеді. Өйткені әлемде мұндай түсін құбылтатын бояуды баспа үшін пайдалануға санаулы ғана компаниялардың құқы бар. Банкноттарда түрлі-түсті қорғаныс талшықтары ретсіз орналасқан. Олар қағазға кездейсоқ жабысып қалған жіңішке және қысқа түрлі-түсті жіптерге ұқсайды. Тәжірибелі кассирлер жалған ақшаны саусақпен сипап-ақ, қорғаныс талшығы бар қағаздың құрылымы ерекше екенін айтып, анықтай алады. Бұл талшықтар, әдетте, банкнотты анықтайтын ультракүлгін шамның астында жарқырайды. Ультракүлгін жарықтың астында жарқырайтын тағы бір қорғаныс элементі – банкноттың бетіне ретсіз орналастырылған «планшеткалар» (planchettes) деп аталатын түрлі-үсті нүктелер. Оларды қолдан жасау өте қиын. Өйткені олар сурет емес, талшық сияқты дақтың бір түрі. Планшеткалар бірқатар валюталарда, канадалық долларда пайдаланылады. Бір кездері әлемде кеңінен қолданылған құпия мөртабандар кейбір мемлекеттерде әлі күнге дейін қолданыстан шықпаған. Қытай банкноттары сөзімізге дәлел бола алады. Әуелде мұндай әдіс тиындарды қолдан жасаудан қорғау үшін ойлап табылған болатын, кейін оны қағаз ақшаларға да бейімдеп жасады. Бірақ мөртабандар барлық ақшада бірдей кездеспейді. Өйткені оны ақшаны басып шығарып жатқан кезде қоймайды. Оны ақшаның шынайылығын растау үшін банкте немесе айырбас орындарында қояды. Әр ұйымның өзінің ерекше «құпия» белгісі бар. Полимерлі қағаздың пайда болуымен банкноттарды мөлдір немесе жартылай мөлдір бөліктермен жасау мүмкіндігі туды. Оларды терезе деп те атайды. Ақша жасаушылар «терезе» субелгілерінің заманауи баламасы болып табылады, мамандардың айтуынша, оны қолдан жасау мүлдем мүмкін емес. Мөлдір бөліктерді Австралияның, Канаданың және Ұлыбританияның ақшаларынан көруге болады. Нағыз ақшаны жалған ақшадан айырудың көпке мәлім тәсілі – голограммаларға зер салу. Голограмма (кинеграмма) – фольгада немесе басқа материалда лазер сәулелерімен түсірілген ерекше үш өлшемді бейне. Голограмма көру бұрышын ауыстырған кезде реңін өзгертеді. Ақшаны қорғаудың бұл әдісін алғаш рет Австрияда 1988 жылы қолдана бастады. Содан бері бүкіл әлемге кеңінен тарап кетті. Әдетте, голографиялық қорғаныс белгілерін ірі ақшаларға түсіреді. Бірақ оны майда номиналдарда жолақ түрінде көруге болады.

Серіктес жаңалықтары