АҚ АЛТЫНДА БЕРЕКЕ БАР

АҚ АЛТЫНДА БЕРЕКЕ БАР

АҚ АЛТЫНДА БЕРЕКЕ БАР
ашық дереккөзі
299
Биыл Түркістан облысында 130 мың гектардан астам алқапқа шитті мақта дақылдары себілді. Алты ай бойы тер төккен шаруалар енді бірер күнде өз өнімдерін жинай бастайды. Өзге егістікке қарағанда мақта ерекше күтім мен тиянақтылықты қажет етеді дейді қырманның басы-қасындағы жұрт. Бірақ қырман көтерген шаруалар жыл сайын ақ алтын бағасының төмендігін айтып шағымданып келеді. Ауыл шаруашылығы министрлігі әр келісі 165-200 теңгеден қабылдануда деп есеп бергенмен, аудандар мен ауылдағы баға 80-90 теңгеден аспайтын көрінеді. Оңтүстік жұрты үшін мақта – береке мен бірліктің ұйытқысы. Солай бола тұра алдағы жылдары диқандар мақта егуден бас тартуы мүмкін. Неге? Түркістан облысының диқандары көктем хабар берісімен егістік алқаптарын дайындай бастайды. Аталған облыс мақта өсіру мен өндіру жағынан әлемдегі жетекші мемлекеттермен иық тірестіре алады. Осы жылы бір ғана Мақтарал ауданының өзінде 95 мың гектар алқапқа ақ алтынның шиті тасталды. Қоңыр күз кеткенше бел жазбайтын диқандар биылғы қырман да берекелі болады деп сеніммен отыр. Өйткені облыстағы кейбір мақта кооперативтері шет мемлекеттерден әкелінген ұрықтарды сынақтан өткізуде. Атап айтсақ, Түркиядан арнайы алдырылған жоғары сұрыпты ұрықтар отандық тұқыммен салыстырғанда едә­уір көп өнім береді екен. Мамандардың айтуынша, жергілікті мақта гектарына 25 центнерден, ал шетелдік тұқым 40 центнерге дейін өнім береді. Алайда жергілікті жерде әлі толық сынақтан өтпеген бұл тұқымға түркістандық диқандардың көбі қызығушылық таныта қоймаған. Егер сынақ сәтті аяқталып, жоғары сұрыпты тұқымды еккен диқандардың үміті ақталса, келер жылы шиттің сол түріне сұраныс көп болады дейді сарапшылар. Өлкедегі тұқымдық шиттің бағасы сапасына қарай саудаға түсті. Олардың әр келісі шамамен 250-300 теңгеден сатылды. Диқандардың жыл сайынғы есебі бойынша, мақта алқабының әр гектарына 30 келі мақта дәні себіледі. Отандық тоқыма өнеркәсібінің дамуының негізін құрайтын облыста мақта өсірумен өңірдегі Арыс пен Түркістан қалалары, Мақтарал, Шардара, Ордабасы аудандары айналысады. Түркістан облысында 22 мақта тазалайтын зауыт пен 264 мақта қабылдайтын пункттердің ел игілігі үшін жұмыс істеп тұрғанын айта кеткен жөн. Ақ алтын төңірегінде де түйіні тарқамаған түйткіл көп. Оның үстіне жыл сайынғы ауа райының тосын мінезі де түркістандық диқандарды біраз діңкелетіп тастады. Одан бөлек қаржы мәселесі тағы бар. «Егіншілікті нәсіп көріп отырған өңір тағы бірер жылда мақта егуден бас тартуы мүмкін», – дейді Мақтарал ауданының кейбір тұрғындары. Әңгімесін нақты мысалмен айтқандар өңірдегі бірқатар мәселені ойқазанына салып берді. Өзін Абдулла деп таныстырған диқан биыл ауа райы тым қолайсыз болды деп бастады әңгімесін. Жылдағы тұқым себу маусымынан 10-15 күн кешіккен шаруалар, мақта терімін де кештеу бастауға мәжбүр болатын көрінеді. Күз ортасына жеткенде алғашқы қар түсіп немесе күн суытып кетіп, көп өнім жиналмай қалуы мүмкін. Тұқымнан мақтаға айналу үшін уақыт пен күтім, ал диқанға асқан төзімділік керек. Өйткені көктем шыққанда жерді суарып, бірнеше қайтара соқалап шыққаннан кейін мұқият тырмалап барып, артынша тұқым тасталады. Ол шамамен мамыр айының басынан бастап соңына дейін жүретін тынымсыз шаруа. Егер де еккен тұқым жерді жарып шықпай жатып, жауын-шашын болса, жердің бетін жұмсартып, қатқалдақ істеу шарт. Кейде мақтаның басы жер бетіне шыққаннан кейін бұршақ аралас жауын жауып, бар еңбекті рәсуә етеді екен. Жаз мезгілінің алғашқы айы басталысымен шаруалар қолдарына кетпен алып, жаппай мақта алқабын зиянкес шөптерден тазалауға кіріседі. Шөптің көп өсуіне байланысты бір жылда 3 қайтара шабық шабылады. Бойының өсуі мен түрлі зиянкес жәндіктерден қорғану үшін арнайы химиялық қоспалар да осы уақыттарда себіліп бітеді. Кезекті суару маусымы үшін шаруалар бір-бірімен жаппай бет жыртысуға даяр. Сырдарияның сағасынан ағып «Киров» каналына құятын суға өңірдің барлық диқандары көз тігіп отырған соң, кезек тимей қалатындар да баршылық. Бұл да бір түйінді түйткіл болып тұрғаны сөзсіз. Тамыз айының басында қайта суарылып, бойы күрт өсіп кеткен мақта қозапаясының бар нәрі бойға кетіп қалмауы үшін оны біркелкі етуге қол күші тағы керек етіледі. Осылайша тұқымнан бастап, жерді айдайтын трактор мен оған құятын жанар-жағармай, химиялық тыңайтқыштар үшін шаш етектен  қаржысын сарп ететін диқандар ақ мақта үшін арпалысын жалғастыра берері хақ. Мемлекеттік субсидияны көптеген диқандар азсынады. Тіпті, техникаға берген қаржыны да ақтамайды дейді жергілікті жұрт. Жыл басында берілуі керек болған 10 мың теңгеден асар-аспас көмекті шаруалардың басым бөлігі әлі алып болмаған. Оның себебі – белгісіз. Абдулланың айтуынша ақ алтынды жинау диқандар үшін тым қымбатқа түседі. Мақта жинайтын арнайы комбайндар тапшы. Және олар жинаған өнімдердің 20-25 пайызын мақта қабылдау пункттері шығын ретінде, қысқартып тастайды екен. Ал қол күші тіптен тапшы. Диқандар өз туған-туыстарын жегіп, мектеп маңын торып жүріп адам жинайды. Оларға жинаған мақтасының келісіне 15-25 теңге береді. Мақта қабылдау пункттері өнімнің әр тоннасынан орта есеппен 150-200 келіні шығын есебінде қысқартады. Осындай нақты деректерді алға тартқан Абдулла еткен еңбек пен төккен терді ақтамайды дейді. Тағы бір диқанмен сөйлескенде 5 жыл­дан бері мақта орнына қауын-қарбыз егетінін жеткізді. Алғашқы жылы көл-көсір табысқа кенелген диқан келер жылы несібемнің көп бөлігінен қағылдым дейді. Себебі қауын мен қарбыздың пайдасын көрген ел келер жылы сол кәсіпке көп ойысты да, өнім көбейіп, баға күрт төмен түскен көрінеді. Болашақта осы өнімдердің шет мемлекеттердегі сұранысы артса, өңірдегі мақта егуші диқандар саны кеми бермек. Биылдың өзінде Түркістан облысында 61,4 мың гектар алқапқа қауын мен қарбыз егілді.  Түркия, Ресей, Латвия, Белоруссия, Германия елдеріне 80 мың тоннадан астам өнім экспортталды. Қазақстанның барлық өңірлерін қамтып, шет мемлекеттерге экспортталып жатқан қауын мен қарбыз келер жылы тағы да көбеймек. Қалай болғанда да өлкеде таразының екі басын тең ұстап, мақта шаруашылығына жете көңіл бөлінсе дейді біз сөйлескен диқандар.

Серіктес жаңалықтары