647
Оқулықтарға QR-кодтар енгізілді
Оқулықтарға QR-кодтар енгізілді
ҚР Білім және ғылым министрлігі жаңа оқу жылы қарсаңында мектептерді оқулықпен қамту жөнінде есеп берді. Онда Республика бойынша 2018-2019 оқу жылында жаңартылған оқу мазмұнына көшетін 3,6 және 8-сыныптар үшін 12 млн-нан астам оқулық сатып алынғаны туралы мәлімет берілген. Ал бұл сыныптарда елімізде биыл 960 мың бала оқиды.
«Баспаларға оқулықтардың пішімі мен салмағы бойынша барлық талаптарды сақтай отырып, сапалы деңгейде шығару жүктелген. Өткен жылдармен салыстырғанда оқулықтарға QR-кодтар енгізіліп, олардың электрондық нұсқасын пайдалану мүмкіндігі беріліп отыр», – делінген ҚР БҒМ баспасөз қызметінің мәлімдемесінде.
Әзірге орта есеппен республика бойынша оқулықтардың 98,2 пайызы жөнелтілді және өңірлерге оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің 92,5 пайызы жеткізілген.
Жамбыл, Түркістан, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласына оқулықтар 100 пайыз жіберілген.
«Бірқатар өңірлерде тасымалдаушылардың өз міндеттерін орындамауына байланысты оқулық жеткізуге кедергі келтіретін қауіптер бар. Сол себепті, Ақмола облысының 6 ауданы, Қостанай облысының 3 ауданы, Шығыс Қазақстан облысының 2 ауданы және Қызылорда облысының 1 ауданы оқу әдебиеттерін жеткізуді өздері ұйымдастыруға мәжбүр. Қостанай облысының Наурызым ауданы «Қазпошта» АҚ келісімшартты қайтадан жасасты», – деп жазды министрліктің баспасөз қызметі.