Ашық аспан астындағы опера

Ашық аспан астындағы опера

Ашық аспан астындағы опера
ашық дереккөзі
Алматыда мегаполис халқы үшін дәстүрлі мәдени шаралардың біріне айналып үлгерген «Көк-төбе Opera - 2018» фестивалі өтті. Биыл үшінші рет ұйымдастырылып отырған фестиваль екі күнге созылып, 25-26 тамыз күндері қала тұрғындарын рухани ләззатқа бөледі. Опера жанрының талғампаз тыңдармандары бұл жолы кештің басты қонағы Винченцо Костанцаның өнерін тамашалады. Сондай-ақ, классикалық ән мерекесінде симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының танымал солистері мен опера жұлдыздары әлемнің ең үздік композиторларының туындыларын орындап, Алматы жазының әсем кешінде тыңдарман қауымның қошеметіне бөленді. Қала күніне тарту ретінде арнайы ұйымдастырылып отырған фестиваль дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаев. Еске сала кетейік, «Көк-төбе Opera» фестивалі алғаш Алматыда 2016 жылы әсем қаланың 1000 жылдығына орай шымылдығын түрген болатын. Содан бері жыл сайын өткізіліп келе жатқан фестиваль өнер шыңы – опера тыңдарманының сүйікті мерекесіне айналды. Бұдан бұрын да алматылықтар мен қала қонақтарына Лиссабондағы «Сан-Карлуш», Модендегі Лучано Паваротти, Неапольдағы «Сан Карло» театрларының белгілі солистері өз өнерлерін көрсеткен. Әсіресе, Алехандро Рой, Винченцо Костанца сынды саңлақтардың шеберлігі талғамы биік алматылықтардың жүрегін жаулаған еді. Сонымен қатар, фестивальда ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Талғат Күзембаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жәмила Баспақова, Гүлзат Дәуірбаева, Оксана Давыденко, Дана Таласбекова, Қайрат Өмірбеков, Венера Алпысбаева, Александр Сметанин, Эмиль Сакавов және Елена Никонова сынды халықаралық конкурстардың лауреаттары да өнер көрсетіп келеді. Биылғы кеште де Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының әйгілі солистері негізгі композицияларды орындады. «Мен бірқатар мемлекетте табиғат аясында өткізілген концерттерде дирижерлік еттім. Тынық мұхитының жағалауында, Австралияда өткен сондай бір ғажайып концерт әлі есімде. Көк төбедегі фестиваль тыңдарманға дүниежүзілік деңгейдегі өнер ордасының шығармашылығын жақын таныстырады», – деді Алан Бөрібаев. Қала күніне орай ұйымдастырылатын мерекелік іс-шаралар биыл 24 тамызда басталып, 26 қыркүйекке дейін созылмақ.