1895
Мектеп – кеме, білім – теңіз
Мектеп – кеме, білім – теңіз
«Ұстаз деген ұлағатты атауды естігенде, күні бүгінге дейін өзімді шәкірттей сезінемін», – деген екен ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін салушылардың бірі, актер Серке Қожамқұлов. Расында, «анасы бар адамдар ешқашан қартаймайтыны» іспеттес, ұстазы бар адамдар да мәңгілік шәкірт болып қала бермек. Осы тұста алдағы Білім күні мерекесіне орай, «жаны асқақ, ар-намысын ардақтайтын, жақынға да, жатқа да әділ» бола білген ұстаздар қауымы да ерекше толқитыны дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» (Ы.Алтынсарин). Өмірге деген көзқарасты түп-тамырымен өзгертіп жіберетін де ұстаздар кездеседі өмірде. Бұл қандай күш дейсіз ғой?! Ол – ұстаздың жан-жақты білімі және оны оқушының санасына ғана емес, жүрегіне де жеткізе алатын қабілеті. Алдағы күндері Қазақстандағы барлық мектептерде алғашқы қоңыраудың үні естіледі. Тамыз айының басында Білім және ғылым министрлігі таратқан ақпаратқа сәйкес, биыл Қазақстанда мектеп табалдырығын 342 мың бала аттағалы отыр. Осы мерекені Алматы қаласы және облысының ұстаздары мен ата-аналары қалай қарсы алып, қандай жаңалық күтетінін арнайы сұрап білген едік.
Бақытнұр Әділов, Ш.Смағұлов атындағы Алматы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған физика-математика орта мектеп-интернатының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:
ӘР САБАҚ – РУХАНИ КҮРЕС АЛАҢЫ
– Қазіргі білім саласы мен сапасына қаншалықты көңіліңіз толады?
– Біздің мемлекетіміздің алдында тұрған көп міндеттердің бірі – жас әрі жаңа ұрпаққа кемел әдістермен толыққанды, мазмұнды білім беруді жүзеге асыру. Ел болашағы бүгінде партада отырған баланың қандай білім мен тәрбие алуына байланысты. Білім беру саласында жасалып жатқан өзгерістердің барлығы да осы бағытты көздейді. Жеке көзқарасыма сүйенсем, бізге ұлттық құндылықтарға негізделген, ұлт бойында әуелден қалыптасқан саналы тәрбиені (үлкенді сыйлау, кішілік пен кісілік, сөз тыңдай білу, адамдардың өзара қарым-қатынасындағы жылылық, адалдық т.с.с ірі қасиеттерге негізделген) басымдыққа қойған білім беру ісі керек. Қоғамда қазіргі уақытта кездесіп жатқан көптеген келеңсіздіктердің барлығының түп тамыры да қоғамдағы адамдар арасындағы жылылық пен адалдық сияқты қасиеттердің назардан тыс қалғандығынан туындап жатыр деп ойлаймын. Жас, іскер, қабілетті деп үлкен қызметтерге қойғандардың уақыт өте келе талай шикіліктері ашылып, әшкере болып жатқаны да жоғарыда аталған қасиеттерге әр отбасында, балабақшада, мектепте, жоғары оқу орындарында баса назар аударылмауынан. Жапондар өз баласына жақсы маман болмасаң болма, жақсы адам болуға тиіссің дейді екен. Тіпті, кешегі күні Ресейде футболдан өткен әлем чемпионатында жапондар тәрбиелерінің қаншалықты жоғары екендігін көрсетіп кеткен жоқ па? Стадиондағы өздері отырған жердегі қоқыс қалдықтарын түгелдей теріп, тазалап жатқандығын теледидардан да көрсетті. Жапон футболшылары өздері ойынға дайындалатын орынды айнадай ғып тазалап, орыс тілінде «Рахмет» деп хат жазып кетуі көп нәрсені аңғартпай ма? Ал біздің халықтың бойында осындай қасиеттер жоқ па? Біздің ата-бабамыздан мирас болып келе жатыр емес пе сол қасиеттер? Демек, алдағы уақытта біздің қоғамда тек білім беру ғана емес, бала тәрбиесі басты орында тұруы керек. Білім саласында енгізіліп жатқан жаңалықтардың бәрінде осы сала айрықша басымдыққа ие болуы керек. Онсыз жақсы, сапалы білім де қоғамға өзгеріс енгізе алмайды деп санаймын. – Жаңа бағдарламалар мен оқулықтар жөнінде не айта аласыз? – Жаңа бағдарламалар мен оқулықтарды авторлармен қатар мектепте талай жыл еңбек еткен тәжірибелі мұғалімдер бірлесе жазса оңды болар еді. Ғылым мен тәжірибенің ұштасуы көп жетістіктерге жеткізер еді. Оқулық мазмұны да жоғарыда айтып кеткен жайттарға негізделуі керек деп ойлаймын. Әсіресе, гуманитарлық саладағы оқулықтарға баса назар аударылса. Былтырғы оқу жылында 7-сыныпқа қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ бердім. Қазақ әдебиеті оқулығы көңілден шықты. Мазмұнды, бала болмысының қалыптасуына қажетті шығармалар іріктеліп алынған. Әр шығарманы емін-еркін талдауға жеткілікті уақыт бөлінген. Ал қазақ тілі оқулығына, шынымды айтсам, көңілім толмады. Бұл оқулықты қайта қарау керек деп ойлаймын. – Мектептерде қарапайым мұғалім кездесетін қиындықтар көп пе? – Мұғалім боламын деп бел байлап келген әр маман жұмыс барысында кездесетін қиындықтарға төзуі керек. Өз пәнін терең түсінген маман ғана жетістікке жете алады. Шала түсінсең, не өзің терең білмесең, қандай жетістік болмақ? Қиындық деп өз пәніңді оқушыға жеткізе білудің түрлі жолдарын игеруді айтар едім. Бір тақырыпты оқушыға жеткізу үшін әлденеше кітаптар мен ғылыми зерттеу еңбектерін ақтару керек болады.Тіпті, бұрын өтілген, өзің әбден білемін деген тақырыптың өзі, оған дайындаған дәлелдемелерің мен материалдарың жаңа оқу жылына келгенде кейде олқы соғатын кезі де болады. Себебі әр оқу жылындағы баланың санасы мен көзқарасы өзгеріп келіп отырады. «Абай жолын» әр оқыған сайын бұрын өзім байқамаған бір тереңдік, жаңа ой табамын» – деп, Ғ.Мүсірепов айтпақшы, әр сабақта жаңа ой, көзқарас туындамаса, соны қиындық деп ұғамын. Сол көзқарасты, ойды жеткізудің басқа әдісін таба алмасаң, мұғалім үшін қиындық сол деп білемін. Бағдарлама, оқулық, әдістемелік құралдардың барлығын да мемлекет жасап беріп отыр ғой. Күнделікті ағымдағы істердің бәрі қиындыққа жатпайды. – Ұстаз қандай болуы керек? – Ұстаз қандай болуы керек деген сұраққа ежелден түрлі анықтамалар мен түйінді ойлар жыр түрінде де, қарапайым қағида түрінде де айтылып келген ғой. Бұл арада ұстаз мұндай болуы керек деп жаңалық ашқандай болғым келмейді. Жақсы ойлар бұрыннан айтылып келеді. Тек сол айтылған қағидалардың басым бөлігін жүзеге асыра алсақ, «ұстаз» деген атаққа лайық болар едік. Ұлы ұстаздардың қай-қайсысын алып қарасақ та, қарапайым өмір сүрген. Қарапайымдылық пен жанашырлық, қажет уақытында сөлін сығып алатын табандылық пен іскерлік, адалдық ұстазға тән қасиеттер болуы тиіс. – Жас мұғалімдерге баланы оқыту жөнінде қандай кеңес берер едіңіз? – Өз саласын терең меңгермеген мұғалімнен еш нәтиже шықпайды. Бұл арада халқымыздың мына тамаша мақалы әрқашан жадымызда болуға тиіс: «Қой асығы демегін, қолыңа жақса, сақа қой, Жасы кіші демегін, ақылы асса, аға қой». Жас болып тұрып өз салаңда аға бола алмасаң қиын. Ал бала мектепке қандай болып келеді, солай қабылдау керек. Баланың бәрі бірдей ортадан шықпайды әрі тәрбиесі де бірдей болмайды. Жас мұғалім үшін басты міндет – бала өзін сабақта қауіпсіз сезінуіне жағдай жасауы. Қауіпсіз жағдай дегенде құлау, сүріну, мертігу туралы айтып тұрғаным жоқ. Бала өз пікірін сізден қорықпай айта алуы керек. Егер дұрыс пікір айтпаған жағдайда оны бетінен қақсаңыз, келесіде ол бала қалай қинасаңыз да өз ойын айтпайды, тіптен онікі дұрыс болып тұрса да. Себебі оны алдыңғы сабақта тежеп тастадыңыз, пікірінің дұрыс еместігін бүкіл сынып алдында әшкере қылдыңыз. Ал сыныпта оның жанашыр досы мен бәсекелес қарсыласы да болуы мүмкін. Адамдар бір істі істер кезде ешқашан бір пікір, бір көзқараста болмайды. Түрлі ойлар мен шешімдер болады. Мұндайда баламен бірлесе жұмыс жасап, оның қате пікірін өзіне білдірмей түзей білсеңіз оңды болады. Бұл арада «Аяз би» ертегісіндегі хан айтқан асыранды қырық қаздың (қырық уәзір) білдірмей жүнін жұлып, күйдірмей үйіте білген Аяз бидің амалы керек. – Ұстаздық еткен жылдарыңыздан түйген бір-екі ойыңызды айтып беріңізші... – Отыз жылдан аса мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп келемін. Бәлендей қырып тастадық демесек те, біршама іс атқардым деп ойлаймын. Маман ретінде талай сынға да түстік, сан жарыстарға қатыстық. Бірнеше рет республикалық семинарларда қазақ әдебиетін оқытудың әдістері жөнінде тәжірибемен бөлісіп, шеберлік сағаттарын да өткіздік. Соны қанағат қылып, тұрып қалғанымыз жоқ. Әртүрлі жаңаша оқыту курстарында болып, тәжірибемізді жаңа әдістермен байытып келеміз. Мен үшін әр сабақ – жаңа күрес, майдан алаңы. Жас күнімізде соны онша елемейді екенбіз. Осы күндері бір сабақ сәтті өткенше жанталасасың да, артынша қатты шаршайтының да бар. Бар күш˗қуатыңды сығып алған сабақ жаныңды рақатқа бөлейтінін де сезінетін болдық. Осыдан түйген ойымды айтсам, тағы да кемеңгер Абайға сүйенемін: «Алла тағала әуелден адам баласын ақыл иесі қылып жаратады». Мәселе, сол ақылдың немен толығып, немен қуаттанатынында. Ақ түс пен қара түстің қайшылығындай болады оның өзі де. Өз сабағымызда шамамыз жеткенше алдымыздағы баланың жақсы мен жаманның арасын айыра білетін ақыл иесі болуына ықпал еттік деп ойлаймын. Өз ақылымыз бен танымымыз жеткенше, өз жүрегіміз сүйінген және күйінген әрекеттердің ара жігін ажырата отырып, сол нәрселердің адамға, қоғамға қандай пайдалы жақтары мен теріс жақтары болатындығын да айта алғандаймыз. Кейде мақтанатындарымыз да бар: «Мен оқытқан бала бәлен жерде бастық болып,үлкен қызметте, үлкен адам болып отыр» деп. Ол жалғыз сіздің ғана іс емес, оның артында ата-анасы, қоғам, ортасы бар. Баланы тәрбиелейтін көбінесе ортасы. Сондықтан мұғалімнің міндеті – жақсы бала тәрбиелеу емес, жақсы ортаны тәрбиелей білуінде. Жақсы ортада балалар бір-біріне дос, жанашыр, бауырмал, білім-білігін бөлісе алатын болса, жақсы адам болары сөзсіз. Бала болған соң қателеседі де. Сол қателігін кешіріп, түзу бағытқа нұсқау – ұстаз өміріндегі ең дұрыс жол деп санаймын. Ермек Ербошаев, №40 жалпы білім беретін мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:БҰЛ ҒАСЫР – ЖАЙБАСАРЛЫҚТЫ КӨТЕРМЕЙТІН ҒАСЫР
– Жаңа оқу жылына қалай дайындалып жатырсыздар? – Дәстүрлі алғашқы мектеп қоңырауын сыңғырлатуға, мектеп партасына асыққан оқушыларымызды киелі білім шаңырағымен қайта қауыштыруға дайынбыз. Мектебіміз жаз бойы жергілікті бюджет қаржысының есебінен ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізді. Жаңа оқу жылы жақындаған сайын тек ата-аналарға жауапкершілік артылып қоймайды. Сонымен қатар ұстаздардың да жауапкершілігі күшейе түсіп, әбігерге түсетіні анық. Республикамызда дәстүрге айналған «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы, қателеспесем, осымен он жыл қатарынан өз жұмысын жүйелі түрде өткізіп келеді. Осы акция аясында мектебіміздің 60-70-ке жуық көмекке зәру отбасыларындағы балаларға жылда қажетті көмек көрсетіліп келеді. Жаңа мектеп киімдерінен бөлек, жаңа мектеп портфельдеріне ие болған оқушылардың, ата-аналардың риза болып қуанғанын көргенде, осындай игі істер жасап жатқан жандарға риза болып қаласың. Биыл мектебімізге үлкен екі жабық футбол стадионы сыйға берілгелі тұр. Бұл стадион мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағдарламасы аясында жеке кәсіпкердің қолдауымен салынуда. Биылғы 2017-2018 оқу жылын жеңісті және жемісті тәмамдадық десем, қателеспеймін. Себебі мектеп бітіруші түлектеріміздің ҰБТ-дан алған бағалары нәтижелі болды. 26 түлек 11-сыныпты бітірсе, оның 24-і ҰБТ-ға қатысып, 19-ы грант иегері атанды. Мектебіміздің осы жылғы білім сынағында алған бағалары биыл 114,4 баллды құрады. Бұл дегеніміз – өткен жылмен салыстырғанда 11,6 баллға артық көрсеткіш. Екі оқушы «Алтын белгі», бір оқушымыз Үздік аттестат иегері атанды. Түлектеріміздің барлығы білім деңгейлерін жоғары деңгейде көрсетіп, қалаған оқу орындарының гранттарына ие болды. – Білім сапасын арттыру үшін қандай өзгерістерді ұсынар едіңіз? – Бүкіл әлемде болып жатқан қарқынды өзгерістер әлемдік білім беру жүйесін қайта қарау қажет екендігін көрсетіп отыр. Нарықтық заманда өркениетке сай сапалы білім беру ақпараттық интеллектуалдық ресурстарды өз бетімен ала алатын, талдай білетін, идея бере алатын, үнемі даму үстінде болатын, жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлға қалыптастыру болып отырғандықтан, алдымен өзімнің кәсіби деңгейімді көтеру үшін педагогикалық шеберлік орталықтарынан білімімді жетілдіру үстіндемін. Әрине, негізгі мақсатым қазіргі заман талабына сай, оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолын жан-жақты күшейту. Себебі XXI ғасыр бәсеке, білім, ғылым ғасыры. Бұл ғасыр – жайбасарлықты көтермейтін ғасыр. Яғни, әлемдік бәсекелестіктің жылдам дамуына ілесе алатындай білімді де тапқыр дара тұлғаның тағдыры біздің қолымызға аманат ретінде тапсырылып отыр. Ағылшын ағартушысы Уильям Уорд мұғалім жайлы былай дейді: «Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады». Ендеше мұғалімнің қиын да күрделі еңбегінде небір күрделі қиындықтар кездеседі. Шебер ұстаз соның бәріне төтеп беріп, сабақ үрдісін түрлендіріп отыруы керек. Қазіргі қоғамдағы мұғалім – жеке көзқарасы бар, соған қарай жігерлі тұлға, зерттеушілік, ойшылдық, шығармашылық қасиеті бар әрі оқушысын осы қасиеттері арқылы өз бетінше оқып, ізденіп, кеңейтілген білім алуға үйрете алатын маман болуы керек. Өйткені қазіргі жас буын – еліміздің келер күнгі келбеті. Бұл жөнінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ғасырлар мақсаты – саяси экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, ізгіленген XXI ғасырды құрушы іскер, өмірге икемделген, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру», – деген тұжырым жасады. Ол үшін бүгінгі оқу үрдісіне сай педагогикалық шеберлік қажет. Педагогтік шеберлік – дарынды талант емес, үйрену, ізденудің нәтижесі. Бүгінгі ұстаз шәкіртіне мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеуі керек. Ол нағыз ұстаздың, яғни жаңашыл мұғалімнің қолынан келеді. – Қазақстан білім ошақтарының болашағын қалай елестетесіз? – Әрбір мектеп қабырғасы – балаға рух беретін, мәдениет қалыптастыратын, білік дарытатын білім ошағы деуге болады. Қазіргі мектеп ордалары жаңаша түрде, жаңа әдіс-тәсілдермен Назарбаев зияткерлік мектептерінің бағдарламасына сәйкес жұмыс істеуде. Еліміздегі заманауи білім ошақтарында білімді оқушыларға дайын түрде бермейді, сонымен қатар берген білімге, тапсырмаға кері байланыс жасау қалыптастырады. Соңғы жылдары мектептердің оқыту барысы мен жүйесіне көптеген өзгерістер енгізілуде: мұғалімдер сабақ жоспарын қайтадан дайындауда, білім берудің жаңа әдіс-тәсілдерін қолданып сабақ беруде. Бүгінгі оқушылар көптеген шығармашылық, тәжірибелік, жобалық тапсырмаларды көп орындауда. Өйткені бүгінгі білім жүйесінің міндеті болып тұр. Қазіргі таңда жастардың көп бөлігі зерттеу жұмыстарына, ғылыми-практикалық конференцияларға, интеллектуалды конкурстар мен олимпиадаларға қызығуда. Бұл дегеніміз баланы жаңа заман талабына ілесе алатын, білімді азамат болуға дайындайды. Яғни, білім ошақтары тек білім алатын жер емес, ол әлеуметтік-қоғамдық даму ортасы болып қалыптасады. Мектептерде балаларға арналған қоғамдық ұйымдар жұмыс жасайды. Болашақ мектеп бейнесі – жаңа достар табатын орта, баланы қоршаған ортаға бейімделуге қалыптастыратын білім ошағына айналатынына кәміл сенемін. XXI ғасырда, технология дамып жатқан заманда мектептің білім сапасы жылдан жылға дами беретініне көзім жетеді. Шара Қалықова, Қ.Орымбетов атындағы орта мектеп директоры:ҚАЙ ҰСТАЗ БІЛІКТІ БОЛСА, СОЛ САЛА ЖАҚСЫ ДАМИДЫ
– Мектептеріңіз көзге еңселі көрінеді екен. Тарихы туралы қысқаша мағлұмат бере кетсеңіз... – Еңбекшіқазақ ауданы, Қаракемер ауылында орналасқан Қ.Орымбетов атындағы орта мектебіміз 1967 жылы құрылған. Қазір мектепте 1138 оқушы білім алуда. – Мектепте қанша ұстаз бар? Ұстаздардың қанша пайызы жас мұғалімдер? Жалпы, қазіргі кезде педагогтар жеткілікті ме? – Бізде 90 мұғалім сабақ береді және олардың 60 пайызы жас мамандар. Педагогтар жеткіліксіз, атап айтсам, орыс тілі, ағылшын тілі, орыс сыныптарына математика, физика пәндері бойынша мамандар жоқ. – Қазіргі білім саласы мен сапасына көңіліңіз тола ма? – Қазіргі білім мазмұны бойынша айтатын болсақ, бүгінгі заман талабына сай жаңашылдық керек. Алайда бүгінгі жаңа білім мазмұны бойынша оқулықтардың көлемі үлкен, 6 жастағы баланың жас ерекшелігіне сай емес, ал жаңа білімді меңгеру қиын. – Оқушылар оқулықпен уақтылы қамтамасыз етіле ме? – Ол тұрғыда мәселе туындамайды. Оқушыларды оқулықпен уақытында қамтамасыз ету үшін бар жағдай қарастырылған. Мектебіміз әскери-патриоттық бағытта ерекше дамыған. Аудан көлемінде жүлделі орындарға ие. Республикалық форумдарға да қатысып тұрамыз. Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында «Ауылым – алтын бесігім!» тақырыбында жоба қорғалды, мектебімізде республикалық семинар өтті. Қай пәннің ұстазы жақсы болса, сол сала мектепте жақсы дамиды. Сондай-ақ, ауыл балалары спортқа өте жақын. Бейімдеу үшін әртүрлі спорт секциялары да ашылған. Әсіресе, қыздар волейбол жарысына белсене қатысады. Бағила Әшімбаева, Қожа Ахмет Ясауи атындағы №123 көп салалы мектеп-гимназиясының директоры:ОЗАТ ШӘКІРТІМІЗ ҰБТ-ДА 140 БАЛЛ АЛДЫ
– Біздің мектеп №123 жалпы білім беретін мектеп ретінде 1989 жылы негізі қаланып, 1991 жылы іске қосылған. 1997 жылы Қожа Ахмет Яссауи аты берілді. 2002 жылы көп салалы мектеп-гимназия статусын иеленді. Мектебімізде 2063 оқушы білім алып, 159 ұстаз еңбек етуде. Олардың 62 пайызы жас ұстаздар. Мұғалімдер әр пәннен жеткілікті. Қазіргі білім саласы мен сапасына көңіліміз толады. Бағалау жүйесі өзгертілді, жаңа оқулықтар шығарылып, мектептер қамтамасыз етілді. Оқушыларымыз оқулықтармен толықтай қамтылды. Мектебіміз бастауыш сыныптар мен математикалық-жаратылыстану және қоғамдық-гуманитарлық бағыты бойынша көптеген жетістіктерге жетуде, атап айтсақ, «Абай оқулары» мен «Айтыс» сайыстарында бас жүлде иеленді. Ағылшын тілінен «British buldog» сайыстарында да жүлделі орындарымыз бар. Болашақта мектебіміз «Үздік мектеп» конкурсына қатыспақшы. Биыл ҰБТ-дан 140 балл алған алматылық түлек Шиара Құдайбергенова біздің мектепте білім алған.Дайындаған
Аяулым Салықжанова,
Арман Құдайберген