1288
Үш тілді білім беру – заман талабы
Үш тілді білім беру – заман талабы
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында білімнің салтанат құруына айрықша тоқталғаны белгілі. Қазір Жамбыл облысында аталмыш бағдарламада көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында маңызды жұмыстар атқарылып келеді.
«Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Тәуелсіздік жылдарында қыруар жұмыс жасалды. Біз он мыңдаған жасты әлемнің маңдайалды университеттерінде оқытып, дайындадық. Бұл жұмыс өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында қолға алынған «Болашақ» бағдарламасынан басталды. Елімізде өте жоғары деңгейдегі бірқатар университеттер ашылды, зияткерлік мектептер жүйесі қалыптасты. Басқа да көптеген іс тындырылды. Дегенмен, білімнің салтанаты жалпыға ортақ болуға тиіс. Оның айқын да, бұлтартпас себептері бар. Технологиялық революцияның беталысына қарасақ, таяу онжылдық уақытта қазіргі кәсіптердің жартысы жойылып кетеді», – деген Елбасы өз мақаласында.
Мемлекет басшысының білім беру саласына қатысты жүктеген міндеттері бойынша Жамбыл облысында атқарылып жатқан шараларда есеп жоқ. Сондай шаралардың бірі – үш тілді білім беруді дамыту. Жамбыл облысы білім берудің бұл жүйесіне өту үшін мұғалімдердің біліктілігін арттыруды қолға алып жатыр. Жаңартылған білім беру мазмұнына сай жұмыс істеуді қолға алғандардың қатарында Жамбыл атындағы № 5 орта мектептің мұғалімдері де бар. 2152 оқушы білім алатын Жамбыл атындағы №5 орта мектепте 3 тілде сабақ жүргізу биылдан бастап экспериментті алаң ретінде енгізіліп отыр. Бүгінде мұнда 4 пән элективті курс түрінде шет тілінде жүргізіледі. Бұл үшін мектепте арнайы кабинет ашылып, компьютер, интерактивті тақта және тағы басқа құралдармен жабдықталған.
Бұл мектепте 7 маман жаратылыстану-математика бағытындағы сабақтарды ағылшын тілінде жүргізуге қабілетті. Ол үшін арнайы оқыту курстарынан өтіп, білімдерін жетілдіріп тұрады. Өйткені, бүгінде оқушылардың шет тілдерін бізден еркін меңгеруі заманнан қалмауды талап етеді. Мектепте 7-8 сыныптарда биологиядан бөлек, физика, химия пәндері таңдаулы курс түрінде ағылшынша жүргізіледі. Ал, 6-сыныптарда «Путешествие в Древний мир» атты қосымша сабақ орыс тілінде өтеді.
Жамбыл облысында 450 орта білім беретін нысан болса, оның 3-еуі жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде беруді бастап кеткелі қашан. Ал, 45 мектепте оқушыларға осы пәндердің терминологиясы үйретіліп жатыр. Құрылғалы бері білім берудің осы жүйесін қолданатын білім-инновациялық лицейлерінің мұғалімдері тәжірибелерімен бөлісіп, семинар тренингтер өткізіп тұрады.
Дарынды балаларға арналған білім инновациялық интернаттары Қазақстанда 90-жылдары ашылды. Содан бері оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беріп келеді. Білім ордаларында оқу 4 тілде жүргізіледі. Бұл мектептердің маңызды ерекшеліктерінің бірі – шет тілдерін оқытуға көп басымдылық беріледі. Яғни, математика, физика, химия, биология, информатика пәндері ағылшын тілінде үйретіледі. Ол үшін әлемдік стандартқа сай оқулықтар қолданылады.
Білім сапасын заман талабына сай жетілдіріп отыру қай кезде де басты мәселе. Осыған орай Жамбыл облыстық әкімдігінің білім басқармасының ұйымдастыруымен облыстық «Дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Иновация» мектеп-интернатыда «Білім беру мен оқытудағы өзгерістер – білім берудің тиімділігін қамтамасыз етудің негізі» атты облыстық шеберлік сыныбы өтті.
Білім беру жүйесі қоғамның әлеуметтік- экономикалық дамуында жетекші роль атқарады, сондай-ақ оны жетілдіріп айқындай түседі.Осыған орай ұйымдастырылған шараға облыс бойынша барлығы 175 тәжірибелі педагогтар қатысты. Мұнда олар облыстағы Ұлттық бірыңғай тестілеуден төмен нәтиже көрсеткен мектептің директорлары мен оның ғылыми- әдістемелік жұмыстары жөніндегі орынбасарларына әдістемелік көмек көрсетті.Бұған қоса аттестаттау мен ҰБТ бойынша білім сапасын арттыру жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру жайын талқылады.