Сарездің суы қауіпті

Сарездің суы қауіпті

Сарездің суы қауіпті
ашық дереккөзі
Швецияның Уппсала университетінің ғалымдарының есептеуінше, дүние жүзінде 117 миллион көл бар екен және олар жер бетінің төрт пайызындай аумақты алып жатқан көрінеді. Әрине, «сулы жер – нулы жер», көл бар жерде өмір бар. Көлдің жағасында мал шаруашылығын да, егін шаруашылығын да дамытуға болады. Бірақ «Ішпес жерде су бар» дегендей, суы тұщы кейбір көлдердің орналасқан жері елден қашықта және биікте болса, оның пайдасынан зияны көп болуы да мүмкін. Бұл орайда, Тәжікстанның Памир тауындағы Сарез көліндегі мол су – күрделі мәселеге негіз болып отыр. Сарез көлі теңіз деңгейінен 3255 метр биіктікте орналасқан. Ұзындығы – 60 шақырымнан аса, ені 3,4 шақырымға жететін, ең терең жері 500 метр болатын алып көл. Ол 1911 жылдың 18 ақпаны күнгі жер сілкіну кезінде Тәжікстанның Таулы-Бадахшан автономиялы облысының Мургаб ауданындағы Мургаб өзенінің аңғарының бөгеліп қалуынан пайда болған. Суы тұщы. Қыс мезгілінде қатады. Сарездің көлемі жылдар өткен сайын біртіндеп ұлғайып келеді. Көлдің толуы 1926 жылы аяқталса, 1946 жылы аумағы ұлғайып, 86,5 шаршы шақырымға жеткен. Одан бері де көл суы бір қалыпта тұрған жоқ. Бұл, әрине, жұрттың назарынан тыс қалатын нәрсе емес. Осыдан 21 жыл бұрын Сарез көлі суының құлауынан пайда болуы ықтимал қиындықтардың алын алу мақсатында Тәжікстанның астанасы Душанбе қаласында алғашқы басқосу өтсе, 2007 жылы Тәжікстанның Азаматтық қорғаныс пен Төтенше жағдайлар комитеті және БҰҰ жанындағы Қауіпті азайту стратегиясы ұйымының ұйымдастыруымен халықаралық конференция өткен еді. Сонда көптеген ұсыныстар айтылып, Сарез көлінің су мөлшерін реттеп отыру мәселелері көтерілген. Соның бірі – БҰҰ жанындағы Қауіпті азайту стратегиясы ұйымының Орталық Азиядағы кеңесшісі Гүлсара Пулатова ұсынған «көл деңгейін бақылауда ұстау үшін одан су құбырын тартып, сол арқылы су-электр қуатын өндіру немесе Әмудария және Пяндж өзендерінің суының деңгейін бірқалыпты ұстауға болатыны» туралы жоба еді. Алайда ол жобаны іске асыруға тәжік елінің экономикасы көтермейтін. Бірақ осы мәселені шешуде Тәжікстан әлі күнге дейін халықаралық қауымдастықтың көмегінен үмітті. Қайбір мәселе де шешуін күтіп тұра бермейді. Апат ойламаған жерден пайда болуы мүмкін. Мысалы, 1987 жылдың 22 тамызында Сарезге өте үлкен тау жартасы құлап, 18 миллион текше метрлік ол тас үшке бөлініп құлаған. Соның әсерінен Сарезде 16-17 метрлік толқындар пайда болды. Геологиялық зерттеу бекеті тұрған тұста Сарез суы 3-4 метрге көтерілген. Таулы аймақтарда жиі жер сілкінісі болатынын есепке алсақ, биікте орналасқан әрі суы жыл сайын тасып бара жатқан Сарез көлі шынымен де қауіпті. Көлді зерттеушілер одан келер қауіпті жан-жақты қарап, тексеріп келеді. Мәселен, 1967 жылы геологтар көлдің оң жағынан ұзындығы екі шақырымға созылған жарықты байқаған. Бұл дегеніңіз, жасырынып тұрған алып көшкін сияқты. Өкінішке қарай, Сарез көлінен төнетін қауіп туралы болжамдар естіген адамның зәресін ұшырардай қорқынышты. Қауіп екі жағдайда орын алуы мүмкін екен: көл суының бөгетті бұзып кетуінен немесе жер қыртысындағы жарықтар арқылы судың көп мөлшерде құлауынан. «Қауіп тек қана Тәжікстанға төнбейді, – дейді Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы механика институтының зерттеушілері. – Егер биіктігі үш шақырымнан жоғары тұрған алып көлдің мол суы құлайтын болса, ол су Бартанг, Пяндж, Әмудария өзендері мен Қарақұм арнасында өте күшті сел жүріп, жолдағысының бәрін ағызып әкетеді. Тауларда 150 метр биіктікке шапшыған толқын, жазыққа келгеннің өзінде 15 метрге жетіп, мол су 25 шақырымға жайылатын болады. Ал жылдамдығы сағатына 100 шақырымға жететін топан су Тәжікстаннан басқа Өзбекстан, Түркіменстан және Ауғанстан елдеріне үлкен зардабын тигізеді». Тәжікстанның төтенше жағдайлар комитетінің айтуынша, апат аймағында 6 миллионнан аса адам өмір сүреді екен. Болжамшылардың бірі геофизик Леонид Папырин апат болған жағдайда 600 мың адам қаза табады деп санайды. Оның айтуынша, күшті селдің кесірінен Душанбе-Хорог күре жолы, сол сияқты Пяндж, Әмудария өзендеріндегі барлық көпірлер, Өзбекстан мен Түркіменстандағы мелиорациялық қондырғылар, сонымен бірге Қарақұм арнасы мен оның жағасында отырған елді мекендер түгелімен қирап, үш мемлекеттің арасын жалғап тұрған темір жолдар жоқ болады екен... Ал болуы ықтимал Сарез апатын математикалық модельдеумен айналысқандарға жетекшілік еткен инженер-гидротехник Андрей Захватовтың мәлімдеуі кісінің төбе шашын тік тұрғызардай. Оның көрсетуінше, Орталық Азиядағы елдерден бөлек Қазақстан да қауіпті аймаққа кіреді. Су тасқынының кесірінен аймақтағы зираттар жуылып кетіп, малдар қырылады, Ауғанстан мен Тәжікстан шекарасындағы миналанған жерлер жойылады. Ресей мен Қазақстанға және Еуропаға қарай миллиондаған босқындар жетеді. Мұның соңы көп елдерде қылмыстың өршуіне алып келеді. «Памир мен Пяндждағы апаттың салдары сұмдық болады. 2004 жылғы Оңтүстік Азиядағы және 2011 жылғы Жанониядағы цунами бұның қасында балаларға арналған таңертеңгілікте көрсетілетін ертегі спектаклінде ғана болады», – деген еді Сарез мәселесіне арналған басқосуда А.Захватов. Әрине, болжамның аты – болжам. Бірақ мамандарды жұртқа ертегі айтатындармен салыстыруға келмес. Қазақ «От бәлеңнен, су бәлеңнен, жала бәлеңнен сақта» дегенде бірдеңені біліп айтқаны анық. Әйтсе де, «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» дегенді ұстанатын бүгінгі дәуірдің жауапты адамдары тығырықтан шығудың түрлі амалдарын қарастыруда. Жасыратыны жоқ, Сарез қаупін сейілту мәселесінде негізінен кеңестік кездегі зерттеудің қорытындылары назарға алынып, сол кездегі ұсыныстарға орай жұмыс жүргізгісі келетіндер көпшілік. Мамандардың пікірі Сарез суының көлемін азайту мәселесінде тоқайласып жатыр. Ол үшін әрі қарапайым, әрі арзан жоба ретінде Усой бөгеті арқылы артық суды ағызып тұратын құбыр салу керек дейді. Бір жағынан бұл құбырдан ағатын су күші есепке алынып, электр энергиясын өндіру де қаперге алынбақшы. «Сарез көліндегі судың деңгейін 100 метрге түсіру керек, 150 метрге түссе тіпті жақсы. Суды азайту кезінде Сарезден жіберілген су Мургаб өзенінің негізгі су ағымына зиянын тигізбеу үшін, оны 30 шақырымдық тоннель арқылы Какубей өзеніне жеткізу керек. Усой құламасының артындағы Бартанг өзеніне жақын жерде ойпат бар, ол селден қорғауға арналған бөгет салуға қолайлы. Егер бөгет салынса, Сарезден құлаған судың барлық қаупін сейілте алады. Ал қауіп-қатерді ауыздықтаудың соңғы кезеңі – Сарез көлінде су электр станциясын салу», – дейді техника ғылымының докторы Юрий Севенард. Егер ол айтқан жоба іске асса 17 миллиард текше метр суы бар Сарездің 7-8 миллиард текше метрін азайтуға мүмкіндік бар көрінеді. Соңғы жылдарда Сарез түйткілімен жеке қалған Тәжікстан оны шешу үшін көрші мемлекеттер және әлемдік қоғамдастықтан көмек сұрады. Әрине, тәжік жағы Орталық Азия елдерінен қаржылық, интеллектуалдық көмек күтті. Бірақ ол кезде енді ғана тәуелсіздік алып, экономикалық деңгейін көтерумен жанталасып жатқан көршілерден қайран бола қойған жоқ. Дегенмен 2000 жылы Бүкіләлемдік банк басқармасы бұл мәселе арналған тиісті халықаралық жобаны іске қосты. Шетелдік ғалымдар бұл мәселені шешудің бірден бір жолы ретінде Сарездегі су көлемін азайтуды ұсынды. Соның ішінде суды табиғи жолмен реттеуді қолдады. Алайда алты жылдық еңбектің нәтижесі – Сарезден келер қауіпті алдын-ала ескерту және мониторинг жүйелерінің жасалуы болды. Қазір бөгеттің ортасында 24 сағаттық бақылау бекеті бар. Бекетте Душанбе, Барчадив және Рушанмен сенімді радио байланыс орнатылған. Үздіксіз жұмыс істейтін операторлар бақылау нүктелерінде судың деңгейін, басқа да көрсеткіштерді үнемі бақылап отырады. Олар судың деңгейінде өзгерістер болып жатса, шұғыл түрде дабыл қағады. Бұндай жағдайда жақын маңдағы ауылдардың тұрғындарына қауіпсіз жерлерге тез көшіп кету міндеттелген, оларға арнап дәрі-дәрмектер, көрпелер, шатырлар, матрацтар дайындалып қойылған. Алайда бақылау стансасына барып, жағдайды өз көзімен көрген Леонид Папыриннің пікірінше, бақылау пункті көлді тікелей бақылауға өте ыңғайлы, бірақ зор апат орын алғанда олар тұрған орын бір сәтте жоғалып кетеді де, дабыл соғу мүмкін болмай қалады. «Ескерту жүйесінің нақты жұмыс істеуі үшін тағы бір станция қажет. Ол толқын соға алмайтын биікте орналасуы керек», – деп кеңес береді ресейлік ғалым. Бірақ жағдай бақылауға алынғанына сенімді тағы біреулер көл туралы қорқынышты ұмытқан сыңайлы. 2011 жылдан бастап Сарез суын сату идеясы пайда бола бастады. Егер ол арман орындалса, тәжік қазынасына жылына 100 миллион доллар қаржы түседі-міс. Сол сол-ақ екен неше түрлі ұсыныстар қаптады. Алдымен көл суын Иран бензиніне «бір литрге – бір литр» түрінде айырбас жасау керек десе, одан кейін суды Өзбекстанға жеткізіп сату керек деп шықты, тіпті көл басына суды бөтелкеге құятын зауыт салу керек деп соққандар болды. Тәжікстан Ғылым академиясының сейсмикалық қауіпті бағалау және геоэкология зертханасының меңгерушісі Анатолий Ищуктың айтуынша, су қоймасының ресурстары табыс әкелуі керек. «Сарез аймақтағы су тапшылығы мәселесін шешеді. Су жүйесіне арналған құбыр немесе су қоймасы технологиялық мәселе. Ең бастысы – бұл су қорын жай әшейін ағыза салмай, бағалап, дұрыс пайдалану керек», – дейді Ищук. Ал тәжік академигі Сабит Нигматуллин болса, Сарез қаупі ойдан шығарылған деп санайды. «Біздің геологтарымыз швейцариялық мамандармен бірге жүргізген зерттеулері бойынша Сарезді ұстап тұрған беткейлерде ығысу, сол арқылы су құлау қаупі жоқ екенін анықтады. Демек Сарез қаупі деген жай ғана біреулер ойлап тапқан аңыз», – дейді ол. 2016 жылдың 7 желтоқсанында Мургаб ауданында жеті-сегіз баллдық жер сілкінісі болды. Оның эпицентрі Сарез көлінен екі шақырым қашықтықта орналасқан екен. Жер сілкінісінен тұрғын үйлер мен ғимараттар, жолдар мен көпірлер, ГЭС және каналдар аздап бүлінді. Бірақ Усой бөгеті сыр бермеді. Бұл жағдай тәжіктерді Сарез көлінен пайда болуы мүмкін қатерге жайбарақат қарауға себеп болған сияқты. «Усой бөгетінің толығымен жойылуы және Батуан-Пяндж-Әмудария өзендерінің аңғарында үлкен су тасқыны болуы туралы дәлелдер – «сарапшылардың» дәлелсіз қорытындылары. Енді бір нәрсе анық: бөгет мықты және бір сәтте жойылуы мүмкін емес», – деп жазды осыдан кейін тәжікстандық «Авеста» басылымы. Әрине, Сарез апатының болмағанын бәріміз қалаймыз, бірақ соншалықты жайбарақат болудың да жөні жоқ. Көлді бақылаушылар Сарез апатының әлі сейілмегенін ескертуден жалыққан емес. Өйткені соңғы жарты ғасырда Сарез көлінің деңгейі 20 метрге көтерілген екен.