1456
Қасымхан Бегманов: Ақындықтың екінші аты – шынайылық
Қасымхан Бегманов: Ақындықтың екінші аты – шынайылық
Қасымхан Бегманов – қазақ жырында өзіндік үні бар, өрелі ақынның бірі. Қазақ политехникалық институтын (қазіргі ҚазҰТУ) бітіріп, техникалық мамандық иесі болғанмен, поэзияға жастайынан ден қойған. Студент шағында «Бастау» (1980 ж) атты алғашқы жыр жинағы жарық көрген. Одан беріде «Қарашық», «Бесіктен бейітке дейін», «Сағыныш», «Менің Түркістаным», «Күреңбел» атты поэзиялық және этнографияға қатысты «Этнографпен әңгіме» және «Дәстүр: кеше, бүгін, ертең» атты төрт томдық кітабы шыққан. «Шерлі Түркістан», «Алашорда аманаты» атты көлемді дастандары жарияланған. Орыс, түрік, өзбек, қырғыз, татар тілдерінде жеке жыр кітаптары аударылып басылған. Қазақстан Жастар одағы сыйлығының, халықаралық Алаш сыйлығының, Т.Айбергенов атындағы және тәуелсіз «Ильхам» сыйлықтарының лауреаты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Қасымхан Бегмановты ақындық ғұмыр және поэзия туралы әңгімеге тартқан едік.
– Қасымхан Сейітханұлы, ақындық деген құдірет аспаннан түсер олжа емес, демек әр ақынның ақындық бастауы болары анық. Сіздің осы жолға қалай келгеніңіз, алғашқы қадамдарыңыз есіңізде ме?
– Әрине, өлеңге сүйсініп өскен, поэзияға қызыққан жанның бәрі «ақын болсам екен» деп армандап, қиялдың жетегіне еріп, ақындыққа талпынатын болар. Десе де, құдай оларға ақындықты о бастан дарытпаса ақын болуы қиын. Шешем Айжамал, нағашы әжем Өтебике – Түркістан аймағының Бабайқорған, Майдантал деген жерінде дүниеге келген, суырыпсалмалық қасиеттері бар адамдар еді. Ретті жерінде мақалдатып, мақамдатып, өлеңдетіп сөйлейтін жандар болатын. Соған қарағанда, ақындық қасиет маған нағашы жағымнан дарыса керек деп ойлаймын.
Өзім бала кезден кітапқұмар болып өстім. Өлеңге қызығып өстім.
Ең алғаш Төлеген Айбергеновтің өлеңдерін өмірден ерте кеткен Қаншайым деген апамның блокнотынан оқып таң қалғаным есімде. Сол маған сұмдық әсер етті. Осындай да керемет поэзия болады екен-ау деп қайран қалдым. Содан бастап жырға құштарлығым бұрынғыдан да күшейді...
– Дегенмен сіз мектеп бітіргесін әдебиет емес, техникалық саланы қаладыңыз...
– Әрине, оқымайын деген жоқпын...
1975 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне құжат тапсырарда баспасөз бетінде мақалам аз шыққандықтан, шығармашылық конкурстан өте алмадым. Елден өзіммен бірге келіп, оқуға түсе алмаған жастар ауылға қайтып жатқанда, мен осында қалуым керек деп шештім. Армандап жеткен Алматымда қалайда білім аламын деп өзімді қайрадым. Сөйтіп, Алматы политехникалық институтына (қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ) құжат тапсырдым. Бақытыма қарай, сол жылы бұл оқу орнында жаңадан мамандықтар ашылып, білім іздеген жастарға студент атануға жақсы мүмкіндік беріліп жатқан екен. Солардың қатарында менің де жолым болып, оқуға түсіп кеттім.
Дегенмен басқа мамандық таңдадым деп әу бастағы арманымнан біржолата алыстағам жоқ. Өлең жазуды тоқтатпадым. Студент шағымда баспасөзде өлеңдерім жарияланып жатты. 3-курста оқып жүрген кезімде өлеңдерім Сағат Әшімбаевтың көзіне түсіп, жазғандарымды жинаттырып, белгілі ақын Өтежан Нұрғалиев арқылы баспаға өткізді. Солайша менің алғашқы жыр жинағым бүгінде қазаққа белгілі Мейірхан Ақдәулетұлы, Есенғали Раушанов, Әбубәкір Қайранов, Әділғазы Қайырбеков, Шәмшия Жұбатова, Бектұрсын Тұрлыбеков секілді ақындармен қатар «Жалын» баспасынан Жұмекен Нәжімеденовтің рецензиясымен, Өтежан Нұрғалиевтің редакторлығымен жарыққа шықты.
Содан кейінгі он жылым кітап оқумен өтті. Кітап жинадым, өмірді, ақындықты зерттедім. Сөйтіп арадан он жыл өткенде «Қарашық» атты екінші кітабым шықты.
– Ақындық, әрине, бір күнде қалыптаса қалмайтын нәрсе ғой. Әсіресе, алғашқы кезеңдерде шығармашылық ғұмырын енді бастаған жасқа түрлі таланттардың ықпал-әсері болады. Сізге сол жолда игі әсерін тигізген ақындар жайында не айтар едіңіз?
– Өмірімнің барлық кезеңін ақындыққа арнаған адаммын. Қызға деген ғашықтықтан, іңкәр сезімнен басталған өлең дерті ақындыққа алып келді. Соңынан өлең құдіреті анық баурағанда оны өнер ретінде терең сезініп, өзімнің алдымдағы талантты ақындардың шығармашылығынан нәр алдым, үйрендім, бойға сіңірдім, жыр жолында өзімді іздедім. Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаев, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Өмірзақ Қожамұратов, Марат Отарәлиев, Сағат Әбдуғалиев, Жұматай Жақыпбаев, Кеңшілік Мырзабеков секілді көптеген ақындардың шығармаларын сүйсініп, түйсініп оқу көп нәрсеге көзімді жеткізіп қана қойған жоқ, ізденіске үйретті, өз ақындығымды қалыптастыруға жол салды.
Кейде бір ақынның екінші ақынды терең тануына үшінші бір тұлғаның жәрдемі тиіп жатады. Мәселен, менің Өмірзақ Қожамұратовты танып-білуіме қазақтың аса көрнекті сыншысы Зейнолла Серікқалиев себепші болды. Сарыағашта шипажайда бір ай бірге болғанымызда Зейнолла аға Өмірзақтың «Жиделібайсын» деген кітабын беріп, ол туралы көп әңгімелер айтты, ақындығы туралы терең пайымдауларын жеткізді. «Сен Өмірзақ Қожамұратов сияқты ақынсың, оның шығармаларын оқып көр» деп кеңес берді. Солайша Өмірзақ та сүйікті ақындарымның біріне айналды. Сонда мен Өмірзақ сияқты ақындардың да, кейде, жалпақ жұртқа жетпей жататынын байқап, ақындық тағдырдың өте қиын болатынына көзім ерте жеткен...
– Әрине, ақын болу бар да, танылу, бағалану бар. Өзіңізді дер кезінде бағаланған ақын деп санайсыз ба?
– Ерте танылдым деп айта алмаймын, бірақ ерте көрінген ақынмын деп айта алам. Бағалануға келсек, ол өзіңнен бұрынғылардың көзіне ерте түсу ме, қатарластарыңның бағалауы ма немесе жұрттың сенен үміт күтуі ме, шынында ол туралы ойламаппын. Бірақ алдымыздағы ағалардың қамқорлығын көрдім. Бексұлтан Нұржекеұлы, Сағат Әшімбаев секілді кісілер кітабымның шығуына көмектессе, жоғарыда айтып өткен Өтежан, Жұмекен секілді көрнекті ақындардың сенімі маған қанат бітірді.
Мынадай қызық жағдай болған: кітабым баспада жатқан кезде Өтежан ағамыздың үйіне бардым. Сәлем бердім. Әңгімелестік. Сонда ол кісі: «Мен қазір бір өлең оқимын, егер содан мықты өлеңім бар десең сен де оқисың», – деп түйе туралы бір өлең оқыды. Жасыратын несі бар, ағамның алдында батылдау болайын деп, достарыммен бірге ащы судан екі стакан тартып барғам. Сыртта жас ақын достарым мені ішке кіргізіп жіберіп, күтіп тұрған. Соның әсері ме, әлде ақындық намыстың күші ме, сол тұста жазған «Жүгері» деген өлеңім бар еді. Атаммен бірге егін суаруға барғанда еңісте жеке өсіп тұрған жалғыз түп ағашты көргенім бар-ды. Жүгерілік алқаптан жырылып төмен қашқан судың күшімен өсіп шыққан бір түп ағаш. Соған әсерленіп жазғам ғой. «Жалғыз талға егіннен су қашатын, Жүгерілер елжірей шуласатын» деп келетін сол өлеңді жатқа оқып шыққанымда Өтекең: «Сен бала ақын екенсің! Бір сөзіңе, бір үтіріңе тимеймін. Кітабың шығады», – деді.
– Жалпы ақындардың өзгелер туралы ғана емес, өздері туралы да пікірлері қызық. Біреулер өзін асыра бағалап, тарпаңдық танытып жатса, кейбірі өздері туралы қыңыр-қиғаш ойлар айтып жатады. Ал сіз...
– Мен, негізі, көше ақынымын ғой. «Көше ақыны» деген өлеңім де бар...
– Көше ақынымын дегеніңіз...
– Әдебиетімізде тіл-әдебиет оқуын оқымай, үлкен теоретик ғалымдардың дәрісін тыңдамай-ақ ақын болып қалыптасқандар бар. Олар үшін әдеби орта – сыраханалар мен кабактар болғаны да жасырын емес. Бірақ олардың арасынан ұлттың сөзін сөйлеп, халқы үшін қызмет еткендер де аз шықпаған. Сондай қалыптағы ақындар тобын шартты түрде болса да «көше ақындары» дер едім. Себебі оларды жоғары оқу орындарынан гөрі, халықтың арасы, қоғамның алақұйын қозғалысы – көше тәрбиелеген. Ойлары қалыпқа сыймай, кейде ащы шығып жатса, бұл олардың азат, еркін күн кешкенінен, қандай да бір саясатқа бағынбай пікірін еркін айта алғандығынан дер едім. Сондықтан олар жайындағы өлеңімде:
Көше ақындары,
Көше ақындары,
Арғымақтары даланың,
Алшаңдай басып келе жататын
тротуарында қаланың.
Бiлмейдi оны бүгiнгi мынау
тәртiбi жақсы жас ақын,
Мен көрген сол бiр көше ақындары
шараппен шөлiн басатын.
Зар кезеңдер мен тар кезеңдерде
Қазақты олар сатқан жоқ,
Көше ақындары жер астында да
тып-тыныш ұйықтап жатқан жоқ.
Өмiрде сол бiр көше ақындары
жеңiлгендер жақта едi,
Көз жасыменен топырақтарға
көмiлгендер жақта едi.
Олар хақында сөйлейдi өксiп,
өкiнiп кейде шаттанып,
Мұңлықтарымнан мұра боп қалған
сыр шерткен ескi дәптерi, – деп жырлағанмын.
Әрине, бізде «көше ақындары» дегенге біртүрлі қарайтындар табылады. Бірақ өзге жұрттар оларды әспеттеп, төбесіне көтеріп жатады. Мысалы, КСРО-ның кезінде орыста Владимир Высоцкий деген ақын болды. Оны әдеби орта ақын деп қабылдамады. Жазушылар одағына мүшелікке алмақ түгілі, кітабы жарық көрген жоқ. Бірақ оның батыл ойларға толы өлеңдерін бүкіл орыс халқы білді. Тірісінде құрметпен қарап, өлген соң төбесіне көтерді...
– Ақындарға өзгелердің қолы жетіп жатқан игіліктер жат емес. Бірақ тумысынан шаруаға қыры жоқтау, материалдық жетістіктен гөрі рухани жетілуді мұрат тұтқан олардың тұрмыстан көп қиындық көретіні жұртқа белгілі жайт. Ендеше ақындық өнердің шыңдалуы қиындыққа байланысты ма? Ақынның тұрмысының оңды болуының шығармашылығына әсері қандай?
– Сұрағыңды түсініп отырмын... Басқаны қайдам, қазақта ақын болам деп әдеби ортаға ұмтылғандардың басынан үйсіз-күйсіз жүрудің қиындығы өтпегені жоққа тән. Алматыны айтасыз, оқу бітіріп, мамандығыма сәйкес Шымкентте жұмыс істеген кезімде он жыл бойы пәтерден-пәтерге көшумен өмірім өткен. Тіпті, сол кездегі облыстық комсомол комитетінде жауапты қызметте болған кезімде де көп жыл пәтерсіз жүргем. Ал Алматыға Мұхтар Шахановтың шақыртуымен келіп, «Жалын» журналында аз уақыт жауапты хатшы болып қызмет істедім. Ол менің Алматыға сіңісуіме пайдасын тигізді.
Ал, ақындардың жағдайы нашар болса шығармасы күшті болады немесе жағдайы жақсарса, дұрыс жаза алмай қалады деген пікір біржақты айтылған ой. Әрине, шығармашылықпен алаңсыз айналысар кезінде бала-шағаның қамытын мойынға іліп, әдебиеттің де, тұрмыстың да жүгін арқалап жүру кімді де болса титықтатары сөзсіз. Бірақ, талантты қаламгер аш бола ма, тоқ бола ма – шығармашылығына анау айтқандай үлкен зиянын тигізеді деп кесіп айту қиын. Талантты кісі – жыртық киіммен жүрсе де талант, ал талантсыз адам – алтын тонға оранса да талантсыз. Шынтуайтына келгенде, соғыстан соң жағдайдың жоқтығынан қиын өмір сүрген Қасым Аманжоловтың шығармашылығы қайсы тұстасынан кем? Сол секілді, қазақ әдебиетінде «Алыптар тобына» кіретін, ірі-ірі шығармалар жазған қаламгерлердің тұрмысы жаман болды деп айта алмаймыз ғой. Демек, тұрмыстық жағдайдың нашарлығы шынайы талантты біржола тұншықтырып тастай алмайды, ал тұрмысы керемет қаламгерді баршылық тұқыртып, тоқыратып тастай бермейді. Бірақ, шығармашылық адамына жағдай керек. Оның жұмысы мемлекеттің атын шығаруға, халқының рухын көтеруге қызмет етсе – неге мемлекеттік тұрғыдан қолдамасқа?! Сондықтан бұл тұрғыдан айтар сөздің тоқетері – ақынды ақын етер жағдай емес, дарыны. Ал дарын өз кезінде бағалануы тиіс!
– Тіршіліктің ащы-тұщысын теңдей тартудың маңызы қандай деп сұрау әбестік болар, алайда өмірде көрген-білгеннің бәрі бірдей ақынның шығармашылығына із қалдыра бермесе керек...
– Ол енді ақындық стихияға байланысты болса керек. Себебі әр ақынның танымы, түйсігі әр басқа. Ұшқан ұясынан алған тәрбиенің де әсері аз болмайды. Кейбір ақындар өмірде көрген қиянатын жырлап, әділетсіздікті қоғамдағы теңсіздіктен көріп, пессимизмге беріледі. Ал енді бірі ондай ауыртпалықтарды шыбын шаққандай көрмей, өмірді барлық қиындығымен сүйеді. Оптимизмнен танбайды. Мәселен, Төлеген Айбергеновті алайық, тұстастары кешкен тағдыр оған бейтаныс па еді? Ол да тұрмыстан таршылық көрді, әдеби ортада да алақанда жүре қойған жоқ. Бірақ оның өлеңдерінен қиындыққа мойыған, тұрмыстан қажыған сарын байқайсыз ба? Керісінше, оқыған адамға рух беріп, алға – арманға талпындырып тұрмай ма? Демек, тұрмыстың ұсақ-түйегіне мән беретін де, мән бермейтін де ақындар болады. Сондықтан жасампаз рухты ақындар елдің жанына жақын. Жазғаны елдің еңсесін езіп тұратын ақындарды жұрт жақтыра бермеуі әбден мүмкін.
Жеке өзіме орай айтсам, түрлі қызметте болдым, ел араладым, жер көрдім, жұртпен сұхбаттастым. Оның ішінде жаныма серпін бергендері, жабырқатқандары да болды. Бірақ түсінгенім: қиындық болсын, басқа болсын – ештеңе мәңгілік емес. Соған көз жеткізу керек. Сәтсіздікке ұрынғанда үмітсіздікке берілмеу керек, жетістікке де аса лепіріп, құдайыңды ұмытып кетпеу керек. Не туралы болса да жақсы ойлап, қазақша айтқанда, «Жақсысын асырып, жаманын жасырып» дегендей көңілді кеңге салу қажет. Сонда өзіңнің саулығыңа да зияны тимейді, басқаның да жүйкесін тоздырмайсың. Әрине, бұны айтқанда жалпақшешейлікті уағыздап, жалғандыққа көз жұма қарау керек деп отырғаным жоқ, қандай жағдайда да шектен шықпау керек. Халық та, мемлекет те өзіңдікі болған соң оның мінін теріп тұқыртқаннан гөрі, түсіністікпен қарау адамгершілік парыз.
Мені көп нәрсеге өмір үйретті. Сұлулыққа деген іңкәрлік, аруға деген ғашықтық ғазалдар ойыма нәр беріп, халыққа деген мәңгілік махаббатқа ұласты. Халқымды жақсы көрем, кейбір кемшілігінен көңілге кірбің ұяласа да, жетістігіне деген сүйсініс кем-кетігін жуып кетіп жатады. Оның бәрі өмір өткелдерінен ақын болып өте алғандығымнан шығар деп ойлаймын.
– Ақын – ең бірінші шығармашылық адамы. Ол өнер тудырушы. Сондықтан ақынға білім керек дегенге қалай қарайсыз? Көп жазғаннан гөрі, көп оқыған дұрыс па? Кейбіреулер талант жеткілікті деп жатады...
– Талант деген адамға берген Алланың ерекше сыйы ғой. Сондықтан талантты адам басқалар байқамағанды байқайды, түсінбегенді түсінеді. Өйткені оның көзі көргіш, ойы қырағы. Бұл тұрғыдан алғанда, әрине, шығармашылық адамына керектің ең біріншісі – талант. Десек те, шексіз ештеңе жоқ. Адам оқып, білімін кеңейтіп, ойын тереңдетіп отырмаса – талант та тоқырауға ұшырауы бек мүмкін. Сондықтан талантқа білім керек. Талантты адам білімді болған сайын алысты көреді, дүниеге кеңірек қарайды, тереңірек үңіледі. Көп оқу керек, бірақ көбірек жазу да керек. Өйткені оқығаның біреудікі, жазғаның өзіңдікі. Білімді аласың, беретінің – жазғаның. Солай болса да, құр білімнің де алысқа апара бермейтінін білуіміз керек. Ішіңдегіні сыртқа шығарар, білгеніңді үйретер қабілетің болмаса – білімділіктен не пайда?
Ақындық өнерге келсек, білімділігін көрсетем деп, жазған-сызғанына оқып-білгендерін тықпалай беретіндер де аз емес. Біреудің сөзін ой қозғауға пайдаланып, содан бірдеңе таппасаң – айтқандарың дәнсіз масақ сияқты, мағынасыз, мәнсіз болады. Сол үшін білімді болу – талантты байытуға керек нәрсе. Кейбір ақындардың өлеңдерін «кітаби» деп жаратпаудың негізінде осындай ойлар жатса керек.
Жалпы, қай нәрсені оқығанда да абайлап оқу керек. Өзіңнің рухыңа, түсінігіңе сай келетінін таңдап, талғап алып. Әйтпесе, ну орманда адасқандай, Абай айтпақшы, «алдың жөн, артың соқпақ» болып тарта беруің мүмкін. Қазақтың «оқу өтіп кеткен» деп отыратыны сол. Нені оқысаң да еліге бермей, талдап, таразылап оқудың пайдасы мол.
Өнер деген аламан бәйге сияқты, ұзаққа шабуды міндеттейді. Жарқ етіп көрініп, жоқ болып кеткен таланттар көп әдебиет тарихында. Мықты ақынның шығармалары – авторы о дүниеге кетсе де, шығармалары бұ дүниеде өнердің аламан бәйгесінде тірілермен жарысып жатады. Ондай бақытқа шығармалары уақыттың сынына төтеп берген, халықтың жүрегіне жеткен ақындар ғана ие болады.
Шынайы ақындық уақыттан жарты ғасыр бұрын туады дейді ғой сөзі салмақты ғұламалар. Сондықтан ақындыққа жасампаздық, болжампаздық та тән нәрсе.
– Жұрт «ақын қоғамда белсенді болуы тиіс» деп жатады. Сіз де солай ойлайсыз ба?
– Ол ақынның жаратылысына байланысты болса керек. Шын мәнінде, арлы таланттың бәрі белсенді дер едім. Тек олардың белсенділігінің формасы әртүрлі болуы мүмкін. Мысалы, Мұхтар Шаханов пен Жұмекен Нәжімеденовті қалай салыстыруға болады? Мұхаң әлем мойындаған аса дарынды ақын, халыққа, мемлекетке қатысты қоғамда талқыланып жатқан барлық мәселеде аса белсенді. Шығармалары да сондай тартысқа, ізгілік пен жауыздықтың, шынайылық пен жалғандықтың арпалысына құрылады. Ал ұлт тағдыры, халық болашағы, қоғамдағы теңсіздік пен әділетсіздік жайында небір терең мағыналы өлеңдер, поэмалар жазған Жұмекеннің шығармашылығын қоғамда пассив болды деуге келмейді. Онда ұраншылдықтан гөрі философиялық тереңдік көп және кез келгенге ұғыла бермейтін күрделі ақын. Интеллектуал өнер иесі. Демек, ақынның қоғамдағы белсенділігі дегенде көзге ұрып тұратындарын ғана белсенді десек, әділетті бола бермейді.
Бойына сөз құдіреті қонған ақыннан халықтың белсенділікті талап етуі де орынсыз емес, тек әсіре айқайшыл, аттаншыл болмады деу қате. Әйтпесе, былайғы жұрттың көбіне белсенді ақын болып көрінбейтін Жұмекен Нәжімеденовтің сонау тың игеру кезінде сол құбылысқа қарсылықтың белгісіндей «Менің Қазақстаным» атты өлеңі – бүгінде мемлекетіміздің әнұранының сөзі ретінде бар қазаққа рух сыйлап тұр емес пе?!
– Сонда ақын қоғамдық пікірге құл емес дейсіз бе?
– Шынына келгенде, есі бар ақынның бәрі өзінің кім екенін біледі ғой. Ақынға өзінен артық сыншы да, бағалаушы да жоқ. Тек ақындық табиғаттың әр түрлілігі жұртқа да әр түрлі пікір қалыптастыруға негіз болады. Ар-намыс таразысы деген болады адамның ішінде. Қалай дегенде де, талантты ақынның бәрі де елдің ары мен ұлттың намысы үшін ештеңеден қаймықпауы ең басты қағида.
– Шығармашылық тұрғыдан болсын, мейлі, дүниеауи мәселеде болсын – ақындардың достығы дегенді қалай түсінесіз?
– Мағжан Жұмабаевтың «Ақында адамзаттан дос болмайды, жалғыз-ақ сырын сөйлер қаламына» деген елге белгілі жыр жолдары бар. Сол дұрыс айтылған-ау деп ойлаймын. Достық деген нәрсеге уақыт, түрлі жағдайлар әсер етпей тұрмайды. Мысалы, бозбала кезіңде дос болған адамың сенен немесе сен одан уақыт өте сууға тура келетін жағдайлар болады. Себебі әртүрлі ортаның әсері, ой-өрісіңдегі айырмашылықтар, қызығатын дүниелеріңнің өзгешелігі достыққа сына болып қағылатын жағдайлар. Бұлар өмірде аз болмайды. Кейде зиянсыз бәсекелестіктің өзі, жылдар өте шынайы бәсекелестікке айналып кетуі мүмкін. Ал бәсекелестік бар жерде – озу мұрат...
Әрине, бір кезде жақын болған адамыңнан алыстау оңай емес. Іштартып-ақ тұрасың. Алайда оның қатайып, салқын тартып тұрғанын көрген кезде бойыңдағы намысың оянып, сен де қатайып аласың. Ішің еріп тұрса да, сырттай сыр бермей өтуге мәжбүр боласың. Бірақ ақын болғасын оны өлеңде бәрібір айтпай тұра алмайсың. Жан-дүниеңдегі арпалыс соған әкеледі.
Өзім қандай жағдайда да шынайы қалпымда қалғым келеді. Бәлкім, біреулерге ренжіген шығармын, біреулерді ренжіткен де шығармын. Ашу үстінде тілім не қолым тиген шығар. Бірақ шынайы адам қалпымда қалғым келеді. Біреуді жақсы көрсем – шынайы жақсы көрдім, жек көрсем – шынымен жек көрдім. Қалайда ұнатпай тұрып, өтірік көлгірсігім келмейді. Өйткені ақындық дегеннің екінші аты – шынайылық қой. Ал мен туралы өзгелердің не ойлайтыны, ол басқа мәселе.
– Сіз «атың барда жер таны, желіп жүріп» дегенді ұстанған қазақтың бірісіз. Ылғи да қолыңыз қалт еткенде ел аралап, жер көріп жүресіз. Қазақстанның ішін айтпағанда, Алманияға барып, Мұстафа Шоқай зиратына тәу еттіңіз. Қарақалпақстанның астанасы Нөкіс қаласының іргесіндегі «Сорша» зиратында мәңгілік тыным тапқан арда ақынымыз Төлеген Айбергеновтің басына барып тағзым еттіңіз. Моңғолияның Бай өлкесіндегі қазақтардың арасына барып қандас-оқырмандарыңызбен жүздесіп қайттыңыз. Не іздедіңіз сонда?
– Рухты, қазақтың рухын іздедім.
– Іздегеніңізді таба алдыңыз ба?
Тапқанда қандай!
Мәселен, Мұстафа Шоқай қандай ұлы адам?! Орталық Азияда үлкен түркілер мемлекетін құрудың басында тұрған. Қазақтың ғана емес, бүкіл түбі бір түркі жұртының ортақ мақтанышы. Атын әлем біледі. Сондай ұлы тұлғаның өмірде болғанын кітаптан оқып білген бөлек те, оның мәңгілік бесігінің жанында тұрып, құран бағыштап, рухымен сырласу тіптен бөлек. Жүрегің атқақтай соғып, бүкіл денеңде діріл пайда болады. Ол ұлылықты, қазақтың ұлылығын сезінгендіктен пайда болатын асау сезім. Қазақтың рухы ма? Қазақтың рухы!
Төлеген Айбергенов – қазақтың маңдайына біткен қайталанбас, біртуар таңғажайып ақын. Оның жырын оқып, сүйсінбейтін қазақ жоқ. Поэзияның не екенін сезіне бастаған кезіңде Төлеген шығармашылығымен алғаш танысудың әсері сұмдық болады. Қазақта осындай да ақын өткен бе деп таңданасың. Көргің келеді, жүздесіп, өз аузынан лебізін естігің келеді. Ал сондай ақынның отыз жасында қыршын кеткенін, онымен кездесу мүмкін еместігін сезгеніңде өзегіңді өкініш өртейді. Тағдыр сондай өзің шексіз құрметтейтін ақынның ұрпақтарымен бірге зиратына баруды жазса, ол да бір толғанысты сәт.
Төлеген туған топыраққа барған адам ондағы қазақтың өшпес рухын көреді. Төлегендей ақын тудырған қияндағы қазақтың бір өлкесі жүрегіңе жылы тиеді, ондағы халықпен ішкі түйсік арқылы соншалықты бір жақындықты сезінесің, жаның жадырайды.
Ал қазақтар ежелден қоныстанған Моңғолияның Бай өлкесін көргенде – бұл күнде жадымыздан шығып бара жатқан ежелгі қазақ тұрмысын, қаймағы бұзылмаған салт-дәстүрге сүйсінесің. Бала болып еркелегің келеді. Баяғы көшпелі өмір жадыңа оралады, даланың кеңдігін, дархандығын сезінесің. Өзіңе деген елдің құрметіне жүрегің елжірейді. Бірінші рет көріп тұрсаң да, ондағы қандастармен тумай-ақ туысып кетесің. Осының бәрі біз іздеген рухтың жарқын көрінісі емес пе?
– Жалпы, қазақты тұтас көруге тырысу, байырғы қазақ бүтіндігін аңсау бойыңызға тән. Бір кезде тағдырдың тәлкегімен жатқа кеткен жерлерді жоқтау сарынында туған жырларыңыз баршылық. Соларды жазуға итермелеген қандай күш?
– Ақындық интуиция, шамырқаныс деген нәрсе қанды қайнатып, намысты оятатын күш қана емес, тарихыңды тереңірек білген сайын жаныңды жегідей жейтін өкініштерге ұрындыра беретін, халқыңның өзгеге кеткен есесін жоқтамай тұрғызбайтын алапат сезімдер. «Ташкентпен қоштасу» деген толғауым сондай бір ақындық күйзеліс сәтінде туып еді. Бір кездегі қазақтың жері қазір өзімізге жат. Рұқсатсыз кіре алмайсың. Ал онда қаншама қазақты былай қойғанда, тарихымыз үшін маңызды талай нәрселер өзгенің қолында кетті. Мәңгілікке... Шындықтан қатал не бар, бірақ ол еленбейді енді. Бір кезде сенікі болған жер – енді саған мүлдем жат. Ендеше:
Оң жағыңда көсiлiп
Келеске кетер тұс қалып,
Сыздық төредей сұстанып,
Кеудеңдi шалқақ ұстанып.
Шырайлы мынау шаһарға
еркiн кiрер күн озған,
Талқыға салмас
тағдырдан бiрақ кiм озған.
Басы сайран, түбi ойран
дүние опа бермейдi-ау,
Ташкент ендi қазаққа мәңгi
қайтып келмейдi-ау.
Осыларды ойласам
көзден жасым сорғалар,
Ғайып болған бұл күнде
қоршай қонған ордалар.
Ордаларда тайпалған
көрiнбейдi жорғалар.
Шалдар түсiп есiме
өзегiмдi өртеген,
Қолдан шығып баратқан
таңғажайып өлкеден.
Шалғай түстi Астанам,
Бiр көтерiп тастаған.
Еңсемдi езген күн болды,
Жарық күнiм түн болды.
Қала жаққа қарасам
көзiме жас толасың,
Қалай қиып кетермiн
Төле бидiң моласын, – деп зарламағанда қайтесің?!
– Қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әли «Ташкентпен қоштасуыңызды» «Қасымханның паспорты, поэтикалық құбылыс» деген екен. Бұл сіздің бір ғана толғауыңызға емес, сіздегі отаншылдық, ұлттық сарынға берілген баға болса керек. Бірақ сол сарын әлі де үзілмей, керісінше күшейіп бара жатқандай. Өткен жылы Төлеген ақын жатқан жерге тәу ете барғанда «Қайран Бесқалам» деп жырлапсыз...
– Ия... Қарақалпақстанға барып, бір кезде бабаларымыз Бесқала деп атаған өлкені араладым, қандастарымды көрдім. Ана бір алмағайып заманда сайқал саясаттың зымияндығының кесірінен айырылып қалған қазақ жерін көрдім. Жер ғана ма, біртұтас қазақ қала барды шекара сызығының аржағында. Ол жақтағылар атажұрттан барған қандастарын төбесіне көтере құрметтейді. Тамағыма өксік тығылып, ойыма жыр шумақтары оралды:
...Ай-хой, шаңы ұшқан,
мұңды өткен күн,
Алыстан жеттім,
сəуірінде бұл көктемнің.
Тақтакөпірдің ар жағы
Қазалы менен Қызылордаға ұласқан.
Қызыл қан төккен
қызылдан қашып қыр асқан.
Кешегі сонау сүргінде,
Жоғалтып алып сұрасқан,
Жұртымды іздеп кеп тұрмын!
...Самалына маңдайымнан сүйдіріп,
Жұдырықтай жүрегіме
зарлы тарихты сыйдырып,
Тұлабой менен жан-дүниемді
қара ошақта күйдіріп.
Мынау асыл топырақ,
өтпесе де табаннан,
Өтті күні шекемнен,
Бұл өлкеге бөтен бе ем?
Ерте алмай көркем еркемді,
Қимасам да Ірге Айырған өлкемді.
Жанарымды көзілдірік қалқалап,
Қатепті қара Нарларға ғана жүк болар,
Сағынышымды арқалап, Кетем мен!
Қайран да қайран Бесқала,
Мəңгі бақи сағынуменен өтем мен...
Қанша ғасырлар өтсе де, бабалардың ізі қалған осындай қасиетті жерлерімізге табаның тигенде тебіренбей, толқымай тұру қиын. Бұл – қазақпын деген әр жүрекке дүрсіл болып қосылып, шер болып төгілетін тылсым сыр. Ақын болудың осындай ғажабы да, адам төзбес азабы да бар. Оның аты – ұлы бабалар ат ойнатып өткен Ұлы Даланың тұтастығына деген мәңгілік сағыныш.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ