Туған жердің жыры мен сыры

Туған жердің жыры мен сыры

Туған жердің жыры мен сыры
ашық дереккөзі
818
Әр қаламгердің жазушылық жолы, таңдаған тақырыбы, шеберлік шеңбері, табиғи талантына сай әдеби ортада тиесілі орны болатыны белгілі. Осы реттен келгенде қазіргі қазақ көркем сөзінің белгілі де белсенді өкілі Қуаныш Жиенбайдың жемісті шығармашылық жолына тоқталудың жөні бөлек. Оншақты кітабы жарыққа шыққан, есімі де, еңбегі де оқырмандар қауымына кеңінен танылған, әдеби сында жақсы бағаланған жазушының жаңа шығармасын оқи отырып, көкейге түйген ойларыммен бөлісудің орайы келе кеткені. Жазушының жаңа кітабына «Жер үстінде де жұмақ бар» деген романы және бір топ әңгімелері топтастырылыпты. Қуаныштың қаламгерлік қарымын, дара дарынын танып-білуге лайықты көлемді де көрнекті туынды. Бүгінгі жаңарған заман, өзгерген қоғам кезінде жазылып, жарық көріп жатқан әдеби шығармалардың арасынан оза шауып, оқшау көзге түскендері некен саяқ. Әсіресе, көркем проза саласында. Алдымен айтарым, Қуаныштың жаңа кітабы сол олқылықтың орнын толтырып тұрғандығы. Жазушы өзі қатарлас қаламгерлердің ішінен суырылып шығып, бірнеше роман жазса, соның соңғысы осы «Жер бетінде де жұмақ бар». Тағы бір ерекшелігі романда таңдалған тақырыптың бұрын-соңды қазақ әдебиетінде кездеспегендігі болса, соған сай кейіпкерлерінің ғұмыр кешіп жатқан ортасы да өзгеше. Байқоңыр космодромы, Төретам бекеті, ғарышкерлерге қызмет көрсетіп жатқан қазақ жұмысшылары мен туған жер тағдыры туралы тың туындының көтерген мәселесі көкейтесті, жазылу мәнері келісті, кейіпкерлерінің сомдалуы соны. Енді осы тұжырымды ойымды тарқатып айтуға көшейін. Орағытпай көкейіме түйген ойымды ашып айтсам, тәуелсіздік жылдары қазақ әдебиеті жаңа бір белеске көтеріліп келе жатса, соның айқын айғағы осы роман дер едім. Бұл шығарма – қазіргі таңдағы қоғамдық-әлеуметтік өміріміздің көкейтесті мәселелері қозғалып, көңілімізді елеңдетіп, санамызды сан саққа жүгіртіп жүрген сұрақтар мен оның жауаптарына байланысты толымды толғаныстарға толы туынды. Алдымен роман желісі қандай тақырыпқа құрылғаны жөнінде. Оны мына бір мәселеге арналған деп кесіп айту мүмкін емес. Шығармада қоғам өмірі мен адамдар тағдырына қатысты саналуан шырғалаң ойлар тоғысып, бүгінгі күннің зәру мәселелері әр қырынан алынып, талқыға түскен, сөйтіп оның себеб-салдары ашық әрі ашына айтылған. Алайда тұрмыс тауқыметін, кеңестік саясаттың құйтырқыларын бастарынан кеше жүріп, жігерлері жасымаған, адами қасиеттерінен айнымаған, өр рухты қарапайым адамдардың келешектен күдер үзбей, жарқын болашақ үшін күрескен іс-әрекеттері де жарқырата жазылған. Оған жазушы романның басты кейіпкерлері Көбейсіннің, оның адал жары Ақкербездің бекзат бейнелерін келістіре сипаттау арқылы көз жеткізеді. Қаламгер қазіргі заманның адамдары қандай болуы керектігі жөнінде ой толғап, жаңа образ сомдаған. Бұрынғы бекет басшысы, қазіргі қала әкімінің орынбасары қызметінде жүрген Көбейсінге қай жағынан мінездеме берсең де жаңа қоғам, өзгерген заманның адамы. Ол Мәскеуде жоғары білім алған білікті маман-инженер. Қай қызметте жүрсе де Көбейсіннің ойлағаны жұмысын мінсіз атқарып, ұжымды ұйымдастырып, абыройын асырып, жауапты жұмысын адал атқару. Осы бір жас азаматтың жұмысшылар жүрегінен жылы орын алып, сыйлы болуының сыры неде дерсіз. Ол қарамағындағы қарапайым адамдарды басынбайтын, қолынан келгенше өтініш-тілектерін кейінге қалдырмай табан астында шешіп беретін рахымшыл басшы. Жұрт оның кабинетіне кезек тоспай бірден кіре беретін. Тіпті, есік алдынан тосып алып та өтініштерін айта беретін. Мұны ол беделім түсіп қалады-ау деп теріс қабылдамайтын. Жұмысшыларға алабөтен бүйрегі бұрып, жанашырлық жасауының сыры оның теміржолшылардың тұрмыс жағдайы, денсаулықтары мәз еместігін жан-жүрегімен түсінетіндігінен әрі өз ар-ожданы алдындағы адалдығы, жанының тазалығы, кім-кімге де кісімсімей, кішіпейілділік танытатын қалыпты мінезінен еді. Жазушының өз кейіпкерін өзгелерге өнеге ретінде сомдағаны бекер емес. Бүгінгі кезде үлкенді-кіші шенеуніктердің қабылдауына кіруің, олардың жылы қабақпен қарсы алып, өтінішіңді орындай қоюы екіталай. Ал ондай басшыдан қайырымдылық, жанашырлық күту қиын-ақ. Көбейсін болса жаңа заманның зиялы адамының толымды бейнесі. Романдағы Ақкербез туралы айтар сөз аз емес. Көбейсін екеуі танысып, отау құрғалы жүргенде Ақкербезді азғырып, оған тұрмысқа шықса, еспе құмның арасында өмір сүріп, жер жәннаты Жетісудан айрылып қалатынын айтып, жеңгелері қанша ескертсе де, өзі қалаған жігітіне берген уәдесін берік ұстанып, сезіміне сатқындық жасамаған Ақкербездің адалдығы мен адамгершілігіне тәнті боласың. Ақкербездің бастықтың әйелімін деп кергімей, қазақы тәрбиесін сақтап, Төретам мен Байқоңырдағы жұмысшылардың отбасылары – әйел, бала-шағаларымен ағайындай араласуы да өмір өнегесі. Бұл да жаңа заман қалыптастырған жаңа адамның – ақылды, әдепті әйелдің, адал жардың орнықты образы. Қаламгердің қалауымен, заман талабына үйлестіре бейнеленген көркем мінезді, ақжарқын, адал, кісілікті замандастар қатары көбейе берсе деген ақ тілек оқырмандардың ойынан шыққан шығарма кейіпкерлері осындай қасиеттерімен қымбат. Бұл жерде жазушы кімнің кім екенін оқырмандарға құрғақ баяндау арқылы емес, олардың әр сәттегі іс-әрекеттері, пайым-парасаттары, ой-толғамдары арқылы жеткізген шеберлігін айтуға тиіспіз. Роман кейіпкерлерінің өмір кешулері бүгінгі және өткен күндердің оқиғаларын сабақтастыра кезек баяндауы да табылған тәсіл. Оның сыртында, жазушы кейіпкерлерінің әрқилы өмірлік мәселелерге көзқарасын, түйін-шешімін бірде монолог, бірде ой ағыны, бірде диалог яки екі кісінің пікірлесу-сұхбаттасу барысындағы сөздері сынды әдепкі әдеби тәсілдермен жазып шыққан. Көлемі 270 беттей романды бас алмай, қызығып, тұшынып оқып шығуыңа осылайша жеңіл жол ашылған. Шығармада бұрындары білсек те, жанымыз жараланып жүрсек те айтуға келгенде тілімізді тістеп,үніміз шықпай үркектеп, астарлап айтудан аса алмай жүрген қоғам өміріндегі әлеуметтік, ұлттық, елдік мәселелердің шындығы кеңінен қамтыла, қисынын тауып, бұлтартпас дәйекті дәлел, айна-қатесіз ақиқат, тіршілік түйткілдерінің нақты мысалдары арқылы көркем кестеленген. Айызың қанып, сүйсініп те түйсініп оқисың... Айталық қырық жыл бойы атом бомбасының жарылысынан зардап шеккеніміз аздай, Байқоңыр космодромынан үздіксіз ұшырылып жатқан ғарыш кемелері гепатит уын сеуіп, адамдарымыз да, даламыз да айықпас дертке ұшырауын айтпақ түгіл, керісінше мақтанышқа айналдыруға мәжбүр болғанымыз өтірік пе?!.. Өз туып-өскен жерімізге ие бола алмай талай ұрпағымыз құрбандыққа шалынғаны, сөйте тұра оның дауасын табуда дәрменсіз болғанымыз да рас қой. Жазушының өзі өсіп-өнген Арал аймағының өзара тығыз байланыстағы Төретам бекеті мен Байқоңыр ғарыш аймағының тыныс-тіршілігін зерделей отырып, қазіргі қазақ қоғамында қордаланған, шешімі шиеленісті мәселелерге орайластыра ой толғап, оның қазақ жерін ойрандаған экологиялық зардаптары мен жергілікті адамдар тағдырына тигізген залалдарын ашына суреттеген көркем шығарманың құндылығы айтпаса да анық ақиқат. Ал кіндік қаны тамған туған жердің қадір-қасиетін білудің, оны көздің қарашығындай сақтап, қастерлеудің жарқын мысалын осы топырақтың төл тумасы Көбейсін мен Байқоңырға мәнсап, байлық үшін келген, бұл өңірді ит байласа тұрмайтын тозақ санап, Мәскеуіне қашан қайтарын білмей, аласұрған қала әкімі Евгений Ильичтің ой-сезімдерін салыстыра суреттеген жазушы қаламының қуатты өрнегінен аңғарып, түйсінесіз. Кешелері ғана арнасы толып, толқыны тайдай тулап жатқан айдынды Арал теңізінің, өз елінде жер жетпегендей Байқоңыр ғарыш айлағының салынуы салдарынан суы тартылып, ел ырысы – балығынан айырылып, төңірегіндегі жалпақ жұрттың зардап шегіп, ғұмыр кешуі, тәуелсіздік алғаннан кейін ғана теңіздің қайта қалпына түсе бастауы, Байқоңыр қаласының билігі қазақ азаматына тиюі, ондағы мектептердің ұлт оқулықтарымен оқуына қол жеткізуі, мәдениет ошақтарының ашылуы осының бәрі роман кейіпкерлерінің кешегі сарғая күткен армандары еді. Осылайша халықтың арман-мақсатының орындала бастауына ел басына түскен ауыртпалықты ашына әңгімелеп, шындығын айтып, салмақты ой, салиқалы сөзімен жөн сілтеп, жолын көрсеткен суреткер жазушының ерекше еңбегі бар. Қорыта айтсақ, романның құндылығы және көкейкестілігі туған жерінің қадірін білетін, оны сүйетін, қиындығына төзіп, ертеңіне сеніп, жер жәннатын іздеп, сән-салтанатты ғұмыр сүруді көздеп, бәкене үйлерінің терезелерін жартылай құм басқан өлкеде өмір сүріп жатса да жерұйық жаққа қоныс аудару ойларына кіріп те шықпайтын, атамекенін кие тұтқан қарапайым қазақтардың елшіл, жершіл жаратылысын сондай бір жүрегіңді елжірете, егілте-төгілте жазған жазушыға риза боласың. Ел мен жер, оны мекендеген адамзаттың қиын тағдырын көркем сөзбен, кемел оймен, терең тұжырыммен түйінделген туындыны туған әдебиетіміздің рухани қазынасына қосылған олжа деп бағалау орынды. Шынында да, аңсап жүрген жұмағымыз о дүние емес, туған жеріміз екенін есімізге түсіріп, оның ақиқаттығын Көбейсін, Ақкербез, Әньес сынды әдеби кейіпкерлерінің ой-санасы, пікір-пайымы, тірлік әрекеттері арқылы көкейімізге жеткізудің үздік үлгісі осы романның өзгеше де өзіндік сипаты-сыры мен қыры. Иә, жұмақты көктен іздеу бекершілік. Ол өз туған жерің, аяулы атамекенің екендігіне күмәнсіз сендіретін қаламгердің биік парасаты мен сөзінің ірілігі яки өмірлік қағидасының тереңдігі мен көркемдігі. Жазушы қолтаңбасының ерекшелігі – көркем әдебиеттің құдіреті адамның жандүниесін жасандырып, оқырман қауымды ізденіске, имандылыққа ұйыту екендігін жан-жүрегімен түсініп, сол мақсаттың үдесінен шыққандығы. Ізденіс арқылы жаңа жазудың жолын тапқан жазушының талантына тәнті боласың. Бізді осынау түйінді пікірге жүгіндіріп отырған қаламгердің тапқырлығы, көкейкестілігі, жазу мәнерінің жаңалығы.Санада сараптап оқысаң көркем әдебиетке қойылар осы талаптардың романда толық орындалғанына көз жетері сөзсіз. Жаңа ғасырдың жаңашыл жазушысының романы төңірегіндегі түйінді пікірімізді осындай үзік ойларымызбен бөлісе отырып аяқтаймын... Айтқандай, романның өн бойында Байқоңырдың жер кіндігі, «көк пен жердің тіл табысқан өлкесі», «дала киесін сақтаған» Қорқыт кесенесі, оның биотогі, соның жұмбақ та құпия сырын ашу арқылы әлемдік ғылыми жаңалық келетіні егжей-тегжей әңгіме болатыны да оқырмандарға түрлі ой салып, қиялға батыратынына сенесіз. Осы орайда Қорқыт баба кесенесінен бөлінетін биотоктың әсері жердің тартылыс күшінен анағұрлым күштірек екендігіне күмәнданбай, соны зерттеуге сонау Франциядан Әньес де Турани есімді жас ғалымның Байқоңырға келуімен аяқталуы да қызығушылық тудыратын хикая. Осы арқылы аталмыш мәселенің де шешімін табарын мегзеген қаламгердің құлаққағысына риясыз сенесің. Айтпақшы, Әньес (Әнес) Маргаританың Көбейсіннен туған баласы. Ол екеуі Мәскеуде танысып, бас қосқан. Алайда көп ұзамай ажырасып кеткен. Себебі Ресейдің Франциядағы елшілігіне жауапты қызметке тағайындалған әкесі жалғыз қызын қалдырып кеткісі келмеген, ал туған жерге кіндігі байланған Көбейсін ол жаққа қоныс аударудан бастартқан. Қазақы қаны тартты ма, әйтеуір, Әньес ғарыш саласын зерттейтін оқу бітіріп, атақты Байқоңыр космодромына жетуге асыққан. Жазушы Көбейсіннің қысы-жазы құм бораны көз аштырмайтын қараша ауылын, түпкілікті мекендемек түгіл, бір көруді армандайтын Францияға айырбастамауын бекер айтып отырған жоқ. Бұл туған жерге туыңды тік деген қазақы қағиданы берік ұстанған, атамекенге адалдығын, шексіз сүйіспеншілігі мен патриоттық сезімін қастерлеудің жарқын мысалы. Жазушының жаңа кітабына бас-аяғы он алты әңгімесі еніпті. Жалпы, Қуаныш Жиенбай әңгімені өндірте жазып жүр және оның қай-қайсысы да осы жанрдың жоғары талабына сай, өмір шындығының терең қайнарлы астарын ашып көрсетуімен бағалы екенін айту парыз. Мысалы, «Тоқсанбайсыз той өтпейді» деген әңгімесін оқысаң ойланасың. Тұрмысы бақуат, билікте жүрген ұлы бар ақсақалдың шақырған жерден қалмайтын қылығын келін-баласы жаратпайды. Қыдырымпаз атанып кетпесін деп кейіп, сөзге келген де кездері бар. Алайда Тоқсанбай ақсақал тиылған жоқ. Оның көңілі ақ, тілегі түзу. Өтіп жатқан тойларда бәтуәлі бата беріп, қуанышқа құтты болсын айтқан атаға ел-жұрты дән риза. Жалған намысқа жығылмай, көкірегі даңғыл қарияның қазақы қасиетіне сүйсіндіретін тәлімді тәмсілі көпке өнеге. Әңгіменің сезіміңді сергітіп, жаныңды байытып, ізгілікті ізетімен есіңде қалары анық. Ал Қуаныштың қай әңгімесі де осындай көркемдік және шынайылық құндылығымен бағаланатын шырайлы рухани дүниелер. Сондықтан оның бәріне тоқталмай, оқып шығуды оқырмандардың ықтиярына қалдырғанды жөн көрдім. Ұзын сөздің қысқасы, роман расында да жұмақ көкте де, жер астында да емес, кәдімгі өзіміз ғұмыр сүріп жатқан атамекенде екен. Ендеше, сол киелі туған жеріміздің қасиет-қадірін айшықтай айғақтап, қара сөзбен жырлаған жазушы Қуаныш Жиенбайдың шығармашылық жолының табысты жалғаса беретініне берік сенім білдіріп, рухани жаңғыруымызға сүбелі үлес қосатын жаңа шығармалар жаза беруіне тілек қосайық.  

Қуанышбай Құрманғали,

    Халықаралық Алаш әдеби       

сыйлығының лауреаты

Серіктес жаңалықтары