16 Тамыз 2018, 12:27 1371 0 Қоғам Аяулым САЛЫҚЖАНОВА

Маңғыстауда мал басы көбеюде

Маңғыстау ежелден қазақтың малды өңірі саналған. Облыстағы малдың 50 пайызы Маңғыстау ауданының үлесіне тиеді екен. Ет экспорты жөнінен де Маңғыстаудың әлеуеті зор. Мұрат Мөңке­­­ұлы­ның «Үш қиянында»:

...Маңғыстау бойы – шаңды қиян,

Мыңнан-мыңнан жылқы айдап,

Жүзден-жүзден нар байлап,

Қойды мыңнан өсірген,

Жылқыны санға жеткізген,

Дәулеті қалың біткен жер,  – деп жырлап кетуі де тегін емес еді.

Мал басы жыл сайын артып келеді. Көш басында Маңғыстау мен Бейнеу аудандары тұр. Мәселен, 2016 жылы 482 713 бас болса, 2017 жылы 537 247 бас тіркелген. Статистикалық мәліметке сәйкес, осы жылдың 6 айында  ірі қара мал саны –  23 410 бас болып, 19,1 пайызға артқан. Қой-ешкі –  532 708 бас, жылқы –  92 954 бас, түйе – 69 966 бас, ал барлық мал саны –  719 038 басты құрап отыр.

– 2017 жылы 1030 гектар жерге көкөніс˗бақша дақылдары егіліп, одан 15 800 тонна өнім алынды. Биыл 1100 гектар жерге егін егіліп, 16 800 тонна көк­өніс, бақша өнімдері алынады деп жоспарланған болатын, дегенмен жаңадан қосылған жылыжайлар есебінен бұл көрсеткішті 18000  тоннаға дейін жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Облыста 2016-2017 жылдар аралығында барлығы 20 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Қазіргі таңда соның 13-і жұмыс істеп тұр. 6 кооператив өз жұмысын тоқтатты, –  дейді Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл.

Соңғы жаңалықтар