Абақтыдан азамат босап шықса…

Қазақстанда сот үкімімен бас еркіндігінен айырылғандар жазаларын өтейтін сегіз колония жабылмақ. Бұл жылына 12 миллиард теңге (34,5 миллион долларға жуық) қаржыны үнемдеуге мүмкіндік береді дейді билік өкілдері. Шілденің 31-і күні елде қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнамаларды ізгілендіруге бағытталған заң күшіне енді. Рақымшылыққа іліккендер қоғамда өз орнын таба ала ма? Тағы да жаза басып, қапасқа қамала ма?

Бұл – сотталғандарға жасалып отырған жеңілдік. Рақымшылыққа 5 мыңдай адам ілігеді. Яғни, ауыр, аса ауыр қылмыс жасамағандардың түрмеде отыру мерзімі қысқарып, кейбірі жазасын қоғамдық жұмыс істеу арқылы өтемек. Тәртіп бұзып, тергеуде жүргендердің айыппұлы азайтылады. Ал қаныпезер қылмыскерлер рақымшылыққа мүлдем ілікпейді. Енді ғана қолданысқа енген заңнамада осындай жаңашылдықтар бар.

Төмен не орта дәрежеде қылмыс жасап, жазасының едәуір бөлігін өтегендер, келтірген залалдың орнын толтырып, жүріс˗тұрысы түзелгендер, абақтыдан алдымен осылар шықпақ. Оның өзінде олар қатаң бақылауда болады және қала, ауылды тазалап, абаттандыру сынды қоғамдық жұмыстарға жегіліп, ел˗жұртқа пайдалы іс тындырады. Рақымшылыққа ілігетін екінші топ – тәртіп бұзып, тергеуде жүргендер. Олардың да айыппұлы қысқаруы мүмкін. Бірақ бұл мүмкіндік бір-ақ рет беріледі. Істі болған азамат рақымшылықтан кейін заң бұзып, екінші мәрте қия басса, баратын жері қайтадан темір тор екенін білуге тиіс.

Тәуелсіздікке дейін еліміздегі абақтыларда 100 мыңдай адам отырған және Қазақстан әлем бойынша түрме саны көп мемлекеттердің алғашқы үштігіне кірген еді. Егемендік алып, еңсе тіктеген соң, қылмыстық саясат жылдар бойы ізгілендіріліп, қазір республикадағы абақтыларда 33 мыңдай адам отыр. Түрмедегілердің саны 2018 жылдың басынан бастап 3 мыңға азайған (35 805 мыңнан 33 041 мыңға). Десек те, Қазақстан түрмедегі адам саны бойынша ең көп елдер тізімінен түсер емес. 220 мемлекеттің арасындағы есеп бойынша 48˗орында. Бұл туралы ақпанның 5-інде Халықаралық түрме реформасы (PRI) ұйымы хабарлаған. Елімізде соңғы 4 жылда 8 түрме жабылды. Тағы да жабылмақ.

– Бұрынғы кеңес дәуірінен келе жатқан 20-30 жылдардағы түрмелердің сегізі жабылды. Нәтижесінде, біз 12 миллиард теңге үнемдей алдық. Астанада қатаң режимдегі түрме жабылады. Енді түрлі облыстарда аралас түрдегі түрмелер ашамыз, – деді ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов.

Жалпы, 2015 жылдан бері елімізде 15 мың адам түрмеден босатылған. Тарихында абақты болмаған елімізде бүгінде 75 түзеу мекемесі, оның ішінде арнайы режимдегі 5 және қатаң режимдегі 11 колония мен 19 тергеу изоляторы тіркелген. Назар аударатын бір жайт, жабық мекемелердегі діндарлардың жалпы саны 3500 адам. Олардың 763-і салафизмді жақтаушылар және 90-нан астамы радикалды ұстанымды қолдаушылар. Қазақстандағы түрмелер сотталғандарды радикалды қозғалыстарға тарту ортасына айналып барады деген пікірлердің жиі шығуы да осыдан болар. Ұрлық жасап сотталған адам, түрмеде теріс ағымға еніп, шыққаннан кейін ауыр қылмыс жасап, қайтадан түрмеге оралып жататын жағдайлар да жиі кездеседі. Бұл – үлкен түйткіл. Саясаттанушы Досым Сәтпаевтың айтуынша, аталған мәселені Орталық Азияда бір ғана ел дұрыс шешіпті. Ол – Өзбекстан Республикасы. Яғни, олар діни ағымдар бойынша сотталғандар мен басқа сотталғандарды бірден бір-бірінен бөліп алып, бөлек ұстайды екен. «Ал бізде бұл мәселе әлі шешілмеді. Иә, барлық жерде барлығы қатаң бақылауда деп жазылады, айтылады. Иә, түрмелерде имамдар жұмыс істейді делінеді. Кешіріңіздер, бірақ бостандыққа шыққаннан кейін оның осы мәселесімен кімдер айналысады? Әлеуметтік бейімдеу жоқ», – дейді саясаттанушы.

Қазақ туған баласын бір˗ақ ауыз сөзбен тәрбиелеген: ұят болады. Осы ұлттық тәрбиенің арқасында қазақ даласында түрме, үйінде құлып болмаған. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «Иілген басты қылыш кеспейді», «Дау мұраты – бітім». Түрме десе, нақақтан˗нақақ айыпталған Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев сынды алаштың ардақтылары елестемей ме көзіңізге? Қазақ түрме салмаған, қазақ түрмеде бейкүнә отырған. Қазақ жеріндегі ең алғашқы тар қапасты да Өскеменде орыстар салған. Бұл нені білдіреді? Қазақ тәрбиесінің мықтылығын. Жұрт атынан жаппай шошитын қылмыскерлер болды ма біздің тарихта?

«Кеңес Одағы тұсында да түрлі апат, өлім˗жітім болды. Бірақ ақпарат шектеулі өлшеммен берілетін. Соның да пайдасы бар ма деймін. Ақын˗жазушылардың шығармасында жарқын өмір сүруге ұмтылыс кеңінен насихатталды. Қазір қазақтың өрімдей ақындары «өлгім келеді», «сұм өмірден жалықтым», «өмірде не қалды» деп мұңдана жырлауға құмар…

Тәуелсіздік жылдары негативке сұраныс артып кеткендей. Еліміздегі БАҚ атаулы рейтинг қуу мақсатында түрлі негатив оқиғаларды күндіз˗түні тоғытып жатыр. Мұның салдары өмірден түңілуге апаратыны белгілі. Осыны заңмен реттеудің уақыты жеткен тәрізді.

… Онсыз да әлеуметтік желілерде жан түршіктіретін оқиғалар жеткілікті. Дәстүрлі БАҚ˗та, еліміздегі жетекші телеарналарда келеңсіз оқиғалар мен деректерді шекті мөлшерде жариялау, онда да ел орынға отыратын уақытта негатив хабарлардың санын азайту туралы шара қабылдамаса болмайтын түрі бар.

БАҚ арқылы алкоголизм, темекі мен есірткіге тәуелділік, гомосексуализм, лесбияндық, атыс-шабыс, ұрыс-төбелес, кісі өлтіру, зорлық-зомбылық, анайылық, тұрпайылық, жабайылық көріністерді жаппай насихаттап көрсетуге заң жүзінде тыйым салғанда ғана адамдардың сапалы көрсеткіштерін алға шығару арқылы ғана дұрыс қоғам құра аламыз».

Бастама белгілі журналист, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіптікі. Расында, бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдық сана қалыптастыруда үлкен рөл ойнайды. Сапа емес сан қуалағандар адамдарға әсер етудің де жан˗жағын түгел ойлағаны абзал. Өмірдің тек жақсы тұстарын беру керек деген сөз емес бұл. Ұлттық тәрбиеміздің ұстынын бекем, тал бесігімізді берік етейік деген есті сөз.

Түрмелер жабылды дегенді естігенде қуанатындар көп болмақ. Бұл біріншіден, елдегі қылмыскерлер саны азайып жатыр деген сөз, екіншіден, мемлекеттің абақтыларға жұмсайтын қаржысы үнемделмек. Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің мәлімдеуінше, сотталған және тергеуге байланысты қамалған адамды бір күн асырау үшін 2,4 мың теңге, жылына 877 мың теңге жұмсалады. Сонда қазіргі жағдай бойынша Қазақстан 33 мың сотталушыға жылына 29,9 млрд теңге жұмсап отыр екен.

 

Back to top button