Қазақтың қалың малы қалар ма екен?

Қазақтың қалың малы қалар ма екен?

Қазақтың қалың малы қалар ма екен?
ашық дереккөзі
Қалың мал – қазақтың ежелден келе жатқан дәстүрлі салты. Бұл ұғым «Жеті жарғы» заңдар жинағында да бар. Онда қалың мал өлшемі әлеуметтік топтардың дәрежесіне қарай белгіленген. «Бес жақсы» қалың малдың ең жоғарғы шегі саналған. Оған бәйге мен көкпарда бас жүлде алып жүрген сәйгүлік, берен мылтық, құрыш сауыт, атан түйе немесе қабырғалы қара нар енген. «Бес жақсы» қалың малын төлеу көбінесе дәулеті шалқыған ауқатты отбасылардың арасындағы құдалық кезінде орын алған. «Қырық жеті», «отыз жеті», «жиырма жеті», «он жеті» өлшеміне қара мал саны кірген. Ал «дөңгелек қалың малға» он бас қара мал кірген. Бұл – әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың арасындағы қалың мал өлшемі саналған. Бай қазақтардың қалың малы 47 басты құрап, орта тұрмысты адамның қалың мал көлемі 27-ден 37 мал басына дейін жетіп отырған. Қалың мал қазақ халқы ислам дінін қабылдамай тұрып˗ақ, көшпелі елдің қолданысында болған. Дала халқы ислам дінін қабылдағанда қалың мал шариғаттағы мәһір реңкін алып, неке шарттарының бірі ретінде қабылданған. Жалпы, қалың малды күйеу жігіттің қалыңдығына беретін мәһір-сыйы деп есептеуге болады. Себебі мәһір – тұрмысқа шыққан қыздың ақысы. Әкесі немесе атасы қыздың атынан мәһірді қабылдай алады, бірақ оны өздері иелене алмайды. Мәһірді иелену тек қыздың өзіне ғана тиесілі. Ал егер қыз өз ризашылығымен берсе, ата-анасының оны алуына рұқсат. Қалың мал ретіндегі ақшаны ата-анасы қыздың жасауын жабдықтауға, яки қажетті заттарын алуға қолданады. Алайда қалың малды қыздың әкесі алып, жеке қажеттіліктері үшін қолданса, мәһірге саналмайды. Әбу Ханифаның (699˗767ж.) әрі өзге де ғалымдардың пікірінше, қыздың әкесі күйеу жігіттен мәһірдің тысында ақша талап етуге қақысы жоқ. Бірақ күйеу жігіттің өз көңіл қалауымен қыздың ата-анасына сый-сыяпат беруіне тыйым салынбаған. Қалың мал беріледі, оған қыздың жасауы әзірленеді. Екі жастың ары қарай үй болып кетуі үшін жасалып жатыр барлығы. Сүйіп қосылған екі жас та, табысқан құда-құдағи да бақытты. Десек те... таяқтың екі ұшы бары баршаға мәлім. Салтты бұрмалау, оны дұрыс түсінбеу, ысырапшылдыққа салыну, ақша үшін қызын сату, екі жастың бақытын емес, көрші-қолаң, туған-туыс айтатын бөстекі сөздерді ойлау, содан қорқу, жағдайға қарамау, қызын «қымбатқа өткізу» үшін оқыту, соны баса айту – міне, осының барлығы қазір қоғамды дендеп бара жатқан дерттер. Салтты бұрмалау дегеніміз – қалың малды өз тұрмысына, өз пайдасына жаратуды ойлаған әке˗шеше; ысырапшылдыққа салыну дегеніміз – «салтта бар» деп ешкімге керек емес заттарға ақша шашу; көрші˗қолаңның сөзінен қорқу дегеніміз – «ананың құдасы аз әкеліпті, мынаның құдасы көп әкеліп еді ғой» деген салыстырмалы сөздерге құлақ қою. Өмірде еш нәрсе тұрақты емес. Бай-бақуатты өмірді кім сүргісі келмейді, бірақ шын бақыт байлықта ғана емес екендігін тағы бір айтсақ, артық етпейтін шығар. Әрине, әр ата˗ана өзі аялап, оқытып˗тоқытып өсірген қызының қолы жылы суға малулы болса екен дейді. Жағдайы жақсы жерге бергісі келеді. Мұндағы ата˗ананың арманы – жоқшылық көрмей өсірген қызым болашақта да қиналмай өмір сүрсе екен деген ниет. Қазіргі кезде қыздың ата˗анасы тұрмақ, кейбір қыздардың өзі әке˗шешесі сұраған қалың малды бере алмайтын жігіттен бас тартып, уәдеден айнып кетуі жиілеп барады. Тіпті, ол жігітпен талайдан бері кездесіп жүрген болса да. Яғни, ата-анасы қызды «ең қымбат қалың малым» деп жастайынан тәрбиеледі, құлағына әбден сіңірді. Немесе қыз үшін махаббат маңызды емес, жанын қинамай, шалқып-күліп өмір сүргені басты мақсат. Ақылды қыз дер кейбіреулер. Бірақ кейін оның іші де сырты сияқты күлер ме екен?! Ал ақылға бағынбайтын жүрегі ше, тыныш жатар ма екен?! Өзінен басқа ешкім біле алмайды бұл жайды. Сатады қызды қазақ мал орнына, Алмайды халал жұпты жар орнына. Әйелді хайуанға қисап етіп, Тұтады ѳзін ерлер хан орнына, – деген өлең жолдарынан басталатын Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамалы», Спандияр Көбеевтің «Маған бермесе де малға береді» деген алпыстағы Тұрлығұлы, «Қанша мал сұрасам екен? Әлде ақшалай алсам ба екен», – деп есі кеткен әкесі Итбай және: Бар ма екен қасірет, қапа шығар күні? Ғайшаның теңі қайда, елі қайда? Кешегі уайымсыз күні қайда? «Қалқамды сүйгеніне берем»  дейтін, Әкенің жанашырлық сөзі қайда, – деп қайғы мен уайымға батқан он бестегі Ғайша жайы әлі күнге қалың қазаққа ой салар емес. Ол ол ма, жыл өткен сайын қалың мал бұрынғыдан да күш алып барады. Қазақ даласындағы тұңғыш романдардың мазмұны осындай еді. Қалың малға жаны мен арын, онысымен қоймай қызын сатқан тойымсыз Итбай мен Сәрсенбайдай әкелер, қайғыдан көз жұмған Ғайша мен Жамалдай қыздар қаламгерлердің де қабырғасын қайыстыратын. Жазушылар романды қиял қуып немесе жазу үшін ғана жазған жоқ. Қазақ даласында қалыптасқан осы дәстүрдің мүлдем өрескелдікке, қоғамды мешелдікке әкеліп соқтыруына орай қалам тербеді. Ашкөздік талай жастың қыршынынан қиылуына әкеліп соқтырғанын көрді және әлеуметтік теңсіздіктің ауыр дертке айналғанын терең сезді. Арада 100˗150 жылдан аса уақыт өтсе де, қазақ қоғамы әлі күнге дейін оңалар емес. Бүгінде «қызыма осынша мың қалың мал әкел» деп талап қойып жататындар кешегі Итбайлардың тікелей ұрпағы, ізбасары ма дерсің? Онсыз да қаншама қазақ қызы уақытында тұрмыс құра алмай «кәрі қыз» қатарын толтырып, кейбірі шетел асып күйеуге тиіп  жатқан жоқ па, онсыз да талай жігіт отызға келсе де теңін таппай теңселіп жүр емес пе?! Осы орайда, кінәні жігіттен де, қыздан да іздемей, ата-аналар мен жасы егделер жағдайды одан әрі ушықтырмаса игі еді. Танымал тәжік ақыны Адиба Азиз заңдарға өзгертулер енгізіп, Тәжікстаннан қыз алған шетелдіктерге 50 мың доллар қалыңмал төлетуді ұсынғаны әлі есте. 2011 жылы Тәжікстан парламенті Отбасы кодексіне өзгеріс енгізіп, ол бойынша республика азаматшасына үйленгісі келген шетел азаматы неке шартын жасап, тәжік азаматшасын баспанамен қамтамасыз етуі тиіс екен. Нәтижесінде, Тәжікстанда шетел азаматтарына күйеуге тию көрсеткіші он есеге азайыпты. Біздегі ұсыныстарға көз жүгіртетін болсақ: «Шетелдікке тұрмысқа шыққан қазақ қыздары азаматтықтан шығарылсын. Адамның құқынан гөрі бізге мемлекеттің қауіпсіздігі маңызды. Қазақстанның тұтастығы, бүтіндігі, болашағы маңызды», – деп байғұс қазақ қыздарына тап береді белгілі ақынымыз. Ал белгілі саясаткер Айдос Сарым бір жазбасында: «Жалпы, қыздарымызды ешкімге бермейміз, ойбай-ойбай дегеніміздің өзі таза аграрлық, архаикалық сана. Яғни, қыздарды жылқымен, басқа малмен тең санау. Əсіресе, «тіркеу дегеніміз – сталиндік түрме» дегендердің осы түрмеден қыздарды шығармаймыз деп зарлауы күлкілі. Жігіттер! Мықты болсақ жұмыс істейік, ынжық болмайық, бəсекеге қабілетті, білімді, парасатты, бай-бақуатты болайық! Ешкімге тіл тигіздірмейік, тұмсықтыға шоқытпайық, бай мен бастыққа қорлатпайық! Сонда қыздарымыз ешқайда қашпайды, теңін ішінен іздейді», – дегені бар. «Басқа ұлт өкіліне сүйіп қосылдым» деп өздерін ақтайтын жасты қалай кінәлайсыз? Себебі «Махаббат – бір тәтті у, Ішер жүрек, төгер жас» демекші, жүрекке әмір жүрмейтінін барлығымыз білеміз. Бірақ қыз шіркін бір көре салып ғашық болмайды ғой. Әуелі танысады, араласады, кездеседі. Сонан кейін барып қана сезім оянады. Сүйгенінің танымын, өресі мен пайымын ұғынады. Бірақ біздің қызға әлгі бөгде ұлт өкілінің іс-әрекеттері неге жат көрінбейді? Демек бикешіміз әу бастан өз ұлтын толық сүйе алмаған. Сондықтан басқа ұлт өкіліне тұрмысқа шығу әбес көрінбейді. Бірақ түбінде не болар екен? Қазақ жігіті басқа ұлттан әйел алып жатса, іш күйер, бірақ онша мән берілмейді. Себебі ол жер асып кетпейді. Ел ішінде жүреді. Ал қазақ қызы шетел ауып, өзге ұлтқа күйеуге тисе, бірден жат болып кетеді. Өз ішіміздегі өзге ұлт өкілдеріне үйленгендердің де көбі солай. Неге? Себебі әлемнің бастауы – ана. Ұлтты да жалғастырушы сол. Демек, әйел адам рухани тұрғыдан еркектен бір саты жоғары тұруы керек. Өзін ғана емес, ұрпағын, туған елінің келешегін де ойлағаны абзал. Қазақ қызы, қазақ анасы толық мағынада ұлтшыл болуға тиіс. Қазақ қызы ежелден-ақ айрықша қасиетімен барша әлемнің қыздарынан ерекшеленген. Бізде ғана болған, әлі де жұқанасы қалған асыл қасиет. Ол – адалдық! Ері соғысқа кеткенде, 17-18 жасынан жесір атанған жап-жас әйелдер қара шаңырақта қалған кемпір мен шалға пана, балаларына ана, әке орнына әке де бола білген. Алқаптарда қап-қап бидай, жем-шөп арқалап, ауылда еркектің жоқтығын білдірмепті. Аралас некенің ұлтқа тигізер қаупін дәл түсінген Мұхтар Әуезовтің Софы Сматаевқа жазған хаты көп ойға жетелейді. Baq.kz сайтында жарияланған мақалада жазушы өзінің өмірлік тәжірибесі негізінде басты үш ақылын айтқан екен. Осыдан 57 жыл бұрын Әуезов хатында: «Сарыбала, сен жазушы боламын деп жүрсің ғой. Сол болашақ тірлігіңе демеу болар үш тарау ақылымды айтайын. Қабыл алсаң, қапы қалмассың. Арақты әу баста ем-дом үшін шығарған. Аздап ішсең – дәру, көп ішсең – у. Жөнімен тата білсең, артықтық етпейді ол. Ал қатаң ескертерім, темекіге жолама! Адам ағзасын арылмас дертке ұшырататын кесірлі кеселдің ең зияндысы. Бұл – бір. Жазушының өте бір баға жетпес құндысы – уақыты. Осы құндының аса қас жауы – карта дейтін азарты мол ойын. Ол немең – уақытыңды ұрлаумен қоса достарыңнан ажырататын зәндемінің өзі. Өйткені ұтылсаң – ақша болмай, бере алмауың мүмкін. Ұтсаң – қолма қол ала алмай, араларың суысып кетуі ғажап емес. Сондықтан картадан аулақ бол. Үшіншіден, біздің жасаған қателіктерімізді қайталамаңдар. Жоғары оқу орындарында оқып жүргенімізде қазақ қыздары орталау мектепті де бітірмейтін еді. Содан ба «тең теңімен» дегенге әулекіленіп, «қолымыз жеткеніміз» орыс қызына, одан кейінгілеріміз татарға, басқа ұлт бойжеткендеріне үйлендік. Ұлттың ұлт боп ұйытылуы бесіктен басталарына мән бермеппіз. Ал ұлттың ұлылығын сақтау үшін өз жұртыңның аруымен бас қосудың аса қажеттігін кеш сезіп, сан соғып жүрміз. Сендер елден алыста жүрсіңдер. Бүгінде қазағыңның оқыған қаракөздері жеткілікті. Біздің қателігімізді түзетуге тырысыңдар» деген көрінеді. Ұлты мен ұрпағының тағдырын ер адам осылай ойлап отырғанда, баланы 9 ай құрсағында көтеретін қыздар, болашақ аналар не ойлайды?! Неке, үйлену туралы сөз қозғағанда қазір белең алып келе жатқан қалың мал жайын, осы бір ерекше құбылысты айналып өту мүмкін емес. Қыздар жігіттерге, жігіттер қыздарға кінә тағудан еш пайда жоқ. Иә, қазақ қыздарының өзге ұлт өкілдеріне тұрмысқа шығуының себеп˗салдары көп. Қалыңдыққа бере қояр қалың мал тіліне күрмеу болған атпал жігіттеріміз үйлене алмай жүрген жоқ па? Шын сүйген жігіттің жағдайына қарайтын ибалы қазақ қызы қараңғы түндерде көп күрсінбей ме екен?! Қазіргі қоғам «қалың мал» ұғымын дұрыс түсінуі керек. Себебі қазір заман басқа. Кезінде қазақтың басты байлығы мыңғырған мал болса, бүгінгінің басты байлығы – үй. Жастардың көбіне үйленбей, сүрбойдақ жүруі де кейін тұратын үйінің жоқтығында. Оған қоса, қалың мал бағасы да жыл сайын тоқтаусыз өсіп барады. Есептеп қарасаңыз, тойға дейінгі жөн-жоралғылары мен тойдың өзіне екі жақ 25-30 мың доллар көлемінде ақша жұмсайтын сияқты. Кейін жастардың тұратын үйі жоқ болса да, тойды абыроймен атқаруға барын салады. Дайындықтың қызығы мен шызығы бір айда-ақ бітеді. Ал тойдан кейін екі жас шамамен 50˗60 жыл бірге өмір сүрсе, соның 20 жылын пәтерден˗пәтерге көшумен, үйге кезекке тұрумен, ипотекаға ақша жинаумен өткізеді. Әлгі айтылған 25-30 мың долларға Алматыдан бір бөлмелі жаңа пәтер сатып алуға әбден болады. Тойын жасамау қазаққа, расымен де, ұят болар. Оны жасасын-ақ дейік, бірақ басқасынан бас тартып, сол ақшаны екі жастың үй сатып алуына жұмсаса қалай болар екен? Елбасы Н.Назарбаевтың өзі «Той өткізуге жұмсаған ақшаны жастарға баспана алуға беру керек. Бұл ең жақсы сыйлық», – деген еді әнебір жылы. Әрине, құда болып, сыйласып, сыйлық алысу қуанышына не жетсін? Десе де, жаны қиналып отбасын асырай алмай, пәтерден˗пәтерге көшіп˗қонып жүрген жас қазақ жігіттерін көргенде еріксіз жан қиналады. Ең бастысы, киітке берілетін шапан да, алтын да, атаулы маталар да ешкімге байлық бола алмас.  P.S. Тойдағы ысырапшылдық бөлек әңгіме. Шымкентте өткен тойдағы 65 мың доллар – 22 млн теңгенің торты Ұлыбритания ханзадасы Генри Чарльз Альберттің тойындағы 45 мың доллардың, яғни 15 млн теңгенің тортынан асып түскені де қоғамда қызу талқыға түскен еді. Той иелері оны қаймана қазақтың қызғанышы деп қабылдаса керек. Олай емес. Бірақ талай қазақ жастары өзге ұлт өкілдерінің қуықтай бөлмесін пана тұтып жүргенде, бос мақтаныш үшін жұмсалған, қалың малға шашылған қомақты қаржыға ішіңіз қанжылар, бәлкім. Судың да сұрауы бар емес пе?!