Дүйсенбі, 6 Ақпан, 2023

ҰБТ келер жылы өзгере ме?

Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған бағдарламасының» биылғы жартыжылдық қорытындысы жасалды.  Одан бөлек ҰБТ мен оқу орындарына түсу бойынша емтихандардың қорытындылары сараланды. Сондай-ақ, Үкімет мүшелері «ЭКСПО – 2017» халықаралық көрмесінде көрсетілген жобаларды жүзеге асыру барысын талқылады.

Жиын басында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев сөз алып, «Білім беру мен ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының» 6 айдағы қорытындысын ұсынды. Министр келтірген деректерге сай, биыл бағдарламаны орындауға бюджеттен 515 млн 200 мың теңге бөлініпті. Бұл қаржыдан алғашқы жартыжылдыққа 278 млн 805 мың теңге қарастырылған. Қазірге дейін оның 217 млн 495 мың теңгесі мақсатты түрде игерілді.

Министр өз сөзінде биыл бірқатар сыныптардың жаңартылған білім мазмұнына көшетінін атап өтті. «Өткен жылдан бастап 1-ші, 2-ші, 5-ші жəне 7-сыныптар жаңа оқу бағдарламасы бойынша білім алуда. Осы 2018 оқу жылынан бастап қосымша 3-ші, 6-шы жəне 8-сыныптар жаңартылған мазмұн бойынша білім ала бастайды. Оларға арналған оқулықтар дайын. Барлығы сараптамадан өтті. Оқулықтарды облыстарға жеткізу жұмысы басталып кетті», – деді Ерлан Сағадиев. Ал дайын оқулықтардың жаңа оқу жылына дейін кешіктірілмей жеткізілуі әкімдіктерге жүктелген. Министрдің сөзінше, қазір облыстар кітаптарды жеткізу бойынша көлік компанияларымен келісімшарттарды рәсімдеді. Жаңа оқу жылының таяп қалғанын ескерген министр Ерлан Сағадиев жергілікті атқарушы органдардың барлығынан осы мәселеге баса назар аударуды сұрады.

Қазіргі уақытта мектепке дейінгі балаларды біліммен қамту деңгейі 93 пайызды құрайды. Бұл ретте министр «Балапан» бағдарламасы бойынша жан басына қарай қаржыландыру жүйесінің тиімділігін атап өтті. «Электронды үкімет пен «е-əкімдіктің» интеграциясы арқылы 25 қала жəне 6 ауданда балабақшаларға электронды түрде жолдама беру жүйесі іске қосылды. Осы жылдың аяғына дейін барлық облыстар аталған жүйеге қосылатын болады», – деді министр.

Ерлан Сағадиев келтірген деректерге сүйенсек, бүгінде елімізде жаңартылған мазмұн бойынша 73 мың педагог оқытылуда. Ал жаңартылған мазмұн бойынша сабақ беретін 205 мың мұғалімнің жалақысы 30 пайызға артса, аттестациялауға қатысқан мұғалімдердің 63 пайызы сынақтан сүрінбей өткен. Аттестаттаудың нəтижесі бойынша біліктілік санаттары үшін үстеме ақы 2018 жылғы 1 қыркүйектен бастап енгізілмек.

Бұдан әрі Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ҰБТ мен оқу орындарына түсу емтихандарының қорытындысы бойынша есеп берді. Биыл 15-ші рет өткізілген ҰБТ-ға қатысуға өтініш білдірген 100 мыңнан астам түлектің 75 пайызы қазақ тілінде жəне 25 пайызы орыс тілінде тест тапсырды. Қорытынды нəтиже бойынша,  орташа балл – 83. Өткен жылы бұл көрсеткіш 80,5 балды құраған. ҰБТ өткізу кезінде 1200 аудитория қолданылып, олардың 90 пайызы онлайн-таратылыммен қамтамасыз етілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есеге артық.  «Биыл ҰБТ-да барлығы 30 мыңнан астам тест тапсырмалары пайдаланылды. 243 апелляциялық өтініш түсіп, оның ішінде 101 өтініш қанағаттандырылды», – деді министр.

Ал кешенді тестілеу еліміздегі 48 жоғары оқу орындарының базасында өткізіліп, оған қатысуға 45 мыңнан астам адам өтініш білдірген. Оның 42 700-і кешенді тестілеуге қатысты. Жалпы, шекті деңгейден қатысушылардың 56,4 пайызы өткен.

Жиын барысында Ерлан Сағадиев келер жылы ұлттық бірыңғай тестілеу тəртібіне бірқатар өзгеріс енгізу туралы ұсынысын жариялады. «Бізге педагогтар мен ата-аналардың тарапынан жыл бойы ұсыныстар түсіп жатады. Оның ішінде ұлттық бірыңғай тестілеу мен кешенді тестілеу бірдей функцияны атқарған соң, осы екі тестілеуді бірге өткізуге қатысты ұсыныс бар. Екіншіден, ҰБТ жоғары оқу орнына түсетін емтиxан болғандықтан, оны өткізу шараларынан мектеп мұғалімдерін босату. Үшіншіден, мектеп оқушыларын ҰБТ-ға емес, мектеп бағдарламаларын игеруге дайындау қажет болғандықтан, мектептерде сынама тестерін өткізуді азайту. Төртіншіден, мемлекеттік білім гранттарын оқу тіліне – қазақ немесе орыс тілдеріне бөлмей тағайындау жəне тағы бірнеше ұсыныс бар», – деді министр.

Білім және ғылым министрі баяндамасын тәмамдағаннан кейін Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев кəсіптік-теxникалық білімге жастарды көптеп тарту қажеттігін ескертті. Үкімет басшысының айтуынша, бүгінде кəсіптік-теxникалық білім тегін болса да, жастар ондай оқуға көп бара бермейді. «Мемлекеттік тапсырыс 75 мыңнан 100 мың орынға дейін ұлғайды. Алайда 14-24 жас аралығындағы жастарды теxникалық жəне бейінді біліммен қамту төмен болып отыр. Қазір аталған көрсеткіш бар болғаны 17 процентті құрайды. Ең төменгі көрсеткіш Алматы облысында − 10, Түркістан облысында −13,9, Солтүстік Қазақстан облысында − 14,4 жəне Жамбыл облысында − 14,5 пайыз. Осыған байланысты Білім жəне ғылым министрлігі əкімдіктермен, сондай-ақ «Атамекен» ұлттық кəсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, жұмыссыз жүрген жастарды кəсіптік біліммен қысқа мерзімде, формальды емес жəне қосымша біліммен қамту бойынша жүйелі шаралар қабылдасын», − деді Бақытжан Сағынтаев.

Үкімет отырысының күн тәртібіндегі келесі мәселе – «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінде көрсетілген жобаларды жүзеге асыру барысы. Көрмеде ұсынылған 99 жобаны еліміздегі əкімдіктер мен ірі компаниялар жүзеге асырады. Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, бүгінде 115 технология іріктеліп, оны енгізу бойынша жол карталары əзірленіп, бекітілген. Мұнай мен газ саласында Ресей, АҚШ, Қытай мен Финляндияның 9 технологиясы анықталып, оның ішінде 7 технологияны əкімдіктер, 2 технологияны компаниялар таңдаған.

Энергетика министрлігінің деректеріне сəйкес, əкімдіктер мен компаниялар аталған технологияларды бекітілген жол карталарына сəйкес енгізу бойынша белсенді жұмыстар жүргізуде. Бірінші кезеңде əкімдіктер дəстүрлі отынды пайдалануды азайтуға, қалалық ортаны жақсартуға жəне атмосфераға зиянды шығарындыларды азайту арқылы қоршаған ортаны жақсартуға мүмкіндік беретін 16 технологияны енгізген. Бұл ретте отандық өнімдерді қолданысқа енгізу назардан тыс қалған жоқ.

Тақырыпты қорытындылаған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев атқарылған жұмыстар бойынша оң нəтиже байқалатынын атап өтіп, бұл бағытта өңірлердің белсенділігін арттыру қажеттігін айтты. Премьер-министр облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының əкімдіктеріне, ұлттық басқарушы холдингтер мен компанияларға озық технологияларды енгізу жұмыстарын жандандыру туралы тапсырма жүктеді.

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button