CPJ ОАР-дағы журналистер қазасын тергеуді талап етті

CPJ ОАР-дағы журналистер қазасын тергеуді талап етті

CPJ ОАР-дағы журналистер қазасын тергеуді талап етті
ашық дереккөзі
Халықаралық "Журналистерді қорғау комитеті" (Committee to Protect Journalists - CPJ) Орталық Африка Республикасының билігінен, Ресей мен БҰҰ-дан ресейлік журналист Орхан Джемаль, оператор Кирилл Радченко және режиссер Александр Расторгуевтің қазасын дереу мұқият және тыңғылықты тергеуді талап етті. Ұйым үйлестірушісі Анжела Кинтал мәлімдемесінде "журналистерді өлтіру - цензураның ең қатігез формасы" екенін және мұндай қылмысты жасағандар міндетті түрде жазалануы тиіс екенін айтты. Шілденің 31-і күні Оңтүстік Африка Республикасында (ОАР) деректі фильм түсіруге барған ресейлік журналистердің қаза тапқаны мәлім болған. Болжам бойынша, олар мінген көлікті Банги қаласына жақын маңда атқылаған болуы мүмкін. Бұған қоса әлдекімдер оларды тонау мақсатымен ұстап, тергеп, кейін өлтірген болуы мүмкін деген де долбар айтылды. ЗБО-ның хабарлауынша, журналистердің видео және фотоаппаратуралары, сонымен бірге тоғыз мың доллар ақшасы болған. Джемаль, Радченко және Расторгуевге фильм түсіруге тапсырыс берген "Зерттеулерді басқару орталығы" өз тергеуін бастады. Михаил Ходорковскийдің журналистік жобасы саналатын бұл орталық ОАР билігінің журналистер өліміне "Селека" мұсылман көтерілісшіл қозғалысы өкілдерінің қатысы бар деген долбарына күмән келтіреді.