«Бір қайыры бар дүние»

«Бір қайыры бар дүние»

«Бір қайыры бар дүние»
ашық дереккөзі
429
Ұлттық кітапханаға жиналған зиялы қауым өкілдері тағы бір құнды еңбектің тұсауын кесті. Бұл жолы оқырманға «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Астананың 20 жылдығына тарту ретінде жазушы, аудармашы, халықаралық Жамбыл сыйлығының иегері Мәлік Отарбаевтың «Бір қайыры бар дүние» атты эсселер жинағы жол тартты. Салтанатты шараға ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Темірхан Медетбек, Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, ғалым-ұстаз Шәмша Беркімбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Берік Шаханов, Сәбит Мұқанов және Ғ.Мүсіреповтің әдеби-мемориалдық мұражайының директоры Әділғазы Қайырбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Ахметжан Ашири, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Рафаэль Ниязбек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асылы Осман, Халық­аралық «Алаш» сыйлығының иегері, жазушы Нұрғали Ораз, ғалым-профессор Дандай Ысқақ, ақын Дәулетбек Байтұрсынұлы бастаған зиялы қауым өкілдері мен әдебиеттанушылар қатысты. Автор бұл еңбегін неге бұлайша атады? «2007 жылы жазушы Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» атты кітабы жарық көрді. Сонда «Ата, неге кітапты «Бір кем дүние» деп атадыңыз?» деп сұрағанымда, «Алланың да 99 аты бар. Неге 100 емес? Бірі кем болып тұрған сияқты. Осы ойдан туындады», – деді. Әрине, Шерхан атамен жарысатындай ой жоқ. Бірақ бұл еңбек бір ғасырдың жүгін арқалайтын еңбек. Ол кісі – өткен ғасырдың, біз – тәуелсіздік жылдардың ұрпағымыз. Біз тәуелсіздіктің қалыптасуына куә болдық. Ал егемендік тұғырының беки түсуіне осы жердегі талай азаматтар атсалысты. Бұл кезеңде қиындықтар көп болды. Демек, қиындықтың да бір қайыры бар. Оның жемісін бүгін көре бастадық. Мақсатым – ойларымды жинақтап, кітап арқылы бата алу», – деді автор жүрекжарды пікірінде. Кітапқа автордың қазіргі қоғам, өтпелі уақыт, ұлттық руханият туралы эсселері мен шағын әңгімелері топтастырылған. Мұндағы тілге жеңіл, жүрекке жылы тиер кез келген мәтін жолдары терең ойға батырып, ізгілікті іске ұмтылдырады. Әр әңгімеден пікір түйесіз. Бір сөзбен айтқанда, адам баласы әрбір істен қайыр іздеу керектігін үнемі еске салып отырады. Яғни, адамдар арасындағы қарым-қатынас, өмірлік құндылықтар, асыл сезім, көркем мінез қалыптастыру тұрғысындағы гуманистік көзқарастар оқырманның рухани әлемін байытып, ақиқатты тануға жетелейді. Сөз өнерін қадірлейтін аға буын өкілдері қатысқан шара рухани әңгіме, еркін пікір алмасуға ұласты. Жақсы дүние туралы жылы лебіз айтылды. Мәселен, кітаптың тұсаукесерінде белгілі ақын Рафаэль Ниязбек: «Қазіргі өтпелі, нарық заманы күрделеніп барады. Осындай кезде мұндай кітап ауадай қажет. Мұнда ұзақ-сонар әңгіме жоқ. Шерхан Мұртаза «Бір кем дүниені» жазды. Мәлік Отарбаев «Бір қайыры бар дүниені» шығарды. Екеуі де өмірдің болмысы» десе, мемлекет және қоғам қайраткері Шәмша Беркімбаева автордың жан-жақты, шығармашыл тұлға екенін тілге тиек етіп: «Бұл кітаптағы оқиғалар барлығымыздың басымызда кездесетіндей болып көрінуі мүмкін. Бірақ ол әрбір жайттан ұлтымыздың философиялық ұстанымдарына сай келетін ой түйіп отыруымен ерекшеленеді. Дұрыстап зер салсақ, әр сөзі афоризмге айналып тұр. Қазақ халқының даналық мектебін жалғастыратын жастар бар екен ғой деп шүкіршілік етемін. Өзі – өте еңбекқор адам, білімді, өз халқын жақсы көретіні, өз ұлтының рухани дүниесін байытуды мақсат еткені істеп жүрген қызметінен де, жазып жүрген шығармашылығынан да айқын көрінеді», – деді. Ал Мемлекеттік сыйлықтың иегері Темірхан Медетбек: «Мәлік Отарбаев – кейінгі жылдары әдебиетте өнімді жұмыс істеп жүрген талантты жазушы. Оның өз орны, өзіндік үні бар. Шағын әңгіме-эсселерімен адам бойындағы ізгі қасиеттерді, имандылықты, ізгілікті, инабаттылықты айта отырып, қоғамда болып жатқан келеңсіз құбылыстар-ды сынайды. Жалғыз Қазақстан емес, әлем елдеріндегі жағымсыз әрекеттерді, керексіз мінез-құлықтарды сарапқа салып, сонымен бірге, адам мен адамның үйлесімділігі, жарасымдылығы жайлы айтып келе жатқан ойлы азамат. Оның ең басты қасиеті – түрік тілін өте жақсы меңгергені. Екі елдің жақындасуына үлкен ықпал етіп жүрген мұндай жастар өте сирек», – деп қаламгердің жаңа белеске көтерілуіне, жарқын шығармалар әкелуіне тілектестік білдірді. Бұған дейін Мәлік Отарбаевтың қазақ және түрік тілінде жазған әңгімелері мен эсселері әзірбайжан, орыс, қырғыз тілінде жарық көрді. Сүйінбай, Ш.Мұртаза, Н.Оразалин, Р.Отарбаев, Т.Медетбек, Р.Ниязбек, Е.Жақыпбектің шығармаларын түрік тіліне аударған. Сондай-ақ, Юнус Эмре, Решат Нұри Гүнтекин, Халдун Танер сынды түрік ақын-жазушыларын қазақ тілінде сөйлеткен. 25 қазақ қаламгерінің әңгімесі мен О.Сүлейменовтің түркі тілдеріндегі өлеңдер жинағын құрастырған.

Серіктес жаңалықтары