Дуальды оқыту – сапалы білім кепілі

Дуальды оқыту – сапалы білім кепілі

Дуальды оқыту – сапалы білім кепілі
ашық дереккөзі
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан  жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында 2-3 жылда дуальдік, техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесін қалыптастыру бүгінгі уақыт талабы екендігі айтылған. Дуальды білім беру жүйесі – теория мен тәжірибені ұштастыруға мүмкіндік беретін оқыту бағдарламасы. АҚШ, Германия, Аустрия, Швейцария, Оңтүстік Корея және тағы басқа мемлекеттерде кеңінен қолданыста жүрген бұл бағдарлама бойынша техникалық мамандықта білім алатын студенттердің дәрістерінің көп бөлігі мамандықтарына сәйкес кәсіпорынның қабырғасында өтеді. Ал мұндай білім жүйесі қандай мәселелерді шешеді? Бұл бізге керек пе? Біріншіден, бұл жүйе бойынша оқытушылар құрамы техникалық өндірістің қыр-сырын жетік меңгерген компания қызметкерлерінен жасақталады. Жоғары оқу орны, кәсіпорын мен студент арасында жасалатын келісімшарт негізінде жүзеге асатын білім беру бағдарламасын құруға өнеркәсіп жетекшілері тікелей қатысады. Мектепті тәмамдаған оқушы жоғарғы оқу орнынан бұрын, онымен келісімге отырған кәсіпорындардың тізімін қарайды. Арнайы емтихандар тапсырып, сұхбаттан өту үшін де өзі еңбек етуді қалайтын компанияға барады. Өзінде жұмыс істейтін болашақ мамандардың қатарына қабылданған студентке шәкіртақы төлеу, оқу орындарын үйлестіру шығындарын кәсіпорын өз мойнына алады. Елімізде білім беру жүйесінің өзекті мәселелерінің бірі – заман талабына сай білімді, білікті және компьютерді еркін түрде меңгере алатын мамандарды дайындау. Соған орай, кәсіптік білім беру жүйесінде қос бағытты білім берудің ғылыми-теориялық негіздері жан-жақты зерттелуде. Шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, білім берудің жаңа буын стандартын жасақтауда дуальдық жүйені кәсіптік білім беру үлгісіне енгізудің мүмкіндіктері мен алғышарттары жан-жақты қарастырылуда. Стандарт талабына сәйкес, кәсіби құзыретті маман даярлау мазмұны білім, білік, дағдыларды қалыптастыруға ғана емес, өндіріс қажеттіліктеріне сәйкес дамыған кәсіби іс-әрекет дағдыларын меңгертуге бағытталған. Қазіргі кезеңде кәсіптік білім беру саласындағы әлеуметтік серіктестік нақты білім беру мекемелерінің жұмыс берушілер, жергілікті атқарушы үкімет, еңбекпен қамту қызметтері, қоғамдық ұйымдар, сондай-ақ, жастардың кәсіби қалыптасу, олардың аймақтық еңбек нарығын игеру үдерісіне қатысушы барлық тараптардың мүдделерін жүзеге асыруға бағытталған. Кәсіптік білім беру саласындағы әлеуметтік серіктестік қарым-қатынасқа қатысушылар – мемлекет, өндіріс, кәсіптік және техникалық оқу орны. Бұл үрдісті енгізудің тиімді жолы ретінде Германияның қос бағытты білім беру – дуальдық жүйесі кеңінен қанат жаюда. Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІХ сессиясында: «Озық индустриялы елдер – Германияда, Ұлыбританияда, АҚШ-та, Оңтүстік Кореяда жұмысшы кадрларды даярлаудың дуальдық жүйесі өзін жақсы жағынан көрсетті. Осы жүйе бойынша кәсіптік мектеп оқушылары бір мезгілде өндірісте тағылымгер болып табылады. Даярлаудың осындай жүйесін Қазақстанда да кеңінен енгізу қажет. Бұл біздің жаңа индустрияландыру үшін кадрларды даярлауды жаңғыртуымызға жағдай жасайды» деген болатын. Елімізде 600 мыңнан астам адам техникалық және кәсіптік білім берумен қамтылған. Кәсіптік шеберлікті қамтамасыз етудің нақты жолы – жас мамандарды оқытып үйрету, жаңа мамандыққа бейімдеу. Бұл мәселе жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясы арқылы өріс алып келеді. Отандық компанияларды дуальды білім беру жүйесіне атсалысуға шақырған Елбасы Н.Назарбаев: «Бүгінде бұл жүйе 60 елде жұмыс істеуде. Барлық қазақстандық компанияларды осы жүйемен шұғыл айналысуға, ал Үкіметке оны қадағалауды тапсырамын», – деді. Дуальдық оқытудың негізгі артықшылықтарына ең алдымен, түлектердің жұмысқа орналасуының жоғары пайызын қамтамасыз ететінін жатқызуға болады, өйткені олар жұмыс берушінің талаптарына толығымен жауап береді. Оқыту өндіріс қажеттілігіне барынша жақын. Есте қалатыны, дуальдық оқытудың қатысушысы ең шағын компания болуы мүмкін. Екіншіден, білім алудың жоғары деңгейіне жетеді, болашақ қызметкердің психологиясы қалыптасады. Осы орайда колледждердің эксперименттік жұмысы базалық мекемелер тарапынан оң бағаға ие болып, елімізде бұл жүйемен айналысу қажеттілігі мен артықшылығы дәлелденді. Бүгінде дуальдық оқыту жүйесін қолдану тәжірибесі бірқатар артықшылықтарды айқындайды. Олар: дуальдық жүйе оқытудың дәстүрлі түрлері мен әдістерінің негізгі кемшілігін – теория мен тәжірибенің арасындағы алшақтықты жояды; дуальды жүйенің механизмінде маманның жеке тұлғасына әсер ету, болашақ маманның жаңа психологиясын жасау жатыр. Оқушыларда білім алу мен дағдыға ие болуға үлкен мотивация туады, себебі олар білім сапасының жұмыс орнында қызметтік міндеттерін орындауына тікелей байланыстылығын сезінеді, жұмыс берушімен тығыз байланыста жұмыс жасаушы оқу орны болашақ мамандарға қойылатын талаптарды ескеріп отырады, жұмыс берушілер өздеріне мамандарды қамтамасыз ету мәселесін шешеді. Дуальдық жүйе бойынша оқыту білім алушылардың кәсіби біліктер мен дағдыларды, іскерліктерді тікелей жұмыс орнында меңгеріп, жан-жақты кәсіби дамуына мүмкіндік беріп, түрлі жүйелердің, білім, ғылым, өндірістің өзара байланысы мен әсерін, енгізілу тәжірибесін қамтамасыз ету арқылы кәсіптік білім беру жүйесінің сапасын арттырады. Дуальдық жүйе, өз мәнінде, білім беру мекемесі мен өндірісте қатар білім алуды білдіреді. Білім беру теория мен тәжірибенің байланысты принципіне негізделеді. Дуальдық жүйеде тараптардың қарым-қатынасы тепе-теңдік және әділдік принциптері негізінде құрылады. Әлеуметтік серіктестікке қатысушылар оқыту нәтижесіне ғана емес, сонымен қатар оқытудың мазмұнына, оның ұйымдастырылуына мүдделі. Білім алушылардың әлеуметтік кепілдікке ие болуға және бәсекеге қабілетті мамандық алуға, мемлекеттің кәсіби мамандарды даярлауға тапсырыстың қалыптасуына және орындалуына, өндірістің өмірге және жұмысқа жақсы дайындалған білімді мамандардың келуіне, оқу орнының білім беру қызметіне сұраныстың артуына деген мақсаттары орындалады. Бұл үшін ең алдымен Елбасы Жолдауында көрсетілген алғашқы екі бағыт соңына дейін қарастырылуы қажет. Мұның біріншісі, ел ішіндегі жұмыссыздықпен күресу. Жұмыссыздық мәселесі еліміздің, қоғамның ілгері дамуына өзінің теріс әсерін тигізбей қалмайды. Бүгінде тұрақты жұмысы, меншікті баспанасы және мамандығы жоқ үлкен әлеуметтік топ пайда бола бастады. Екінші бағыт өз тамырын осы аталған бірінші бағыттан тарта алады. Өйткені баспанасы жоқ жанның әлеуметтік көңіл-күйі де, мемлекет болашағына деген сенімі де жоғары бола қоймайды. Дуальдық оқыту жүйесіне еліміздің 100 колледжі енгізіледі. Қазіргі кезде қалаларда техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері, ал жалпы алғанда, еліміздің 100-ден астам колледждерінде ауыл шаруашылығы, көлік, металлургия, машина жасау, мұнай-газ, химиялық және кен өндірісі салаларындағы кадрларды дуальдық білім беру жүйесімен дайындау элементтері енгізілу міндеттеліп отыр. Ал республика көлемінде 120-дан астам мамандық бойынша жаңа кадрлардың 70 пайыздық өндірістік тәжірибеден өте жүріп білім алуына жол ашылады. Осылайша, өндіріс орындары техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерімен біріге отырып, өздерінің талаптары бойынша білім алып шыққан дайын кадрларды бірден жұмысқа алатын болады. Әлем тәжірибесіне үңілсек, Германияда ірі кәсіпорындардың 90 пайызы, әрбір бесінші шағын өндіріс орны студенттерді оқуға қабылдайды. Білім алушылардың 68 пайызы оқу бітіргеннен кейін өз компаниясында жұмысқа қалады. Италияда кәсіпкерлерге өздері оқытқан студенттердің кем дегенде 50 пайызын қызметке алып қалуды міндеттейтін заң бар. Бразилия кәсіпорындарына арналған мұндай міндеттеме 5-15 пайыз аралығындағы студенттерді қамтиды. Дуальды білім беру жүйесіне ерекше жылы қарайтын Ұлыбританияда 2020 жылға қарай 3 млн студентті қамтитын үлкен жобаның жоспары бекітілген. Қазақстанға бұл жүйе неге керек? Шикізат секторынан өнім шығару бағытына ойысуды мақсат тұтқан Қазақстан үшін техникалық мамандықты игерген студенттер көптеп қажет. Бұл салада бөлінетін мемлекеттік гранттардың жылдан жылға ұлғаюы да – осы мамандардың тапшылығын жою үшін қолға алынған шара. Гуманитарлық саламен салыстырғанда, дәлдікті, терең білім мен тәжірибені аса қажет ететін техникалық мамандықты бітіруші түлектердің көбі 3-4 жыл ішінде бірде бір арнайы құрылғыны қолына ұстап көрмеген. Талапқа сай келмеген студенттердің жұмысқа орналаса алмайтыны белгілі. Олай болса, мемлекет оларды оқытуға ақша бөліп, кейіннен дәл сол азаматтардың жұмыссыздығымен күреске қайта шығындануға мәжбүр. Ал оқу аптасының 1-2 күнін ғана жоғарғы не арнайы оқу орнында теориялық ақпарат жинауға жұмсап, қалған уақытын кәсіпорында жұмыс істеуге арнайтын студенттің өз мамандығы бойынша еңбек етуге білімі жетпей не жұмыссыз қалу ықтималдылығы төмен. Өйткені олардың жұмыс орны оқуға түспей жатып, анықталады, ал теорияны практикада қолдана алмайтын сауатсыздық мәселесі түбегейлі шешіледі. Кәсіпкерлерге қаншалықты тиімді? Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының техникалық және профессионалды оқыту саласын қолдау бөлімінің сарапшысы Елена Панкратованың пікірінше, біздегі кәсіпорындардың көбі оқыту бағдарламаларына қаржы жұмсауға дайын емес. «Мәселен, Германияда кәсіпкерлік субъектілері жыл сайын осы мақсатта 23 млрд еуро жұмсаса, мемлекеттің шығыны – 3 млрд еуро көлемінде ғана. Бұл елде тіркелген 3,6 млн кәсіпорынның 500 мыңға жуығында белсенді қолданылатын дуальды білім беру бағдарламасының түлектері еңбек нарығының 54 пайызын құрайды. Мұнда заңнамалық реттеу, кәсіпорындарға қолайлы жағдай жасап беру мемлекеттің жауапкершілігіндегі дүние», – деді ол. Ең бастысы, Еуроодақтағы кәсіпорындар арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері дуальды оқыту жүйесі өзін-өзі ақтайтын, инвестиция тұрғысынан тартымды жоба екендігін дәлелдеді. Мұндағы мамандардың пайымдауынша, білім беру саласына жұмсалған инвестицияның кәсіпорындар үшін келесідей тиімді тұстары бар: студенттерге оқу процесі барысында ел ішіндегі төменгі жалақы мөлшері төленетіндіктен, бұл нарықтан өзге маманды қызметке алуға қарағанда әлдеқайда үнемді; оқу бітірген жас мамандарды кәсіпорын бағытына сай қайта даярлап, біліктілігін арттыруға жұмсалған уақыт пен қаржы өндірісті тежейді; аса танымал емес шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін жұмыс іздеуші жастардың назарында болуға, мемлекеттен қолдау алуға, әлеуметтік бағдарланған мекеме ретінде жақсы имидж қалыптастыруға пайдалы. Дуальды оқыту бағдарламасын Қазақстанның білім беру жүйесінде сынап көру туралы пікір 2012 жылдан бастап айтылып келеді. ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2017 жылы 24 ақпандағы мәліметіне қарағанда, қазір елімізде дуальды оқыту жүйесі техникалық, технологиялық, ауыл шаруашылық бағыттары бойынша 421 колледжде (республикадағы колледждердің жалпы санының 51,5 пайызы) жүргізіледі. Бағдарламаға 2433 кәсіпорын қатысып, 27 мың студент қамтылған. Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту жүйесіне қызмет ететіннің барлығы – біздің еліміздің болашағына қызмет етеді», – деп атап көрсеткендей, дуальды білім беру жүйесі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлауға мүмкіндік беріп, әрбір түлектің оқу орнын бітіріп шыққан соң жұмысқа орналаса алуына кепілдік береді. Демек, дуальды оқыту – кадрдың бәсекеге қабілеттілігінің кепілі.