1028
«Жасыл» технология жол ашқан іс
«Жасыл» технология жол ашқан іс
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында аймақ басшыларына шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тарта отырып, тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай утилизациялау және қайта өңдеу шараларын қабылдауды міндеттеген болатын. Бұл міндеттер бүгінгі күні Алматы қаласында тиімді орындалуда.
Дамыған елдердің көбінде тапталып жерде жатқан тұрмыс қалдықтары әжептәуір табыс көзі. Бұл бизнес әрі әлеуметтік жауапты іс. Қоқысты қайта өңдеуден түскен ақша қалта мен қоршаған ортаға бірдей пайда әкеледі. Тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеудің негізгі бағыттары – қағаз өнімдері, әйнек сынықтары, шөлмек, полимер, пластик өнімдері, ағаш және темір заттары болып тармақталады. Тіпті, борситын тамақ қалдықтарынан биогаз өндіретін мемлекеттер де бар. Қазақстан да әлемдік тәжірибеге сүйеніп, қоқыс өңдеуге ерекше назар аударып отыр. Қазіргі уақытта елімізде қоқыс қалдықтарын әжетке жарататын 500-ге жуық мекемелер бар. Оның шамамен жартысы – қайта өңдеумен айналысатын зауыттар.
Қатты тұрмыстық қалдықтарды жою, қайта өңдеу мен кәдеге жарату ісінде Алматы шаһары тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеп, игілікке жарату жобаларын жүзеге асыруда. Осы бағыттағы шетел тәжірибесін зерделеп, озық технология үлгілерін енгізген кәсіпкерлер де бар. Осындай жобалардың бірі – Алматыда жаңадан ашылғалы отырған қоқыс өңдейтін зауыт. Алматы әкімі Бауыржан Байбектің айтуынша, тұтастай алғанда қалдықтарды сұрыптау кешенінің пайда болуы өнеркәсіптің дамуына серпін береді және мегаполистегі экологиялық жағдайды жақсартады. «Мемлекет басшысы қала экологиясы мәселесіне ерекше назар аударады. Мемлекет басшысы қоқыс проблемасын жүйелі түрде шешу, оны кешенді өңдеуді және пайдаланудың толық циклін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Зауыттың құрылысы біз үшін басым жоба болып табылады, бұл ЭКСПО-2017 мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келетін маңызды бағыт. Қазір біз бірінші кезекте қоқысты іріктеп, одан кейін оны қайта өңдеуге мүмкіндік беретін жүйені құрып жатырмыз», – деді қала әкімі Бауыржан Байбек.
Алматы қаласы аумағында өндіріс және тұтыну қалдықтарымен жұмыс істеу саласында қарым-қатынастарды реттеудің негізгі мақсаттары мынадай: Алматы қаласы тұрғындарының экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өндіріс және тұтыну қалдықтарының зиянды әсерінен табиғи қоршаған ортаны қорғау, қалдықтардың үйіліп қалуына және Алматы қаласы аумағының ластануына жол бермеу, қалдықтарды пайдалану (қайта өңдеу, кәдеге асыру) кезінде дайын өнім алу немесе пайдаға жарату, қайталама материалдық ресурстар нарығын дамыту және оларды қайталама шикізат ретінде шаруашылық айналымға тарту.
Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының дерегінше, зауыт үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегінде жұмысын бастайды. Қоқыс өңдеу зауыты Алатау ауданында орналасқан. «2017 жылы желтоқсан айында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Алматыда қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жобасын іске асыру туралы келісімге қол қойылды. Жаңа зауытта қоқыстар сұрыпталып, өңделіп қана қоймай, олардан түрлі бұйымдар жасалады», – дейді Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Әсет Масабаев.
Алматыда жылына 2,5 миллион текше метр тұрмыстық қалдық шығарылады. Бұл 9 қабатты 300 үймен тең. Мамандар жыл санап оның көлемі артатынын айтуда. Қоршаған ортаның экологиялық ахуалын жақсарту мақсатында инвесторлар қалада қоқыс өңдейтін зауыт кешенінің құрылысын қолға алып, зауыт инвесторлардың жеке қаржысына салынды. Бұл 2020 жылға қарай қалдықтарды қайта өңдеп қана қоймай, тұрмыстық қалдықтардың жалпы көлемінен 8 пайызға дейін пайдалы компоненттерді алуға мүмкіндік бермек. Қоқыс сорттау кезінде жарамды дүниелер екінші рет өңдеуге жіберіледі, ал биологиялық тұрғыдан шіритін заттар полигонда көміледі. Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істесе, өңдеу қуаты 40 пайызға жетеді. Алматының өзінде 1,5 мың өнеркәсіптік кәсіпорын барын ескерсек, бұл жобаның маңызы аса зор. Себебі енді коммуналды және өндірістік қоқысты игеру мүмкіндігі туып отыр.
Кешен жылына 550 тонна қоқысты сұрыптап, өңдеуге қауқары бар. Бұл алдағы 5 жылға жасалған есеп және Алматы қаласын толықтай қамти алады. Қазір қалада жылына 400-450 тонна коммуналдық қоқыс шығарылады. Құйылған инвестиция көлемі 5,3 миллиард теңгені құрап отыр. Мамандардың айтуынша, қоқыс өңдеу зауыты 2025 жылға таман салынған ақшаны ақтайды.
Аталмыш жоба «Бизнестің жол картасы – 2020» өңірлік индустрияландыру картасына енгізілген. Бұл зауыт барлық қоқысты сұрыптап, ішінара өңдеп шығарады. Ал бөлінген инертті материалдар қоршаған ортаға еш зиянсыз. Аталмыш кешенде қоқысты сұрыптайтын 4 агрегат орнатылған. Қыркүйек айында пайдалануға берілетін бұл зауыт бес жүзден астам жұмыс орнының ашылуына, қала қазынасының бүйірін қампайтуға септігін тигізеді. Зауыт 7,2 гектар жерге салынуда. Кәсіпорын үздік еуропалық қондырғылармен қамтамасыз етіледі, оның қуаты жылына 750 мың тонна қоқыс өңдеуге жетеді. Айта кетейік, кешен Алматы қаласын дамытушы 50 драйвер жобалардың қатарына кірген.
Сонымен қатар, жыл соңына дейін қаладағы барлық қоқыс контейнерлері жаңартылмақ. Қаланы қоқыстан азат ету мақсатында түрлі қалдық тастайтын контейнерлер орнатылуда. Оның бірі және бірегейі еуропалық үлгідегі сынабы бар қоқыстарды жинайтын жәшіктер. Сынабы бар шамдарды жинауға арналған ыдыс мырышпен қапталған темірден жасалып, шамдарды тастайтын саңлау жасалған және қоқысты сақтайтын жәшікпен жабдықталған. Осылай улы сұйықтық саналатын сынап сыртқа шықпайды, ауаны ластамайды. Қазір қалада қоқыс контейнерлері шоғырланған алаңдар саны – 1400. Енді құрғақ қоқыс пен ылғал қалдықтарды бөлек-бөлек салатын контейнерлер пайда болады. Алайда ең күрделі міндет – қоқысты бөлек тастауға халықты үйрету.
Тағы бір айта кететін жайт, Алматыны қалдықтардан тазарту мақсатында түрлі шаралар қолға алынуда. Енді тұрғындар қала экологиясының жақсаруына өз үлесін қосып, тіпті одан табыс таба алады. Алматылықтар арнайы пункттерге қажетсіз қағаз, пластик және полиэтилен сияқты қалдықтарын өткізсе болады. Қоқыстың әр келісі үшін белгіленген сомада ақша төленеді. Жалпы 1 ағаш – 60 киллограм макулатураға татыса, қалада айына шамамен мың жарым тоннадан астам қағаз қалдықтары жиналады екен. Ал алматылық студенттер арнайы мобильді қосымша ойлап тауыпты. Бағдарламаға тіркеліп, пункттерге макулатура өткізген тұрғындардың есебіне түрлі бонустар беріліп отырады. Кім неғұрлым көп қағаз қалдықтарын өткізсе, оның статусы да жоғарылап, түрлі ойын-сауық билеттеріне ие бола алады.
Қазір қалада қалдық қабылдайтын алты бекет жұмыс істейді. Әр пункттен күніне 60-70 келіге дейін макулатура жиналады. Олар өңдеу орындарына тиеліп, қайтадан халық игілігіне жарайтын өнімдер өндіріледі. Бұл жерге күніне 100 тоннаға жуық қағаз қалдықтары әкелінеді. Арнайы техниканың көмегімен сортталып, әрі қарай престелуге жіберіледі. Жалпы мұндай процеске 100-ге жуық жұмысшы қатысады. Жұп-жұмыр боп жиылған қағаздар қайта өңделуге зауыттарға жіберіледі. Мамандардың сөзінше, тұрмыстық қоқыстардың 70-80 пайызын қайта өңдеп шығаруға болады. Алайда олар бұл сала әлі де кенже қалып отыр деген пікірде. Себебі көбіне қоқыстар араласып кетеді, оларды ажыратып алу жолы тиісінше жолға қойылмаған. Сондықтан қайта өңдеуге жарамсыз қалдықтар жерге көмілгеннен әрі аспай қалады. Ай сайын зауыт 2 мың тоннаға дейін макулатура қабылдауға қауқарлы. Алайда халықтан жиылатын қоқыс көлемі 1 жарым тоннаны құрайды. Енді өндірісті үдете түсу үшін мамандар макулатура қабылдау орындарын көбейтуді жоспарлап отыр.
«Жасыл» технологияларға инвестиция салу үшін бизнесті ынталандыру маңызды. Өңірлердің әкімдері шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тартып, тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай утилизациялау және қайта өңдеу үшін шаралар қабылдау керек.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауынан