Брексит қоңырауы сыңғырлап тұр

Брексит қоңырауы сыңғырлап тұр

Брексит қоңырауы сыңғырлап тұр
ашық дереккөзі
Брекситтің соғар сәті ендігі анық: 2019 жыл, 29 наурыз, түнгі сағат 23:00. Дәл осы сағаттан бастап 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін транзиттік, яғни аралық кезең басталады. Одан әрі – пост-Брексит, яғни Брекситтен кейінгі тарихтың басталатын уақыты иек астында тұр. Әйтсе де, Альбион аралындағы қазіргі саяси көңіл-күйдің ауанына қарасақ, алыс болашақ түгілі, алдағы бір-екі жылда не болатынын білетіндер аз. Жаппай жорамал ғана. Осы сәтке дейін, яғни алдағы он айдың ішінде Британия кәрі құрлықтағы 27 одақтасынан іргесін бөліп үлгеруі тиіс. Осыдан екі жыл бұрын ғана референдум өткізіп, елдің тең жартысы қарсы болғанына қарамастан, «Шығамыз» деп шешім қабылданған еді. Обалы нешік, содан бері сөз көп, бірақ тындырған шаруа аз. Әлі күнге дейін Брекситтің салдары қандай болары түсініксіз, тіпті, оны жүзеге асыру механизмі әлі жасалған жоқ. Көптің көкейінде дүдамал сұрақ көп. Бір нәрсе ғана анық – Брекситтің көші қозғалып кеткен, оны тоқтату мүмкін емес, енді ол қайда апарса да, алдағы он айда Британия өзі межелеген экономикалық тәуелсіздігіне жетіп алуы тиіс. Британ үкіметі көп айтыс-тартыстан соң, өткен аптада White paper, яғни Ақ қағаз деп аталатын Еуропалық одақпен болашақ қарым-қатынас туралы бағдарламалық құжат жобасын жариялаған болатын. 104 беттен тұратын құжат экономикалық әріптестік, қауіпсіздік, ықпалдастық және институционалдық механизмдерді қамтиды. Мұның өзі Тереза Мэй кабинетіне оңайға түскен жоқ. Бұл жолда премьер-министр үкімет құрамында біраз өзгерту жасады, біреулерді өзі кетірді, кейбіреулер мұны тастап кетті. Дәл осы «Ақ қағаз» бағдарламасын талқылау барысында екі бірдей министр – Брексит министрі деп аталған, Еуропалық одақпен барлық келіссөздерге жауапты Дэвид Дэвис және сыртқы істер министрі Борис Джонсон өз еріктерімен қызметтерінен кетті. Осындай кадрлық және бағдарламалық дағдарыс тұсында «Брексит референдумын қайтадан өткізейік» деген ұсыныс тағы айтылып, оны қолдаушылар әр жерден үн шығара бастаған. Бірақ қозғалып кеткен көшті тоқтату мүмкін еместігі тағы айқын. Референдум өткелі 25 айда Британ үкіметі үш мәселеге баса көңіл бөлді: Еуропалық одақ құрамынан шығу үшін оған төлейтін айыппұл көлемі, Солтүстік Ирландиядағы шекара және Одақ құрамынан шыққаннан кейін Еуропада тұрып жатқан британдықтардың және осы елде өмір сүріп жатқан еуропалықтардың тағдыры. Ал Британия мен Еуропалық одақтың пост-Брексит тұсындағы қарым-қатынасы қандай болатынын қазір үкімет басшысының өзі айтып бере алмай отыр. Мэй ханымның ашып айтқаны біреу – шекара жабылады, еуропалықтардың бұл елге бұрынғыдай емін-еркін кіріп-шығуына тыйым салынады, яғни олар басқа кез келген мемлекет азаматтары сияқты визалық шектеулерге ие болады. Осы аптада, 23 шілдеде Тереза Мэй Англияның солтүстігін аралап, Ньюкасл қаласына арнайы соқты. Ньюкасл – осы аймақтағы, жалпы Англияның өндіріс ошақтарының бірі болған, қазір де экономикалық және индустриялық тұрғыда маңызды қала. Мэй ханым осы қаланың өндіріс саласы өкілдерімен арнайы кездесіп, қарапайым жұмысшылардың сұрақтарына жауап берді. Жарты сағаттың ішінде Брекситтің және елдің тағдыры, одан соң Тереза Мэйдің жеке басына қатысты сұрақтар қойылды. Қарапайым британдықтар да бірінші басшының көңіл-күйі мен денсаулығына бейжай қарамайды екен. Осындай бір сұрақты мысалға келтірсек: – Премьер-министр, қазір сіз үшін ауыр кезең. Осыншама қысым, қауырт жұмысқа қалай шыдап жүрсіз? Осы сәтте Тереза Мэй ашық-жарқын бір күліп алды. Риза болғанын жасыру мүмкін емес. – Енді... менің жаным сүйетін істер бар. Мысалы, жаяу жүргенді жақсы көремін, күйеуім екеуміз көп жаяу серуендейміз. Одан соң тамақ пісіргенді жаным сүйеді. Оның пайдасы да бар: әрі тамақ пісіріп, демаласың әрі сол тамақты жейсің. Одан соң... менің 150 кулинарлық кітабым бар, соларды оқимын. Ал бос уақытым болса, америкалық сериал бар ғой, NCIS туралы, соны кім көріп жүр? (Тереза Мэй жан-жағына қарады). Соны көремін. Осылайша, Мэй ханым өзінің кулинар екенін, тек кулинарлық кітаптар оқитынын айтты. Британ саясаткерлері үшін өзін барынша қарапайым ұстау, қара халықтан еш артықшылығы жоқ екенін көрсету – жазылмаған заң. Алдағы 12 аптадан соң, яғни 18 қазанда Брюссельде Еуропалық одақтың саммиті өтеді. Бұл – Британия үшін барлық негізгі келісімдерді нақтылайтын кесімді мерзім болғалы тұр. Осы уақытқа дейін екі жақтағы болашақ қарым-қатынастың басты бағыты айқындалуы тиіс. Егер оған мұндай келісім жасалмаса, желтоқсан айының 13-інде тағы бір Еуропалық одақ саммиті өтеді. Тым құрығанда, Лондон соған үлгеруі шарт. Бірақ ешқандай келісім жасалып үлгермеуі де мүмкін. Жаңадан тағайындалған сыртқы істер министрі Джереми Ханттың өзі Брекситке қатысты келіссөздердің сәтті аяқталатынына күмәнді. Ол жақын күндері айтқан бір сөзінде «Егер еуропалықтар қазіргі ұстанымдарын өзгертепесе, біз Брекситке қатысты ешқандай келісімге қол қоймауымыз да мүмкін» деді. «Ақ қағаз» жариялана салысымен, Брюссельдің оған қатысты пікірі мәлім болған. Еуропалық одақтың атынан келіссөздер жүргізуге жауапты Мишель Барнье бұл құжатта көрсетілген шарттардың 20 пайызымен ғана келісуге болады деп мәлімеді. Яғни, арада әлі талқылайтын кілтипан көп деген сөз. Басты кілтипан – пост-Брексит кезіндегі екіжақты сауданың жай-жапсары. Елдің ертеңіне қатысты алаң көп. Әлі тындыратын шаура жетерлік. Брексит келіссөздері маңызды, әрине, алайда жыл сайынғы заңды демалысты өткізудің маңызы одан еш кем емес. Келесі аптада Британ парламентінің жазғы каникулы басталады. Тамыз айында демалып, Брюссельмен одан әрі айтысуға күш жинап келу керек.

Тақырыпқа тұздық:

Дэвид Дэвис, бұрынғы Брексит министрі: Брексит – Айға қонғаннан кем емес.  Джереми Хант, сыртқы істер министрі: Еуропалық одақ пен Британия Брексит бойынша нақты келіссөздерге келе алмаса, бұған Владимир Путин қатты қуанатын болады.

Ұлыбритания, Ньюкасл