Сарғалдақ гүл шаруаға сын болды

Сарғалдақ гүл шаруаға сын болды

Сарғалдақ гүл шаруаға сын болды
ашық дереккөзі
Өткен аптадан бері Солтүстік Қазақстандағы шаруалардан маза қашты. Қорасындағы ірілі-ұсақты малдары қырылған жұртшылық кеселдің қайдан келгенін біле алмай дал. Көп ұзамай мамандар төрт түліктің аурудан емес, сарғалдақ деген өсімдіктен уланғанын анықтады. Солтүстік Қазақстан облысы, Қызылжар ауданына қарасты Якорь ауылының тұрғындары бір апта ішінде отыз бас малынан айырылды. Әуелде ветеринарлар түрлі сынамалар жасағанымен, дерттің нақты неден таралғанын анықтай алмаған. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл дерт бұрындары да байқалған. Тұрғындар елді мекенде малдың жаппай қырылуына құс фабрикасын кінәлап отыр. Өйткені кәсіпорын өз қалдықтарын мал жайы­латын жерге апарып төгетін көрінеді. Ал сол жерден су ішіп, шөп жеген малдардың бойын дерт дендеді дегенді алға тартады ауыл тұрғындары. Бірақ мамандар елді мекендегі сиырлар жатаған сарғалдақ деген өсімдіктен уланғанын анықтады. Ауырған малдың қанын тексерген мамандар бұл жағдайға ауыл сыртында өсетін сары гүлді өсімдікті себепші деп тауыпты. Оның бір ерекшелігі гүл сыз тартқан жерде өссе, оның сабағында улы зат түзіледі екен. Әсіресе, жаңбырдан кейін өсімдіктің бойындағы удың мөлшері күрт артатын көрінеді. Малдың неге жауын-шашыннан соң жиі уланатыны да енді белгілі болды. «Қазір біз ауыл әкімдеріне хат жолдап, жатаған сарғалдақ өсетін жерлерге мал жаюға тыйым салып жатырмыз. Өңірдегі жайылымдардың бәрін зерттеп, осы өсімдікпен күресу жолдарын қарастырамыз», – деп отыр Солтүстік Қазақстан облысы ветеринария басқармасының бөлім басшысы Сергей Калякин. Солтүстік Қазақстан облысындағы Елецк ауылындағы қарапайым жұрт та әбігерге түсуде. Мұнда төрт түлік емес, тауықтар жаппай қырылуда. Қорадан тауықтарының өлексесін тапқан жұрт бірден дабыл қағып, ветеринарларға хабар берген. Бірақ мамандар араға 2 ай салып қана құс ауруына байланысты карантин жариялап, қора-қопсыны залалсыздандыра бастаған. Енді мамандардың жайбасарлығына ашулы жұрт шығынның өтеуін сұрап отыр. Көктемнің басында пайда болған бұл індеттен үй құстары топ-тобымен қырылған көрінеді. Бұрын-соңды мұндайды көрмеген тұрғындар әкімдікке бірден жүгінгенімен, көмек көрсетуге асыққан жан болмаған. Дерт көктемнің басында басталғанымен, ауылға ветеринарлық қызмет маусым айында бір-ақ келген. Екі ай ішінде ауылда 500-ге жуық тауық қырылыпты. Ал сараптама бұл аурудың «ньюкасл» деп аталатын тауық вирусы екенін анықтады. Инфекция тарамас үшін карантин жарияланды. Осы ауылдың байырғы тұрғындарының айтуынша, соңғы 70 жылда мұндай жағдай болмаған. Ал мамандар індеттің тарауына  тұрғындардың өздері кінәлі деген болжам айтады. «Құс иелері «Ветеринария туралы» Заңға пысқырмайды. Кез келген жерден жұмыртқа сатып алып, оны мекиенге бастырады. Шеттен әкелінетін жұмыртқаның бәрі арнайы тексеруден өтуі керек. Міне, осы ауылда біреулер ауру тауықтың жұмыртқасын әкеп бастырған, содан құс арасында кесел тарады. Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен тізімде бұл індет  бойынша өтемақы жоқ», – деді СҚО ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Берік Әлжанов.