Қара бөлмедегі қара мысық

Қара бөлмедегі қара мысық

Қара бөлмедегі қара мысық
ашық дереккөзі
Қытайдың дуалы ауыз данышпандары мен тіршіліктің тынысын тәпсірлеген философтары «Қараңғы бөлмедегі қара мысықты ұстау мүмкін емес» дейді екен. Оған қазақтың «Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» деген тәмсілін қосақтасақ, алып Ресейдің бұрынғы әрі қазіргі халін де көзге елестету түк қиын емес. Бір ғажабы, Ресейде бір іс басталса болды, түбінен тыңшылардың құлағы тікірейеді. Әлде шынымен солай ма, әлде арнаулы қызметтердің қарсыластарын жалған ақпармен жарға жығуы ма, әйтеуір Ресейде тыңшылар хикаясы ешқашан түгесілмейтін әңгіме іспетті секілденеді. Ол жайында сөз қозғау үшін ХХ ғасырдың 80-ші жылдарына көз жүгірту керек-ақ. Құлпырған мамыр айының қызығуар күндері жаңа басталған: жастар жанына балайтын қайран Алматы сол жылы тым жайдары болатын; әрбір таң сібірлеп, сызылып атып, Талғар шыңының иығынан көтерілген жарқын күн әсем қаланы қимағандай жалқауланып, Боралдай жаққа сырбаз қалпында қимай бата-тұғын. Алып империя азаматтық адал борыштарын сөзбұйдаға сала бермей, тезірек өтеп бітсінші деп шешті ме, әйтеуір табан асты студенттерді де әскерге алатын болып қалды. «Ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімейді» деген қарапайым қазақы ұғым ғана екен, тіпті, бекер сөз бе деп қалдық, өйткені КСРО-ның Қорғаныс министрлігі «қыл арқанның шіритіні, шірімейтіні» түгілі, қылдырықтай мойныңның үзілгеніне де қарамайтын секілді. Осы күнге дейін әскер қатарына алынуы туралы сөз түгілі сыпсың естіп көрмеген студенттер қауымы қағанағы қарқ, сағанағы сарқ болып келсе, бұдан былай олар да керзі етікті күштеп киюге мәжбүр. Сылтау – сансыз. Басты ілік – Ауғанстанда қызу жүріп жатқан қиян-кескі соғыс, енді бірі – 1941-45 жылдары қан майданда қаза тапқандардың соңында қалған жетімектерден тараған ұрпақтан туған жастардың саусақпен санарлық қана екендігі. Совет армиясына солдаттар жетіспейді, енді КСРО жоқтардың орнын жоғары оқу орындарының студенттерімен толықтырмақ. Сөйтіп, біз алысқа аттандық: Мәскеуге! Атақты «Ту-154» әуе лайнеріне тоғытылған 140-150 адамның көбі Алматы облысының «сәпляктары» мен көркем қаланың студенттері. Ылғи қазақтар. Көк бұлттардың үстіне шығып алған күміс лайнерде ұйқысырап, аздап қанталаған көздерін бір ашып, бір жұмып отырған тақырбас бозбалаларды түнгі Мәскеу дым бүркіп, сұп-суық жаңбырмен жақтырмай қарсы алған. Ұсақ, мұздай тамшылар таяуда ғана тақырлап алынған құйқаға суық инедей қадалады, бетіңе шіркейдей болып шашылады. Түнгі Мәскеу тым сұрықсыз. Кеудені белгісіз бір ащы мұң, дауасыз өкініш, шарасыз ыза ыңғырудай кеулеп, тотияйындай күйдірсін. Кім білсін, қырғын соғыста жау қолына қапияда тұтқын боп түскен сарбаздар осындай бейшара хәлді бастан кешер?! Домодедово әуежайы артта қалды: топырлаған өңкей қазақты Ярославль вокзалына қуалап әкелген. Алматыдан шыққалы бәрімізге қодыраңдағыш болып алған майор тым қатал-ақ, ал оның соңына ерген бір топ солдат одан да әрмен. Жиренішті жауын басылар емес. Түнгі Мәскеу өз тірлігін кешуде. Міне, вокзал басында бір жас әйел теңселіп кетіп, бізге көзін сүзе ұзақ қарады да: «Жолдас офицер, сіз... сіз бұларды жәбірлемеңіз. Бұлар ө-өте жақсы-ы жігіттер-р», – деп тәлтіректеген күйі ұзын дуалға еріксіз сүйеніп, еңкейе қалып лақылдата құса бастасын. Қайта-қайта күшеніп ақтарады іштегі қоясын. Жаңа ғана осы әйелге көзін тіктеп, құмарлана қарап қалған майор кілт кері айналып, ызақорлана күбірлеген: шолақ-шолақ сөздер ылғи. Студентпіз ғой, Алматыда да шарап ішкен әйелдерді ара-тұра көретінбіз. Бірақ біздің қалада шарап ішіп, шала қызған бикештер көздері шоқтай жайнап, жүзі қызылшырайлана алабұртып, аппақ тістері маржандай тізіліп тоқтаусыз күле беруші еді. Тіпті, сүйкімді болып көрінетін ондайда, ал аяғынан тұра алмай теңселген мынау әйелдің аузынан мүңкіген иіс қолқа қауып, жанымызды одан әрмен жүдете түсе ме, қалай өзі?! «Иә, ол әсем Алматы, мынау маскүнем Мәскеу ғой». Өзімізді осылай жұбаттық суық жаңбырлы қараңғы түнде жанымыз жаурап тұрып. Түн ортасы ауа дөңкиіп қарауытқан вокзалдан шұбалаңдаған пойыз бізді тағы да алысқа – Архангельск өлкесіне қарай ала жөнелмек. Ол жақта орыс ғылымының атасы Михайло Ломоносов дүниеге келген деседі. Үрерге иті, сығарға биті жоқ балықшының баласы екен. Он тоғыз жасында балық тиелген шаналарға ілесіп Мәскеуге келіп, сауатын ашып, орыс ғылымының жұлдызына айналып шыға келген-мыс. Әй, осы әңгімеде күмәнді әрі күңгірт тұстар тым көп. Не Михайлоның 19-20 жасында сауатын алғаш ашқаны жалған, не оның орыс жеріндегі алғашқы ғылым академиясын бір өзі ұйымдастырғаны өтірік пе деймін. Кім білсін... Құдайым-ау, әскерде бірге болған еревандық Оганян дос: «Керзі етікті сірісін баса сүйретіп, солдаттың қара нанын қомағайланып жемеген жігіт жігіт пе, тәйірі?», – деп айтатындай, керзі етікті мен ғана сүйретіп, қара нанды өзім ғана күйсетіп жегендей неменеге қазбалап, қазымырланып отырмын осы. Әсілі, елуден асқандар расымен естелік айтуға тым құмар ма?!. Иә, қазымырланатын да жөнім бар. Жүйрік пойыз Мәскеу маңынан ала қашып, алыстан да алыстың – Архангельск облысының жерін шарлап келеді. Айнала қалың тайга: сауыс-сауыс шыршалар, балтыры балшық-балшық ақ қайыңдар. Айналаның бәрі батпақ. Табан тірер құрғақ жер табу қиын. Осылайша станцияға келіп тоқтаған пойыздан сүйретіліп түсе қалдық. Плесецк стансасы. Мұнда да маңайды мізбақпай қоршаған қалың ағаш: адамдар жүрер табанжол – тротуардың өзі тақтайдан жасалған. Шіріген тақтайы сынған табанжолдың қуысына аяғың кіріп кетсе, тізеге дейін батпаққа малшынасың шоңқайып. Ит мұрыны батпайтын орманда былайғы жұрт біле бермейтін құпия көп көрінеді. Плесецк стансасы аталғанмен бұл жер атақты Плесецк ғарыш айлағы екен, сол айлақтан 9-10 шақырым жерде Мирный-12 қаласы. Біз келіп түскен РВСН (Стратегиялық мақсаттағы ракеталық әскерлер) бұл қалың тайгаға әбден бауыр басып алған: КСРО-ның ядролық қалқаны саналатын әскерлердің Солтүстік полигоны – қалың орманды пана тұтқан тұрағы, сайран салатын орны іспетті. Мирныйдың маңындағы сыңсыған ормандағы шахталарда сансыз ядролық ракеталар сырт көзден жасырулы тұр. Ал қалада Солтүстік полигонның штабы орналасқан. Мирный-12 аса құпия жағдайда 1956 жылы ит мұрыны өтпейтін қалың тайганы бұтарлап шауып, гүжілдеген аса қуатты бульдозерлермен қорыс батпақтарды құрғатып салына бастаған көрінеді. Әлбетте, еңбегі еш, тұзы сор солдаттардың күшімен. Тіпті, ол кезде тайга үшін шыр-пыр болатын елгезек экологтардың елесі де жоқ КСРО-да. Талай бульдозер ұйық батпаққа біржола шым батып, талай солдат опат болған қанды қала бұл. Сол қанды трагедиялардың ащы шындығы шағын қаланы жан-жақтан қоршап жатқан Великое, Черное, Бездонное ми батпақтарына ғана мәлім шығар. Бірақ түпсіз батпақтарда тіл жоқ, ештеңе болмағандай, ештеңе сезбегендей мылқау әрі меңіреу. Тіпті, төбесінен құс екеш құс та ұшпайды. КСРО басшылары аса құпия түрде тұрғызылған бұл қаланы, ондағы мыңдаған офицерлер мен сансыз солдаттардың немен айналысатынын ешкім білмейтініне толықтай сенімді болатын. Әдетте, алып империяда атом қарулары өндірілетін немесе құпия сақталатын мұндай қалашықтар Мирный деп аталатыны да қалыптасқан түсініксіз дәстүр. Әр Мирныйдың астында ажал қаруы құпия сақталған. Сондай қатардағы қалалардың бірі – Мирный-12 1968 жылдың көктеміне дейін әлем карталары түгілі кең байтақ КСРО-ның картасында да жоқ нүкте болып саналыпты. Сол 1968 жылдың көктемінде «Голос Америки» радиосының музыкалық қызметі Солтүстік полигонның командирі, Мирный қаласында тұратын генерал-майор Ивановтың (Сидоров, Петров) туған күніне орай құттықтап, музыкалық сәлем жолдайды тікелей эфирден! Бұл төбеден жай түскендей еш күтпеген оқиға болатын. 12 жыл бойы аса құпия саналып келген Солтүстік полигон командирінің туған күніне орай алыстағы АҚШ-тан музыкалық сәлем жолданып жатса, ЦРУ-дың совет әскерилерін мазақтағаны емей немене?! Мемлекеттік құпияны қамтамасыз ететін қызметтердің төбесінен жай түспей қайтсін? Іле-шала барлық жерде жаппай тексеріс, қатаң сүзгі басталады. «Бақсам, бақа екен» демекші, КСРО-ның ядролық қару саласындағы барлық құпияларын Мәскеудегі Бас штабтың әлдебір полковнигі 10 жылға жуық уақыт бойына шетелге мол ақшаға сатып келген көрінеді. Бұл туралы аса сыйлы командирім, аға лейтенант Шилов құпиялап айтып бергенде аса сене қоймағаным да рас. «Егер ЦРУ бәрін біліп отырса, онда Мирный қаласын әлі күнге құпия ұстаудың қажеті қанша?», – деп сұрағанмын аға лейтенанттан. Ашаң, қағылез Шилов үш жұлдызды погон тағылған иығын қиқаң еткізген. Биылғы жылдың 1 наурызында Ресей президенті В.В.Путин жыл сайынғы дәстүрлі жолдауын жариялап, Федералдық жиын алдында ұзақ, өте ұза-а-қ сөйлеген. Бұл жолдаудың басты мақсаты әлемді қарумен қорқыту сияқты да көрінген. Ресей жасаған ядролық жаңа қару түрлерін тілі жеткенше дәріптеп, әскерилердің құлақ құрышын қандырсын. Әсіресе, «Кинжал» туралы көп айтты. «Кинжал» ұшақ-тасығышы қуатты зымыранды белгіленген нүктеге бірнеше минутта жеткізе алады. Ал зымыран осы уақытта дыбыс жылдамдығынан 10 есе жоғары жылдамдықпен үздіксіз маневр жасайды. Ұшу қашықтығы 2000 шақырым, кәдуілгі жарылғыш пен ядролық жарылғышты да алып ұшуға қабілетті. «Кинжал» 2017 жылдың 1 желтоқсанында Ресейдің Оңтүстік әскери округінде пайдалануға берілді. «Осындай қаруға ие болу, – деді Ресей президенті кеудесін қуаныш кернеп, – әскери теке-тіресте сөзсіз айтарлықтай басымдық береді. Әскери сарапшылардың айтуынша, оның зор қуаты еселене түсуі мүмкін, ал жылдамдығы қазіргі ПРО мен ПВО жүйелерінің ешбіріне шашасынан шалдырмайды, өйткені зымыранға қарсы ракеталар «Кинжалды» қуып жете алмайды». Сондай-ақ, Владимир Путин құрлықаралық жаңа «Сармат» баллистикалық зымыранын, ядролық қанатты ракеталар мен «Авангард» зымыран кешенін, ядролық сүңгуір қайықтарды тілі жеткенше тәптіштеп суреттеген. Бұл қарулар толығымен соңғы үлгідегі, заманауи жойқын қарулар. «Түсінетін шығарсыздар, – деді әйгілі жиында Ресей президенті бүкіл әлем толық естісін деп. – Әлемдегі ешбір елде мұндай қуатты қарулар атымен жоқ». Осындай өктемдік пен ашық қоқан-лоққыдан соң тыңшылар қалай тыныш жатсын?!. 20 шілде күні Дмитрий Рогозин мырза басқаратын айтулы «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының ғылыми институты ЦНИИмашта, корпорацияға қарасты зерттеу-сараптама орталығының директоры Дмитрий Пайсонның офисінде жаппай тінту жүргізіліп, Пайсон қызметтен шеттетілді. ЦНИИмаштың беделді қызметкері, ракеталық-аэроғарыштық «Морской старт» кешенінің технологиялық жабдықтарын жасағаны үшін 2004 жылы Ресей үкіметінің сыйлығына ие болған 72 жасар ғалым Виктор Викторович Кудрявцев РФ Қылмыстық кодексінің 275-бабы бойынша («Мемлекеттік құпияларды сату») тұтқындалып, «Лефортово» түрмесіне тоғытылды. Осыдан бірнеше жыл бұрын В.Кудрявцев осы ЦНИИмаштың бұрынғы қызметкері, мемлекеттік құпияларды Қытайға сатқаны үшін айыпталған Владимир Лапыгиннің үстінен Ресей президентінің атына жазылған Ашық хатқа қол қоюшылардың бірі болған еді. 2016 жылы Владимир Лапыгин мемлекеттік құпияларды сатқаны үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылғаны мәлім. Енді сондай күн Виктор Кудрявцевке де төніп тұр. Ол ғана емес ЦНИИмаштың тағы да 10 ғалымы сезік туғызып, ФСБ қартаң тексеруден өткізуде. Атышулы мемлекеттік сатқындық дегенде қарт ғалым дыбыстан жылдам ұшатын гиперзымырандарға (В.В. Путин мақтанышпен айтқан «Кинжал» кешені болуы мүмкін) қатысты құжаттарды, «Аса құпия» зерттеулердің нәтижелерін бөгде елдердің бірінің барлау қызметіне сатып үлгерген сияқты. P.S. Тыңшылар тыныш жатпайды. Бұл барлау қызметтерінің басты ережесі. Бірақ Ресейдің қарсы барлау қызметі де бәлиғатқа тола қоймаған құрылым емес, оның тыңшылары да алдағы мен алыстағыны болжап үйренген кәнігі мамандар. Асарын асап, жасарын жасаған қарт ғалымды түрмеге тығып, әу бастан қолданысқа жарамдылығы күмәнді қару-жарақтың бар бәлесі мен кесір-кесапатын әлгі бейшараға жаба салуы ықтимал. Ал тыңшылары әшкереленген жат ел жыртық астауды құшақтап қалуы мүмкін.

Жаңабек ШАҒАТАЙ