Отандық туризм өрлеп келеді

Отандық туризм өрлеп келеді

Отандық туризм өрлеп келеді
ашық дереккөзі
Жадыраған жаз мезгілі нағыз демалатын уақыт. Қаланың қым-қуыт тірлігінен шаршаған жұрт бір сәт тыныштық іздеп, таза ауада тыныстағысы келеді. Шілденің шіліңгірінен пана тапқысы келетіндер өзен мен көлдерді, су қоймаларын жағалап кетті. Бірі шетел асса, енді бірі отандық туризмнің дамуына үлес қосамын деп әуреленіп әлек. Алайда қайсысы ұтады? Шетел асқан ба, әлде отандық туризмнің тасын өрге домалатқысы келген бе? Елімізде ауасы жанға дәру, суы емге шипа демалыс орындары көп-ақ. Әттеген-айы, қызмет көрсету сапасы төмен. Соңғы жылдары елімізде туризм кластерін дамыту мықтап қолға алынуда. Оған жыл сайын бөлініп жатқан қаржы да қомақты. Айталық, бұған дейін Бурабай курорттық аймағына баратын жол тақтайдай болып, арнайы демалыс нысандарының ашылғаны белгілі. Бұл, ең алдымен, «Қазақстанның Швейцариясы» саналатын Көкше жеріне туристерді тартудың бірден-бір тиімді жолы. 2013 жылы 1 тамыздан Қазақ­стандағы 224 шақырымдық алғашқы автобан – Астана-Бурабай тас жолы ақылы түрде қызмет көрсете бастады. Мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2 жолақты тас жол 6 жолақты техникалық санатты автомагистральға ауыстырылды. Астана-Бурабай тас жолының сапасы Батыс Еуропа мен Шығыс Азияның тас жолдарына сәйкестендіріліп жасалды. Айта кетсек, 2017 жылы аталған трасса үстімен 2,7 млн автокөлік жүріп өткен. Ал Ақмола облысында 800-ден аса туристік ұйым тіркелсе, 300-ден аса демалыс нысаны жұмыс істейді. ЭКСПО кезінде сервистік қызмет көрсету жағынан алдыңғы қатардағы 20 демалыс орны шетелдік қонақтарға қызмет ұсынды. Нәтижесінде туристік салада көрсетілген қызмет 2 есеге ұлғайып, 4,3 млрд теңгені құраған. Соңғы 5 жылда 100-ге жуық туристік нысан бой көтеріп, 3,5 мың адам жұмыспен қамтылыпты. Өткен жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 10 жоба мемлекеттің қолдауына ие болып, 73 жаңа жұмыс орны ашылған деген дерек бар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та Бурабайдың ішкі инфрақұрылымын дамыту туралы талай мәрте тілге тиек еткен. «Бурабайда жасалатын бірінші мәселе – ішкі инфрақұрылымға қатысты жұмыстарды аяқтау. Себебі біз сыртқы жұмыстарды аяқтадық. Ол үшін тиісті жұмыстарды жүргіздік. Астанадан Бурабайға авто және теміржол салынды. Көкшетаудағы әуежай жөнделді. Енді іштегі инфрақұрылымды қолға алу керек. Егер біз барлық нысандарға су тартып, электр жүйелері мен кәріз жүйесін әкелетін болсақ, мемлекет туризмді дамытады. Оны мемлекеттен басқа ешкім салмайды. Сонда инвесторлардың келуіне мүмкіншілік жасалады», – деген еді Назарбаев. Курорттық аймақты дамыту жобасына Үлкен Шабақты мен Текекөл көлдерінің жағасынан 233 гектарлық жер бөлінген. Жобаға салынған жалпы инвестиция көлемі 500 млн долларды құрайды. Дегенмен қажетті сома бұдан да көп болуы мүмкін. ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлының айтуынша, 2020 жылға дейін «Щучинск-Бурабай» курорттық аймағын дамытуға қажетті қаржының 95 пайызы жолды жөндеуге, коммуналдық қызмет сапасын жақсартуға бөлінеді. «Қазіргі уақытта 61 млрд теңге қарастырылуда. Оның жартысы жеке компаниялардың инвестициясы. Мемлекет тарапынан бөлінген ақшаның 95 пайызы жолды жөндеуге, коммуналдық қызметтерді жаңартуға, сонымен бірге Бурабай, Шортанды су аймақтарының айналасын тазартуға кетеді. Бұл қаражаттың бір де біреуі қонақүй салуға немесе үлкен концерттік шараға арналмаған, оларға бір де бір теңге қарастырылмаған», – деді ол. «Щучинск-Бурабай» курорттық аймағы жылдам дамып келе жатқан Қазақстанның ішкі туризмінің мақтанышы. 2017 жылы жеке инвестицияларды тарту арқылы бұл аймақтан ұлттық экономикамызға 5 млрд теңге табыс түскен. Бүгінде 2020 жылға дейін «Щучинск-Бурабай» курорттық аймағын дамытудың үшінші кезеңін жүзеге асыруға 61 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржының жартысы жеке инвесторлардың қалтасынан шықпақшы. Нәтижесінде Four Seasons концепциясы бойынша курорттық аймақтың төрт туристік маусымда да әлеуетін арттыру көзделіп отыр. Жыл сайын жаз маусымында Щучинск-Бурабай курорттық аймағына 500 мыңнан астам демалушы келетін көрінеді. Инфрақұрылым мен сервистік қызмет дамыған тұста демалыс орны 1 миллионнан аса турист қабылдауға мүмкіндік бермек. Соған қарамастан, ішкі туризмді дамытуда кемшін тұстар көп. Таяуда Ақмола облысына  барған Елбасы Н.Назарбаев еліміздегі туризмді ақсатып тұрған жайттарды айта келе, Қазақстанға саяхаттайтын шетелдіктердің санын арттыру үшін бизнесмендерді туризмге аямай инвестиция құюға шақырды. Сондай-ақ, Елбасы Щучьедегі құрылысы сағызша созылған, қаншама спортшының тағатын тауысқан шаңғы трамплинін ашу салтанатынан соң, шаңғышылардың қалай секіретінін тамашалаған еді. 38 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған трамплиннен 125 метр биіктіктен құлдилаған алғашқы атлеттің өзі-ақ сәтсіздікке ұшырады. Мақтаулы кешенді аралаған Президент спорт емес, көбінде туризм жайлы сөз қозғады. Әсіресе, Президент көркіне көз тоймайтын Бурабайдағы кемшіліктерді Ақмола облысы әкіміне тізіп берді. «Бурабай ауылының ішін жөндеу керек. Жұрт қыдыратын жерге айналдыру маңызды. Жағажайдың бәрін жөндеу қажет. Ол әкімшіліктің қарауында болуы тиіс. Бұған тура бір өндіріс, экономикамыздың бір саласы секілді қарау керек қой», – деді Елбасы.

Түркия – туристерге  жұмақ мекен

«Отандық туризм дамып жатыр» дейміз. Алайда қазірдің өзінде қаншама қазақстандық шетелдің демалыс орындарын кезіп жүр. Себебін сұрасақ, жауабы біреу – Қазақстанда баға қымбат. «Бурабайға он күнге кеткен ақшаға Түркияның кез келген қаласына барып, көңілдегідей демалуға әбден болады», – дейді демалушының көбі. Шын мәнінде, солай ма? Бурабайға жаз мезгілінде екі адамға орта есеппен төмендегідей қаражат кетеді. Астанадан Бурабайға дейін жол ақысы – 6000 тг. 1 бөлмелі пәтер тәулігіне – 5000 тг. Маринадталған дайын кәуәп – 4000 тг. Сусындар – 2000 тг. Жеміс-жидектер және өзге де қажетті заттар – 3000 тг. Екі велосипедті бір тәулікке жалға алу – 4000 тг. Қайықпен серуендеу – 2000 тг. Жағажайға кіру – 1000 тг (тегін жағажайлар да бар). Бұл қарапайым тұрғындарға арналған ең төменгі баға. Ал егер жатын орны, тамағы, т.б. адам жанына керекті дүниенің бәрі кіретін қонақүй нөмірін жалға алсаңыз, күніне 25-30 мың теңге кетті дей беріңіз. Ал есесіне, сол қаражатқа Түркияның курортты аймағына, Дубай мен Мысыр шаһарында армансыз демалуға болады екен. Былтыр Түркия мемлекетіне барған сапарымызда бір ғана Анталияда 240 мың қазақстандық демалғанын білдік. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 88 пайызға артық. Анталия губернаторлығы Мәдениет және туризм басқармасының басшысы Ибраһим Аджар: «Қазақстаннан 2013 жылы 260 мың турист келсе, 2014-те 269 мың адам, 2015 жылы 268 мың, 2016 жылы Ресеймен арадағы оқиғаға байланысты 125 мың демалушы келді. Ал 2017 жылдың қараша айының соңындағы мәлімет бойынша, 240 мың адам Қазақстаннан келді», – деді. Былтыр мұнда ең көп турист Ресейден, Германия, Украина, Ұлыбритания, одан кейін Қазақстаннан келген. «Туризм саласында Қазақстанмен байланыстарымыз бар. Біз оларды бауыр санаймыз. Анталия қаласында туризм саласында өтетін көрмелерге қазақстандық компаниялар белсенді қатысады. Қазақстаннан келетін туристер алғашқы бестікке кіреді. Туризм саласында Түркияда Станбұл мен Анталияны атауға болады. Жалпы, 2014 жылы Анталияға 12 млн турист келсе, былтыр келушілердің саны 10 млн-нан асты. Анталияда туристер үшін арнайы 625 000 орын бар.  Анталияда 1 мыңға жуық «жұлдызды» отельдер бар. Оның 400-і «5 жұлдызды» қонақүй. Мысалы, Испанияның өзінде 400 «5 жұлдызды» отель жоқ.  Анталияда 640 шақырымдық жағалау, 1 650 туристік агенттік бар. Жаз маусымында 3 мыңнан астам гидтер жұмыс істейді. Туризм саласындағы халықаралық ұйымдардың анықтауы бойынша Анталияда 200-ге жуық «көгілдір байрақ» деп аталатын таза, сенімді суға шомылуға арналған жағалаулар бар. Онда адамдар еркін, қауіпсіз демала алады. Анталияда 1000-ға жуық ежелгі қала бар. Біздің негізгі міндетіміз – шетелдіктерге жағдай жасау», – деді Ибрахим Аджар. Анталия қаласы Мәдениет және туризм басқармасының басшысы бір турист шамамен қанша ақша жұмсайтынын да айта кетті. «Бір турист Анталияда демалуға шамамен 700 доллар ақша жұмсайды. Гольф ойнауға, 5 жұлдызды қонақүйге демалуға келгендер одан да көп ақша қалдырады. Анталияда туризм саласында қолданылатын азық-түліктен бастап, барлық қажетті заттар Түркияда жасалған. 98 пайыз жергілікті өнім пайдаланылады. Жалпы, Түркияға жылына 35 млн турист келетін болса, соның 65 пайызы Анталияда демалады. Туристер кем дегенде 1 аптаға келеді. Туристерге жаз маусымында қызмет көрсететін 200 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылады», – деді ол.

Қазақстан  туризміндегі үш кемшілік

Туризм саласы қазіргі таңда экономиканың өзге секторлары секілді инновациялық технологияны пайдалануға мұқтаж. Дүниежүзілік туризм және сапар кеңесінің (World Travel & Tourism Council, әрі қарай WTTC) мәліметінде туризм индустриясы бағасын белгілейтін статистиканың негізгі параметрлерінің бірі екі түрлі шығынмен есептелетіні айтылады. Олар туристік тұтынудың ішкі шығыны мен халықаралық туристік шығын болып бөлінеді. WTTC ұйымының мәліметіне сүйенсек, әлемде 2015 жылы ішкі туристік тұтыну шығыны 4,4 трлн АҚШ долларына жеткен. Оның ішінде Қазақстанның ішкі туристік көрсеткіші де бар. Әсіресе, Қазақстанның ішкі туристік тұтыну көрсеткішін қамтамасыз етуші фактор – іскерлік туризм мен демалыс туризмі. Ал халықаралық туристік тұтыну шығынына жататын шетелдіктердің туристік шығыны Қазақстан үшін негізінен іскерлік туризммен және жеке бас мақсаттарымен қамтамасыз етіледі. Жалпы, осы екі көрсеткіш бойынша Қазақ­станның туристік нарығы 2015 жылы 1,6 млрд долларға тең болды. Соның ішінде 5 млрд доллар таза демалыс мақсатында келген туристер есебінен кірсе, қалған 10 млрд доллар іскерлік туризмге тиесілі. Сонымен қатар, ел экономикасына туризм секторының қаншалықты кіріс әкелетінін есептеудің бір жолы – ЖІӨ бойынша бұл сектордың үлесін анықтау. WTTC ұйымы бұл тұрғыда жалпы ішкі өнімдегі туризмнің үлесін анықтаудың екі жолын ұсынады. Біріншісі – ЖІӨ-ге туризмнің тікелей пайдасы. Онда туризм саласына тікелей байланысты туристік операторлар, қонақүй қызметтері, көлік-тасымал саласы, дәмхана, ұйымдастыру мекемелері секілді секторлардың қаржы айналымы ескеріледі. Екінші категория – ЖІӨ-дегі туризмнің жалпы үлесі. Мұнда туризм ел экономикасына жанама секторлар арқылы пайда әкеледі. Мәселен, салаға тартылған инвестиция, нарықтық емес қызметтерге (туризм саласына мемлекеттік қолдау, салаға жарнама тарту, туристік ақпараттық орталық қызметтері) мемлекеттік «ұжымдық» шығындар туризм саласының жанама табысы саналады. Осы көрсеткіш бойынша Қазақстан алдыңғы жылы ЖІӨ-ге 9,9 млрд доллар салған. Туризм саласы өзге секторлар сияқты сандық технологияның игерілуін қажет етеді. Әсіресе, әуе билеттерін брондау, қонақүй жалдау, мейрамханаға жазылуда бүгінгі туристер тым талғампаз келеді. Сондықтан Қазақстандағы ең ірі деген туристік компаниялар мен салаға көмекші секторлар жаңа технологияларға инвестиция салғаны абзал. Ең болмағанда, осы салада әлемде көшбасшы компаниялардың тәжірибесін пайдаланып, қызметін тұтынуы керек. Қазіргі таңда көптеген дамыған мемлекет елдің ең көрнекті орындарының виртуалды нұсқасын шығарып, түрлі қызметтер арқылы сырттан көрсетіп пайда табады. Сондай-ақ, инфрақұрылымның жоқтығы мен сала мамандары біліктілігінің төмендігі де шетелдіктердің елімізге қыдырып келуіне кедергісін келтіріп жатқан көрінеді. Ал үшінші кемшілік – тіл мәселесі. Нақтырақ айтсақ, әлемдік брендтерді санамағанда, әдеттегі туристік нысандар мен қонақүй, мейрамхана қызметкерлерінің шет тілге шорқақтығы саланың және бір кемшілігі.  P.S. Әрине, әлемнің кейбір елдері туризмнен мол табыс тауып отырғаны белгілі. Тұмса табиғатымен баурап алатын көрікті мекендер біздің елімізде де жетерлік. Алайда қолда барды ұқсата алмай келеміз. Бәзбір елдер сияқты отандық туризмді дамытуға жұмыла күш салсақ, қаншама қаржы сыртқа кетпес пе еді?! Талай жылдан бері әңгіме арқауына айналған отандық туризмді өрге жүздіруге неге немкетті қараймыз? Ол үшін бізге әлі де болса, өз елімізге деген махаббат пен іңкәрлік, патриоттық рух пен ерік-жігер жетіспейтін секілді.