Елімізде тіс емдеу  неге қымбат?

Елімізде тіс емдеу  неге қымбат?

Елімізде тіс емдеу  неге қымбат?
ашық дереккөзі
3286
Әлем халқының 4 миллиардқа жуығы түрлі тіс ауруларына шалдыққан. Ең көп кездесетіні – тісжегі дерті, онымен мектеп жасына дейінгі балалардың 90 пайызы  ауырады. Тіс саулығының көрсеткіші 65 жастан асқан тіссіз адамдардың пайызымен есептеледі. Еуропа елдері мен Америкада бұл көрсеткіш 25-30 пайыз болса, Жапонияда 10 пайызды құрайды. Жапония бұл нәтижеге жоғары технологиямен қоса, стоматологиялық қызметтің қол жетімділігі және қауіпсіздігі арқасында қол жеткізіп отыр. Аталған кәсіби саланың даму тарихы тым тереңде. Мысалы, жергілікті мамандардың технологиялық деңгейі мен біліктілігі ертеден-ақ Еуропа елдерінен жоғары болған. Тіс протездерін жасау әдістемесі Еуропада 18-ші ғасырда енді-енді пайда бола бастағанда, Жапония стоматологиялық протездеу технологиясын олардан 150 жыл бұрын, 16-ғасырдан бастап қолданып келген болатын. Жапондар тіс протезін ағаштан жасаған еді. Жапон стоматологиясының Еуропа елдерінен басты айырмашылығы – тісті аса жоғары бағалауында. Тісті жұлу – жапондықтар үшін жат әдет. Егер де емделушінің тісін сақтап қалу мүмкіндігі болса, дәрігерлер міндетті түрде бар күшін емге жұмсап, табиғи тісті сақтап қалуға тырысады. Соңғы жылдары тістерін Жапонияда емдетін шетелдіктер көбейген. Біріншіден, мұнда соңғы технология қолданылады, екіншіден, мемлекет емделуші жағдайының жақсы болғанын қадағалайды. Тіпті, бұл елде «Тіс саулығы – ұлт саулығы 80-20» деп аталатын ұзақ мерзімді бағдарлама да қабылданғаны мәлім. Бағдарлама бойынша әрбір 80 жастағы қарияның 20 тісі болуы керек деген ұстаным басшылыққа алынады. Қазақстанда 1931 жылға дейін стоматологиялық кадр даярлау бойынша бірде-бір мамандандырылған медициналық мектеп болған емес. 1931 жылы Қазақ мемлекеттік медицина институты ашылды (қазір ол С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті). Бұл идеяны жүзеге асырушы Санкт-Петербург әскери-медициналық академиясының түлегі Санжар Асфендияров еді. Институт ол кезде студенттерді оқытушы-дәрігер мамандығы бойынша ғана оқытқан. 1938 жылы педиатрия факультеті, 1943 жылы санитарлық-гигиеналық, 1951 жылы фармацевтика факультеті ашылған. Араға 28 жыл салып, 1959 жылдың шілдесінде Қазақ ССР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен республикада алғашқы 100-ден астам студентті қабылдаған стоматология факультеті жұмысын бастағаны белгілі. Бүгінгі күні елімізде стоматологтарды 7 жоғары оқу орны дайындайды: Қазақ мемлекеттік медицина академиясы (Астана), Семей мемлекеттік медицина академиясы (Семей), Қарағанды мемлекеттік медицина академиясы (Қарағанды), М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық академиясы (Ақтөбе қ.), Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясы (Шымкент қ.) және Алматыдағы Қазақстан медициналық институты мен  С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті. Қазақстанның денсаулық сақтау саласында стоматология алғашқылардың бірі болып бәсекелестік ортаға берілді. Тиісінше, қазіргі уақытта еліміздегі тіс емдейтін мекемелердің көпшілігі жекеменшікте. Және олардың саны жыл өткен сайын артып келеді. Жалпы, елімізде қазір 2,5 мың стоматологиялық кабинет бар. Алайда оның тек 35 пайызы ғана мемлекеттік, қалғаны жекеменшіктің еншісінде. Соған сәйкес тіс дәрігеріне қаралу да арзан болмай тұр. Оның үстіне салада кадр тапшы. Әсіресе, балалардың тістерін емдейтін маман өте аз. Бүгінде Алматы қаласындағы стоматологиялық клиникалардағы орташа баға тісі ауырмаған адамның өзінің азуын қақсататындай: Тіс дәрігерінің тексерісі мен кеңесі 1000 теңгеден басталады; Тіс емдеу мен тіс жұлу шамамен 5000 теңгеден; Алдыңғы тістерге орын босату мақсатында ақыл тісті жұлу 15 мың теңгеден жоғары. Көрші тістерге аспалы жасанды тіс салу да осынша тұрады. Брекет салдыру 45 мың теңгеден басталады. Елдегі тіс емдетудің қымбат болуына әсерін тигізіп отырған басты түйткіл – құрал-жабдық. Жұмыс барысында пайдаланылатын жабдықтар, емдеу материалдары, жалпы шикізаттық материалдардың барлығы сырттан тасымалданады. Тістің ем-домына қажетті материалдар өндірісі елімізде дамымаған. Тіпті, Қырғызстан мен Өзбекстанның өзінде қажетті материалдар өндірісі жолға қойылғаны белгілі. Елімізге тіс емдеуге қажетті  материал Оңтүстік Корея, Германия, Италиядан, тіске салынатын екпе Германия, Франциядан  тасымалданады. Бұрынғы ледокаин, новокаинның заманы өткен. Сырттан келетін өнімдердің барлығы Қазақстанда сертификатталған болуы керек. Мысалға, тісті жансыздандыратын убестезин деген дәрінің бір құтысы – 14 мың теңге. Оның ішінде 15 шақты ампула бар. Соның үш-төртеуі бір адамға егіледі. Убестезин құйылатын карпулкалы шприцтің басындағы инесі, дәрігердің қолғабы, пациенттің алдына жабылатын қағаз жапқыш, осының барлығы бір рет қана қолданылады. Стоматологиялық қызмет құнына осының бәрі әсер етеді. Қазір стоматологтар тіс ауруының алдын алу бағытындағы жұмыстардың маңыздылығын алға тартады. Бүгінде Украинада, Өзбекстанда стоматология саласы жақсы дамыған. Украинада «ит тістен ит тіске дейін» (6 тісі бар) зейнеткерлерге имплант қою жұмысы тегін жүргізіледі. Өзбекстанда стоматология қызметінің сапасы жақсы, бағасы қолжетімді.  Мысалы, терең орналасқан тісжегіні емдеу Ташкентте 30 000 сум, теңгеге аударғанда 1335 теңге. Пломба орнату 20 000 сум – 890 теңге. Ақыл тісті жұлдыру 70 000 сум – 3115 теңге. Имплантация жасау 77 000 теңге шамасында. Ал Қазақстанда имплантация жасау 100 мың теңгеден басталады. Сондай-ақ, Өзбекстанда зейнеткерлер мен студенттерге 10 пайыздық жеңілдік  те қарастырылған. Сонымен, тіс емдеудің қымбат болуына басты себептер қандай? Біріншіден, саланың бәрі дерлік жекеменшікке өтіп кеткен, сондықтан мемлекет бағаны қадағалай алмайды. Екіншіден, тіс емдеуге қажетті дәрі-дәрмектер мен құрал-жабдықтар толықтай шет елдерден алынады. Бұл әр салада бар түйткіл. Шикізат өзімізде өндірілмесе де, арзан бағаға экспорттап, дайын өнімді одан екі-үш есе қымбат бағада сатып аламыз. Үшіншіден, өңірлерде сапалы стоматология қалыптаспаған, адамдар не сапасыз қызметке душар болады, не алыстағы облыс орталықтарына баруға мәжбүр. Төртіншіден, халықтың өз денсаулығын күтуге деген ықыласы төмен. Аурудың асқынғанын соңына  дейін күтіп, тіс әбден жарамсыз болғанда  ғана дәрігерге жүгінетіндер көп. Мемлекет бұл жағдайды жеңілдетуге қауқарсыз болып отырғанда қарапайым журналистің қолынан не келмек? Мәселе қағазға түсетін бағдарлама жүзінде емес, халыққа пайдасы тиетін іс-әрекет ретінде шешілсе екен деген ақ арман ғана бізде...

Серіктес жаңалықтары