Денис Тен көз жұмды

 Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен Алматыда жасалған шабуылдан қайтыс болды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Осыған дейін Алматыда белгісіз біреулердің Денис Тенді пышақтап кеткені хабарланған болатын.

Оқиға бүгін, 19 шілдеде шамамен 15.00-де Құрманғазы мен Байсейітова көшелерінің қиылысында болған. Кейін қалалық ІІД өкілдері Денис Тенге автоұрылар шабуыл жасағанын мәлімдеді. Сөйтсек, спортшы ұрылардың үстінен түскен болып шықты.

Орталық қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Ержан Құттығожиннің айтуынша, Денис Тен ауруханаға сағат 15.23-те түсті. «Барлық туысы мен жақынына көңіл айтамын. Кенеттен келген өлім болды. Клиникаға аса ауыр жағдайда түсті. Екі сағаттан аса уақыт бойы жүрегі мен өкпесіне жансақтау шаралары жүргізілді. Бірақ, амал не, қайтыс болды. Өмірлік маңызы бар органдарындағы жарақаттар таңып қайтыс болды», – деп түсіндірді дәрігер. Дәрігердің айтуынша, көмек бірден тез арада көрсетілді.

Денис Тен – ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, 2014 жылғы қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері.

Back to top button