«Славян базарында» ән салған…

Беларусь Республикасының Витебск қаласында өткен дәстүрлі халықаралық «Славян базары» байқауы қорытындыланды. Байқау қорытындысы бойынша отандасымыз, «Әміре» лақап атымен танылған Ернар Садырбаев бірінші орынды иеленді.

Байқаудың алғашқы күнінде қазақ әншісі қарсыластарынан оқ бойы озық тұрды. Финалдық бәсекеде де Әміреге тең келер өнерпаз аз болған. Әділқазылар да қазақстандық өнер иесінің талантын жоғары бағалап, жалпы 156 ұпай берді. Дәл осындай ұпайды Румынияның намысын қорғаған Марчел Рошка да жинады. Соңғы шешімді қабылдаған әділқазылар алқасы байқаудың Бас жүлдесін Румыния өнерпазына беруді ұйғарды. Ал қазақ­стандық әнші Ернар Садырбаев бірінші орынды қанағат тұтты. Дегенмен «Славян базары» байқауын тамашалаған жұртшылық Әміренің өнеріне жоғары баға берді.

Ернардың өзіне Әміре деген лақап атты таңдап алуы да тегін емес. Жас әншінің кезінде Париж төрінде қазақ әнін әуелеткен Әміре Қашаубаевтай халқымыздың атын әлемге танытсам деген арманы бар. Сол арманның жолында ол еңбектенуден, үйренуден жалықпақ емес. Оның үстіне, жас әншінің халықаралық байқаулардағы алғашқы жеңісі емес. Әнші «Славян базары» байқауынан кейін әлеуметтік желідегі парақшасында: «Қазақстан І орынға ие болды. Румыния Бас жүлде алды. Ұпайларымыз бірдей болғанымен, әділқазылар шешімі осындай болды. Мен барымды салдым. Қазақ елі, дұға-тілектеріңізге рахмет! Мені қолдағандарыңыз үшін рахмет!», – деп жазды.

Витебск төрінде тамаша өнер көрсеткен отандасымыз байқаудың басты жүлдесіне қол жеткізе алмағанымен, жұртшылықтың ықыласына бөленіп, көрермендердің көзайымына айналды. Тіпті, Беларусь Республикасының кейбір ақпарат құралдары Әміренің финалда көрсеткен өнерінің мінсіз болғанын жазды. Бастысы, ол – қазақ халқы үшін жеңімпаз!

Нұрислам ӘЗРЕТОВ

Back to top button