ТЕМЗА ЖАҒАСЫНА ТРАМП КЕЛДІ...

Дональд Трамп АҚШ президенттігіне сайланғалы бір жарым жылдан бері алғаш рет Британияға келді. Ол Ақ үйдің иесі атанғанда, алғашқы болып жұмыс сапарымен Вашингтонға ұшып барған, оны құттықтауға асыққан басқа емес, дәл Британия премьер-министрі Тереза Мэйдің өзі еді. Сол кезде-ақ АҚШ президентін Британияға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Іле-шала британдықтар өре түрегеліп, «Трампты кіргізбейміз» деп жүз мыңдаған адам көшеге шығып, Лондонның орталығына сыймай кеткен. Содан ба, Трамп былтырғы жылға жоспарланған сапарын кейінге қалдырды. Енді міне, Брюссельде өткен НАТО саммитінен соң тікелей Лондонға қарай ұшып, төрт күнді Альбион аралына арнады.

Дональд және Меланья Трамп мінген №1 борт 12 шілде күні түскі сағат екіге таяу Лондондағы шағын ғана Станстед әуежайына қонды. Лондондағы ірі Хитроу немесе басқа бес халықаралық әуежайдың бірін емес, қала орталығынан 68 шақырым қашықтықтағы осы әуежайды таңдауда ерекше гәп бар. Гәп – Трамптың осы сапарын ұйымдастыру барысында ең әуелі қауіпсіздік мәселелеріне көбірек көңіл бөлінгенінде. Станстед сияқты шағын әуежайды жан-жақтан қоршау, басқа ұшақтарды тоқтатып, күзетті барынша күшейту, оны оқшаулау өте ыңғайлы. Әдетте, ұшақ жерге қонған соң есік ашылғанымен, Трамптың ұшақтан шығуы кемі 5-10 минут алады. Бұл жолы да ол он минутқа кідіріп барып, ұшақтан түсті. Меланьяның қолынан ұстап, екеуі абайлап басқышпен төмен қарай аяңдады. Бұдан соң алаңқайда күтіп тұрған екі тікұшақтың біріне отырып, Лондонның орталығы, Regent Park саябағының маңында орналасқан АҚШ елшісінің резиденциясына аттанды. Осы жерде АҚШ президентін әуежайда күтіп алуға Тереза Мэйдің орнына Халықаралық сауда-саттық министрі Лиам Фокс келгенін баса айта кету керек. Әлбетте, оның жанында АҚШ елшісі Вуди Джонсон болды. Тереза Мэй АҚШ президентінің келуін қанша күтіп, осы сапарға қандай үмітін үкілесе де, келген бетінде оны қарсы алуға немесе оған сәлем беруге асыққан жоқ. Екеуі сол күні кешке Оксфордшир графтығында орналасқан Блэнхейм сарайындағы қонақасы дастарқанында жүздесті. Мұның өзі Тереза Мэйдің британ қоғамындағы басым пікірден қаймығатынын аңдатқандай. Себебі Трамптың табаны жерге тие салысымен, Лондонға елдің түкпір-түкпірінен мыңдаған адам арнайы келіп, қарсылық шеруін өткізді. Наразылық шеруіне шыққандар саны жүз мыңға жеткен.

Содан ба, қауіпсіздік шаралары айрықша қолға алынған: Трамп мінген №1 тікұшақ Станстед әуежайынан Лондон орталығында орналасқан АҚШ елшісінің резиденциясына келіп қонғанға дейін резиденцияның аумағы, тіпті саябақтың біраз бөлігі және Лондон орталығындағы басты көшелер қоршалып, бейсауат көлік пен адам жүрісі тоқтатылды. Екі арада тікұшақтар 25 минут ұшып келген, мұндай сәттерде тікұшақтың ұшу және қону уақыты мемлекеттік құпия саналады, алдын ала жарияланбайды. Әуежайда Трампты егіздің сыңарындай екі бірдей тікұшақ күтіп тұрды. Осы екеуінің біріне АҚШ президенті отырғаннан кейін ол тікұшақ «Marine One» деп аталады, яғни заматта ерекше статусқа ие болады. Ал екіншісі көлеңке сияқты қасында бірге ұшып жүреді. Мұның бәрі қастандықтың алдын алу үшін жасалған қам. Жалпы, АҚШ басшысының амандығын қамтамасыз ету үшін британ полициясы төрт тәулік бойы ұйқы-күлкі көрмей жанталасқанын айта кеткен ләзім. Осы күндері бір ғана қауіпсіздік шараларына 5 миллион фунт стерлинг жұмсалған көрінеді.

Айтпақшы, Трамптың бұл сапары Мэй жоспарлағандай мемлекеттік емес, жұмыс сапары деп аталды. Әдетте, мемлекеттік сапар шетелдік президенттің осы мемлекеттің басшысы – Королеваның қабылдауында болу, Букингем сарайында оған арнап қонақасы берілуі, одан соң оның Британ парламентінің қос палататасы депутаттары алдында сөз сөйлеуі, Даунинг стирт 10-үйдегі ресми кездесулер, яғни толып жатқан жоғары деңгейдегі көптеген шараларды қамтиды. Ал жұмыс сапарының ауқымы одан тарлау әрі сипаты да әлдеқайда қасаңдау. Әйткенмен, Трамп Елизаветаның жүзін көріп, оған сәлем берді. Бұл үшін ол Королеваның тұрақты жайы Виндзор қамалына кіріп-шықты.

Британ үкіметінің Трамптың көңілінен шығуға барын салғанын оның Королевамен кездесуін ұйымдастырғанынан түсінуге болады. Мемлекеттік деңгейдегі сапар болмағандықтан, бұл кездесу протоколға енбеуі керек еді. Сонда да ІІ Елизавета ерлі-зайыпты Трамптарды өзінің Виндзор қамалының алдында салтанатты түрде күтіп алды. Рас, оның жанында әдетегідей не принц Чарльз, не принц Гарри болған жоқ. Жалғыз өзі қасқайып, Дональд пен Меланья Трамптармен қол алысып амандасып, мемлекеттік міндетін бір өзі атқарып шықты. ІІ Елизавета өз заманында талай АҚШ президенттерін көрген. Трамп шамасы, Королева қабылдауында болған әлде оныншы, әлде он бірінші президент. Сонда мұның алдындағы Барак Обама, Джордж Бушпен, тағы басқалармен салыстыра алатын, оған шекесінен қарай алатын тәжірибесі бар. Бірақ әккі дипломат Елизаветаның Трамп туралы қандай пікір қалыптастырып, кездесуден не әсер алғаны ешқашан жария болмақ емес.

Алайда Королевамен кездесуінде Трамп қалыпты британдық протоколды бұзып, үлкен қателік жіберді. Қол алысып, амандасып болған соң, Елизаветаман бірге сап түзеп тұрған әскердің алдынан өту керек болған кезде, ол протокол бойынша Королевадан жарты қадам-бір қадам кейін жүруі тиіс еді. Бірақ Трамп саптың алдына келіп, дәл ортада тұрып алды. Алдына тірі жан түсіп көрмеген Королева оның қай жағынан өтерін білмей, кібіртіктеп қалғаны барлық британдықтардың жүрегін ауыртқан болар, сірә. Мұндай әрекет британдық ақсүйектер әулетінің тәжірибесінде айтып жеткізе алмас дөкірлік саналады. Сонда да, Королева Трамптың соңынан ілбіп, онымен әрең дегенде қатарласқаны сол, АҚШ президенті алшаң басып, екі қатар тізілген саптың арасынан өте берді. Бойы Трамптың иығына да жетпейтін Екінші Елизавета өмірінде мұндай ыңғайсыздықты сезінбеген болар.

Бұл кездесуді ұйымдастырған британ үкіметі АҚШ президентінің қолдауына, жылы сөзіне барынша ділгір екенін аңғартып алды. Қазіргі кезде Еуропалық одақ пен Ұлыбритания арасында сауда-саттық келіссөздері тығырыққа тіреліп, осы келіссөздердің кесірінен екі бірдей министрі отставкаға кеткен Тереза Мэй үшін бұл қиын кезең. Сондықтан Британия кәрі құрлықпен айтысында АҚШ-тың өз жағында екенін білуге асық, бірақ Трамптың ойында не бар екенін болжап білу ешқашан мүмкін болған емес.

Трамп Британияға, дұрысы, Шотландияға осыдан екі жыл бұрын келген екен. Дәл Брексит референдумы өткен күннің ертеңіне ол Шотландиядағы өзінің резиденциясында, гольф-алаңында болған. Сонда оның «Brexit is Brexit» дегені бар. Яғни, «Брексит дегеніміз Брексит» деген сөз. Британияның Еуропалық одақтан ажырауын қолдағанын білдіргені. АҚШ-тың сол кездегі президенті Барак Обама британдықтарға мұхиттың ар жағынан видео-сәлем жолдап, Еуропалық одақ құрамында қалуға үндеп жатқанда, сол кезде президенттікке үміткер Трамп Брекситті барынша қолдайтынын жасырған емес.

Ал британдық тілшілер Трамптың бірде олай, бірде бұлай сөйлейтін әдетін тағы әшкереледі. Дәл сапар басталған күні британдық «Sun» газетінде америкалық президенттің сұхбаты жарияланды. Онда президент британдық премьер-министрді сынап, «оның Брекситті жүзеге асыру жоспары АҚШ пен Британия арасындағы сауда-саттыққа кесірін тигізеді» деген болатын. Ол, тіпті, экс-министр Борис Джонсонды «күшті премьер-министр болатын еді» деген. Яғни, Мэйдің Еуроодақпен ортақ нарық туралы келіссөздер жүргізу саясатымен келіспей, қызметін тастап кеткен Борис Джонсонды британ үкіметінің басшылығында көргісі келетінін меңзегендей болған. Бірақ арада бірер күннен соң, Трамп британ премьер-министрінің қала сыртындағы резиденциясында Тереза Мэймен бірге журналистерге берген баспасөз мәслихатында: «Жоқ, мен олай деген жоқпын» деп жалтарды. «Мен ол кезде Тереза Мэйді мақтадым. Мен мақтадым ғой, айтшы?» деген ол сол жерде отырған «Sun» газетінің тілшісін куәгерлікке шақырды. «Мен ол туралы көп жақсы сөздер айттым» деген Трамп Тереза Мэйге қарағыштап. Одан соң беті бүлк етпестен былай деді: «Мен бүгін таңертең оны (Мэй ханымды – ред.) көргенде, былай дедім: «Мен кешірім сұраймын, себебі сіз туралы өте көп жақсы нәрселер айттым». Ал ол маған: «Алаң болмаңыз, баспасөз деген сондай болады» деді».

Трампқа жақын досындай қолын беріп, жылы жымиып, барынша жұмсақ сөйлеген Мэй ханымның өзгергені сол – әдетте қатты сөйлеп, қайырып тастайын әдетінің бірі жоқ. Екінің бірі – әлде Мэй ханым дәл осы кездесудің нәтижесіне риза, әлде ол АҚШ президентінің көңілінен шығу үшін барын салуға дайын деген сөз.

Иә, екеуі бірін-бірі «Дональд» деп, «Тереза» деп, аттарымен атап, Дональд басқыштан түсерде және көтерілерде Терезаның қолынан ұстап, дәл Меланья­­­­мен қол ұстасып жүрген кезіндегідей қамқорлық танытты. Ақыры, екеуі бірге «екі елдің арасындағы өте ерекше қарым-қатынас бар екеніне» журналистерді сендіргендеріне сенімді күйде қол ұстасып кете барды.

«Ерекше қарым-қатынас» – британ үкіметінің АҚШ-қа қарасты қолданатын басты саяси терминдерінің бірі. Әсіресе, қазіргідей Брюссельмен келіссөздер тығырыққа тіреліп, Мэй кабинетінің өзі кадрлық дағдарысқа ұшыраған кезінде Вашингтонмен сауда-саттық, экономикалық қарым-қатынаста алып державаның қолдауына өте зәру. Мұны Мэй ханым қанша бүркемелесе де, жасыра алмақ емес. Трамп Ақ үйдің табалдырығынан аттай сала, бірінші болып оны құттықтауға асыққан шетелдік үкімет басшысы осы Тереза Мэй болатын. Ал Трамп бір жарым жыл бойы президент ретінде Британияға бір соғып кетуге уақыт таппады. Ашығын айтқанда, ол он сегіз айдың ішінде талай елге, талай қалаға ресми сапармен, жұмыс сапармен барып-қайтты. Ал Лондон ол үшін 18-ші жұмыс сапары екен. Сонда Мэй ханым оны бірінші болып шақырғанымен, Ақ үйдің қожасын қарсы алушылар тізімінде тек 18-ші болып тіркелді деген сөз.

Трамптың төрт күндік сапары барынша қауіпсіз әрі барынша мазмұнды өтуі үшін британ билігі барын салғанын жоғарыда айттық. Королевамен кездесу Лондоннан 34 шақырым қашықтықтағы Виндзор қамалында өтті. Ал Мэй ханым АҚШ президентін қала сыртындағы ресми резиденцияда, анығын айтқанда, Лондон орталығынан 65 шақырым қашықтықта орналасқан, «Chequers Court» деп аталатын XVІ ғасырдағы үйде қарсы алды. Бұдан соң президент отбасымен Шотландиядағы өзінің гольф демалыс орнына аттанды. Трамп бұл гольф демалыс үйін осыдан төрт жыл бұрын салған. Бір сөзінде, ол жер бетіндегі барлық демалыс орындарынан осы Тернберриді артық көретінін айтқан еді.

Бірақ ол келгелі Лондонның орталық көшелері мың-сан адамның ұранынан жаңғырып, Трафальгар алаңы наразыларға лық толған еді. «Трамп, үйіңе кет!» деген сөздер жазып, тіпті АҚШ президентінің шардан жасаған бейнесін ауаға ұшырып, оны барынша мазақ еткен халық төрт күн бойы тарамады. Дәп осындай наразылық шерулері Шотландия астанасы Эдинбургта және орталық қаласы Глазгода жалғасты. Тіпті, ол демалып жатқан Тернберри аймағында шеру өткізуге тырысқандар болды, бірақ полиция оларды гольф демалыс үйіне тіпті маңайлатпай қойды.

Әйтеуір, Трамптың Альбион аралындағы көп уақыты Лондоннан тыс жерде, ал сенбі-жексенбі күндері гольф алаңында өтті. Осылайша, Трампты «Британияға келтірмейміз» деп ұрандатқандар оны аралдан қумаса да, Лондоннан қуып шыққандай әсер қалдырды. Сонда аты жұмыс сапары болғанымен, ұзақтығы мемлекеттік сапар сияқты төрт күнге созылған әрі Королеваның қабылдауында болғандықтан, Трамптың сапары «жартылай» мемлекеттік болды деп қорытуға болар. Британ үкіметі АҚШ президентіне барынша сый-құрмет көрсетуге тырысты әрі қоғамдық пікірді ескеріп, мұнысын артық-ауыс насихаттамауға күш салды. Осылайша, «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» күн көруге үйренген жайы бар.

Сонымен, Трамп дүйсенбі күнге қараған түні Ресей президенті Путинмен кездесуге күш жинап, Хельсинкиге аттанып кетті. АҚШ президентін Британиядағы наразылық шерулерінен гөрі Ресей президентімен көзбе-көз кездесудің кілтипаны көбірек алаңдатқан сияқты. Оны аман-есен шығарып салған Тереза Мэй мен британ үкіметі бір «уһ» деген шығар.

Ұлыбритания

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button