Антына адал болған 

Антына адал болған 

Антына адал болған 
ашық дереккөзі
681
Қазақ совет әдебиетінің классигі Сәбит Мұқановтың артына қалдырған асыл мұрасы – құнды шығармалары әлі күнге дейін қазақ ұрпағына рухани азық болып келеді. Көркем шығармаларынан бөлек жазушының эпистолярлық мұрасы да жетерлік. Таяуда ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әділғазы Қайырбеков жазушының хаттарын топтастырып, «Мұқановтың хатханасы» деген атаумен жинақ шығарған еді. Аталмыш жинақ көзі қарақты оқырмандардың бәріне бірдей жетпегені анық. Сондықтан сол жинаққа енген, жазушының өзі жазған және Сәбит Мұқановқа келген хаттардың кейбірін оқырмандарымыздың назарына аздаған қысқартулармен ұсынғанды жөн санап отырмыз.

Редакциядан

С.Мұқанов – Ү.Балқашевқа

Екі көңілді бір орыннан нендей реттерде болса да бірге шығару тұрмыс тәжірибасында ірі, ауыр жұмыс. Мақтаншақтық өзіне басқа, мен осы аз ғана жасымда талайлармен жолдас болып көрдім ғой, сол жолдастықтардың ішінде, жолдас болған жолдастарымның ішінде ілуде біреу болмаса, бір жерінен жарықшақ шықпай қалғаны болған емес, бұл тәжірибамен дәлелденген жұмыс. Шынында жарықшақтықта екі түрлі мәніс бар. Мұның бірі – саяси жақтан негізгі жолы бір болған адамдардың тұрмыс құбылысында қайшы келетін реттері көп болады. Талассыз мәселе негізді болмайды деген біздің партияның хадисі ғой. Бұл жағынан қарағанда түпкілікті жасайтын жұмыстардың жарықшақпен барып бүтінделуі өте қажет, сондықтан бұл жарықшақ ықтиярсыз керек етілінеді. Бірақ саяси жарықшақ жалпылықтың ортасында талқыланады. Екі личностьтің бұл талқыға қол сұғуға хақы жоқ. Екінші жағынан – екі кісінің (личность) арасында болатын жарықшақтық бар. Бұл жарықшақтық екі адамды не балдай тату, не тұздай ащы қылады. Мұның негізі – екі кісі бірін-бірі «осының маған осы жері ұнамайды-ау» дегеннен шығады. Бұған дәлелге екеуміздің личный тұрмысымызды алайық. Көзбе-көз отырып мен саған шын доспын деу әрі ағаттық қой, біреудің біреу достығын көзбе-көз отырып білмейді, өмірдің мың түрлі харакаттарына қарай біледі. Сондықтан да екеуміз де жүздесіп отырып доспыз десіп көргеміз жоқ. ...Ұжданым деген сөзді ауызға алуға ұжданы бар кісіге өте қиын сөз ғой, өзіңше дұрыс болғанмен, маған соңғы сөзді тіркеуің менің түсінісіме хаталығың. ...Фальсафаны былай қоя тұрғанда сөзіңнің бәрі алтын. «Айтулы достың жаны бір» деген бұрынғының бір мақалы бар. Бұл сөз өте терең сөз һәм мысқылданып шыққан сөз. «Екі кісі шын дос болса, екеуінің жаны қосылады» деген сөз шығады. Екі жан бірге қосылса екі адам көрініске екі басқа болғанмен шынында бір адам. Жаны қосылмаған адамда достық болмайды. ...Бұл жағынан мен мақтануға хақым бар, неге десең ақын жаны суретшіл жан. Ал менің қандай настроенияда отырғанымды сенің қалай суреттейтініңе көзім еркін жетпейді. Әйткенмен шамалауымша өзім ойлағандай болуыңа керек. Бұл сөз осымен бітсін. Енді істеген бір преступленияма келейін: Сейітқасымды менің түрмеден шығартқанымды естіген шығарсың. Біздің қыстайғы сөзімізде оған рахымшылық істейтін жеріміз жоқ еді ғой. Сейітқасым түрмеге кіргенше мен сол фікірден ауғам жоқ. Бір күні түрмені көрейін деген фікірмен жаныма бір кісі ертіп түрмедегілерді араладым. Әй, Үмітбай-ай! Басы жұмыр пендеміз ғой, түрме айтуға оңай көрінеді, саналы кісіге түрме қайғылы қара тұманды ой береді екен. Нансаң төрт сағат аралағанда мен ойламаған ой қалған жоқ шығар. Бір кезде арт жағымнан біреу «Сәбит!..» деп айғай салды. Жаныма еріп камераларды ашып жүрген солдат дауыстағанға ақырып тастады. Айналып отырып әлгі камераға келсек, айқайлаған Сейітқасым Әмрин екен. Біз камераның ішіне кіргенде түсі сұп-сұр болып үндеместен қалшиып қатты да қалды. Жалғыз-ақ қолында ұстап отырған кітабы дірілдеп, көзі мөлдіреп кетті. Басқа ой ой ма?!. Өткен күндер еске түсті. Өзіміздің бірге жататын күндеріміз. Әсіресе Рабфактың кең залында бір түні Байтұрсыновтың турасында Сейітқасымның Сүгіровпен төбелесе жаздағаны. Оның мұғалімдік күні, өзімізге еркелейтін уақыттары һәм аяғында мынадай түрмеге ілігіп, кешегі жолдасы төре болып түрме аралап жүргенде, оның иығы салбырап жыламсырап отырғаны... осының бәрі көз алдымнан тізбектеліп өтті. Тап сол минутта Қасымның жан сыры менің қолымда сықылды еді. Сонан басқа камераларды көрмей, қалғанын ашқызбастан түрмеден тайып отырдым. Ұзын сөзді қысқартып айтқанда, Сейітқасымды шығартып жібергенге дәлелім осы. Рас, преступленияларына қарағанда бұлай істеуге мүмкіндігі жоқ, бірақ ісімнің дұрыс, хатасына көзім жетпейді, әйтеуір менің Қасымға арнаған ойымды бірінші жағынан түрме, екінші жағынан бес күнгі жақын жолдастығы жеңіп кетті. Бұл араға қанша батырлық қылайын десем де болмады. Бұны да бітірдім. Өзім елге кетіп бара жатырмын. Елде июльдің 5-іне шейін болам. «Ғи» туралы өздеріңнен айырылған соң ойланғам да жоқ. Хош.

Сәбит.

13/VI – 1924 жыл

P.S. Біріне бірі жалғаса басылып отырғаны менің бұл он хатымды, жақын арада маған Үмітбай Балқашевтың өзі әкеліп сыйлады. Хаттың сөздері өзгеріссіз басылды.

Сәбит Мұқанов

23-ІІ-1960 жыл

Алматы

Ғ.Мүсірепов – С.Мұқановқа

Сәбит Мұқановқа хат

Сәбит! Бүгін сенің хатыңды алдым. Әңгіме менің «Теңіз тепкісі» жайында болғасын, мен де сол туралы жазбақпын. Негізінде оны қысқартып, яки түзегеніңе алғыс айтпасам ренжімеймін ғой. Бара салысымен басу жағын қарастырғаның, мені ілгері сүйремесе, кейін кетірмес. Біраз елігіп алғашқы екпінмен көр-жерді жазып тастауым да мүмкін. Шарт деген жағын өзгертуге құмар еместігім саған жасырын сыр болмауы керек: мен гонорары емес, еңбегімнің өзін бағалайым. Менің көбінесе көкейімді тесетін ақшасы емес, жазғанымның іске аса алғаны екендігін аңғар. Енді хатыңды бөлшектейік: Мен әр бөлімді нығыз түймегендігімді білем. Бірақ онымның өзіне бір баға бермекші едім. Көркем әдебиетте менің бір сүйетін нәрсем, жалғасы білінбей көбінесе, жалғасы келесі бөлімді оқып отырғанда ғана сезілсе екен деймін. Бұл мүмкін ескірген түр болар. Сөйтсе де мен осыны ұнатам. Жазушылар әсіресе байламын көрсетіп қоятыны бар, мен оны ұнатпаймын. Менің Гогольді сүйіп оқитынымды білетін едің ғой: көбінесе ол, маған осы жағынан ұнады. Қазір бет алыста, жасырын жақтар аз болу керектігін біле тұрсам да, мен ұнатқанымды істеп едім. Әрине, сендер көп. Әр жерде тексерген боларсыңдар. Бұлай болғасын көпшіліктің ауқымы ұйғарды – мен риза. Одасын, көпшілік көптен бері төселіп келе жатқан, бауыры жазылғандар, мен – шикі. Сондықтан сендердің – төселген көпшіліктің бетінен алуым әлсіздігімнен басқа нені көрсетер дейсің. Менің тағы бір ұнатпайтыным: алған теманың өзінен басқа, ешқайда бұрылмайтын әдет. Мұны мен жек көрем. Әсіресе болмысы, тұрмысы... тағы тағылардың ізі түсіп отырса екен. Осы күні (меніңше) жазушылар «саяси жақ» деп алғанда, басқа жағын ақсақ тастайды. Мен оған қарсы. Сондықтан қай күйде болса да, менің жазғандарым көлденең материалдарды көбірек қосып отырады. Бұл әдетті (әзір жүзеге асыра алмаған әдетті) түбінде жазып кете алған күнде де тастамаспын деймін. «Теңіз тепкісіне» де бірталай көлденең материал кірген себебі де сол еді. Етістік деген бір ит қой. Өткен, қазіргі, келешек уақыттары араласып кетуі мүмкін. Алғашқы хатымда біраз беттерде көрсетіп едім ғой. Сөйлемнің аяғы көбінесе сказуемоеға тоқтайды да, сұмдық бәле болады. Түгел алғанда, алғашқы адым әлсіз екендігіне не күдік болсын, кейбір алып тастаған жеріңе қарсылығым болса да баспаға беріліп қалғасын, әңгіме қысқа ғой. Мысалы: «Теңіз тепкісі» мен «Тулаған толқынның» қайсысында адамгершілік, достық көп екеніне таластан кейін ғана мойынсұнар едім. Матвейдің бай екені, бір жанды жасыруға бөгеті жоқ еді. Өйткені ол саудагер, қазақтардың барлығын алып үнемі еңбегін жейді. Байлар көбінесе, іштен жейтін әдетін ескермеген екенсің. Қысқасы, кітапшаның басылғаны үлкен қуаныш. Түзегеніңе алғыс. Сыншылар кемін көрсетсе тіпті жақсы. Қайтадан сенің хатыңа келейік (басына қарай). Сенің «Ағаш қамшың» маған да тиетін секілді (кейбіреулер «бәлен жолдамын» деп, босқа қомпиятыны бар ғой, сол секілді болып кетпесе?). Өйткені қалам сүйген болып, «идеология» деп шатасудан құр емеспін ғой. Басқалардың неге қатынаспайтынын білмеймін, өзім туралы мынаны ғана айта алам: мен болып жатқан айтыс-тартысқа қатынаспаймын демейім. Айтысты ұнататынмын да, ешкімді сынап көрмесем де, сынауды жақсы көретін әдетім де бар. Қорықпаймын да, түсінемін де. Бірақ мен қалам сүйе бастағалы мынандай екі кесір ұшыраттым: бірі, айтыс болып жатқан жерден алыс жатқандығымнан, кезінде қол жетпей қалады. «Е.Қ.» көбіне дұрыс келмейтінін білесің ғой. Әлгі Шаймерденнің де, тағы біреулердің, Елжастың, Әзімбеттің, тағы басқалардың сынын көргенім жоқ, естідім ғана. Солар секілді нәрселердің көбі көрілместен кетеді. Кейде басын, кейде ортасын, әйтеуір бірдемесін толық оқи алмай қаласың. Солай болғасын қатынаса алу қиын. Мен жазу ісіне қатынаса бастағалы жазатын орындардан кеудеге итеру болмаса, өзіне тарту көргем жоқ. Әрине, жазу үшін газет маңында қызмет міндет емес, Мадагаскарда жатып та жазуға болады. Бірақ газет күнбе-күн сабақ береді. Одан кейін де газетке жазып қарадым. Ең нашар дегендерімді басады да, жақсы дегендерімді баспады. Саған айтылмаған мынандай бір әңгіме болды. Былтыр «Оқшау сөз» бәйгесі кезінде Омбы оқушылары бірігіп «Е.Қ.» қа екі оқшау жібердік. Біреуі «Қалаудың өмірі», екіншісі «Май сасыса тұз себеді, тұз сасыса не себеміз?» деген. Оқшаудың иесі Қартқожа еді. Сөзін құраған мен едім, екі рет Омбы оқушыларының алдында оқып, сынап түзеп, жібергенбіз. Біреуі де басылмады. Өйткені бірі (алғашқысы) Аббас туралы да, екіншісі Абдрахман туралы да. Коммунистерді түйреулеріміздің өзі бір қате болар. Бірақ біз кім екені туралы, ашық түсіндіріс бергеніміз жоқ еді. Баспады. Екінші рет, барлық оқушының қолын қойып «басылуын» сұрап жаздық. Міне, осы арада бір иттік араласты. Біздің хатымызды конвертін жыртып оқыпты да, «Е.Қ.» Қызылжардағы «Б.Т.»-ға («Бостандық туы») айдап кеп қалыпты. Сыртында «Айсаринге» деген бар да. Дәлелі сол. Бірақ хат емес, мақала болғасын, мақала екенін конвертті жыртып оқып көргенсін, Айсарин неге қудырады? Міне, бұл иттік. Күздігүні «Көлеңкенің көлеңкесі» деген бір оқшау тағы жаздым. «Е.Қ.» өз кемшіліктерін айтса баспайтынын, кейде басындағы қызметкерлерінің ыңғайында кететін жақтарын айтқан едім. (Дұрысында баяғы Молдағали, Смағұлдардан бері қарай Аббасқа дейін «Е.Қ.» («Еңбекші қазақ») арқылы өз әдістерін жүргізбейді дей аласың ба?) Бұл да басылмады. «Е.Қ.» қа жазу да, таныс біреуі болмаса, мақалаңды оқу да қойылды. Сөйтіп газетке қатынаспай, күнбе-күнгі хабардан, айтыстан сырт қалдым. Жаза алсам кітап жазғым келеді. Осының барлығы «Ағаш қамшы» етпей не қылады? Бір ұйымның, тілектес жолдастардың маңайында болсам, мүмкін қатынаса алған болар едім. Жөндеп жаза алмағасын, кеудеге итеру дұрыс та шығар. Бірақ өйтпес едім. Қаламынан үміті бар адамды бауырға тартар едім. Мінекей, Сәке, осындай жайлар мені күнбе-күнгі айтыс-тартыстарға қатынастырмай келді. Мені нағыз сүйетін жақтарымнан жырып тастады. Үміт кеспе, кейін орталарыңа барып, ат ерттеуге жарармын. Сәбит! Ғабит мына хатын аяқтамай кетіп қалған екен. Почта келіп қалғасын мен беріп жібердім, қалған сөзі болса тағы жазар.

Достық сәлеммен Хұсни.

1928 жыл, 18/IV. 

 

Ш.Құдайбердіұлы – С.Мұқановқа

1931 жыл, 3 февральда

Елсіздегі Саят қорада жазылды.

Ардақты Сәбит бауырым!

11/ХІІ да жазған хатыңызды жаңа ғана алдым. Бүгін Аягөзге жүрмек адамнан осы хатты асығыс жаздым. Қолымда барынан біраз ғана жазбамды жібердім. Олар: «Бәйшешек бақшасы», «Нартайлақ әңгімесі», «Қазақтың түп атасы», жиырма бес жасымда жазған – «Бозбала мен кәрілік», отыз екі жасымда жазған – «Баламен айтысып жеңілгенім». Қолымда қаражаттық ақша жоқтығынан бұларды өзіңіз почта қаражатын төлеп алар деп доплатной қылдым. Бұрын басылған: «Қазақ айнасы», «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр» деген өлеңдерімді әрбірінен өз қаражатыммен 1000 /экземпляр/ дана бастырып елге таратып едім, «Қазақ, қырғыз, қалмақ, түрік шежіресін» де бір мың бастырып таратып едім. Соларды балаларға іздетіп, шежіренің бір жыртылып қалғаны табылып; бұрынғы басылғанында қате бар, әм қосылмаған сөздер бар болғандықтан көшіріп жатырмын түзетіп. «Әділ, Мария» деген романымның көшірмесі Алматыдағы осынан барып қызметте тұрған Бағдәулет Құдайбердіұлында бар шығар. Оның тұрағы Алматыда, Лепсинская көшеде, №63. Сол балада: Американың Пешірстав деген әйелі жазған құлдар тұрмысы жайынан, «Том ағай балағаны» деген қазақшаға аударғаным бар шығар. Бірақ оларды бастырам деп рұқсат алып еді. Ол екеуін бір баламыз өлең де қылып еді, табылса менің сөзше жазғанымды бастырғаныңыз мақұл, өлеңшесін өзіңіз білесіз. Қолымда «шыныбақ әңгімесі» деген пьесаға аударуға лайықты бір романым бар болса да, басқа кісі оқи алмастық шорнабай болғандықтан, көшірмей жіберуге болмайды. Және Пушкиннің «Дубровский» деген романын қазақша өлеңге аударып ана бір жылы Семейде бастырылып еді. Ол үйде бар еді, мынау адамнан жіберуге болмады. Бұлардан басқа да аудармаларым, өлең, сөздерім бар, бірінші уақыт тығыз болып, екінші қырық бес жасымнан бергі өлең, сөздерім философия жағына салынып: об отвлеченного вопроса объективное рассуждение болғандықтан, үкімет басуға рұқсат қылмас және бұл кезде халыққа тарату да лайықсыз ба деп жібермей қалдым. Себебі: жан сыры, жаралыс сыры, дүниедегі тәмам шатақ діндер туралы жазылған. Қырықтан аса бергенімде: Жан не? Дін не? Барша әлем қалай жаралған, адамға жаратушы жағынан не өзінің ар, нысабы жағынан салынған міндет бар ма? Болса ол не? Адамда толық ерік бар ма? Жан өлген соң жоғалатын зат па? Адам бұл өмірде не ғылған жөн? деген сияқты ылғый дене сезімімен сезілмей іш жаққа: әдетіне, дініне, нанғанына, құмарына бұрылмай ойлайтын ноқтасыз – таза ақылмен ғана білетін істер туралы: дін ғалымы, ғылым ғалымы, ойшыл философтардың бұл туралы жазған кітап, айтқан сөздерін өзімше сынға алып, дұрысын алып, терісін тастап шығарған қорытындыларым еді. Мен: пәлен пайғамбар, түгілен профессор айтты дегенге тоқтап қалмаймын. Өз ақылым қабыл алмағанды кім айтса да теріс көрем. Бірақ ақыл қабыл аларлық дәлел айтса, ол кім болса да бас ұрам. Мақтанып кеттім. – Мақтан емес іздегенім, тамам адам пайдасы болғандықтан, ақылым айтқан хақыйқатты айтпай тұра алмаймын. Еріксізбін. Міне, осыны айтып отырғанымда адамшылық арым: барша адам баласына пайдалы деп 30 жыл инемен құдық қазып тапқан хақыйқатты неге жіберіп, алдымен осыны басуын неге тіленбейсің деп еркімді билеп, «Жан сыры, Жаралыс сыры» деген қысқаша қорытындымды тағы жібердім. Әттең, дүние, осыны құры қазақша ғана басып қоймай, орысшаға да жақсы переводпен (смыслен.) переводтап, ғылымды азаматтың бірі еңбек етіп, переводын өзіме көрсетер ме еді? Қазақшасы тез басылып шығар ма еді? Тірі күнімде не алғанын біліп өлсем армансыз болар едім. Бұл «Жан сыры», «Жаралыс сыры» басылмайтын болса, тез қайтарғаныңызды өтінемін. Лажы болса, қолжазбаларымның бәрін қайтарып отырарсыз. Тағы бір тілегім: менің қай жазбам басылса да, басылысымен баспахана харажатымен маған әрқайсысынан елу данасын жіберсеңіз екен. Балаларыма, достарыма мирас деп беру үшін. Қайсысы басылса да Мұтылған деген атыммен басылғаны жөн болар еді. Бір сөзім: менің кейбір өлеңдерім қазақтың бұрынғы өлең, жырларының әнімен айтылмайды, әрқайсысының өзім шығарған әні (матифы) бар. Әнді хатпен ұғындыруға болмайды. Өзім барып ұғындыруға, жергілікті үкімет басындағы кейбіреулердің қараңғылығынан қолда қаражат, баста бостандық қалмай тұр. Хош! Бақытты болыңыз! Мұтылған».  P.S. Бұл хаттың Шәкәрім Құдайберді ұлыныкі екенін, біріншіден – аталған кітаптардан білдім, екіншіден – хатта аталған Бағдәулет деген баласы келіп айтты. Кітап беріп жібердім деген адамы әкеп берген жоқ. Почтамен салдым деген кітаптары келген жоқ, баласы қолдарындағы кітаптарын берген жоқ. Хатқа «Мұтылған» деп қана қол қойылған.

/С.Мұқанов/

Қолтаңба

5/V – 1952 ж.

 С.Мұқанов – М.Әуезовке

Мұхтар! (Әуезұлы)

Бұдан бірер жыл бұрын біз екеуміз екі таптың жыршысы ек. Марксизм объекті мен субъектіні бірінен-бірін айырмайды. Объективно тап тартысында бір-бірімізбен майдандасқан адам болғандықтан, сені білмеймін, менің өз қара басымды алсақ, сені субъективно да ұнатпайтын ем. Сөйткен саған менің осы хатты жазуымның өзі көлденең қараған адамға ұқпайтын нәрсе сықылды көрінуі мүмкін. Өйткені тап тартысы біз майдандасатын кезден күшеймесе кеміген жоқ. Таптар біткенмен, тап өкілдерінің татулығы болу мәселесі әлі ерте. Және қарсы таппен біз татуласып жақындаспаймыз, жоямыз. Сенің газеттерге жазған хатыңды, Жазушылар ұйымының жиылысында айтқан сөзіңді оқыған адам, марксизмге таныс адам, әрине, бұл хатты жазғанға таңданбайды. Бұл заңды хат. Адам тас емес. Адамның дүние тануы тұнған су емес. Бүгін дұрыс деп санаған пікір ертең хата болуы, хата пікірден адамның қайтып, жаңа, дұрыс пікірге көшуі адамның адамдық қасиетіне сыпайы нәрсе. Марксизмнің идеализмнен, дөкір (грубый) материализмнен айырмасы: әр нәрсені қозғалыс түрінде (в движение) алады, ой-сананы тұрмысқа, материалды өмірге тірейді. Адам баласының өмір тану ретінде өзгермейтін ең соңғы ғылымы – марксизм болатын себебі де осы. Марксизм өмірді танудың дұрыс әдісі (метод). Сондықтан ол: барлық өмірдің өркендеуін диалектикалық материализм көзімен танығаны сықылды, өзінің өркендеуін де осылай таниды. Марксизмді ленинизм өркендетуі, ленинизмді Сталиннің ілгерілетуі осы дұрыс әдіс, дұрыс ғылымнан туған нәрсе. Олай болса, сенің хатыңды, сөзіңді көріп марксшыл адам таңданбайды. Бұл заңды, табиғи нәрсе деп табады. Бір таптың жоқшысы болып жүріп, екінші тапқа көшу тарихта бірінші рет болған нәрсе емес. Әрине, мұндай көшудің екі түрі бар: 1) Устряловшылдық. Бұндай әдіс бізде Жүсіпбекте, тағы басқаларда болды. 2) Шын ықыласымен, ескі жолының қателігін танып, жаңа жолға айқын түсініп келгендер. Біз сені қас күніңде де бағалайтын ек. Өйткені Мағжан мен сен Кеңес Үкіметіне қастықтарыңды ашып айтатын едіңдер. Сондықтан сенің пролетариат тілегіне келуіңді де адал келу деп ойлаймын. Бұл сенің көңіліңді көтеру емес, шыным. Біреулер сенің жазаға тартылғаныңа байланыстыруы мүмкін. Оған повод та бар. Өйткені Достоевский жазаға тартылғаннан кейін, төңкеріс пікірінен пышақ кескендей айырылып, барып тұрған реакционер болғаны мәлім. Күшке көнетін кісі де, көнбейтін кісі де болады. Ескі пікірінде шын қатқан тұрақты адам жазаның ауыры – өлімге бара алады. Менің өз қара басым сені қорқудан емес, ұяттан келген адам (не перед страхом, а совестью) деп ойлаймын. Олай болса, күдіктің орны болмауға тиіс. Және болуға мүмкін де емес. Үйткені әрбір адамгершілік санасы бар адамның негізгі ойы – біреуді біреу құлданбауда, адам баласы теңдес өсуде болу керек. Бұған сөз жүзінде Каутский де, Чемберлен де қарсы емес. Кәтте, «Пуанкаревойна» атын алған Пуанкаре де емес. Лига нацияны Пуанкаре құрған. Лига сөзде қару тастауды кеңес қылғалы қанша болды? Бірақ, әңгіме сөзде емес, істе. Марксизм іс пен сөзді қатар алады. Олай болса, іс жүзінде адамды адаммен теңдестіруге қандай жол дұрыс апара алады? Қай топ оны істеуге әлі келеді? «Өндіріс құралы жеке меншікте тұрғанда, біреуді біреу құлдану қалмайды» деген Маркс. Бұл марксизмнің негізгі жолының мықты бір бұтағы. Адам – қоғамдас мақұлық. Жеке адам өзін-өзі ешуақытта асырай алмайды. Қоғам мүшесі біріне бірі көмектесіп, бірінің жоғын бірі табады. Олай болса, олардың бірлесіп жұмсайтын құралы ортақ және өндірушінің өз еріктерінде болу керек. Пролетариатқа шейінгі тап біреуді біреу құлдану негізінде құралған тап болғандықтан, бұны істе жүзеге асыра алмайды. Жүзеге асырса өзін-өзі жою керек. Өзін-өзі жою олардың қолынан келмейді. Маркс неге пролетариатты басқа таптан таңдап алды? Қара шаруаның да біразы еңбек иелері, оларды неге алмады? Маркстің пролетариатты таңдауы – олардың өзгеше боп жаралғандығы емес, олар да адам баласы. Олардың өзге таптан өзгешелігі – жекешілдік бағыт, меншік жоқ. Оларда еңбек ортақ. Олар – ортақ тұрмысқа үйренген, сондықтан олардың ортақ қоғам жасауға әлі келеді. Энгельс: «капитализмнің бір пайдасы – өндіріс құралына ортақ, меншіксіз адамдарды өндіріске жиып, ортақ қоғам жасауға способный пролетариат жасап берді» дейді. Маркс адамға қарсы емес. Ол – адамшыл. Ол – адамды адам жеуге қарсы. Ол – қанаушыны жоюға ұран тастаушы. Осы шын мағынасындағы адамшылық өмір жасауға әлі келетін тап – пролетариат. Оған пролетариаттың тұрмысы куә. Маркстің пролетариатқа сүйенуі, марксизмнің пролетариат идеологиясы екендігі осыдан. Маркстың еңбекші қара шаруаға сүйенбегені – онда жекешілдік бағыт күшті. Қара шаруа пролетариатпен одақтасқан күнде ғана социализмге бара алады. Іс жүзінде адамды теңдестіру пролетариаттың қолынан ғана келсе, кім де кім пролетариатқа қарсы болса, сөзінде пәленмін дегенмен, ол адамгершілікке қарсы. Бұны түсінген адам сөз жоқ пролетариат тілегіне көшеді. Марксизм – адам баласының миллиондаған жылдар жасаған күресінің, өркендеуінің ең жоғарғы мұнарасы. Кім де кім осы мұнараға шықпаса, биік мұнарасы – коммунизмді көре алмайды. Сондықтан сен сықылды адамдардың марксизмге келуі, ең алдымен, адамгершілігін өтегендігі. Сенің бұдан былайғы әдебиет, шығарма жұмыстарыңда біраз қиындықтар болуы мүмкін, өйткені сен пролетариат тілегіне қарсы болған адамсың, сондықтан пролетариат саған біразға дейін сене алмайды. Сен «қателесем бе» деп біразға дейін жалтақтық істеуің мүмкін, «Жасасын» жағын басыңқырауың мүмкін. Пролетариат әрине, сенен оны тілемейді және ондай шарт қоймайды. Пролетариат сынды, өзара сынды жақсы көретін тап. Кемшілігін жасырмайтын тап. Ол кемшілікті ашуды тілейді. Бірақ қалай ашады? Мәселе осында. Біздің тұрмыстың жарық жағымен қатар күңгірт жағы да бар. Ол күңгірт пролетариатқа закономерный емес, ол ескі таптан қалған мұралар. Оларды ашу социалистік реализм. Бірақ ашқанда пролетариатша ашу керек. Қазақстанның былтырдан бергі жағдайында перегип арқылы біраз қиындықтар болды. Бұл қиындық, пролетариаттың таптық тілегінен туған қиындық емес, жеке адамдардың дұрыс басқара алмағанынан туған қиындық. Осы қиындық біраз адамдардың ішіне күдік салуы, «марксизм ұсақ ұлттардың жүрер жолы бола алмайды» деген ойға келтіруі мүмкін. Әрине, ол марксизм ғылымына піспеген адамның ойы. Марксизм дұғалық емес, істің құралы. Төңкерісшіл пролетариат төмен қалған ұлттарды социализмге апара алады. Ол біздің Одақта дәлелденді де. Ал Қазақстан жайында болған перегиптерге марксшіл адам сын көзімен қараумен бірге, перегипті жоюға жәрдемдесі. Марксизм төңкерісшілдікті іс жүзінде сынайды. Бұл сөздер, әрине, үгіт емес (сен сықылды пікірі ержеткен адамды үгіттеудің өзі, бір жағынан қарағанда балалық болар еді), марксизмнің негізін айтқандық. Мен өзім партияға өтірік кірген адам емеспін. Бірақ, басында ақылмен емес, жүрекпен кірген адаммын (бұл демагогия емес). Өйткені мен партияға кіргенде марксизмнің ғылымының негізін шала білетін адам едім. Бірақ партияға кірдім. Осының өзі странно көрінуі мүмкін. Бірақ, онда түк таңдану жоқ. Бұл марксизмнің құрғақ теория еместігіне, марксизмнің тамыры еңбекші халықтың ішінде өсетіндігіне дәлел. Марксті білмеген еңбекшілдер толып жатыр. Марксизм солардың ішінен өскен. Біреулер шен үшін партияға кірді. Біреулер күн көріске кірді. Мақтануын ішіне ала сөйлегенде, менде мұның бірі де болған жоқ. Білім кемдігінен болған хаталықты былай қойғанда, мен өз қара басымды таза пролетариаттың ісіне берілген адаммын деп санаймын. Күңгірт жақтарым болды. Бірақ, мен қоғам ісіне қатынасқалы, бір жолда келем деп тарих алдында мақтана алам. Келешек өз алдына. Өскен сайын (ой өсуін айтам) адам, әрине, объективно бола бастайды. Мен өз қара басым тұрмысқа объективно қарай алғаным сықылды (осы күнде), Қазақстан жағдайының кәзіргі күйіне объективно қарай алам. Қазақ­стандағы қазіргі еңбекші таптың перегиптен көрген қиындығына іші ауырмаған адам коммунист емес, олар – баққұмар, арамтамақтар. Бірақ, құр іші ауырып қою күрестен қол тарту болар еді. Оның арты кеңес Үкіметінен, социалды идеядан қайту болар еді. Оған өз қара басым бара алмаймын. Партияның бұл перегипті түзеуге әлі келуіне сенем. Құр сенімде ешнәрсе болмайды. Біздің мақсат – перегипті түзесуге көмектесу. Көмекке әркімнің мамандығынан құралы бар. Біздің құрал – көркем әдебиет. Сондықтан біздің мақсат көркем әдебиетпен қазақ еңбекшілерінің тұрмысын түзесуге жәрдемдесу, партияның кесіпке, колхозға ұстап отырған жолын түсіндіру. Біз Алма-Атада көріскенде жөнді сөйлесе алғамыз жоқ. Біздің сенімен сөйлескендегі мақсатымыз, сені үгіттеу емес, түзелем деп алған бетіңе жолдастық көмек көрсету. Сол көмек кеңес ретінде осы хатты жазуға тура келді. Хатта толық пікірді айту мүмкін емес, менің бұл хаттағы міндетім, бар мәселені айтып бітіру емес, бірінші – сөзіңе сенгендігімді білдіру, екінші – пікірімді айту. Егер сен бұрынғы Мұхтар болсаң, «қанжығада көрісерміз»-бен айдай берер ек. Кәзір ол пікірден, әрине, аулақпыз. Түзелуіңе бізден керекті жәрдем болса, қолдан келгенше аянбаймыз. Сенің міндетің – біздің алдымызда емес, пролетариаттың алдында (біз де соның ішіндеміз ғой), сөзіңді іс жүзінде ақтау.  

Жолдастықпен: СӘБИТ МҰҚАНҰЛЫ

Араб әрпімен жазылған хаттан көшірме.

21-февраль-1933-г.

Москва

С.Мұқанов – Ш.Мұстафинге

Сүйікті Шәкен!

Жас ұлғайған соң хат жазысу да сиреді. Көптен бері сенен хат алған жоқпын, өзім де жазбаған сияқтымын. Соңғы бірер жылда көркем шығарма жазуға жалқауланып бара жатқан жайым бар. Одан бұрын күні-түні бұрқырата жазып, аз уақытта көлемді шығарма бітіріп тастау, қазір көзден бір-бір ұшқан тәрізді. ...Жазатын тақырып көп. Бәрі де айқын. Бірақ, соларды қағазға түсірерде кеждегең кейін тарта береді. Енді, ептеп болмаса, өктем жазу қиын болатын. Биылғы жылдан бастап, бес жыл ішінде менің 16 томдық шығармам басылатынын көрген боларсың. Оны саған және мектепке жаздырып, подпискасын жіберемін. Одан кейін шыққаннан шыққанынша алып тұрарсыңдар. Осы кітапты шығару төңірегінде толып жатқан кедергілер кездесті. Өзіңе мәлім, мен өзімді большевикке санап, партия уставына сүйеніп, үлкен-кіші демей, әркімді сынай беретін едім ғой. Сол сынның көбі кейінгі жылдарда алдымнан шығып, кек қайтаруға тырысатындар да аз кездесіп жүрген жоқ. Тек, советтік құрылыс арқасында ғана күнелтіп жүрмін. Әйтпесе тірідей талап жейтін түрлері бар. Партия жолы деп айдай беріппіз. Ақыры мұндай боларын кім білген... Мен жаман жасаған жоқпын ғой. Шәкен, мүмкіндігім барда, қолдан келер жәрдемді /әсіресе, еңбекші адамдарға/ аяған жоқпын. Әлі де сол ниеттен тайған жоқпын. Қанша жасауды келешек, тағдыр көрсетер. Сен де жаман жасаған жоқсың. Жалғыз балаңнан ерте айырылып, сорыңның қайнағаны болмаса, тұрмыстан жүдеген кезің жоқ. Шама-шарқыңа қарай отырған ауылыңның барлық бейнетін де, рахатын бірге көріп келесің. Солардың атынан саған сансыз рахмет.

Бауырың С.М. /Сәбит/

14/ІІІ – 1971 жыл.

С.Мұқанов – Б.Құндақбаевқа

Құрметті Балабек аға!

(Құндақбаев – Қарағандыда тұратын қарт коммунист, дербес пенсионер)

Хатыңызды алдым. Оқыдым да біраз толғандым. «Бұрынғының арты едік, ендігінің қарты болдық» деп біреу айтқандай, мен де жетпістің екеуін тауысып, жақын арада үшеуіне аяқ басқалы отырмын. Ол да жасынан көңілін қартаң ұстауға тырысқан, мен сияқты адамға аз жас емес екен. «Жасымыз өткен сайын көңіліміз жас» деп Ақмолда ақын сипаттаған «Жел көңіл» адам емес екенімді білесіз, мен «Ошақтың үш бұтынан тілеп дағды алған кісімін». «Жел қабыз» болғандар да оңып жүрген жоқ, ақырда ардан, ұяттан айрылып, жұртқа күлкі болып жүр. «Тауфықты өстім» дегенмен, табиғат адамды да өз заңына бағындырады екен. Кешегі жиырма, отыз, қырық, хатта – елудегі күш-қуат қазір жоқ. Ол кездерде мен қағаз қызметін он-он бес сағаттан атқаратын ем, сонда кей кезде шаршай қалсаң, ұйқыңды мықтап бір қандырып, бабыңа келіп алсаң, тағы да құр аттай бұрынғы күйіңе түсетін ең. Тағы да болдырғанша, талай жұмыстарды атқарып тастайтын ең. Енді ондай хал жоқ. Әбден баптанған күндеріңде ғана екі-үш сағаттай еңбек атқарып, одан кейін қарақұсың ауырта бастайды. Менің жасымдағы адамға болдыру (уставание) керек жоқ дейді дәрігерлер, оның арты зорығуға (переутомление) соғады дейді. Көшпелі ауылда туып-өскен біз жақсы білеміз: болдырған ат бір қыс тебінге жіберсең түзеліп кетеді; зорыққан ат ешуақытта түзелмейді. «Адам жылқы мінезді» деген осыдан шыққан. Былай да жас күнімнен қоғамдық жүгім ауыр болған кісімін. Оның үстіне сіз бен мен бастан кешірген жылдардың істері тіпті ауыр болды ғой. Мен Коммунист партиясының қатарына 1920 жылы кірдім. Шала сауатты, тәжірибесіз жап-жас мені, партия советтік, социалистік құрылыстардың ауыр істеріне жегіп жіберді, сол жүктерді сүйреуден соңғы жылдарға дейін шаршаған да жоқпын. Шаршауым, ұйымдастыру жұмыстарынан жеңілденгеннен кейінгі жылдарда. Оның себебі, мен атқарысқан толып жатқан істердің өзегі – «тап тартысы» деген болды ғой. Сол тартыстың, мен маңдай алдында, қызу ішінде болып келген кісімін. Тартыста «бай мен кулак» дегендердің, олардың арқа тіреуі – «Алашордашылдар»-дың «тұщы етіне ащы таяқ» соғысқан шақтарымыз аз болған жоқ. Солардың бала-шағалары, аға-інілері, нағашы-жиендері... дегендей, өскен ұлт-отаны тапшылдық кегінен әлі де арылмай, реті келгенде жаныңды ауырта соғып кететін болып жүр. Осы «таяқ» соңғы кездерде маған да кейде ауыр да тиіп қалады. «Тапсыз» аталатын қазіргі қоғамда, ондай таяқтарға байбалам салуға да қиын. Сондықтан «бас сынса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деп, «бәрібір, лениндік идея іске асып жатыр» деп жүре бересің. Кейде бел-омыртқаңды қайыстыратын ауыртпалықтар болады-ау!.. Амалсыз шыдайсың...

Сәбит Мұқанов

«11»ХІ.1972 ж.

Алматы.

 

Дайындаған Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары