Жасыл алаң, алтын кубок

 Жасыл алаң, алтын кубок

 Жасыл алаң, алтын кубок
ашық дереккөзі
Күллі әлем жұртшылығын теледидарға телмірткен, қаншама жанкүйерді Ресейге «сүйреген» футболдан XXI әлем чемпионаты осымен тәмам. Дидье Дешам шәкірттері топ жарып, үздіктердің үздігі атанды. Футболға жаңа толқын келді. Әсіресе, Килиан Мбаппе есімі әлем назарында. Одан бөлек бұл біріншілікте көрермен көзайымы бола білген үздік ойыншы Лука Модрич, қақпашы Тибо Куртуа, шабуылшы Харри Кейн сынды сайыпқырандардың шоқтығы биік. Олар чемпионаттың үздіктері атанды. Сонымен, көп күткен футбол тойы 1 айдың ішінде өте шықты. Әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары «Лужникидегі» мундиальдың ашылу салтанатын сүреңсіз, тым қарабайыр деп сынға алған еді. Тіпті, Ресей Федерациясы үшін «ұят» деген сын-ескертпелердің жалауы әр жерден желбіреп жатты. Сүреңсіз бен қарабайырлығын шетке ысырып тастаған кей сыншылар «4 жыл күткен ашылу салтанаты кірпік қаққанша аяқталып қалды» деп дабыраласты. Әлем көз тігіп отырған абыройлы бәсекеде ұлттық құндылықтың ізін көре алмаған ресейлік БАҚ өкілдері де үнсіз қалмады. Өйткені бұл чемпионатты ұйымдастыруға 11 млрд АҚШ доллары жұмсалған болатын. Әйтеуір, ашылу салтанатының жыры бітіп болғанша, салтанатты жабылу рәсіміне келіп жеттік. Жабылу салтанаты да 12 минуттан аспады. Ұлттық құндылықтарға қатысты талап-тілек аздап ескерілген. Қарабайырлық ауылынан сәл ғана ұзаған. Жабылу салтанатының соңында «Калинка» әні орындалды. Сыншылар өз кезегінде «әуені тез жатталатын болғасын таңдап алынған» деп пікір білдірді. Әйтпесе, халық әнінің сарынында 1860 жылы жазылған Иван Ларионовтың бұл әнін Ресей жарияға жар етіп-ақ келеді. Чемпионат алдында исландиялық жанкүйерлер «Калинка» әнін орындауда деген тақырыппен түсірілім, телевизиялық монтаж жасалған әнбаян әлеуметтік желілерге жүктелді. Қиялға әбден елтіген ресейлік БАҚ «бүкіл жанкүйер осы әнді жатқа айтып жүр» деп мақтанып жазды. Тіпті, әйгілі әлем чемпионы Роналдиньо Ресейге келіп, «Лужники» стадионында «Калинканы» барабанмен сүйемелдеді. Бұны әсіреұлтшылдықтан арылмай жүргендердің сын-ескертпесіне алдамшы жауап деп түсіндік. Чемпионатқа қатысты бірнеше түйткіл көзге ұрды. Чехияның «Будвайзер» брэндтік сырасы ФИФА-ның демеушілер қатарына кіріп, ойын барысында жарнамалары әр жерден желбіреп тұрды. Адам денсаулығына зиянды алкогольді ішімдіктер де бұдан былай әлем чемпионаттарында жарнамаланатын болғаны ма? Қазақстан телеарналарында да осыған дейін 1,8 млрд теңге салық төлеуден жалтарып келген «Олимп.КЗ», онан қала берді «1ХБЕТ», «ПариМАТЧ» секілді букмекерлік кеңселер жарнамасының «жер жарғаны» көңілге қаяу түсіреді. Тотализатордың жарнамасы біздің ұлттық бренд болғаны ма? Әлде қазақ жерінде байрақты бәсекеге демеуші болар мықты бір азаматтың, діні дұрыс компанияның табылмағаны ма?! Интернет беттерін тексерсек неше мыңдарын, тіпті миллиондарын букмекерлік кеңселерге беріп, жер сипап қалған талай жанды кезіктіресің. Кешегі 1990 жылдары бүкіл ел ойынханаларға (казино) ағылса, сол орталықтың орнын бүгінде түрлі букмекерлік кеңселер басқан. Келтіріп жатқан залалы, адамды сүйрелейтін құмарлығы ойынханадан асып түспесе, кем емес. Финалдық кездесудің соңындағы марапаттау сәтінде шелектеп құйған жаңбыр, бәлкім, ойынға ақша тігіп, үйлерін ұтқызған жандардың көз жасы шығар...

БАРЛЫҚ КОМАНДА ГОЛМЕН ҚАЙТТЫ

XXI әлем чемпионатында 219 сары қағаз көрсетілді. Бір қызығы, финалда ойнаған Франция мен Хорватия құрамалары осы чемпионаттағы ең «тәртіпсіз» команда атанып отыр. Хорватия 15 сары қағаз алса, Франция 12-сін еншілеген. 4 ойыншы қызыл қағаз алды. Колумбиялық Карлос Санчес пен швейцариялық Михаэль Ланг өрескел тәртіп бұзғаны үшін бірден жасыл алаңнан шығуға мәжбүр болды. Швециямен болған ойынның 71-ші және 82-минутында неміс қорғаушысы Жером Боатенг екі сары қағаз алып, іле-шала автоматты түрде қызыл қағаз көрсетілді. Дәл осындай жаза ресейлік Игорь Смольниковке де қолданылды. Уругвай құрамасымен болған кездесудің 27-минутында ескерту алған қорғаушы, ойынның 36-минутында тағы тәртіп бұзып, алаңнан қуылды. Ресей Федерациясында өткен мундиальда ойыншылар бір-бірімен 49 мың 651 пас алмасты. Соның 3336 ағылшын құрамасының еншісінде. Және бұл ең үздік көрсеткіш. Ал Хорватия құрамасы 301 соққыға тойтарыс бере білгендігімен ерекшеленді. Қорғаныста ғана емес, шабуыл өтінде де жақсы өнер көрсеткен бұл құрама 352 қауіпті шабуыл ұйымдастырған. Қауіпті шабуылдар саны бойынша да шақпақ жейделілер көш басында. Бұған дейінгі біріншіліктерде кем дегенде 4-5 құрама 1 гол сала алмай елге қайтуға мәжбүр болатын. Биыл 32 команданың да қанжығасы майланды. Тіпті, алғаш қатысып отырған Панаманың өзі 2 бірдей гол еншіледі. Жалпы, 32 команданың 169 голы тіркелген. Ең көп 16 голды Бельгия құрамасы соқты. Бұл көрсеткішті еш құрама қайталай алған жоқ. 16 голдың 4-еуін бельгиялық шабуылшы Ромелу Лукаку еншілеп, бомбардир атанды. Дәл осындай көрсеткішті франциялық шабуылшы Антуан Гризман қайталады. Дегенмен 6 гол салған Харри Кейнді голдар саны жағынан ешкім басып оза алмады. Осылайша ағылшын футболшысы чемпионаттың үздік сұр мергені атанып, алтын бутсымен марапатталды. Жалпы, 50 ойыншыға әлем чемпионатында гол авторы болу бақыты бұйырыпты. 24 футболшы 1 голдан соққан. Олардың қатарында 360 минут алаңда ойнаған футбол жұлдызы Лионель Месси де бар. Салах, Неймар, Суарес, Модрич бастаған 13 ойыншы 2 голдан соқты. Дзюба, Эден Азар, Манджукич, Перишич, Ерри Мина, Диего Коста, Кавани 3 голдан топырлатты тор қақпаға. Мбаппе, Роналду, Черышев, Гризман, Лукаку сынды ойыншылар 4 голдан соқса, жоғарыда айтып өткеніміздей, 6 голды тек Харри Кейн ғана қақпаға тоғытты. Қақпаға соққы бағыттау жағынан Неймарға ешкім тең келген жоқ. Неймар есте қаларлық 27 қауіпті соққыны қақпаға бағыттаса, бельгиялық қақпашы Тибо Куртуа дәл осындай 27 соққыға тойтарыс беріп, сейв жасаған. Ұйымдастырушылар Куртуаның бұл шеберлігін ескеріп, «алтын қолғапқа» лайық деп тапты. Испандық «Реалдың» қорғаушысы Серхио Рамос та үздіктер қатарында. Рамос әлем чемпионатында 485 сәтті пас берген. Ал Хорватия құрамасы сапында 73 кездесу өткізіп, 21 гол салған, 29 жастағы Иван Перишич осы чемпионатта 72 шақырым жүгіріп, барлық ойыншыны артқа тастады. Қола жүлдені жеңіп алған Бельгия құрамасы қай жағынан да өзін көрсетуге барын салған іспетті. Панама мен Бельгия арасындағы кездесуде 8 бірдей тәртіп бұзушылық тіркеліп, ең көп сары қағаз көрсетілген. Сондай-ақ, бір ойында соғылған ең көп гол Бельгия мен Тунис құрамалары кездесуінде орын алды. Бельгия 5, Тунис 2 гол еншілеп, жалпы 7 гол соғылған. Қақпаға бағытталған ең көп 31 қауіпті соққы да осы ойында орын алды.

ҚЫЗЫЛ СОЙҚАНДАР ҚЫЗЫҚТЫ ОЙЫН КӨРСЕТТІ

Чемпионатқа жолдама алған 32 команда да алтын кубоктан дәмелі еді. Әйтеуір Бельгия мен Англия құрамалары ешкімге дес бермей жартылай финалға жетіп жығылып, іле-шала қола жүлдені екеуара сарапқа салды. Ойын басталғанға дейін-ақ Бельгия басым түсетінін мамандар жиі айтып жүрген. Өйткені Англия құрамасының бапкері Гарет Саут­­гейт қосалқы құ­рам­дағы Дэнни Роуз, Рубен Лоф­тус-Чик, Фабиан Делф секілді бола­шағы бар жас футболшыларды бірінші минуттан бастап алаң­ға шығаратынын мәлімдеген. Дегенмен жанкүйерлердің басым бөлігі «ағылшындар бір сойқан жасайды» деп күтті. Англия 1966 жылы алтыннан алқа тақса да, онан соң әлем біріншілігінде күміс немесе қола жүлдеге ешқашан қол созбаған. Бельгия құрамында қай кезде де үздіктер ойын көрсеткенімен, бүгінге дейін бірде-бір мәрте үздік үштікте болу бақыты олардың да маңдайына жазылмай келген. Тек, 1986 жылы төртінші орын алған еді. Қос құрама арасындағы ойынның тарихта қалуының тағы бір себебі, чемпионатта бұл қос команда екі рет кездесті: «G» тобындағы ойын 1:0 есебімен бельгиялықтардың пайдасына шешілген еді. Бір топтан шыққан команданың екінші рет кездесуі соңғы рет 2002 жылы Бразилия мен Түркия құрамаларының арасында тіркелген екен. Төртінші минутта бельгиялықтардың жартылай қорғаушысы Томас Менье Насер Шадлидің пасын нәтижелі етіп, есеп ашты. Онан кейінгі допқа талас, қақпаға бағытталған соққылар 82-минутқа дейін еш нәтиже бермеді. Бельгия құрамасының капитаны Эден Азар есепті сол 82-минутта еселеді. Ағылшындар сенген Харри Кейн алғашқы кездесулерде нәтижелі ойын көрсетсе де, соңғы 3 ойында бірде-бір гол сала алмаған еді. Англия құрамасы әйтеуір бір рекордты қайталады. Жарыс басталғалы 12 гол соққан ағылшындар соның 9-ын стандарттан еншілеген. 1966 жылы Португалия құрамасы дәл осындай көрсеткішті тіркеген еді. Ия, Бельгия құрамасының төккен тері ақталды. Қызыл сойқандар осы чемпионатта ең көп 16 голды соғып, қола жүлдені қанжығаларына байлап қайтты. Енді бұл құрама 4 жылдан кейін Катарда өтетін XXII әлем чемпионатына жоғары дайындықпен келері сөзсіз.

АЛТЫННАН АРДАҚТЫ КҮМІС ЖҮЛДЕ

Хорватия құрамасы жарыс жолын сәтті, сауатты бастады. Нигерияны, Исландияны жерге қаратты, тіпті, Аргентина құрамасын 3:0 есебімен ұтып, максималды 9 балды жинап, топтан оп-оңай шықты. Златко Далич бастаған сайыпқырандар «өрнекті ойынымен, жанкешті жігерімен финалға жетіп қалады» деген мамандар жорамалы дәл келді. Бірақ 1/8 финалда Дания құрамасының осал тұсын табу Манджукичтің серіктеріне оңайға соқпады. Негізгі 90 минут пен экстра таймда тіркелген 1:1 есебі өзгермеді. Пенальти сериясында даниялықтарды сан соқтырған Модричтің командаластары ¼ финалда Ресей құрамасымен де біраз текетіресті. Мұнда да пенальтиден басым түскен хорватиялықтар жартылай финалда ағылшындарды қапы қалдырды. Осылайша алты бірдей қарсыласын жер қаптырған шақпақ жейделілер өз тарихында алғаш рет финалда ойнауға жолдама алды. 4 миллионнан сәл-ақ асып жығылар халқы бар, жер көлемі бойынша (56 594 км2) 126 орында тұрған Хорватия футболшылары әлем алпауыттарын артқа тастап, Францияға қарсы «жорыққа» дайындалды. Бұл чемпионатта Златко Далич бастаған Хорватия құрамасымен қатар, ел президенті Грабар-Китарович те «жұлдызға» айналды. Эконом класта ұшып келіп, алаңдағы жанкүйерлер арасынан орын алған Китарович бұқаралық ақпарарт құралдарына берген сұхбатында: «Мен ВИП орында отырсам, өз елімнің құрамасына шынайы жанкүйер бола алмас едім»,–деп нағыз футбол жанкүйерінің ықыласын танытқан еді. Және құраманың барлық ойынын алаңнан тамашалаған ол үстінен шақпақ жейдесін тастамады. Құраманың әр жеңісіне жанкүйерлік сезіммен шексіз қуанып жатты. Бір біз ғана емес, әлемдік БАҚ өкілдері де Китаровичтың бұл патриоттығына тәнті болуда. Ел президентінің тілеулестігі мен құраманың жігерлі ойынынан кейін жанкүйерлердің басым бөлігі бұл құраманың жеңгенін қалап еді. Ұлттық құрама ең алғашқы ойынын 1940 жылдың 2 сәуірінде Швейцарияға қарсы өткізіп, жеңіспен (4:0) бастаған. Сол жеңіс жалғасын табар деген талай үміттің болғаны рас. Бірақ кейін Хорватия Сербияның отарына айналып, біртұтас Югославияның туы астында өнер көрсеткені тарихи шындық.

АҚЫРЫН ЖҮРІП, АНЫҚ БАСҚАН...

Перу мен Австралияны жеңген Франция құрамасы топтық кезеңде Даниямен тең түсті. Плей-оффта Мессидің командаластарымен болған ойын талас-тартысқа толы болды. Қос құрама да алтын кубоктан үмітті. Екеуі де фаворит. Бірақ аргентиналықтар 4:3 есебімен есе жіберіп, франциялықтарға жол берді. Әуелде ешкімге дес бермей келе жатқан Уругвай мен Франция құрамаларының ¼ финалда жолы түйісті. Бұл жолы француз ойыншыларына уругвайлықтар лайықты қарсылас бола алмады. Жарыс жолын ары қарай жалғаған Франция жартылай финалды Бельгия құрамасына қарсы өткізді. Қызыл сойқандар «үш жолақтылар қашан қателік жібереді» деп күтті. Егер бір қате кетсе, француздар Бельгия құрамасының қарқынына төтеп бере алмай қалуы мүмкін еді. Өйткені Франция құрамасына чемпиондық атақ алып берген Тьерри Анри қазір Бельгия құрамасының бапкеріне көмекші қызметін атқарады. Және осы Анри есімі Франция футбол тарихында алтын әріппен жазылған. Франция алғаш чемпион болған 1998 жылы 3 гол соғып, бомбардир атанған да осы Анри болатын. Бірақ ойын қызыл сойқандар күткендей болмады. Қақпаларына 1 гол жіберіп алып, есеңгіреп қалған бельгиялықтар мушкетерлер елінің марқасқаларына жөнді қарсылық таныта алмады.

ЖИЫРМА ЖЫЛҒА СОЗЫЛҒАН ТЕКЕТІРЕС

1998 жылғы әлем чемпионатында басталған бұл текетірес үнемі шақпақ жейделілердің жеңілісімен аяқталып жүр. 1998 жылы жартылай финалда 2:1, 1999 жылы өткен жолдастық матчта 3:0, 2000 жылғы жолдастық кездесуде 0:2 есебімен ұтылса, 2004 жылы өткен Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде 2:2 (тең есеппен Хорватия топтан шыға алмаған) есебі тіркелді, ал 2011 жылы 0:0 есебімен француздар бұл құраманың жолын кесті. Осы дәстүр XXI әлем чемпионатында да өз жалғасын таба ма, әлде тарихтың жаңа парақтары ашыла ма деген екіұдай ой мамандарды кездесу белгіленген сәттен бастап мазалады. Франция мен Хорватия құрамалары арасындағы финалдық бәсеке «ә» дегеннен қызу ойынға ұласты. Бас төреші Нестор Питананың ысқырығы шалынысымен, Дидье Дешам мен Златко Далич шәкірттері теңбіл топты екі қақпа арасында әрлі-бері зыр қақтырып, қақпашылардың осал тұсын табуға асықты. Француздар шын мәнінде аргентиналық бұл төрешіден аяқ тарта ойнады. Өйткені ұлттық құрама 2006 жылы да әлем чемпионатының финалына жеткен. Сол финалдық кездесуде құрама үміт артқан Зиданға аргентиналық төреші Орасио Элисондо дөрекі әрекеті үшін қызыл қағаз көрсетіп, алаңнан шеттеткен еді. Француздар сол ойында Италия құрамасына есе жіберіп, жеңіліс тапса, Зидан футболшы ретіндегі мансабын аяқтаған. Бұл мундиальда аргентиналық төреші мен Франция құрамасы арасындағы осы бір келеңсіздік қайталанады деген қауесет тараған да болатын. Ойын әдемі басталды. Хорватия қақпасына қарай стандартты жағдай белгіленді. Бір айта кетерлігі, осы әлем чемпионатында финалға дейін Хорватия қақпасына соғылған 5 доптың 4-еуі стандарттық жағдайдан орын алған екен. Өкініштісі, шақпақ жейделілер бұл олқылықтың орнын оңалта алмапты. Осылайша кездесудің 18-минутында Марио Манджукич өз қақпасына автогол соғып алды. Бұл әлем чемпионаты тарихының финалдық бәсекесіндегі алғашқы автогол болып жұртшылық жадында қалмақ. Ал Манджукич ойын соңына дейін осы қателігін түсіне алмай, басын қайта-қайта шайқап, екіұдай күйде жүрді. Хорватиялықтар жанкештілік танытып, 28-минутта жауап голын соғып, есеп теңесті. Бұл допты Иван Перешич орасан зор күшпен бағыттаған еді. Есеп теңескеннен кейін ойын қыза түсті. Араға он минут салып Франция шабуылшысы Антуан Гризман есепті еселеді. Бұл жолы VAR (ойындағы даулы сәтті бейне қайталау) жүйесі арқылы тағайындалған 11 метрлік айып добы француздардың мерейін үстем етті. Бірінші таймда осылайша 3 бірдей гол соғылды. Финалдық кездесуде 3 гол ең соңғы рет 1998 жылы Франциядағы әлем чемпионатында соғылған екен. Байқап қарасақ, осы күні 8 саны біраз дүниені аңғартты, бұған 18, 28, 38 минуттарда бірінен кейін бірі соғылған голдар дәлел. Кездесудің екінші таймы финалға тән қарқынмен басталған жоқ. Ең бастысы, орыс полицейлерін мазақ еткен кейбір жанкүйерлер алаңға жүгіріп шығып, әдемі ойынның аздап сәнін кетірді. Осындай елең-алаң сәтті пайдаланған Поль Погба есепті 3:1-ге жеткізді. Франция құрамасы 3 голды қанағат тұтты ма, осыдан соң-ақ 11 футболшы да қорғаныста ойнады. Хорватия құрамасы түгелдей шабуылға шығып кеткенін байқаған қырағы көз Мбаппе 65-минутта ойқастап барып, Субачишті сан соқтырып кетті. Есеп 4:1. Әлем чемпионатының финалдық кездесуінде мұндай ірі есеп 1970 жылы Бразилия мен Италия құрамаларының арасында тіркелген. «Джинга» деп аталатын ойын үлгісімен ерекшеленетін бразилиялықтар 4:1 есебімен сол жылы қарсыластарынан басым түсіп, чемпион атанған еді. Франция қақпасына енді 3 гол салу тіпті де мүмкін емес-ті. Хорватиялықтар соңына дейін шабуыл өтінде болды. Тіпті, ойындағы допқа иелік ету (66/34), қақпаға тура соққы бағыттау (14/7), доп алмасу (529/285), тура пас беру (83/68), бұрыштамалар саны (6/2) жағынан пайыздық көрсеткіш шақпақ жейделілердің белсенді болғанын көрсетеді. Осы белсенділіктің арқасында, француздық қақпашы «кез келгеніңді алдап өтем» деп, аяғында тұрған доптан айырылып, қақпасына гол жіберіп алды. Бұл допты соққан жанкешті Марио Манджукич болатын. Экстра тайм да, пенальти де белгіленбей-ақ, негізгі және қосымша 5 минуттың есебінде алтынды Франция тақымдады, Хорватия жақын барды. Қос құрама сапында ойнаған екі ойыншыға ерекше тоқталған жөн. Екеуі де 10 нөмірлі жейдемен құрама намысын қорғайды. Оның алғашқысы Хорватия құрамасының капитаны – Лука Модрич. Екіншісі француздық жас пері – Килиан Мбаппе. Модричтің жеңіске деген жігері көпті тәнті етті. Доп қайда жүрсе, Лука да сол жерден табылды. Сондықтан да болар ұйымдастырушылар чемпионаттың «алтын добын» осы сайыпқыранға табыстады. Ал Мбаппе алтын допты алмадым деп өкінбейді. Небәрі 19 жастағы ойыншы болашағынан үлкен үміт күттіреді. Қазірдің өзінде, футболдың аңыз адамы Пеледен кейінгі әлем чемпионатының финалында гол салған екінші жас ойыншы ретінде марапатталды.

ОЙНАСА ДА, БАПТАСА ДА – ЧЕМПИОН!

Әлем чемпионаты тарихында өзі ойнап та, кейін бапкер ретінде тағы да чемпион болған небәрі екі маман бар. Біріншісі – бразилиялық Марио Загалло. Екіншісі – Франц Беккенбауэр. Ерекше чемпиондар сапы осы мундиальда тағы бір азаматпен толықты. Ол 1998 жылғы әлем чемпионы – Дидье Дешам! Дидье Дешам есімі футбол жанкүйерлеріне 1990 жылдан бері таныс. Дешамның футболдағы мансабы ұзақ жылғы еңбекпен келді. Италияда өткен 1990 жылғы және АҚШ-тағы 1994 жылғы әлем чемпионаттарында Франция құрамасымен бірге Дидьенің де тауы шағылды. 1998 жылы Ұлттық құраманың капитаны болған ол Франция құрамасымен бірге алғаш рет әлем чемпионы атанған еді. Бұл жолы Дешам Ресейде өтіп жатқан XXI әлем чемпионатына бапкер ретінде келді. Ол бастап келген Франция ұлттық құрамасы финалда жеңіске жетті. Франция тағы бір рет чемпион, бапкер Дидье Дешам «ерекше чемпион» болды. P.S:15 шілде күні Ресей Федерациясы XXII әлем чемпионаты өтетін Катарға эстафетаны табыстады. Катардағы футбол тойы 21 қараша мен 18 желтоқсан арасында өтеді. Бұл мундиаль қыс мезгіліне тура келгенімен қызық болғалы тұр. Бізде қыс, онда жаз. Оған дейін талай өзгеріс болады. Шіркін-ай, біздің ұлттық құрама да осы чемпионатқа жолдама алып, бір жүлдемен оралса ғажап болар еді-ау! «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дейтін үміт қой бізге бұйырғаны...