771
Трамп пен Путин қарым-қатынасты жақсартуға "алғашқы қадам" жасалды деді
Трамп пен Путин қарым-қатынасты жақсартуға "алғашқы қадам" жасалды деді
Финляндияда 16 шілдеде АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин кездесті. Саммит екі елдің лидерінің бетпе-бет жеке кездесуімен басталды. 90 минутке жоспарланған келіссөз екі сағаттан астам уақытқа жалғасты.
Трамп пен Путин "нашарлап кеткен екіжақты қарым-қатынасты" қалпына келтіруге "алғашқы қадам" жасалды деп мәлімдеді.
Трамп Путин алдында америкалық сайлауға Ресейдің араласуы мәселесін көтергенін әрі бұл тақырыпты ұзақ талқылағанын айтты. Путин "Ресей мемлекеті АҚШ сайлауына ешқашан араласқан емес әрі араласуды ойламайды" деп мәлімдеген.
Трамп өз кезегінде "АҚШ сайлауына араласу жөнінде Ресеймен ешқашан келісім болған емес" деді.
АҚШ президентінің сөзінше, Ресей президентімен Иран, Сирия мәселелерін талқылаған. Трамп Сирияда "Ислам мемлекеті" тобымен күрес 99 пайызға жеңіске жеткенін, онда Ресейдің қосқан үлесі зор екенін атап өткен.
"Бүгінгі кездесу - диалогтың тек басы ғана. Төрт сағат өте конструктивті өтті. Біз болашақта жиі кездесеміз әрі проблемаларымызды бірге шешеміз дегенге сенімдімін", - деді Трамп.
Кездесу соңында Путин Трампқа 2018 жылғы әлем чемпионатының фирмалық футбол добын сыйға тартып, оған 2026 жылы АҚШ, Канада және Мексикада өтетін әлем чемпионатына сәттілік тіледі. "Доп сіздің жақта", - деді Путин.