361
Астана автобустары жаңа тарифке көшеді
Астана автобустары жаңа тарифке көшеді
2018 жылдың 21 шілдесінен бастап елордадағы қоғамдық көліктерге сараланған тариф қолданылады, деп хабарлады Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы.
Қысқаша: Астана қаласындағы қоғамдық көліктер электронды төлем жүйесіне ауыспақ. Егер қала қонақтарында электронды төлеуге арналған арнайы карталар болмаса қолма-қол 180 теңге төлейді. Төлем картасы бар жолаушылар үшін жол ақысы 90 теңге болмақ.
Толығырақ: «Автомобиль көлігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қалалық қатынаста астананың қоғамдық көлігінде жол жүрудің белгіленген тарифі электрондық жүйе арқылы төлеу кезінде саралануға жатады. Баяндалғандар ескеріліп, астананың қалалық және қала маңы қатынастарында жолаушылар мен багажды автомобильмен тасымалдау тарифтері мынадай мөлшерде белгіленеді: жолаушылар мен багажды кәдімгі қалалық автомобильмен тасымалдау – қолма қол ақшасыз электрондық жол жүру құжаты арқылы төлеу кезінде 90,0 теңге; жолаушылар мен багажды кәдімгі қалалық автомобильмен тасымалдау – қолма қол ақшамен төлеу кезінде 180,0 теңге; жолаушылар мен багажды экспресс қалалық автомобильмен тасымалдау – қолма қол ақшасыз электрондық жол жүру құжаты арқылы төлеу кезінде 180,0 теңге; жолаушылар мен багажды экспресс қалалық автомобильмен тасымалдау – қолма қол ақшамен төлеу кезінде 250,0 теңге; Астана қаласының қала маңы қатынастарында – қолма қол ақшасыз электрондық жол жүру құжаты арқылы төлеу кезінде 1 километр үшін 8,0 теңге; Астана қаласының қала маңы қатынастарында – қолма қол ақшамен төлеу кезінде 1 километр үшін 11,5 теңге. Бұл ретте жол ақысын электрондық төлеу жүйесі істемей тұрған жағдайда, жол ақысын электрондық жол жүру құжаты арқылы төлейтін жолаушы тегін жол жүруге құқылы. «Автомобиль көлігі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес 7 жастан 15 жасқа дейiнгi балалар үшін қалалық және қала маңы қатынастарында астананың қоғамдық көлігінде жол жүру тарифі жол жүру құжатының (билетiнiң) толық құнының елу пайызын төлеуді көздейді. «Астана қаласы азаматтарының жекелеген санаттарына қалалық бағдарлардың жолаушылар көлігінде жол жүруге төлем төлеуден босату түрінде әлеуметтік көмек көрсету тәртібі туралы» Астана қаласы мәслихатының 2017 жылғы 20 шілдедегі № 167/21-VI шешімімен айқындалған азаматтардың жеңілдік санаттарындағы жолаушыларды тасымалдау ережелері өзгеріссіз қалады.