203
«ТОБЫЛДЫҢ» ТАБЫСЫ
«ТОБЫЛДЫҢ» ТАБЫСЫ
Қостанайдың «Тобыл» футбол клубы Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы ойынын Грузияның «Самтредиа» футболшыларымен ойнады. Тбилисидің 24 700 жанкүйерлік «Михаил Месхи» стадионында өткен кездесуде қазақ ойыншылары алаң иелерін 1:0 есебімен соңғы минуттарда сан соқтырды. Негізгі уақытқа қосылған 5 минутта Максим Фединнің соққан добы отандастарымызға жеңіс сыйлады. Бұл ойынға Солтүстік ирландиялық Тимом Маршал төрешілік еткенін айта кетейік. Қос команда арасындағы ендігі қарымта кездесу 19 шілде күні Қостанайда өтеді. Естеріңізде болса, биылғы Еуропа лигасына Шымкенттің «Ордабасы» клубы қатысуы керек еді. Алайда бұл клуб қатысу сертификатын иелене алмай қалған болатын.
Антонио Рукавина «Астанаға» келді
«Астана» Сербия Ұлттық құрамасының қорғаушысы Антонио Рукавинамен келісімшарт жасады. Антонио қазақстандық жанкүйерлерге Еуропа Лигасы аясындағы «Астана» және «Вильярреал» арасындағы кездесулерден жақсы таныс. Сербиялық қорғаушы испаниялық команда сапында 5 маусым өткізген. Рукавина осы жылдарда «Вильярреал» құрамында 99 ойында алаңға шыққан. Ол ұлттық құрама деңгейінде Сербия жастар құрамасымен 2006 жылы Әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізген. Ал Сербия Ұлттық құрамасы сапында 49 ойын өткізген. Антонио «Астанаға» 2018 жылғы әлем чемпионатындағы кездесулерінен кейін бірден қосылды. Ресейдегі мундиальдағы үш кездесудің екеуінде – Коста-Рика және Бразилияға қарсы ойындарда алаңға шыққан еді.