Баршаны алаңдатқан баж салығы

Баршаны алаңдатқан баж салығы

Баршаны алаңдатқан баж салығы
ашық дереккөзі
359
Әлем назары әлі де болса Қытай мен АҚШ арасындағы жағдайға ауып отыр. Өткен аптада АҚШ Қытай тауарларына салынатын баж салығы туралы жарлықты күшіне енгізді. Ақ үй баж салығын енгізген заттар тізімінде 800-ден астам тауар бар. АҚШ-та жарлықтың күшіне енуі екі держава арасындағы сауда соғысының бастау алғанын аңғартты. Ақ үй басшысы Дональд Трамп құны 34 миллиард доллар тұратын тауарға белгіленген баж салығының көлемі соның 25 пайызына тең екендігін айтты. Трамп тізімге енгізген тауарлар қатарында смартфон, теледидар және компьютерге қажетті электроника құралдары бар. АҚШ президентінің сөзінше, Қытай америкалық технология мен интеллектуалдық меншікті жымқыруда. Қытай билігі АҚШ-тың бұл қадамын жауапсыз қалдырған жоқ. Америкадан жеткізілетін ауыл шаруашылығы өнімдеріне санкция енгізетіндігін мәлімдеді. Бұл тізімге АҚШ-тан тасымалданатын көліктер де енетін сыңайлы. Ал бұл жағдай Германияға да кері әсер етуі мүмкін дейді халықаралық сарапшылар. Себебі Қытайға экспортталатын неміс машиналары АҚШ-та құрастырылады екен. Дональд Трамптың алған бетінен қайтпайтын түрі бар. АҚШ президенті егер Қытай қарсы әрекетке көшсе, баж салығы салынатын тауар құны 50 млрд долларға жететінін қадап айтты. Айта кетейік, үстіміздегі жылдың мамыр айында ғана АҚШ пен Қытай ортақ келісімге келу арқылы сауда соғысын бастамауға уәде берген болатын. Сөйтіп, Вашингтон мен Пекин «екіжақты әділ әрі тең құқылы, бәсеке аймағын құру» туралы келіссөзге қол қойды. Қазақстан үшін де бұл келісімнің пайдасы көп болады деп күткенбіз. Қытай мен Қазақстанның тауар айналымы 2017 жылы  10,47 млрд  долларды құрады. Қазіргі уақытта АҚШ-қа дүниежүзі елдерінің бәрі дерлік тәуелді. Алпауыт елдің  экономикасындағы өзгерістер бүкіл­әлемдік  нарыққа әсер ететіні сондықтан. Сол себепті АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы шиеленіспей, оң шешім тапқаны әлемдік экономикаға жағымды  әсер етеді дегендердің қуанышы ұзаққа бармады. Екі ел қайтадан сауда соғысына түрткі болатын қадамдарға бара бастады. Сарапшылардың пікірінше, әлемдік сауда соғысы басталса, халықаралық сауда-саттық көлемі 70 пайызға дейін қысқаруы мүмкін.  

Серіктес жаңалықтары