Жаңа маусым – «Мүмкіндіктер уақыты»

Жаңа маусым – «Мүмкіндіктер уақыты»

Жаңа маусым – «Мүмкіндіктер уақыты»
ашық дереккөзі
283
Қазақстан азаматтарын жұмыспен қамту – мемлекет үшін маңызды міндет. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев үнемі назар аударады. Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында да ерекше тоқталып өтті. Қазақстан Президенті биылғы Жолдауында: «Қазақстандықтардың жаңа жұмыс орнын салыстырмалы түрде тезірек иеленуге, соның ішінде еліміздің басқа да елді мекендерінен жұмыс табуға мүмкіндігі болуға тиіс. Бірыңғай электрондық еңбек биржасын кең ауқымда енгізу қажет. Онда бос жұмыс орындары мен жұмыс іздеушілер туралы барлық ақпарат жинақталуға тиіс. Азаматтар үйлерінен шықпай-ақ кәсіби бағдарлы тест тапсырып, оқу курстары мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы біліп, өзін қызықтыратын жұмыс таба алатын болады», – деген еді. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасын орындау мақсатында елімізде нәтижелі жұмыспен қамту жұмыстары тоқтаусыз жүргізілуде. Алматы қаласының әкімдігі де алып шаһар тұрғындарына екі қолға бір күрек табуға барынша жәрдемдесіп келеді. Астана қаласының 20 жылдығына орайластырып ұйымдастырылған «Мүмкіндіктер уақыты» бос орындар жәрмеңкесі – соның бір дәлелі. Алматы қаласының әкімдігі, Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, Алматы қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығы бірлесіп ұйымдастырған бос орындар жәрмеңкесінің мақсаты – мүдделі жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілерді жұмысқа орналастыру, халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша азаматтарға кеңестер беру, жұмысқа орналастыру, қызметкерлер таңдау, кәсіптік бағдарлау мен оқыту және жұмыссыз азаматтарды қолдау мәселелеріне назар аударту. Жәрмеңкеге қатысушылар Халықты жұмыспен қамту орталығының жұмысымен, оның ерекшелігімен, сондай-ақ, «enbek.kz» бос жұмыс орындары қорымен және «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасымен танысты. «Мүмкіндіктер уақыты» деп айдар тағылған бос орындар жәрмеңкесіне 250 жұмыс беруші қатысып, 2000-нан астам бос жұмыс орнын ұсынды. Жәрмеңкеге жұмыс іздеуші 5000 азамат қатысты. Жәрмеңке қорытындысы бойынша 2500-ден астам адам кеңес алып, 300 адам жұмысқа орналастыру бойынша белсенді шараларға қатысуға, 200 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберілді. Іс-шара шеңберінде «жастар тәжірибесі», «әлеуметтік жұмыс орындары», «қоғамдық жұмыстар», «кәсіптік бағдарлау», «атаулы әлеуметтік көмек» бағыттары бойынша жұмысқа орналасу туралы ақпараттар мен жұмыссыз азаматтарға буклеттер таратылды. Жалпы, Алматы қаласында 2017 жылы жұмыспен қамту шараларымен 34 708 адам қамтылды, сонымен қатар, тұрақты жұмыс орнына 14 975 адам, уақытша жұмыс орнына – 5 286 адам орналасты. Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында жұмыспен қамтудың сапалылығына және әлеуметтік қамсыздандыру жүйелеріне жеке тоқталған еді. Алматы қаласы Жолдаудағы тапсырманы орындау мақсатында жұмысты жалғастыра бермек. Осыған байланысты 2018 жылға арналған Алматы қаласының халықты жұмыспен қамту Кешенді жоспары өңделіп, бекітілді, соған сәйкес 32 мың адамды жұмыспен қамту, оның ішінде, мемлекеттік қолдау шарасымен 7760 адамды қамту жоспарланған. Биыл жазда жұмыс істеуге ниет білдірген оқушылар да жылдағыдан әлдеқайда көп. Жаз мезгілінде жұмыс істегісі келетіндер көбінесе Алматыдағы Жұмыспен қамту орталығына келіп тіркеледі. Мұнда мектеп оқушылары мен студенттер, тіпті зейнет жасына дейінгі адамдар мен мүмкіндігі шектеулі жандар да қоғамдық жұмысқа тұра алады. Орталық осы жылдың 6 айының өзінде 2000-нан аса адамды жұмысқа орналастырған. Қазіргі таңда Алматы қаласы бойынша Жұмыспен қамту орталығы қоғамдық жұмыс бағдарламасы бойынша 191 мекемемен келісімшартқа тұрған. Бүгінге дейін 2102 адамға жолдама берілді. Оның ішінде оқушылар мен студенттерден 47 адам жолдама алды. Қоғамдық жұмыстың еңбек жалақысын Жұмыспен қамту орталығы төлейді. Тағы бір айта кетерлігі, оқушылардың жасы 14 жастан асқан болуы керек және олардың өзгелер секілді 6 немесе 8 сағат жұмыс істеуіне болмайды. Ал іс-тәжірибесі бойынша 29 жасқа дейінгі жастар жұмысқа тұра алады. Олар орта мамандандырылған білімді немесе ЖОО түлектері болуы мүмкін. Бағдарламаның ерекшелігі сол, ешқандай іс-тәжірибені қажет етпейді.  Жұмысқа орналасқан жастар өздерін жақсы қырынан көрсетіп жатса, сол мекемеде тұрақты жұмысқа қалуға мүмкіндіктері бар. Ал қаламаған жағдайда Жұмыспен қамту орталығына қайтып келіп, басқа жұмыс іздеуіне де болады. Ал жастардың іс-тәжірибесі бағдарламасы бойынша биыл 600 адам жұмысқа тұрған. Әсіресе, жаз басталғалы жұмыс іздеп келіп жатқандардың қатары көп. Қазіргі таңда  жұмыспен қамту орталығына күніне 50-60 адам бас сұғады. Студенттердің кейбірі өз оқу орнында Студенттік құрылыс жасағында жұмыс істейді. Екі мезгіл берілетін тамақ пен тегін жатақхана студенттер үшін үлкен жеңілдік. 6 сағаттық жұмысты ойнап жүріп тындырамыз дейді жастар. Жігіттер ағаш егу, шөп ору сынды көгалдандыру жұмыстарымен айналысса, қыздар ауланы сыпыру мен жатақхана ішіндегі тазалыққа жауапты. Жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеп келетіндер қатарында радиоэлектроника, көлік жөндеу және теміржол қызметкерлері көп кездеседі екен.  Дегенмен оларға жұмыс табу көбіне қиынға соғады дейді мамандар. Ал оқушылар мен студенттер көбіне ерікті ретінде жұмыс істеуге сұранады. Орта жастағы адамдар болса әлеуметтік жұмысқа тұрғанды жөн көреді екен. Жұмыс берушілердің де өз талабы бар.  Кейде жұмыс беруші жұмыс істеуге келген маманды ұнатпай қалса, Жұмыспен қамту орталығы берген жолдамаға себебін жазып беруі керек. Ары қарай Жұмыспен қамту орталығы бұл мәселені шешуге тырысады. Ал егер жұмыс істеуге барған адамға жұмыс орны ұнамаса, оны басқа жұмыс орнына жібереді.

Серіктес жаңалықтары