Шылым шегіп, темекі тартқандар

Шылым шегіп, темекі тартқандар

Шылым шегіп, темекі тартқандар
ашық дереккөзі

Елімізде темекінің бағасы 9,8 пайызға өсіп, мамыр айында орташа бағасы 373 теңгеге жетті. Мамандардың айтуынша, шылым бағасы әлі тұрақтамайды. Келер жылдың қаңтар айында әр қорабына тағы да 20 теңге қосылмақ. ҚР Үкіметінің №587 қаулысына сәйкес, фильтрлі, фильтрсіз сигареттер мен папиростарға шекті бағаны орнатып қана қоймай, оны біртіндеп көтеру жоспарланған. Аталған құжат бойынша 2018 жылы 1 шілдеден бастап 31 желтоқсанға дейін бір қорап темекінің ең төменгі бағасы 360 теңге болуы шарт. Қазақстан бойынша орта баға 373 теңге болғанымен, Павлодарда 352 теңгені құрап отыр. Бірақ 2017 жылмен салыстырғанда 32 теңгеге қымбаттаған. Ал Жезқазған қаласы әзірге шылым бағасы ең қымбат қала. Қазірде Жезқазғандағы ең арзан темекі бағасы 393 теңге. 2017 жылдан бері 30 теңгеге қымбаттап отыр. Елімізде бұған дейін 20 дана фильтрлі-фильтрсіз сигареттер мен папиростардың шекті бағасы 340 теңге болған. 2019 жылы 1 қаңтардан бастап аталған меже 380 теңгеге дейін көтеріледі. Айта кетейік, Қазақ­стан­да темекі шегетін азаматтар аз емес. Өткен жылы 1000 дана темекінің акциздері 6,2 мың теңгеге (бір қораптан 125 теңгенің салығы) дейін көтерілген болатын. Биыл тағы 7,5 мың теңгеге дейін өсті. Келесі жылы аталған салық 8,7 мың теңгеге жетуі тиіс. Алдағы уақытта темекі акциздерінің құнын көрші Ресейдің деңгейіне дейін көтеру көзделіп отыр. Көрші елде де 1 шілдеден бастап темекі акциздері 1562 рублден 1718 рубльге артып отыр. Ресей Федерациясында темекінің орташа бағасы әр қорабына 93 рубльге теңесті. Ел билігі бұл бағаны 100 рубльге жеткізуді көздейді. Демек темекі бағасы жыл сайын қымбаттай бермек. Салық мөлшері артқан сайын, сәйкесінше баға да көтеріледі. Бұдан бөлек, ел билігі дүкен сөрелерінен темекі өнімдерін мүлдем алып тастауы мүмкін. Бұл өз кезегінде темекіге деген қолжетімділікті азайтады. Сондай-ақ, үнемшілдікке үйретуі мүмкін. Қазақстанда осы жылдың төрт айында 4 млрд темекі өнімдері шығарылды. Өткен жылмен салыстырғанда 5,5 пайызға кем. Дегенмен осы көрсеткіштің өзі Қазақстандағы темекі өнімдеріне деген сұраныстың едәуір көп екендігін көрсетеді. Қазақстан бойынша ең қымбат темекі Жезқазғанда 393 теңгеге сатылып жатыр дедік. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 8,3 пайызға қымбат. Тараз қаласында темекі бағасы жыл басынан бері 16,6 пайызға өсіп, 326 теңгеден 380 теңгеге жеткен. Ал Ақтауда бұл баға 390 теңгені, Көкшетауда 385 теңгені құрайды. Орал қаласында темекі бағасына 4,3 пайыз ғана қосылып, 350 теңгеден 365 теңгеге қымбаттаған. Күніне бір қорап шылым шегетін жандар, орта есеппен ай сайын 11 190 теңге, жылына 134 280 теңгесін осы зиянкеске жұмсайды екен. Сіз қанша уақыттан бері шылым шегесіз, енді қанша уақыт шегу ойыңызда бар, өзіңіз есептеп көріңіз...

ТЕМЕКІГЕ ТӘУЕЛДІЛІК  ДАУАСЫЗ ДЕРТ ПЕ?

Жыл сайын, темекі кесірінен пайда болатын түрлі аурулардан жер шарында 5 миллион адам көз жұмады. Ең қасіреттісі оның 600 мыңы балалар мен жасөспірімдер. Денсаулық сақтау мамандары темекі жаппай жою қаруына айналып келеді деп дабыл қағуда. Соңғы он жылдықта темекі тұтынушылардың қатары қыз-келіншектермен едәуір толықты. Сәйкесінше, Қазақстандағы қыз- келіншектердің 9,8 пайызы осы санаттан орын алса, 12 жастан асқан балалардың 7,5 пайызы темекіге әуестік дертіне ұшыраған. 18-25 жас аралығындағы қыз-келіншектер арасында темекі өнімдерін тұрақты пайдаланатын «болашақ аналар» көп кездеседі. Ең сорақысы, жас аналардың арасында да бұл өнімді тұтынушылардың қарасы қалың. Ессіз қызығушылық пен есер мақтанның желігімен туған бұл таныстық тәуелділікке апарады. Мұны зерттеуші ғалымдар дәлелдеп те жүр. «Темекі шегу-адамның орынсыз тілегінен туған бақытсыздық» деген екен орыстың белгілі фармакологы И.М. Догель. Өйткені адам баласы темекіге тәуелді боп тумайды. Адамның шеккен алғашқы шылымы басын айналдырып, жөтелдіріп, жүрегін айнытып, басын ауыртып, көптеген жағымсыз әсерлер беретіні белгілі. Байқаған жанға адам табиғатының өзі оны сақтандырып тұрған тәрізді. Әйтсе де, жас адамның ересек көріну, қатарынан қалмау, кәнігі шылымқор болып көрінгісі келуі сияқты орынсыз тілектері оны шылымды үсті-үстіне шегуге итермелейді. Адам ағзасының табиғи жиренішті реакциясын жеңіп, темекі түтініне үйренеді. Нәтижесінде темекінің улы әсері бірте-бірте әлсіреп, оның орнын қысқа мерзімді эйфория (жағымды әсер) басады дейді мамандар. Темекі түтінінің құрамында өте улы никотин, көміртегі тотығы, аммиак, күкіртсутегі, формальдегид, фенол, түрлі қышқылдар, қорғасын, мышьяк, сынап, кадмий, кобальт, радиоактивті элементтер, құрамында канцерогенді бензопирен жинақталған темекі шайыры сияқты элементтер бар. Аталған заттардың кез келгені адам ағзасына зиянын тигізбей қоймайды. Никотин – есірткі болғандықтан алдымен орталық жүйке жүйесіне әсер етеді. Темекіні шегудің алғашқы кезеңінде, бір-екі минуттан кейін ол миға жетіп, жағымды әсер етіп, уақытша белсенділігін оятады. Адам эйфорияға беріліп, күш қосылғанын байқайды. Бірақ бұл қысқа мерзімді әсер ғана. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, әлемде 1,1 миллиард шылымқор бар, олардың орташа өмір жасы темекі шекпейтіндермен салыстырғанда 8-10 жылға кем. Қорыта айтқанда, темекіге тәуелділікті жеңу үшін адам өз нәпсісін тыя білу керек іспетті. Бастысы ешқандай да дерт емес. P.S: Темекіден бас тарту мен арақты тыю - адамзатты сауықтырудың басты жолдарының бірі. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына 1973-1988 жылдары директор болған дәрігер Теодор Малердің «Шылымқорлық - алдын алуға болатын, әлемдегі барлық аурулардың басты себепкері болып отыр» деген сөзі бар.