244
Алматыда дәстүрлі балмұздақ фестивалі өтеді
Алматыда дәстүрлі балмұздақ фестивалі өтеді
Алматының Орталық мәдениет және демалыс саябағында жаздың тәтті мерекесі - «БалмұзDay». Шығыс ертегісі» фестивалі өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биыл фестиваль екі күн тойланады. Алматыдағы Орталық мәдениет және демалыс саябағының сахнасында қонақтарды ғаламат шоу күтеді.
«14-15 шілдеде Алматыдағы Орталық мәдениет және демалыс саябағы Шығыстың ертегідей атмосферасына енеді. Демалыс алаңы тәттіге толы шығыс базарына айналып, ойын-сауықтың ортасы болады. 2 күн ішінде алматылықтар мен қала тұрғындары балмұздақтың түр-түрінен: ыстық балмұздақ, био-балмұздақ, азот-балмұздағы, қымыздан жасалған балмұздақтан және түрлі тәттілерден дәм тата алады»,-дейді ұйымдастырушылар.
Фестивальдің алғашқы күні қонақтар музыка мен театрландырылған қойылымдарға куә болады. Шараның әр қатысушысы бағалы сыйлықтар ұтысы мен флешмобқа қатыса алады.
«Екінші күні музыкалық конкурс - «БалмұзDay Дауысы-2018» караокесі ұйымдастырылады. Байқауға 3-тен 16 жасқа дейінгі балалар қатыса алады. Жеңімпаздар Грузиядағы таланттар байқауына жолдама алады. Қатысушылардың вокалдық мүмкіндігін жұлдызды қазылар алқасы бағалайды», - дейді ұйымдастырушылар.
Айта кету керек, дәстүр бойынша фестивальге балалар үйінің тәрбиеленушілері шақырылады. Олар құнды сыйлықтарға ие болып, аттракциондарда тегін ойнай алады.