11 Шілде, 10:47 210 0 Спорт Назым Тойлыбаева

Криштиану Роналду Италияның «Ювентус» командасына ауысты

Футболдан Португалия құрамасының және испандық «Реал» клубының шабуылшысы Криштиану Роналду Италияның «Ювентус» командасына ауысты. Бұл туралы ТАСС агенттігі «Реалдың» баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

Бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдары 33 жастағы португалдыққа «Ювентуста» жылына 30 млн еуро жалақы төленетінін жазған еді.

«Криштиану Роналдудың өтінішіне жауап ретінде клуб оны «Ювентусқа» сатуды ұйғарды. «Реал» клуб тарихында жарқын құбылыстардың бірі болған Криштиану Роналдуға алғысын білдіреді және есігіміз ол үшін әрдайым ашық екенін жеткізеді», - делінген испандық клубтың хабарламасында.

Роналду кәсіби мансабын 2002 жылы португалдық «Спортингте» бастады. Бір жылдан кейін оны 14 млн еуроға ағылшынның «Манчестер Юнайтед» клубы сатып алды. Ағылшын клубында ол алты жыл ойнап, үш рет ел чемпионатында жеңіске жетуге көмектесті. Сондай-ақ Англияның Кубогы мен Суперкубогын иеленуге, Чемпиондар лигасы мен клубтық әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінуге атсалысты.

2009 жылы Роналду «Реалға» ауысты. Команда екі рет Испания чемпионы, осынша рет елдің Кубогы мен Суперкубогын жеңіп алды. Футболшы командаластарымен бірге Чемпиондар лигасында - төрт рет, УЕФА Суперкубогында - екі рет және клубтық әлем чемпионатында үш рет бірінші болды. Форвард «Реал» үшін 468 матч өткізіп, 450 гол соқты. Осылайша, испандық клубтың тарихында ең үздік шабуылшы атанды. Ол жыл қорытындысы бойынша әлемнің үздік ойыншысына берілетін «Алтын допты» бес рет иеленген болатын.

 

Соңғы жаңалықтар