250
Ғалымдар Алматының атмосфералық моделін жасамақ
Ғалымдар Алматының атмосфералық моделін жасамақ
Ғалымдар Алматының ластанған ауасын зерттеу үшін шағын атмосфералық модель жасамақ. Бұл туралы PhD докторы, «Ғарыштық зерттеулер мен технологиялар» АҚ жанындағы «Ионосфера институты» АҚ атмфосфера физикасы секторының меңгерушісі Алексей Андреев Тян-Шань астрономиялық экспедициясында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біздің институт бірқатар ғылыми жоба ұсынбақ. Атап айтқанда, қаланың микроклиматын зерттесек деген ой бар. Алматы тұрғындарын ластанған ауа мәселесі қатты алаңдатады. Осы мақсатта біз атмосфералық модель жасай аламыз. Бұл физикалық, компьютерлік бағдарлама. Ол жерге жақын ауа қабатын модельдейміз», - деді Алексей Андреев.
Оның айтуынша, жаңға технология қала өмірін модельдеуге мүмкіндік береді. Қай станса - қанша зиянды зат шығаратынын, қай аудандарда қанша автокөлік зиянды зат бөлетінін анықтауға болады.
«Бұл жұмыс арқылы болашақта қаланың қай аудандарында қара түтін қалыптасатынын алдын ала анықтауға болады. Соған қарай қала билігі қай ауданда құрылыс салуға болатынын шешеді. Кейбір аудандарда биік ғимарат салу қаладағы ауа ағынына кері әсерін тигізуі мүмкін», - деді ғалым.
Зерттеу жұмысы үшін бағдарламашы, физик, метеоролог мамандардан тұратын жұмыс тобы құрылады.
«Мүмкін ЖЭС-ты бір шақырым қаладан жылжытуымыз керек болар. Сонда қаланы басқан қара түтін сейіледі деп есептейміз. Оны модель жүзінде тексермесек, еш нәтиже шығара алмаймыз. Әлемде барлық қалалар осылай салынады», - деді ол.