7 Шілде, 23:28 1146 0 Өнер Назым Тойлыбаева

Қазақстанда тұңғыш Комедия театры ашылды

Астананың 20 жылдығына орай бірінші Комедия театры өз жұмысын бастады. Ол еліміздегі осындай жалғыз мекеме, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Театр репертуарында барша әлемге танымал комедиялық спектакльдер болады. Көрермендер оларды қазақ тілінде тамашалайды. Комедия театрының көркемдік жетекшісі белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатов. Театр ЭКСПО көрмесі аумағында «Энергия холлында» орналасады және NOMAD CITY HALL деп аталады.

Елордалық Комедия театрының тұсаукесері бүгін жаңа театр ғимаратында баспасөз маслихаты барысында өтті. Оған Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов және астаналық Комедия театрының директоры Тұрсынбек Қабатов қатысты.

«Астанада Комедия театрының ашылуының қаламыздың мәдени дамуына оң ықпалын тигізері сөзсіз. Оның қанатының астына бүкіл Қазақстаннан талантты жастар жиналады. Театр жас әзілкештерге өзін-өзі танытуға және өз өнерін паш етуге мүмкіндік беретін бірегей алаңға айналмақ», - деді елордалық Мәдениет және спорт басқармасының басшысы Болат Мажағұлов.

Театр базасында барша қазақстандықтар ұнататын «Әзіл әлемі», «Назар аудар», «КТА» ойындары бағдарламалары мен әзілкештердің авторлық өнер көрсетулерінен басқа, мектептер, колледждер ЖОО-лар арасында турнирлер өткізіледі.

«Елімізде дарынды жастар көп. Әзіл-қалжың өнері қазаққа жат емес. Бұрын әзіл-сықақ кештерін өткізу үшін залдарды жалдайтынбыз. Ал енді өз ғимаратымыз бар. Мұның біздің шығармашылығымызға оң әсер етіп, жақын арада көрермендерімізді театр артистерінің орындауындағы әлемге танымал қойылымдарымызбен және премьералармен қуантамыз деп ойлаймын», - деді Комедия театрының директоры Тұрсынбек Қабатов.

Соңғы жаңалықтар