5 Шілде, 15:51 151 0 Өнер "Түркістан" газетінің авторлары

ӘСЕМ ӘН МЕН ЫРҒАҚТЫ БИДІҢ МЕКТЕБІ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Ө.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында «Балет Бақыт» вокалды би тобы жұмыс істейді. Студенттердің шығармашылық орталығына айналған би үйірмесіне биыл 15 жыл толды.

Орталықтың көркемдік жетекшісі Галина Асанғазықызы Есмұханбетова – 1993-1998 жылдары Мемлекеттік «Гүлдер» ансамблінде қызмет атқарған танымал өнер қайраткері. Ол 2003-2004 жылдары «Қазақконцертте» балетмейстер болған. Ал 2003 жылдан қазірге дейін Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында үйірме жетекшісі қызметін абыройлы атқарып келеді.

«Балет Бақыт» вокалды би тобы шығармашылығын қалыптастырған 15 жылда Израиль, Иордания, Гонконг, Үндістан, Әзірбайжан, Түркия мемлекеттеріне гастрольдік сапарлармен барып, ұлттық дәстүріміз бен өнерімізді насихаттауға өз үлестерін қосты. Сондай-ақ, елімізге танымал «Хабар», «Қазақстан» ұлттық арналары ұйымдастырған «100 ән», «Екі жұлдыз», «Тойбастар», «Хабар stars», «TURKVISION», «Кеш жарық», «Ұлттық шоу», «Астана жұлдызы» тележобаларында да өнер көрсетіп, университетімізді шығармашылық тұрғыдан республикаға кеңінен танытты.

«Балет Бақыттың» Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы жанынан құрылуына қаржы тартқан, орталықтың танымал шығармашылық мектепке айналуына үлесін қосқан, өнер жанашыры – Бақыт Асанғазықызы екенін біреу білсе, біреу білмес. Бүгінде ол осы шығармашылық ұжымның продюсері, сахналық костюмдерінің безендірушісі, көркемдік жетекшісі ретінде қызмет атқарады. Бұдан бөлек, осы шығармашылық орталықтан талантты әншіге, кәсіби хореографқа айналған өнерпаздың бірі – Малика Есмұханбетова. 10 жасынан бастап өнер мектебінде тәрбиеленген әнші Малика – Халықаралық қатынастар факультетінің бакалавриатын және магистратурасын «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша сәтті аяқтаған, бірнеше шет тілдерін жетік меңгерген түлек. Оның шығармашылық репертуарында тамылжыта салып жүрген бірнеше шет тіліндегі әндері бар.

Жалпы «Балет Бақытты» өнер мектебі ретінде дамытқан ҚР мәдениет қайраткері Галина Асанғазықызы мен бүгінде орталықтың белгілі әншісіне айналған өнерпазы Маликаның өнерге жастайынан келуіне, топшысын қатайтып, өнердің үлкен сахнасына шығуына өзінің зор еңбегін сіңірген жан – бүгінде аяулы ана, қамқор әже Зере апайымыз. Ол өзінің қызы Галинаның өнерге деген талпынысын ұштап, қалай жеткізсе, немересі Маликаны да 4 жасынан бастап өнерге баулыды. Маликаның алғашқы қанат қаққан өнер сайысы Сара Алпысқызының  демеушілігімен  өткізілген «Өзіңе апарар жол» байқауы еді. Аталған байқаудан алған дипломы Маликаның талпынысын арттырып, қанатын қатайтты.

Сонымен қатар, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын  эстрадалық  вокал  мамандығы  бойынша үздік бітіріп, қызыл  диплом  иеленді.

Өнер мектебінің жетістігі ретінде бүлдір­шін­дерге арналған «Балет Бақыт Kids» вокал­ды би тобын атауға болады. Құрылғанына 3 жыл толған шығармашылық топтың бүгінде есімі елге таныла бастады. Қысқа уақыт аралығында өнер қарлығаштары көптеген танымал әншілердің әндеріне қойылған «Үкілі қыз», «Тағзым», «Самға», «Өмір бәйге», «Қамажай», «Хрустальный вальс», «Тарантелло», «Наурыз» т.б. билерді сахнаға шығарып, өнер қоржындарын танымал әндерге қойылған сахналық бимен толықтырды. Бұл өнерлі топтың жас мөлшері 4-14 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер. Олар соңғы екі жыл қатарынан «Балапан жұлдыз» тележобасының байқауына қатысып, лауреат атанды. Сонымен қатар, ҚР Халық әртісі Роза Рымбаеваның «Мәңгілік махаббат мекені» концертіне қатысып, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Елімізде өткен «Универсиада» ойындарының ашылу салтанатында өнер көрсетті.

1 маусым – Халықаралық балалар күніне орай «Балет Бақыт» вокалдық би тобы, жас әнші Малика Есмұханбетова, бүлдіршін өнерпаздар «Балет Бақыт Kids» вокалды би тобы ұйымдастырған қайырымдылық концертін берді. Концертке жиналған көрермен балдырғандардың әсем әуені мен мың бұралған биін тамсана тамашалады. Әсіресе, А.В. Селезнев атындағы хореография училищесінің ұстаздары балалардың кәсіби дайындықтарына жоғары баға беріп, оларды жаңа тұрғыдан шығармашылық өсуге талаптандырды. Ризашылықпен дүркін-дүркін қол соққан көрермендер өнерпаздарға қанат бітіргендей. Кәсіби өнер көрсеткен бүлдіршіндер киелі сахнаны жан-жүрегімен сезініп, сенім артқан ұстаздардың еңбегін ақтай білді.

Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайының киелі сахнасын пайдалануға мүмкіндік берген әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басшылығына және барлық Қайырымды жандарға ерекше алғыс білдіреміз!

 

Айнұр Мадиярова,

 «БАЛЕТ БАҚЫТ KIDS» ата-аналар

 алқасының төрайымы

Соңғы жаңалықтар