6 Шілде, 16:57 727 0 Әдебиет "Түркістан" газетінің авторлары

Ұлт намысын ұлағат еткен

Күн ортақ, Ай ортақ, Жер ортақ дейміз. Кімді де болса түсіне емес, ісіне қарап бағалайтын көпшіл жан, жұрт үшін жаралған, халқының таза рухынан нәр алған, ұлты әспеттеген кемел адам да ортақ. Ондай адам туған Отанына айбын да, мөлдірлігі көзді тұндыратын айдын да бола алады. Сондай ұлттың ұлы, «Несін айтасыз, жапан түзге жеке біткен көк сеңгірдей дара тұлға» (Ә.Кекілбайұлы) – Өзбекәлі Жәнібеков екені даусыз шындық.

Қызылдардың қойша иірген идеологиясы өршіп тұрған қиын кезде өктемдердің ырқына көніп, ығына жығылмай, уақыт солай деп алақан жаймай, қазақтың қадірлі ісіне, салт-санасына, тарихына, тағылымына тамызық болды. Кейде ашық айқасқа да барды. Өзі пір тұтқан, «Саясы жоқ бәйтерек, Саздауға біткен талмен тең. Жақсы ағаңыз бар болса, Алдыңда сары белмен тең» деп, үлгі тұтқан Ілияс Омаров туралы мақаласында Софияда (Болгария) өткен Жастар мен студенттердің Бүкілдүниежүзілік ІХ фестиваліне Мәдениет министрлігі ешбір өнерлі жасты ұсына алмағанына өкініш білдіреді. Ол кезде өзі Қазақстан комсомолының басшысы ретінде шетелде жүрген екен. Келе салып, бұл қалай деп Мәскеуге телефон шалады. Ондағылар делегация құрамы бекітіліп кеткенін, енді тек бір адам қосуға боларын айтып: «Сіздерде екі ішек тағатын бір аспап бар ғой, ол еуропалықтар үшін экзотика болар еді, сонда ойнайтын біреуді ұсынсаңыз», – депті. Өзағаң қазақ жерін келімсектер оңдырмай отарлап қана қоймай, келемеждеп: «Одна палка, две струны, я – хозяин страны» дейтіні есіне түсіп, кімді жіберетінін өзгеден сұрамайтынын нықтап тұрып айтқан екен. Сөйтіп, қазақ биін көрсету туралы тез шешім қабылдатып, Гүлжан Талпақованы ұсыныпты. Жас өнерпаз Гүлжан өзбек халық аспабының ырғағында билейтін болып келісіледі. Совет елі жағынан конкурсқа жауап беретін Т.Шатунова деген: «Өзге ел аспабымен сүйемелдейтін қазақ биін конкурсқа жіберуге болмайды», – деп бүйректен сирақ шығарады. Бет алса ешқашан қайтпайтын Өзағаң, дәл осы шешім соңғы сөз болса, онда барлық журналистерді жинап, баспасөз мәслихатын өткізетінін, сол арқылы Кеңес елінде өзге ұлт мәдениетіне деген қасаң көзқарас қалыптасқанын ашық айтатынын алға тартады. «Әлем жастарының жиналған жерінде «керемет» елдің кемеңгерлігін осылай жариялаймын» дегенде, орталықтағылар үрейленіп, райларынан қайтады. Осылайша Г.Талпақоваға кең жол ашып береді.

Әлемдік сарапшылар қазақ бишісінің өнеріне ерекше ілтипаттарын білдіріп, фестивальдің күміс медалін көкірегіне тағады. Азулы империяға тәуелді бола тұрып, ұлт өнері үшін басын бәйгеге тіккен бұл қадамын – нағыз батырларға тән қасиет емес деп кім айта алады?

Қазақтың кешегіден бүгінге жеткен рухани қазынасы – Темірбек, Ілияс, Өзбекәлі сияқты кеудесі сара, ойы дара, болмысы дана, құйма құлақ, зерек те зерделі жақсылардың табанды тірлігінің нәтижесі екені сөзсіз. Олар «Бізді Кеңес дәуірі жарылқап отыр» деп, шуақты күнге, жарық «сәулеге» теңеп, «ләппай, тақсыр!» деп мойынсұнып, можантомпай күн кешкен жоқ; ұлт ісі, жұрт жайы үшін жебедей жарқылдады. Өзағаң кіммен тілдессе де, танысса да «Жәнібеков деген қазақпын!» деп қол ұсынып, сөз сабақтайтын. Ол өмірден өтер шағында туған ұлына төлқұжатын ұсынып: «ов-ты» алдырып таста, «анадан өмірге қазақ болып келіп едім, фәниден бақиға қазақ қалпымда аттанайын», – депті.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ – жоқшы, жоғын іздеген қуғыншы», дегеніндей, Өзағаң бар ғұмырын халқының келешегіне, ұрпағының болашағына арнағаны мәлім. Азаттығымызды алған елең-алаң тұста ол кісі «Уақыт керуен», «Тағдыр тағылымы» атты кітаптарын шығару үшін Алматыдағы «Рауан» (бұрынғы «Мектеп») баспасына жиі келіп жүрді. Зейнеткер кезі. Сонда қыс кезінде басына бөрік, үстіне қалың киімнің сыртынан оюлы қазақы шапан, жазда ақ қалпақ пен жеңіл шапан киіп келіп жүрді. Бізге ерсі көрінеді. «Атақты тұлғаның мұнысы қалай, ескіліктің сарқыншағы емес пе?» деп таңырқап қараймыз. Еліміз «Жүз ұлттың лабораториясы» атанып, сол санамызға әбден сіңіп қалған ғой. Оның үстіне тәуелсіздікті толық ұғынып бола қоймаған өң мен түстің арасындағы кезіміз. Көк пен жердің бір тұсынан «КПСС» жылт етіп келіп қала ма деген үрей де жоқ емес. Біз солай үркектеп жүргенде ұлттық киім киген Өзағаң нық басады. Осының өзінен-ақ оның ертеңге деген сенімін, халқының кемел болатынына күмәнсіз иланатынын ол кезде біз түсіне де қоймадық, түйсіне де алмадық. Ол кездегі қазақ шапаны бүгінгідей жағасынан ұстасаң тік тұратын, оюы зерленген алтын түсті оқалы емес, олпы-солпы болатын. Сол олпы-солпы шапан түптің түбінде түзелеріне, игі жақсының иығына ілінеріне, кейін өзі секілді жұрт киіп жүретініне Өзағаң үміт артқан. Бір өкініштісі, сол үмітті біз толық ақтай алмай отырмыз! Дәстүрлі киім үлгісіне айналдыру бұл күндері арман десек, артық бола қоймас. Жаппай киіп жүрмеген соң солай болуы да «заңдылық» шығар.

Бір партия билеген заманның саяси жағдайын көріп-біліп, ризашылықтарын жеткізген саңылау мен жапсардан-ақ жұрт тірлігін тындырған Өзағаңның өнегесін облыстардағы қолтаңбасынан, министр қызметіндегі қарымды қадамынан, ЦК-ның бөлім меңгерушісі, хатшысы кезіндегі батыл жұмыстарынан көруге болады. Ұлттық бренд саналатын қасиетті Тайқазанды табанды тірлігімен Санкт-Петербургтағы Эрмитаждан құт қонған Түркістандағы орнына әкеліп қою, ұлттық мұражайлар ашу, тізе берсек көп. Алмағайып замандағы сол іс қазір жұрт мақтанышына айналып отыр. Егер Өзағаң олай қимылдамаса, Тайқазан келер ме еді, келмес пе еді, кім білсін! Ондай жәдігерлер жатыр ғой қазір өзгелердің мұражайында. Оны қайтару енді екіталай. Көшірмесін алсақ та көңілге медеу.

Алғыр азамат талай рет биіктен құлап, қайта топ жарып, тұғырға қонып, өрлеген тұсы аз болмаған. Бұған бір мысал келтіре кетелік. Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің Сыртқы саясат бөлімін басқарып жүргенде шет тілін білу талабын көлденең тартып, орнынан босатуды ниет еткендерге қасқайып қарап тұрып: «Бұл қызметке бекіткенде тіл білу, білмеу мәселесі қалай ескерілмеген?» – деп, «Ертең Мәдениет министрінің орынбасары тіл білмейді екен, орнына басқа біреуді отырғызу керек» десе, қалай болады?» – деп, өзін талапайларға салғандарды тығырыққа тірепті.

Иә, әділдікті ту етіп көтерген осындай арыстарымыз болмағанда бүгінгі даңғыл жолға түскен ұлт ісі сәл кешеуілдеуі мүмкін еді.

Ұлт рухы, ұлт дәстүрі, салты, ғұрпы, киім үлгілері, тарихы, өзге де жәдігерлеріміздің шырақшысы бола білген Өзбекәлі Жәнібековтің халқына жасаған адал жұмысын жұртқа жеткізу міндеті енді біздерге жүктелген. Өйткені ол кісінің құнды кітаптары қоспасыз ақиқатты танып-білуге септігін тигізері сөзсіз.

«Тағдыр тағылымы» атты екі кітаптан тұратын жинақтың бірінші томындағы «Өзім туралы бірер сөз» атты мақаласы «О, пәни дүние-ай!» – деп басталып, қашанда жұртына ғана иек сүйеп үйренген азамат «Әділ қазым өзің боларсың, оқушым!» дейді де, өткелі көп өмір жолына ой жібергенде: «Несін жасырайын, бәлкім, ата-анадан ерте айырылып, бала жастан тұрмыстың тауқыметін тартып, адамдардың зұлымдығын, арақатынасындағы екіжүзділікті көргендіктен бе, әйтеуір, езу тартып, жымия бермейтінім рас. Бірақ ашу-ыза керней қалған сәтте райдан тез қайтатыным бар. Кек сақтамаймын... Жүзім соншалықты суық болмағанымен, кейбіреулердің кездескенде дегбіреп, сасып қалатынын білемін», – деп өз болмысын көз алдыңа әкеледі. Тағы бірде: «Мансапқорлық, тәкаппарлық, менмендік, өзін басқалардан жоғары ұстау менде болған емес. «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» дегендей, мәңгі бақи алды-артыма қарайлап өмір кештім. Оны менімен қызметтес болғандар жақсы біледі... азын-аулақ биліктің дәмін татсақ, оған елітіп, мас болып, өзгелерге паңдана қарайтын мықтылар бізде аз емес қой. Мен ондайдан аулақпын. Барды қанағат тұтып, елге қызмет етуден басқаны ойламай, «өзім деген кісіге» үлкен-кішісіне, лауазымына, әлеуметтік қал-жағдайына қарамастан, «өзегімді суырып беруге» даяр тұратыным хақ. Жиған-тергенім, арттырғаным да шамалы. Қызметбасты болып, үй ішіне де жөнді көңіл бөле алмаппын», – дейді. Өзінің о баста ұяң, ұялшақ болып өскенін, есейе келе бұқпантайламай, тіке айтуға дағдыланғанын да еске салып отырады. «Даңғойлыққа, бақталастыққа жиіркенішпен қараймын. Қолынан түк келмейтініне қарамастан, ұқсап бағатын, басшыға жағынып, алдында құрдай жорғалайтын мансапқор, ертең оның бағы тайса, дереу сырт беріп шыға келетін жексұрындар бізде жеткілікті. «Шырқ айналар шіркін тауық, жемі болса қолыңда» деп, тегі, Сәкен босқа айтпаған. Әттең, мезеттің осындай қоқсықтарын ысырып тастап отыратын күн туса, қарыштап алға басуымызға жол ашылар еді-ау!» – деп толғанады. кезінде Ақмолада билік құрған Тың өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы Т.Соколов БЛЖКО-ның бірінші басшысы С.Павловтың алдында, Қонаев секілді ұлтшылдармен бірге қызмет істеудің қиыншылықтары жайлы сөз қозғай бастағанда Өзағаң (Қазақстан комсомолын басқарып жүрген кезі): «Ау, сонда, Димаш Ахмет­ұлы ұлтшыл болса, ұлтшыл емесіміз кім, мына сіз бе?» – деп орнымнан тұрып, теріс айналып кеттім. Соколовтың жүгенсіздігіне қымсынғандай, Павлов та үндемей отырып қалды. Мен болсам, Қазақстанның көпұлтты халқы арасында орасан зор беделге ие болған, аса көрнекті партия және мемлекет қайраткері Д.Қонаев жөнінде көлденең келген әпербақан осылай ойына келгенін соға беретін болса, қалай күн көруге болады деп арлансам да, әдеп сақтап орныма келіп отырдым», – дейді.

Міне, намыс ұлы ұлт жақсысын қалай қорғайды? Осындай ғажап қасиетті қазақтың әр ұрпағының, әсіресе, жастардың санасына сіңіре алсақ ұтылмас едік. Сол секілді Торғай облысының Амангелді ауданына барған бір сапарында ескі мазардың үстінде мал жайылып жүргенін, өткен көлік, бейсауат жаяу адамдар сүйекті басып, ары да бері сабылғанын көріп, аудан басшысына ренішін білдіріпті. Ізінше қорым маңы тәртіпке келтірілгенде тұрғындар Өзағаңның имандылық танытқанына ризалықтарын жеткізген көрінеді.

Ақиқатында, дінсіз деген қоғамда да қазақ ата-бабалар дінін ұстаған, әсіресе, қарапайым жұрт иманнан айырылмаған. Оны ұлт жақсысы өзінің кітаптарында көрсетіп, мысалдарды дәйекке келтіреді.

«Мен ешкімнің шотын шапқан емеспін» деп, Өзағаң өзі айтқандай, бұл сөздің астарында да шындықтың жатқаны белгілі. Әсіресе, оның Алаш арыстарын ақтау кезіндегі табанды қызметін замандастары айтып та, жазып та жүр. Дегенмен көп жағдайда жау жоқ жерде жау іздейтін жат әдетімізге өкініш білдіретін кездері де баршылық. Әсіресе, Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Сұлтанбек Қожанов тәрізді қоғам және мемлекет қайраткерлеріне қатысты қаулы-қарарларды жіті зерттеуден өткізуді өзі басшылыққа алыпты. Соның ішінде «И.В. Сталин жолдастың «Ақ жол» газетінің редакциясына жолдаған хаты» деген құжат туралы ойын айта келіп, «Сталин, әрине, қазақша газет оқып, оған шолу жасаған жоқ. Оны да «дайындап» беріп жүрген өзіміздің ағайындар болса керек. Сол «хатқа» байланысты қаулының күшін жою – сот арқылы ақталғаннан кейін де 30 жылдан астам жабулы қалған Сұлтанбек Қожановтың «ісін» қайта қарауға, оның «сыбайластары» ретінде нақақтан-нақақ жапа шеккендерге тағылған айыпты алып тастауға жол ашатын еді», – дей келіп, сойқан жылдардағы әрбір өресіз істі соттың шешімімен ақтап алу жағы кем соғып жататынын алға тартқан екен. «Тарихтан біз қандай болмасын жаңа қоғамның ескі құрылымды қирату арқылы орнығатынын білеміз», – дейді де, ұлттың өткені мен бүгінін таразылау кезінде өзінің де қатты қиналғанын еске түсіреді. «...Менің өмірімнің өзі осындай азабы мол ізденістерден тұрады. Өкініштісі – біз сияқты қызметкерлердің (функционерлердің) тікелей араласқан, тіпті өзі ұқсатқан шаруасына қолтаңбасын қалдыра бермейтінін пайдаланып, біткен істің нәтижесін әлдекімдердің өзіне теліп алатыны. Мәселен, Қазақстанның халық әуез аспаптары музейін ұйымдастыруға, оның оңайға түсе қоймаған экспозициясын құрастыруға менің бақандай екі жыл уақытым кетті. Енді келіп, музей есігін ашпаған біреудің, оны обкомда істеп жүріп, өзім ұйымдастырдым деп көсілгеніне қайран қалдым. Тегі бұдан артық озбырлық бола қоймас», – дейді.

Өз дәуіріндегі асыл ағалары туралы баяндарынан да сабақ алатын сара жол аз емес. Ол өз ұлтының адал азаматтарымен қатар, өзге ұлт жақсыларын да еске алып отырады. Мәселен, кезінде Орталық комитеттің хатшысы, Үкімет басшысының бірінші орынбасары болған Григорий Мельниктің адамгершілігі мол, барға қанағат ететін, қарапайым да шарапатты адам екенін, ол кісі өмірден озғанда бұрын сыйласқандар 50-100 сомнан ақша жиып, қаралы ас ұйымдастырғанын, үйіндегі жиһаздардың мүлде ескіріп кеткенін де айта келіп, «Марқұмның хатшылықтан босап, зейнетке шыққанда үкімет «сыйлаған» көне «Волгадан» басқа «байлығы» да болмапты. Оны да көзі тірісінде Мәскеудегі жалғыз ұлын шақырып алып: «Ұлым, мына машинаны өзімді көп жылдар бойы тасып, туған бауырымдай болып адал қызмет еткен шоферіме қалдырамын. Мұндай шешім үшін кінәлай қоймассың», – деген сөзін толғана жазады.

Қазақтың қадірлі ақсақалдарының айтулысы, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев туралы естелігінде: «Сұрапыл соғыстың майданында жалғыз ұлының мерт болғанын естірткен ауыл ақсақалдарына ләм деп үн қатпастан, қолына кетпенін алып тысқа шығып кетеді де егістікке барып, кешке дейін тыным таппай жұмыс істеп, үйіне қайтып оралғанда ғана өксігіне ерік беріп, шерін тарқатқан екен. Қандай ұстамдылық десеңізші! Байғұс әке күні бойы не ойламады дейсің, қайғысының өшін қара жерден алатындай кетпенін ұңғысына дейін батырып, шаба берген, шаба берген...», – деп бір қайырып тастайды да: «Өмірінің соңғы кезінде ауру дендеп, көз жұматын сәті жақындай түскенде әдейі барып сәлем бергенімде, атам мені тани алмай, тіпті аты-жөнімді де есіне түсіре алмай: «Бұл қай бала?» деп қайта-қайта сұрай берді. Кейін осы бір кемеңгер ақсақалды есте қалдыру үшін көзі тірісінде қолға алына бастаған мемориалдық музей-үйін аяқтатып, іске қостық», – деген Өзағаңның сөзінен ерекше кісілігін көруге болады.

1967 жылы қазіргі Санкт-Петербург, бұрынғы Ленинградта бір алқалы жиын өтетін болып, соған атақты шопан, екі рет Еңбек Ерін алған Жазылбек Қуанышбаевты жібермек болады. Қазыналы қарт енді жүресіз дегенде: «Қаным тасып кетеді. Бармаймын», – деп әлек салыпты. Өзағаң жетпіске келгенде жас әйелден егіз ұл көрген ақсақалды әрең иліктіргенде ол: «Дәрігеріме рұқсат бер. Бірге барсын», – деп тағы қиғылық салады. Мәскеуге телефон соққанда олар: «Апыр-ау, осы уақытқа дейін корольдер мен президенттер, мұрагер принцтер мен премьер-министрлер ғана өз дәрігерлерімен сапар шегетін еді. Ал шопан дәрігермен бірге жүреді дегенді естімеп едік», – деп әрең келісім беріпті.

Сонда Жәнібеков өңіріне бір емес, екі жұлдыз таққан батыр қай премьерден кем дегенді іркілмей айтқан. Бұл арада ол еңбек адамының да шенді мен шенеуніктен еш кемдігі жоқ екенін, дәрігер ертіп жүруге құқысы барын дәлелдеп барып орындатқан. Қарапайым еңбек адамын қадірлеудің үлгісі осындай-ақ болар.

Ұлтымыздың ардақтыларының қатарында – екі мәрте Еңбек Ері атағын алған ұжымшар төрағасы Нұрмолда Алдабергенов те бар еді. Еңбеккерлерді ұйымдастырып, ел дәулетін арттыруға өлшеусіз үлес қосқан ол бір жолы Н.Хрущевтің қаһарына ілінгенде, жергілікті жандайшаптар Нұрекеңді төрағалықтан су жағалап жүретін мұрапқа «құлатады». Өзағаң ессіз биліктің есер ісіне қиналысын білдіріп, қадірлі қарттың «түбіне жеткен» шолақ белсенділердің надандығына налиды.

Өзағаң күбір-сыбырдың кесірінен мәртебелі қызметтен ысырылғанда, Фазиля Ахметқызы Қонаева: «Апыр-ау, мұны қалай түсінуге болады? Тіпті, сізге де қол көтеретіндер табылады екен-ау?!» – деп көзіне жас алып, «...теріс айналып кетті де, қайтып маған жақындамай қойды. Қайран Факең-ай... қазір арамызда жоқ», – деп осынау бір тектілігін жоғалтпаған аяулы жанның күйзелісін «Сол бір сарша тамызда» деген танымдық мақаласында әдемі берген.

Тәуелсіздіктен кейінгі кездегі ала-құла тірлік туралы да ой-байламдарын бүкпесіз айтады. «Ғұмар Қарашқа еліктеп мынадай бір шумақ өлең жазған едім: «Ақ түйенің қарны жарылды» деп, Құр шаңытқан, самалсыз «желден» қорқам. Жұлқарды бай, момынды кедей еткен, Нарықтық асар-аспас белден қорқам. Жақсы менен жаманды айырмайтын, Қазақтың көзін басқан шелден қорқам», – деп артынан тілдің толғақты мәселелерін жан-жақты қозғай келіп, «Ұлттық дамуға қатысты о баста қолға алына бастаған өзекті мәселелер, әсіресе, олардың мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тіліне қатыстылары түбегейлі шешімін таппай орта жолда қалып қойды. Өйткені бізде тіл туралы заң бар да, оны іске асыратын мемлекеттік саясат жоқ. Халқымыздың генофондын сақтап қалудың қамымен байланысты іс-қарекет те жоқтың қасындағыдай. Ұлттық мұраны, ата-баба дәстүрлерін, ана тілін қастерлеуге жете мән беріле қоймағандықтан енді оларды ұқсата қою оңайға түсе қоймас», – дейді де, қазақтың береке-бірлікке ұйитын ежелгі дәстүрін сақтауды меңзеп, «...қазағым, қазір кімге болса да қырағылық, көрегендік, өзара түсіністік қажет-ақ» – деп, кейінгі жас ата жолын, үлкендерге қызмет ету салтын білсін, бастаңғы, бас тарту, сыбаға, қонақ кәде, бәйгеге ат қосу – осы секілді ұлттық салт-санамызды ұқсын деп халықтық қалыпты молынан әңгімелейді.

Өзағаңның қай кітабын алып қарасаң да, қазақ деген халықтың небір қасиетті де қадірлі дәстүрі жібектей есіліп тұратынын қайтерсің. Мәселен, «Би өнері жайлы ой» деген мақаласында қазақ биінің арғы-бергі тарихына тоқталып, қазақта бұрын би болмаған деген сөзді жоққа шығарып, ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің «Бұрын халық арасында ақын-жыршылармен, әнші-күйшілермен қатар, ел қыдырып, ежелгі халық билерін орындаған ортекешілер, қулар, масқарапаздар да болған», деген сөзін дәйекке алып, «Т.Паулидің 1846 жылы шыққан «Россия халықтарының этнографиялық сипаттамасы» деген кітабында «Дәулеткерейдің үйіндегі думан» деген суретте халық музыка аспаптарының сүйемелдеуімен билеп тұрған жігіт бейнеленгенін айтады. «Мүмкін бұл би өнерін жете түсініп, оны құрметтей білген атақты күйшінің қадірлі қонақтарының бірі болар», – деп орыс этнографы Д.Иса­евтың 1859 жылы «Русский дневник» деген мақаласынан: «Тойға дайындық үстінде қалыңдықтың замандастары мен құрдастары қолғабысын тигізіп жүрді. Көптеген әндер айтылды, күйлер де орындалды. Тіптен, сауық кештері домбыра мен қобыз сүйемелдеген көпшілік билермен тәмамдалып отырған кездері де болды» деген сөзін мысалға келтіріп, қазақ халқы да мың бұралған биді билегенін алға тартып, Берікбол Көпенов деген Семей өңірінің азаматы екі аяғына бақан байлап алып билейтінін, содан «ағаш аяқ» атанғанын да еске салады. Өткен ғасырдың 60-жылдарының ортасында болған бір той үстіндегі оқиғаны былайша көз алдыңа елестетеді. «Той қызған кезде жастар билеп жатқан залға барғанымда қабырғаға сүйеніп тұрған бір қарт кісіге көзім түсті. Жұрт «твистке» басқан кезде әлгі кісі ортаға суырылып шығып, бүкіл денесінің буынын, бұлшық еттерін ойнақтатып, бізге белгісіз бір биді орындай бастады. Жұрт ығысып, би ырғағымен қол соғып, қошемет көрсетіп жатты. Би біткен соң қасына барып, жөн сұрасқанымызда, ол Павлодар облысынан келген халық ақыны Жүнісбек Жолдинов болып шықты. Ал ақсақал болса, өз қылығын өрескел көргендей: «Қызып кетіп ортаға шыққаным ғой», – деп сөзін доғарды», – дейді. Сөйтеді де, «Сол кеште қарт биші өзінің «ел қыдырған есер шақта» орындаған «Айқосақ», «Жезтырнақ», «Балабүркіт», «Қазақтың қалмақ биі», «Құсбегі», т.б. билерінің оқиға желісімен, сермеу тәсілдерімен таныстырды», – дей келіп, Орта Азия мен Шығыс Түркістанда «Қоян-бүркіт», «Келіншек» сияқты жұптық билердің бар екенін тілге тиек етеді. Осы арада мына бір нәрсені айта кетсек дейміз, қазір жұртшылықтың сұранысына ие болып отырған «Қара жорға» биін «Қалмақ биі» деп жүргендер де бар. Ендеше, осы «Қара жорғаңыз» қазақ топырағында ежелден болған десек, қателеспеспіз. Әрине, терең зерттеу керек.

Халықшыл Өзағаңмен сырлас та сыйлас болған Мырзатай Жолдасбеков асыл азаматтың өзіне жазған хатын кезінде басылымдарда жариялап, сонымен қатар, «Өзбекәлі Жәнібеков» деген кітапқа да қосқан еді. Оның тақырыбы «Әзірет Сұлтан» қорығы жөнінде» деп аталады. Онда қазақ халқының бай тарихын айтып, соның ішінде Әзірет Сұлтан қорығын қайта қалпына келтіру үшін не істеу керек деген сұрақты төтесінен қойып, оған өзінің уәжін келтіріп, Түркістан қаласы туралы да пікірін білдірген екен. «Соңғы кезде қайсыбір «зерттеушілердің» Түркістан мен Отырарды қазақтан алыстатқысы келіп пікір айтып жүргені (Силипа, Смағұлов, т.б.) белгілі», – дей келіп, «Менің бір түсінбейтінім – Қазақстан ғалымдарының ұстанған бағыты. Егер ондай еңбектер Тарих, этнология институты арқылы шығып жатса, оларға неге сын көзімен талдау жасамасқа?», – дейді.

Ал қалпына келтірудің жолдарын айтқанда, кесенені реставрация жасау жұмыстарын жолға қою нәтижесінде қол жеткізуге болатынын, мұндай жұмысты өзгелер емес, өз мамандарымыз атқару қажеттігін алға тартады. Түркістан қаласының мәртебесін көтеру ұлтқа керек екенін де дәйектеп, «Түркістан үшін қазақ халқының қаны көп төгілген, ол – оның ең қасиетті орны. Үш жүз жылға жақын уақыт Қазақ хандарының тұрағы – астанасы болған. Онда халқымыздың асыл азаматтарының, ең қалаулы ұлдарының сүйегі жатыр. Оны қастерлемесек болмайды...» депті. «Абылай ханның туған жері де, қайтыс болған жері де − Оңтүстік Қазақстан, оның ішінде осы Түркістан болып табылады. Ол – ол ма, Бөгенбай батыр, Әйтеке би, Жәнібек-Тархан (Есім хан, Тәуке хан, Тәуекел хан, Жәңгір хан, Ілияс хан сияқтыларды былай қойғанда) сияқты ел алдында еңбегі зор, әрқайсысына зәулім биік ескерткіштер тұрғызуға тұрарлық азаматтардың да мүрдесі жоғалған, сүйегі лақтырылған. Мұнан артық тарих алдында қылмыс бола қоймас. Енді сол үшін кешірім сұрауға міндеттіміз. Оның бірден бір жолы − Ахмет Яссауидің алдынан Рәбия Сұлтан Бегімнің кесенесінен кем емес, қырлы күмбезді глазурьмен, майоликамен, кашин бұрышпен өрнектелген пантеон тұрғызып (ол міндетті түрде ескі стильде болуы керек), ол адамдардың аты-жөні жазылған плиталар қою», – дей келіп, «Мырзатай бауырым! Абылайға қатысты Оңтүстік Қазақстандағы жерлердің бір де бірінде белгі жоқ. Түркістандағы хан сарайының орны жоғалған» – деп, Ордабасы тауының тасы қопарылып жатқанына ренішін білдіріп, «...тасы қопарылып, тас ұнтақтайтын зауытқа «жем» болғанға ұқсайды. Баспасөзде қанша көтерілгенмен, зауыт әлі де жұмысын тоқтатпапты. Жуырда Шымкентте болғанда мен онда барып едім: ерсілі-қарсылы тас тасып жатқан машиналарды көріп, қайран қалдым», – деп Сайрам ауданының жайына да тоқталып өтіпті. Мұндай хат жазу үшін рухың мықты, халқыңа деген ниетің ақ, жаныңда мөлдір бұлақтың суындай тазалық болу керек!

Қазақ радиосының үнжазба қорында сақталған «Ел болам десең...» деген сөзі – бір кездері жарық көрген «Ұлт тағылымы» (1998) атты журналдың бірінші нөмірінде жарияланған еді. Бұл сөзінде Өзағаң өзгерген елдің өзекті мәселесін тереңнен қозғай келіп, «...мен өзім де өзгеріп сала бердім деп айта алмаймын. Оған ешқандай негіз жоқ. Халқым мен Отаным алдында арым таза. Жасы алпыстан асқанда бұрынғы идеяларын өзгертіп, қайта «түлеп» шыға келетін адам мен емеспін. Тоталитарлық тәртіптен шыға алмай, бірін бірі алмастыра беретін тұрлаусыз басшылары өрескел бұрмалаушылықтар мен қателіктер жіберіп, Коммунистік партияны құзға құлатқан болса, оған оның идеялары айыпты емес. Тегі «кімнің тарысы піссе, соның тауығына айнала қалатындардан» бойды аулақ салған жөн. Өз басым шамам келгенше енді ғана қанатын қомдай бастаған егемен Қазақстанның игілігіне қызмет ететінім хақ»,  – деп табандап отырып, батыл ойын ортаға салады. Сөйтеді де, біз өзге ұлттарға барлық жақсылықты жасап жатқанымызды, өзгелер біз секілді қандастарымызға мән бермейтінін еске салып: «Ресейде бір миллионнан астам қазақ өмір сүрсе де бір де бір қазақ мектебі жоқ. Бірақ одан әзірше ешкім трагедия жасағысы келмейді. Өзбекстанда 2 млн-ға жуық қазақ тұрса да, өздері қоныс тепкен жерде өзбек-қазақ мемлекеттік қостілділігін талап етіп жатқан жоқ... Қытайдағы, Моңғолиядағы қазақ та қосазаматтықты, қостілділікті талап еткен емес. Ал орыстар болса Канадада да, Польшада да, тіпті, Австралия мен Финляндияда да баршылық. Олар неге мемлекет орындарынан мұндай «артықшылықты» талап етпейді? Гәп, міне, осында болып тұр. Тағы бір жәйтқа көңіл аудармасқа болмайды. Ол «орыстілділер» деген түсінікпен байланысты... Ау, жетпіс жыл бойы өзбекті «өзбек» деп, татарды «татар», немісті «неміс», кәрісті «кәріс» деп келдік қой. Олар қайдан «орыстілділер» бола қалды? Міне, саясаттағы қитұрқылық деген осы», – дейді айдай ақиқатты алға тартып.

Бұдан кейін ұлттық идеологияны еркіне жіберіп, ұлттық бет-бейнеден айырылып бара жатқанымызды да жасырып қалмай ашық айтады. Кезінде жұмысшы табын қалыптастырсақ, қазір өзгелерге жалтақтамай тірлік жасайтын едік деп, енді сол қателіктерді қайталамау сын болып тұрғанын санаңа сәуле етіп түсіреді. Тіпті, кейбір реформалардың қателікке ұрынып жатқанын да жасырмайды. «Біз осы шұғыл, асығыс түрде ат төбеліндей ғана топтың мүддесіне орай жүргізілген экономикалық реформа мен жаппай жекешелендіру саясатының арқасында шектен тыс жүдеушілік пен жоқшылыққа тап болдық емес пе? Жұрттың өзара қарым-қатынасында, наным-танымында, өмірге көзқарасында да моральдік түсініктерге сыйыса бермейтін өзгерістер пайда бола бастады. Сонда біз қайда бара жатырмыз?» деген сұрақты төтесінен қойып, «Мемлекеттік реттеудің жоқтығынан кешегі соғыс жылдарында да осыншама белең ала қоймаған қиыншылықтарды бастан кешіп, жоқшылыққа душар болған елдің бекзаттық, рухани-инабаттылық қасиеттері қырқыла бастаған сияқты. Жағдайды пайдаланып, көктелпектілерден бастап әртүрлі діни-мистикалық ағымдарға дейін қазақтың жаны мен тәні үшін бүгін кімдер арпалыспай жатыр дейсің. Мұсылмандықтан гөрі әдемі сөзбен баурап алатын, жасанды қайырымдылыққа, тастанды садақаға адамның бойын үйрететін христиандыққа, иудаизмге, баптизмге, будданың, кришнаның іліміне иланатын қазақтар да бой көрсете бастады», – дейді. «Күн туды, мезгіл жетті деп адасып, Құрылған қараңғыда заңнан қорқам. Теңгеріп жарлы байды құрған «ұжмақ», Теп-тегіс түгел жеткен заңнан қорқам» деген Ғұмар Қараш өлеңін еске салып, әр іске, сөйлер сөзге ойланып баруды ұсынады.

Тағы бір тұста, ұлт зиялысы қазақтың қасіретіне айналып бара жатқан сұмдықтарды да атаған екен. «Баласы әкесіне қол көтеретін, қызы шешесінің бетінен алатын күн туды. Кісі өлтіру түкке тұрмайтын болып алғалы қашан? Қарттар мен мүгедектер үйлеріне орналасу үшін кезекке тұратындардың арасында жұмыс істейтін ересек балалары бар қазақтар көбейіп келеді. Сәбилер үйлеріндегілердің де көпшілігі қазақ балалары. Ау, сонда «алдыңа түсіп анаңның жүргенін көрген бір ғанибет, бесікте жатқан баланың күлгенін көрген бір ғанибет» дейтін қазаққа не болған?», – деп күйзеледі.

Бұл сұрақтардың жауабы осы күндері толық шешілді дей алмасақ керек. Несін жасырамыз, жат әдеттің кейбірі өршіп бара жатқаны байқалады. Осындай ұлт қасіретін Өзағаң «Ақ түйенің қарны жарылды» деп даурыға бергеннен пайда болмайтынын да тілге тиек етіп кетіпті.

«Кейбір басшылардың өз басының кемшілігін тұтас, бір үлкен халықтың мойнына арта салатын болып алғаны өкінішті. Бақандай бір министрдің газет бетінде «трайбализм» жузовщина – менің халқымның сорақылығы» деп жазғанын да көрдік қой. Ол өзін шын мәнінде қазақ халқының перзенті ретінде сезінетін болса, оны бұлай мұқатпаған болар еді. Әдетте осылай байбалам салатындардың өзі рушылдық, жікшілдік қасиет бойына сіңгендердің арасынан шығады», деген байламын алға тартады.

«...Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін ғылыми негізде, жан-жақты үйлестірілген қоғам дамуының заңдылықтарына сәйкес құрастырылған саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени, педагогикалық, құқықтық бағыт-бағдарға қолымыздың жете қоймағанын» атап, Үкіметтің қоғам дамуына, оның теориялық негізіне жете мән бермей отырғанын да сын тезіне алады: «...қалыптаса бастаған нарықтық қатынастардың алыпсатарлыққа негізделген тұрпайы түрімен капитализмге өту де оңайға соға қоймас» деп, артынан: «Ат төбеліндей ғана іскер таптың, нәрестедей мәпелеп қолдан жасаған «жиендер экономикасының» (фраза үкіметке тәуелсіз баспасөзден алынды) мүдделеріне сай жүргізіліп келген экономикалық реформа мен жаппай жекешелендіру саясатының ащы табы көріне бастады ма, қайдам, қылышын көтерген жоқшылыққа тап болдық. Шашылған-жойылған, талан-таражға түскен шаруашылықты орнына келтіру енді оңайға түсе қоймас», – дейді.

Өзағаң көп мәселені көлденең тартып кетіпті. Күдігін де, күмәнін де бүкпей айтыпты. Өтірік көлгірсімеген.

Ұлт ұлы қашанда ақиқаттан аттамаған. Бұл да соның дәлелі деп білемін.

Бұл пікірлерді Өзағаң тәуелсіздікті бекіту жолында жіті қимыл жасау керектігін білдіру үшін айтқан еді. Сонымен қатар, сақтықта қорлық жоқ дегенді де меңзейді. Бұл мәселелер қазір толық шешімін тапты дей алмасақ керек. Ең бастысы, іргеміз бекіді.

Иә, Өзағаң айтқан ескертпелерді шамданбай қабылдап, ойланып шешсек ұтылмаймыз. Кейде осыған өреміз жетпей, көш жүре түзеледімен жауырды жаба тоқитынымыз рас. Кеңес заманында ықпаған Жәнібеков, азаттық алғанда енді есеміз кетпесін деп ескерткен сөздерінің арғы жағында өзі өмір бойы армандаған ұлт жұмысы, ұлт руханияты, ұлт келешегі, ең бастысы, өзі секілді отаншыл, халықшыл ұрпақты қалыптастыру жатқаны белгілі. «Айналдың рухына ұлы еліңнің» (Т.Медетбек) деп ақын айтпақшы, көбіміз КСРО тұсын еске алғанда олай еді, былай еді, матады, тұсады деп ұрпақ алдында әлекке түсеміз. Ұрпағымыз да соны біліп алып, сарытап сүрлеумен жүріп, біздің обалымызға қалдыңдар дегенді шығарғалы қашан. Олар Өзағаң еңбегін танып білсе, олай демес пе еді? Жанашыр сөздерімен қанаттанып өссе, кейінгі жерде сол жолға бірден ұмтылары хақ. Тіпті, олар өздерінің ұл-қызының алдында аталарымыз айыпты демес еді. Себебі ұлтқа қызмет еткен арыстардың барына көз жеткізіп, жұрттың бәрі ұраншыл болмағанын сезер еді. Өзбекәлі Жәнібеков осы қасиетімен де ардақты әрі абыройлы.

Ал арыстарымызды үкідей үлпілдетіп, дара болмыстарын топтан бөліп, үлгі ету мәселесі қазір ұлтқа сын болып тұрғандай. Бұл бүгінгілер үшін ғана емес, келешек ұрпақтың қызметкерлеріне де керек іс. Олар қазақтың жақсыларын танып білсе, солардай болып өседі, ұлт жолынан адаспайды. Ұлт ісінде «Тізе бүгіп, тірі жүргеннен, тік тұрып өлген артық» (Б.Момышұлы) деген қағиданы ұстанады. «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, Ел тегі қайдан алсын кемеңгерді», – деп жыр дүлдүлі Жансүгіров жырлағандай, алдыңғы кемеңгерлерді еске алып, ұрпақтар сабақтастығын кейінгі толқынға көрсетіп, жетелі екенімізді, көрсоқыр еместігімізді дәйектей алсақ, арыс азаматтардың алдындағы парыз бен қарыз өтелер еді. Өзімізді ғана көріп, кеуде соғып, өресіз қалпымызда қалсақ, әлгі сабақтастық сарқылып, «бас басына би болу» (Абай) басталады. Бұл кейін ұлттың сорына айналуы мүмкін. Ұлтты сол сордан құтқаратын үш алыптың, Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібековтің жолы бүгінге де, ертеңге де, болашаққа да үлгі екенін кім жоққа шығара алады. Өлермендер өрекпіп жатса, ол қанша жерден бүгін зор болғанмен, ертең қор тірліктен құтылмайды. Ендеше жақсысын сыйлау әр азаматтың міндеті деп білеміз.

Сүлеймен Мәмет

Астана қаласы

Соңғы жаңалықтар