Министрлер мен ректорлар да халық алдында есеп береді

Министрлер мен ректорлар да халық алдында есеп береді

Министрлер мен ректорлар да халық алдында есеп береді
ашық дереккөзі
302

Сейсенбі күні Мәжілісте «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заң жобасы таныстырылды. Бұл құжат – «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында әзірленіп жатқан заңдар топтамасының бірі. Заң жобасын «Нұр Отан» партиясы мен Мәжілістегі нұротандық депутаттар әзірлеген. Аталмыш заң бойынша енді елімізде тек әкімдер ғана емес, министрлер мен жоғары оқу орындарының ректорлары да халық алдында есеп береді.

Заң жобасын таныстырған Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, заң жобасы әлемдік тәжірибені ескере отырып дайындалған екен. Комитет төрағасы өз сөзінде әлемнің дамыған 30 елінде қабылданған 3 негізгі қағидаттың Қазақстанда да қолданылуы тиістігін ескертті. Ал «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заң жобасы аталған қағидаттарды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. «3 негізгі қағидат мыналар: «мөлдірлілік», «есептілік», «тартылушылық». «Мөлдірлік» мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын, олардың шешім қабылдау процесінің айқындылығын қарастырады. «Есептілік» қағидаты бойынша барлық мемлекеттік органдар қоғам, халық алдында есепті болуға тиіс. «Тартылушылық» қағидаты бойынша азаматтар биліктің өз бетінше шешім қабылдауын жай бақылаумен шектелмей, Үкіметтің шешімін түзуге де белсенді қатысады», – деді Мәулен Әшімбаев.

«Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заң жобасының негізгі мақсаты – әрбір тұлға заңмен тыйым салынбаған әдіспен кез келген ақпаратты еркін алу және тарату жөніндегі конституциялық құқығын іске асыру. Бұл құжатта заң нормаларының күші қолданылатын ақпарат иеленуші субъектілердің тізбесі мен ақпаратқа қол жеткізу тәсілдерін кеңейту көзделген. ҚР Парламентінің, жергілікті өкілетті органдар мен мемлекеттік органдардың ашық отырыстарын, жыл қорытындысы бойынша есептерін онлайн-трансляциялау арқылы қазақстандықтардың ақпаратқа қол жеткізуін қамтамасыз етпек. «Ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етудің бір тәсілі – есептік кездесулер. Заң жобасы бойынша және Ұлт жоспарының 95-қадамына сәйкес, әкімдердің сыртында, министрлер, мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ, ұлттық жоғары оқу орындарының ректорлары жыл сайын халық алдында есеп беріп отыратын болады. Оның өткізу тетіктері мен тәртіптері заңдық актілермен реттеледі. Ең бастысы, бұл енді – міндет. Министрлер де халықпен кездеседі, өзі жүргізіп отырған саясатты, өздері қабылдаған шешімдерді түсіндіреді және алдағы жоспарларын баяндайды», – деп атап өтті Мәулен Сағатханұлы.

Сонымен қатар, заң жобасында барлық азаматтардың ашық ақпаратқа уақытында қол жеткізу тетіктері де қарастырылған. Құжат талаптарына сай азаматтардың өтініші бойынша ақпарат беру мерзімі 30 күннен 20 күнге дейін қысқарады. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, заң жобасында қандай да бір мемлекеттік органның немесе өзге құрылымдардың ақпарат беруден қандай жағдайда бас тартуға болмайтыны және қандай ақпараттың құпия саналмайтыны қайта қаралыпты. Сондықтан, бұл заңның күші «мемлекеттік құпияға» және «ішкі қызметтік ақпаратқа» жататын ақпараттарға жүрмейді. Ұлттық заңнамадағы жеке өмірге және жеке отбасылық құпияға қол сұғуға салынған шектеу де сақталады. Яғни, бұқара өкілдері әлдебір шенеуніктің жеке өміріне қатысты мәліметтерді талап ете алмайды.

– Заңда қандай ақпараттарды құпияландыруға болмайтыны жазылған. Осы тізім неғұрлым кеңейсе, билік те халық үшін түсінікті бола түседі. Әрине, бұл жерде ұлттық қауіпсіздік мүдделеріне де нұқсан келмеуін ойластырамыз. Сондықтан жұмыс тобы аясында мұның қыр-сыры мұқият зерделенеді. Қалай болғанда да, сол тізбеге кірген ақпарат түрлеріне қандай да бір «грифпен» шектеу қоюға тыйым салынады, – деді М.Әшімбаев.

Шектеу енгізуге тыйым салынған ақпараттарға төтенше жағдайлар, адам өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін апаттар, олардың салдарлары, табиғи апаттар туралы болжамдар, денсаулық сақтау, демография, көші-қон, білім беру, мәдениет, әлеуметтік қорғау, ауыл шаруашылығы салаларының, қылмыс және экономиканың жай-күйі туралы деректер жатады. Сондай-ақ, террористік актілер, экология жағдайы, індет, азаматтар пайдалана алатын жеңілдіктер туралы мәліметтер, азаматтар құқығының бұзылғаны туралы фактілер, Ұлттық банктің алтын-валюталық резерві туралы статистикалық деректерді құпия ұстауға болмайды.

Сондай-ақ, «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» құжатта «ашық үкімет порталы» жүйесіне ашық мәліметтерді жариялау да қарастырылуда. Мұнда республикалық және жергілікті бюджеттің игерілуіне қатысты деректер жазылмақ. Бұдан өзге мемлекеттік орган жетекшілерінің арнайы блогын ашу да көзделіп отыр. Осындай шаралардың нәтижесінде ел алдындағы ақпараттың ашықтығы 70 пайызды құрамақ. Ал қазір бұл көрсеткіш бар-жоғы 40 пайызды ғана құрайды екен.

Алдағы уақытта заң жобасының жүзеге асырылуын бақылайтын арнайы Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес құрылмақ. Қоғамдық кеңес азаматтардан арыз-шағымдар қабылдап, өзекті мәселелерді Үкіметте көтереді. «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заң жобасы сыбайлас жемқорлықпен күресуге де өз ықпалын тигізіп, қазақстандықтардың билікке деген сенімін нығайтуға септігін тигізеді.

Серіктес жаңалықтары