339
Жазғы демалыс текке өтпейді
Жазғы демалыс текке өтпейді
«Нұр Отан» партиясының бастамасымен қолға алынған «Балаларға арналған тегін ІТ сыныптарын ашу» жобасы бойынша Ақтау қаласындағы Оқушы орталығында ІТ сыныбы ашылды. Салтанатты рәсімге «Нұр Отан» Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұри Лазарұлы, Ақтау қалалық филиалының төраға орынбасары Қалиолла Аяшұлы, Маңғыстау облыстық білім басқармасының басшысы Нұрлыбек Көбейсінұлы және Ақтау қалалық «Нұр Отан» партиясы филиалының жанынан құрылған ардагерлер кеңесінің жетекшісі Жаңбыров Ерімбет және Ақтау қалалық мәслихатындағы «Нұр Отан» партиясының депутаттық фракция мүшесі Көшербай Ықылас қатысып, ІТ сыныптың тұсауын кесті.
Оқушылар орталығының директоры Озғанбаева Ақмарал Жалғасқалиқызы келген қонақтарға Оқушы орталығындағы ботаникалық бақты, ұшақ жасау үйірмесі, сурет салу, ән, музыкалық аспаптар үйірмесі, спорт алаңы мен балет үйірмелерін аралатып, орталықтың ерекше жұмысымен таныстырды. Мекеменің артықшылықтары мен шешімін таппай келе жатқан мәселелері жөнінде айтты. Ақмарал Жалғасқалиқызының айтуынша, орталыққа бастайтын төте жол жабық және кіріп-шығатын жолдың ыңғайсыз екендігін жеткізді. Өз кезегінде Нұри Лазарұлы жолды ашуға көмек көрсетуге уәде етті.
ІТ сыныбында әзірге Scratch бағдарламасы үйретілуде. Сондай-ақ, балалар 3D қаламдарымен түрлі қалыптағы пішіндер жасап та үйренген. ІТ сыныбында балаларға сабақ үйретіп жүрген информатика пәні мұғалімі Динара Қыдырқызының айтуынша, балалар ІТ сыныпқа асқан құлшыныспен келеді.
– «Нұр Отан» партиясының бастамасымен, білім басқармасының қолдауымен ашылып жатқан ІТ сыныптың балаларға берері мол деп есептеймін. Олардың жаз мезгіліндегі уақытын тиімді пайдалануда бұл сыныптың алар орны ерекше. Сабақ аптасына 2 рет бір жарым сағаттан өтеді. Балалардың айрықша қызығушылығы мен алғырлығы біздің жұмысымызды жандандыра түседі, – дейді ол.