Астана – жетістіктерге жетелер жол

Астана – жетістіктерге жетелер жол

Астана – жетістіктерге жетелер жол
ашық дереккөзі
351
«Нұр Отан» партиясының қайта жаңғыртылған Nur Otan Talks жобасы аясында елордамыздың белгілі бір белестерді бағындырған тұрғындары бас қосты. «Астана: асқақ арман» деген тақырыппен өткен іс-шара бас қаламыздың 20 жылдық мерейлі мерекесіне арналды. Онда қатысушылар өздерінің жетістікке жету жолындағы Астананың рөлі туралы баяндады. Онлайн режимде сөз алған спикерлер Астананың қалыптасу кезеңіне, оның тарихы мен даму бағыттарына тоқталып, өздерінің жеңістерін бас қаланың жемісті жылдарымен байланыстыратындарын жеткізді. Партия Саяси кеңесінің соңғы отырысында Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа партиялық жобалар мен жұмыс бағытын мақұлдап, нақты тапсырмалар берген болатын. Бұған дейін де Мемлекет басшысының партия қызметін жаңғырту жөнінде тиісті мақсат-міндеттерді айқындап бергені белгілі. Nur Otan Talks еркін пікірталас алаңы соның аясында қолға алынып, қайта жаңғыртылған жобалардың бірі. Іс-шараны ашқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев партия қызметіндегі түбегейлі өзгерістерге осындай тың бастамалар айқын дәлел екенін айтты. Оның айтуынша, соңғы айларда партиялық жаңғыру аясында Елбасының тапсырмасымен жаңа 22 жоба қолға алынып, оларды жүзеге асыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Сондай-ақ, партияның жұмысын қазіргі заманға бейімдеп, заманауи үрдістерді ескеріп, жұмысты жаңа қарқынмен, тың серпіліспен жүргізуге үлкен басымдық беріліп отыр. Партияның ашықтығын қамтамасыз ету үшін де ақпараттық кеңістіктің аясын кеңейтіп, жаңа технологиялар мен мүмкіндіктер молынан пайдаланылуда. – Осы бағытта бірқатар жаңа жобаларымыз да бар. Олардың бірі Nur Otan Trends жобасы білікті сарапшылар бас қосып, қоғамдағы экономикалық, әлеуметтік мәселелерді талқылап, олардың шешу жолдарын қарастыратын алаңына айналды. Сонымен қатар Nur Otan Talks атты жобамызды да қайта жаңғыртып, оны жаңа екпінмен жүргізуді бастап отырмыз. Бұл жобаның негізгі мақсаты – қоғамда дұрыс құндылықтарды қалыптастыруға партия тарапынан үлес қосу, – деді Мәулен Әшімбаев. Сол себепті де, алдағы уақытта аталған шараға өз ойы мен көзқарасын ашық білдіріп жүрген азаматтар шақырылып, түрлі тақырыптарда пікір алмасатын болады. Сол арқылы белгілі бір жетістіктерге жеткен жандардың өмір жолын, кәсіби жетістіктерін жас ұрпаққа үлгі етуді, өнеге аларлық оң үрдістерді дәріптеу мен насихаттау көзделіп отыр. Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев барша қатысушыларды елордамыздың 20 жылдығымен құттықтап, оның бүкіл қазақ­стандықтар үшін үлкен мереке екеніне назар аударды. – Астана аз уақыттың ішінде шағын ғана облыс орталығынан әлемдік деңгейдегі мәселелер талқыланатын ірі мегаполиске айналды. Әлбетте, бұл трансформацияға барлық астаналықтар мен қазақстандықтардың сіңірген еңбегі орасан зор. Мұның барлығы Елбасының ерен еңбегі мен ерік-жігерінің және көрегендігінің жемісі. Сондықтан Астана көптеген адамдардың өмірден өз орнын тауып, қалыптасуына, өсіп-өрлеуіне оң әсер етті деуге әбден болады, – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары. Расында да, елордамыз талай жанның биіктерді бағындырып, армандарына қол жеткізуінде үлкен рөл атқарғаны сөзсіз. Nur Otan Talks алаңына сондай жандар арнайы шақыртылды. Олардың қатарында «Нұр Отан» партиясының мүшелері, белгілі қоғам қайраткерлері және түрлі салада белсенділігімен танылған азаматтар бар. Атап айтқанда, тарихшы, саясаттанушы, «Киелі Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Берік Әбдіғалиұлы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисі Мәдина Басбаева, «Қасиетті жол» қайырымдылық қорының негізін қалаушылардың бірі Динара Закиева және даңқты шахматшы, халықаралық гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасов жетістік пен жеңіс жолындағы өздерінің тарихын айтып берді. Шара соңында «ашық микрофон» айдары бойынша қатысушылар спикерлерге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, өз пікірлерін ортаға салды.

Серіктес жаңалықтары