5 Шілде, 11:55 486 0 Өнер Арман Құдайберген

ГРАНД ГАЛЕРЕЯНЫҢ МАҚТАНЫШЫ – ҚАЗАҚ СУРЕТШІЛЕРІ

Нью-Йорктегі Ұлттық өнер клубының Гранд галереясында Қазақстан өнері коллекциясының ең үздік үлгілері көрмеге қойылды. «Еуропа мен Азияның қиылысында: Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінен XX ғасырдың жауһарлары» тақырыбын тұмар етіп тағынған көрмеге қызығушылық танытып, арнайы келіп жатқан шетелдіктердің қарасы қалың. Нью-Йорктің өнерсүйгіш тұрғындарына XX ғасырдың жауһар туындыларының түпнұсқаларын көзбен көру баға жетпес сыйлықпен пара-пар болып тұрғандай.

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы басталғалы бері, ұлттық мәдени-әдеби мұраларымыздың тынысы кеңейгені айқын. Аталған көрме де осы бағдарлама аясында ұйымдастырылған. Вашингтондағы Қазақ­стан елшілігі мен Нью-Йорктегі Қазақстанның Бас консулдығының белсенді қолдауымен өтіп жатқан өнер көрмесі Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейі және АҚШ орыс-америкалық қорының бірлескен жобасы екенін айтпай кетуге болмайды. Қазақ даласының өнері шетелде алғаш рет насихатталуы емес бұл. 1930-1970 жылдарғы қазақстандық жетекші шеберлердің далалықтар тарихы, мәдениеті мен тұрмысын таныстыратын 30 туындысы АҚШ жұртшылығының назарына ұсынылды. Осы жылдың қаңтар айында Ақ үйде кездескен Қазақстан мен АҚШ президенттері екі жақты қарым-қатынастың жаңа дәуірін орнатуға уағдаласып, мәдени байланыстар мен халықтық мәмілегерлікті нығайтуды, дамытуды көздейтін стра­тегиялық серіктестікті кеңейту туралы бірлескен мәлімдеме қабылдаған-тын. Көрменің ашылу салтанатында сөз алған Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ержан Қазыханов: «Біз Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы байланыстарды кеңейту үшін мәдениет саласындағы алмасуларға барынша жағдай жасауға ниеттіміз», – деп ағынан жарылды. Экспозицияны қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушы, график-суретші, әйгілі кескіндемеші Әбілхан Қастеевтің «Бүркіт ұстаған аңшы», «Ұжымшардың сүт фермасы», «Халық ақыны Жамбылдың портреті» және тағы басқа шығармалары ашады. Қазақ – саят құрып, көңіл көтереді, қазақ – мал асырап, жан бағады, қазақ – өнер мен өнерпазын биік бағалайды. Көрме ұйымдастырушыларының да ұстанған негізгі идеясы осы болуы керек. Сонымен қатар, бұрынғы Кеңес Одағының әртүрлі елдерінен келген суретшілер де қазақ кескіндеме өнерінің дамуына айтарлықтай өз үлестерін қосты. Олардың еңбегі де елеп-ескеріліп, осы көрмеге қойылған. Атап айтсақ, Николай Хлудовтың «Бұқа үстіндегі бала», Ольга Кужеленконың «Қазақ КСР халық әртісі Роза Бағланованың портреті», Мария Лизогубтың «Халық шебері» туындылары келгендердің қызығушылығын туғызды. XX ғасырдың 50-60 жылдардағы кескіндеме мектебінің өкілдері Молдахмет Кенбаев, Камиль Шаяхметов, Гүлфайруз Ысмаилова, Айша Ғалымбаева, Сабыр Мәмбеев туындылары америкалықтарды ерекше әсерге бөлеген. Тіпті, А.Ғалымбаеваның «Дастархан» натюрморты жайында түрлі пікірлер алмасқандар көп. Қазақ киіз үйінің жайлы жиһазы мен отанасының жылы жүзі, түрлі дәмге толған мол дастарқан қазақы қонақжайлылықтың нышаны дерліктей. Дәстүр жалғастығын жарасымды сақтаған «алпысыншы жылғылар», иә, 60-70 жылдарда өзін таныта білген суретшілер тобының шартты атауы бұл, өзіндік өрнегімен өнер әлемінен орын алған еді. 1967 жылы «Жас қазақтар» деп жаңалықпен келген Салахатдин Айтбаев, «Шопан» бейнесін бедерлеген Шаймардан Сариев, «Қойлардың шомылуы», «Айтыс» туындысын дүниеге әкелген Әбдірашид Садыхановтың еңбегі енді АҚШ елінің де назарына ұсынылып отыр. «Өнердің нақ өзі халықтың болмысы, философиясы мен руханиятын білдіруші», – деген Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің директоры Гүлмира Шалабаева әлемдік мәдени кеңістікке ену үрдісінің бұл бастамасы ғана екендігін айтты.

Соңғы жаңалықтар