5 Шілде, 03:14 451 0 Заң "Түркістан" газетінің авторлары

Жиырма жыл жүргізілген күрес

1998 жылы 2 шілдеде Қазақстан Республикасының «Жемқорлықпен күрес туралы» Заңы қабылданған болатын.  Кез келген елдің даму деңгейіне бірден-бір әсер ететін фактор да  осы – жемқорлық. Бүгін жасалған жемқорлық, «улы жемісін» болашақта береді.

Қазіргі кезде сыбайлас жемқорлықпен күрес жұмысы мемлекет тарапынан қатал қадағаланып келеді. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2017 жылғы қорытындысы бойынша, 2473 құқықбұзушылық тіркеліп, жемқорлық қылмысын жасаған 1146 тұлға анықталған.

Сыбайлас  жемқорлыққа  төзбеушілік  мәдениетін  қалыптастыру  – дамыған  елдердің  сыбайлас  жемқорлыққа  қарсы  стратегиясының  маңызды  элементтерінің  бірі  болып  саналады.  Швеция,  Ұлыбритания  сияқты  еуропалық  елдерде  азаматтардың  ақпаратқа  қолжетімділігі,  құқықтық  мәдениеттің  жоғары  деңгейі  және  халықтың  этикалық  нормаларды сақтауы – мемлекеттің тұрақтылығы мен өсіп-өркендеуінің  кепілі.  Демек, жемқорлықпен күресу үшін халықтың да қажетті деңгейде заң тұрғысынан сауатты болғаны абзал. Осы орайда, сыбайлас жемқорлықтың негізгі үш түрін атап өтуге болады:

Бірінші – саяси. Шенеунік пайда болған рулық, туыстық қатынастардың әсерінен заңмен қайшылыққа түседі;

Екінші – қылмыстық қызметпен байланысты және ол лауазымды тұлғаларға сый­ақы беру арқылы  заңсыз қызметтер көрсету;

Үшінші – тараптардың біріне қолайлы жағдай туғызу үшін белгілі бір сәйкес санатты лауазымды тұлғаларды қылмыстық қызметке қасақана тартуды жорамалдайды.

Қылмыстық кодексте сыбайлас жемқорлық қылмыстарының түрлеріне пара беру, пара алу, парақорлықта делдалдық жасау, қызметтік өкілеттілігін теріс пайдалану, қызметтік жасанды іс жатады. Оларға  қылмыстық не әкімшілік жаза қолданылады.

Жемқорлыққа ең қатал жаза Қытай еліне тиесілі. 1980 жылдардың басында қатаң экономикалық қылмыс жасағандар үшін Қытай қылмыстық кодексінде «ату бабы» күрт көбейген. Ал, қазір Қытайда сыбайлас жемқорлық үшін өмір бойына сотталу немесе өлім жазасы қолданылады.

Оңтүстік Кореяда сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық туралы хабарлаған адамға анықталған сомадан пайыздық ақы төленеді. Мұндай хабарлаушылардың көпшілігі – заң бұзушылардың әріптестері. Жаңазеландиялық үлгі мемлекеттік органдар қызметкерлері еңбекақысының жоғарылығымен сипатталады. Онда бонустар мен мадақтау жүйесі кең қолданылады. Атап өту керек, біздің елде жаңазеландиялық үлгі енді ғана қолданылып, іске асырылуға дайындалуда.

Transparency International халықаралық ұйымы 2017 жылға арналған коррупцияны бағалау индексі бойынша «коррупция деңгейі ең төмен елдер» үштігіне: 1-орында Жаңа Зеландия; 2-орында Дания; ал 3-орында Финляндия, Норвегия, Швейцария сынды индекстері бірдей үш ел қатар орналасқан.

Ұйымның 180 мемлекеттегі коррупция деңгейін сараптаған индексінде Қазақстан 122-орында тұр. Жемқорлық үшін өлім жазасын қолданатын Қытай 77-орынды иеленсе, көрші Қырғызстан мен Ресей 135-орында, ал Өзбекстан 157-орынға тоқтаған. Демек, Ресей елінде бізге қарағанда жемқорлар біршама көп болып тұр.

Ал, нағыз «жемқор елдер» атағына Ауғанстан (177-орын) мен Сомали (180-орынға) ие болған.

Аяулым САЛЫҚЖАНОВА

Соңғы жаңалықтар