Бұл той бұрынғы тойдан өзгерек

Бұл той бұрынғы тойдан өзгерек

Бұл той бұрынғы тойдан өзгерек
ашық дереккөзі
416
Кез келген жаңа нәрсе ескінің қойнауында дамиды. Елорда жайдақ ақыл, жалаңаш идеядан пайда бола салған жоқ. Оның тамыры тереңде, негізі қауіпсіздікте жатыр. Қазақстан Президенті Н.Назарбаев «Болашақты болжаудың ең таңдаулы тәсілі – сол болашақты өз қолыңмен жасау», – деген және оны іс жүзінде өзі дәлелдеп те берді. Ол дәлелге биыл – 20 жыл! Есіл өзенін кесіп өтетін ірі көпір, алып Жетісу саябағы мен тарихи монумент, Қазақстан бойынша ең үлкен музыкалық субұрқақ, Достық үйі, өзгелерден айырмашылығы көзге бірден көрінетін заманауи, қасбеті – оюлы, қазақы нақышта жасалған бөбекжай – бұның барлығы Елорданың 20 жылдығына орай облыстардың жасаған сыйлықтары. Аймақтардың тосынсыйын Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі қабылдап, жаңа нысандардың тұсауын кесуде. Сонымен қай өңір бас қалаға не сыйлады? Пішіні балыққа ұқсайтын, жаяу жүргіншілерге арналған құны шамамен 6 миллиард теңге болатын өткел – Атырау көпірі деп аталады. Жанына бекіре балығының мүсіні орнатылыпты. Бұл құрылыс нысаны – Астананың 20 жылдық мерейтойына Атырау облысының тартуы. Самал ауданы мен Амфитеатрды байланыстыратын жаяу жүргіншілер көпірінде арнайы велосипед жолағы да бар. Конструкцияның ұзындығы – 300 метр, салмағы – 2 500 мың тонна, көпірдің үсті пішіні жағынан бір-бірін қайталамайтын 2450 жапырақпен көмкерілген. Жаңа көпірді таныстыру кезінде Астана әкімі Әсет Исекешев те Елбасыға жалпы ұзындығы 56 шақырымды құрайтын веложүргіншілерге арналған инфрақұрылымды таныстырды. Құрылысты Түркістан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Ақмола және Жамбыл облыстары бірлесіп жүргізді. Елбасы жаңа амфитеатрды да аралады. Ашық аспан астындағы сахнада елорда жұртымен бірге концерттік бағдарламаны тамашалады. Шығыс Қазақстан облысы Астанадағы ботаникалық баққа құны 1 миллиард теңге болатын алып музыкалық фонтан орнатқан. Субұрқақтың ерекшелігі сол, түрлі түске боялып, ән салады. Бұған дейін елордада Достық үйі жоқ болатын. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін маңғыстаулықтар Бауыржан Момышұлы көшесі бойындағы Неке сарайын қайта жаңғыртты. Үшқабатты ғимараттың жалпы аумағы – 4900 шаршы метр. Төр қаланың туған күніне тарту ұсынған тағы бір өңір – Жетісу жұртының сыйы. Бұған дейін Астана қаласында «Арай» деп аталған саябақтың жаңа келбеті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа таныстырылып, саябақта Елорданың 20 жылдығына арналған шаралар ұйымдастырылды. Нысан құрылысы 4 аймақтан құралған. Олардың әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Жетісу саябағының аумағында көлік қоятын орындар мен тамақтану аймағы да бар. Сондай-ақ, саябақты көгалдандыруға да көп көңіл бөлінген. Бұрыннан бар ағаштар сақталып, ауырған және шіріген ағаштар мен бұтақтары қырқылып, кесілді. Мұнда 2 мыңнан астам жаңа ағаш отырғызылған. Келушілерге қолайлы болу үшін саябақта үш қырлы светодиотты стеллалар орнатылып, қай бағытта қалай жүруге болатынын көрсетіп тұрады. Алматы қаласы 240 балаға арналған «Almaty balabaqshasy»-ын сыйға тартты. Он екі топты емін-еркін сыйдыратын нысанда кішкентайлардың шығармашылық қабілетін дамытуға арналған музыкалық зал, ойын алаңдары бар. Барлығы қазақы нақышта көркемделген. Бүлдіршіндер Алатау бөктеріндегі қаланың тарихымен ерте бастан таныса алады. Мәселен, 12 топтағы жайылған кілемдерге ең танымал деген көше мен даңғылдардың есімі жазылған. Топтардың атауы да «Алатау», «Медеу», «Шымбұлақ», «Көктөбе», «Есентай» мен «Алма Арасан», «Тау самалы», «Үш қоңыр», «Алмалы», «Жетісу» және «Апорт», сондай-ақ, «Алтын адам» деп бөлінеді. Ал балақайлар әдебиетке жақын болуы үшін «Алматы Кітап» ұлттық сипаттағы әдеби шығармалар мен ойыншықтарды тарту еткен. Балабақшаның жалпы аумағы – 1 гектардан артық. Қысы-жазы адамның жүруіне ыңғайлы бетон мен асфальт аралас жол да салынған. Өзіндік жасыл белдеуі де жоқ емес. Астананың ауа райына шыдайтын 34 Сібір шыршасы, 21 қарағай, 26 алма ағашы отырғызылған. Қарағанды облысы тарту еткен «Қазақ еліне мың алғыс» деп аталатын монумент репрессия жылдарындағы халқымыздың дархандығын білдіреді. Ескерткіште қазақ әйелі бейнеленген.  Ал бауырындағы балалар – өзге ұлт өкілдері. Кезінде шиеттей бала-шағасымен қазақ жерінен пана тапқандар өз алғысын осылайша білдіре алмақ. Еске сала кетсек, Қазақстанның ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Астананың 20 жылдығына жасаған тартулар мен сыйларға жергілікті бюджеттен қаржы жұмсалмайтынын, оны демеушілер мен бизнесмендер өз қаржысына және өз еркімен сыйлайтынын айтты. Министрдің сөзінше, тарту мен сый ерікті түрде болғандықтан, оның бекітілген тізімі я кестесі жоқ. Осылайша бас қала 20 жылдық белесінде жаңа сәулеттік нысандармен толығып, көркіне көрік қосты. Ал, шілденің алтысына дейін өзге өңірлер де бас шаһарға тарту жасауға әзірленіп жатыр.

 Аяулым САЛЫҚЖАНОВА

Серіктес жаңалықтары